Түркі кәсіпкерлері бір-бірін қолдауға уағдаласты

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
1763

КҰП пен Түркия сауда палатасы және биржасы одағы бірлескен сауда-өнеркәсіп палатасын құрды.  

Түркі кәсіпкерлері бір-бірін қолдауға уағдаласты

"Атамекен" Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы (КҰП) басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов және Түркияның сауда палатасы мен сауда биржасы одағы президенті Рифат Хисарджыоғлы бірлескен сауда-өнеркәсіп палатасын құру туралы құжатқа қол қойды.

"Осы идеяны ұсынған Рифат мырзаға алғысымды білдіремін. Бүгін аталған құжатқа қол қойдық. Бірлескен палатаға біздің әріптестер қосылатынына сенімдімін. Соның арқасында біз оны осы жерде отырған әріптестерімнің бірлескен палатасына айналдырