Түркі халықтарының бірін-бірі аудармашысыз түсіне алатын күні алыс емес

4284

Қазақ тілінің латын алфавитінің үлгілік нұсқасы жария болды.

Түркі халықтарының бірін-бірі аудармашысыз түсіне алатын күні алыс емес Фото: inbusiness.kz

Ортақ әліпби негізінде енді Қазақстан мен Қырғызстан төл алфавиттерін жасауы керек.

Түркі әлеміне Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Венгрия, Солтүстік Кипр елдері кіреді. Ресей құрамындағы Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Саха (Якутия), Тыва, Хакасияның ТҮРКСОЙ ұйымының жиындарына қатыса алмайды. Олар ұйымда бақылаушы мәртебесінде қалды.

Түрікменстан 1993 жылға дейін кириллицаны қолданды. 1993 жылдан бастап, түрікмен тілінде тек латиница қолданылады. Түрікмен әліпбиі 23 латын қарпінен тұрады. Q, V және X пайдаланылмайды.

Кеңес Одағының құрамында болған тағы бір ел – Әзербайжан басшылығы батылдық танытып, кириллицадан 1992 жылы бас тартты. Оған толық көшу 2001 жылы аяқталды. Әзербайжан әліпбиінде 32 әріп бар.

Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов 1993 жылғы 2 қыркүйекте "Латын графикасына негізделген өзбек алфавитін енгізу туралы" заңға қол қойды. Жаңа әліпби ретінде 1991 жылы Ыстамбұлда ұсынылған ортақ латын әліпбиінің жобасы алынды. Толық көшу аяқталған жоқ, кириллица қатар қолданылады.

Реформаның жақтаушысы, өзбек сарапшысы Комил Джалиловтің түсіндіруінше, бұл процесті аяқтауға "Ğ ğ", "Õ õ" сияқты диакритикалық бірнеше әріптің соңғы нұсқасын қабылдамау кедергі келтіруде. "C" – "ч", "Ş" – "ш" болып оқылмақ. Тұтастай алғанда, өткен ғасырдан бергі 85 жыл ішінде өзбектің алфавиті 6 рет өзгеріпті.  

Ресей құрамындағы Татарстан 90-шы жылдары латын алфавитіне көшіп алды. Алайда бертінде кириллицаға кері қайтарылды. Ресейдегі өзге түркі республикаларының латыншаға әзір көшуі неғайбыл.

Түркия, Венгрия, Солтүстік Кипр онсыз да латынша жазады. Сонда тек Қазақстан мен Қырғызстан ғана қалып тұр.

Осы екеуіне және ішінара Өзбекстанға үлгі болуы үшін осы аптада түркі елдеріне арналған ортақ алфавит бекітілді. Ол үлгілік 34 әріптен тұрады.  

Түркиялық TRT Haber хабарлауынша, Түркі әлемінің бірыңғай алфавиті жөніндегі комиссия алғаш рет 1991 жылы ұсынылған ортақ түркі әліпбиі жобасын қайта қорытып, пысықтап, жаңа нұсқасын түпкілікті бекітіп отыр.

Басшылыққа алу ұсынылатын "Ортақ түркі әліпбиінің" жаңа, соңғы нұсқасы келесідей болып келеді:

Сарапшылардың түсіндіруінше, дәл осы қалпында қабылдауға ешбір ел міндеттелмейді, олар тек негізге алады. Мысалы, онда "і" әрпі жоқ.

Бірыңғай алфавит туралы шешім Астанадағы Түркі академиясы, сондай-ақ Түркі елдерінің институты өткізген комиссияның ІІІ отырысында қабылданды.  

Әліпбидің бұл нұсқасын әзірлеу кезінде мамандар 33 жыл бұрын Ыстамбұл халықаралық симпозиумында түркі елдерінің ғалымдары ұсынған тұңғыш нұсқаны қайта қарап, түзетті. 1991 жылғы нұсқа Әзербайжан, Өзбекстан және Түрікменстанда енгізілді. Бірақ соңғы екі елге ол жобаны пысықтауға тура келді.

"Мұқият, тыңғылықты жұмыстың нәтижесінде 34 әріптен тұратын бірыңғай түркі алфавитін құру туралы ұсыныс бойынша ымыра-консенсусқа қол жеткізілді. Ұсынылған әліпбидің әрбір қарпі түркі тілдеріндегі әртүрлі фонемаларды білдіреді. Бұл әліпби түркі халықтары арасындағы байланыстарды нығайтуға және тілдік мұраны сақтауға септеседі", – делінген комиссияның мәлімдемесінде.

Түркі елдеріне ортақ әліпби бекіту туралы бастаманы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған былтырғы қарашада ұсынған болатын. Қазақстанның Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешовтың айтуынша, бекітілген алфавитті латын графикасына көшуді жоспарлаған түркі тілдес халықтар, соның ішінде Қазақстан да үлгі ретінде қарастыратын болады. Өз кезегінде Қазақстан өткен қыста осы ортақ әліпбиге 2 қазақ әрпін енгізіпті.   

Түркі әлемінің бірыңғай алфавиті жөніндегі комиссияның мүшесі, әзербайжандық академик Низами Джафаровтың айтуынша, ортақ түркі әліпбиіне көшуді аяқтау – Түркі әлемінің тәуелсіз мемлекеттерінің және Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) алдында тұрған тарихи міндет.

"Алайда мұнда басты бір мұрат бар. Түркі тілдерінің ортақ алфавитке көшуі тек латыншаға ауысумен аяқталмайды. Сонымен қатар түркі халықтарының ұлттық әліпбилеріндегі әріптер де, дыбыстар да бір-біріне жақындап, үндесуі керек. Бір қаріп әрбір елде әртүрлі дыбысталмағаны маңызды. Әңгіме болашақта "Ортақ Түркі Тілін" құру туралы болып тұр. Түркі халықтары бірін-бірі аудармашысыз түсіне алатын дәрежеге дейін жету қажет. Ол ортақ түркі әліпбиінен басталады", – деді комиссия мүшесі Н.Джафаров.

Бұл туралы әзербайжандық АПА агенттігі жазды. Оған сұхбатында Низами Джафаров жаңа жалпытүркілік әліпбидегі 34 әріптің бәрі бірдей түркі тілдес елдерде қолданыла бермейтінін ескертті. Алайда "қандай түркі тілі болмасын, дыбысталуына қарай төл қаріптерін осы ортақ әліпбилік базадан таба алады".

Тұңғыш Президент Н.Назарбаев 2017 жылғы 26 қазанда "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" Жарлық шығарған болатын. Оған сәйкес, қоса беріліп отырған латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілді. Сондай-ақ Үкіметке "қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз ету" жүктелді.

Дегенмен, бұл әліпби нұсқасы сынға ұшырады. Мысалы, ә әрпінің "ае" деп жазылуы сәбізді "Saebiz"-ке айналдырып, алфавитті әжуаға ұшыратты.

Содан Назарбаев 2018 жылғы 20 ақпанда "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" ҚР Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" жаңа Жарлық қабылдап, латын әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешовтың айтуынша, бүгінде латын графикасындағы жаңа қазақ алфавитінің жобасы дайын және ол тіпті былтыр бірнеше өңірде сынақтан да лайықты өткен. 

Сондықтан "қазақ тілінің әліпбиі жобасын және емле қағидаларын жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр" деп есептеледі. Жаңа әліпбидің жағдайын сұраған журналистерге де осындай сырғытпа жауап беріледі. Шетсіз-шексіз "жетілдірудің" қашан аяқталатыны белгісіз, нақты шегі, "дедлайны" белгіленбеген. Тек зерттеулермен А.Байтұрсынұлы атындағы Тілтану институтының және Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталықтың ғалым-лингвистері айналысып жатқаны айтылды. Осы мақсатта жыл сайын бюджет қаржысы бөлініп, игеріліп тұрады.

Қазақстанның жаңа әліпбиге қашан көшетінін тіпті Тіл комитетінің басшысы да білмейді.

"Бұл – өте ұзақ және күрделі процесс. Кез келген тілдің дамуы терең ғылыми, тәжірибелік зерттеулерді және оларға ғалымдардың кең тобын тартуды қажет етеді. Тіл реформасы қазақ тілінің қызмет ету кеңістігін кеңейтуге, сөздердің қарапайым жазылу нормаларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес, емленің бірыңғай ережелері негізінде терминдерді бірізділендіруге жол ашылады", – деп, журналистердің сұрағына жалпылама жауап қайырды Ербол Тлешов.

Бірақ ол түбі қазақ тілінің латыншаға көшуін қолдайды. Оның айтуынша, бұл "Қазақ елінің қайталанбас мәдени бірегейлігін және тілдік тегін сақтау үшін қажет".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу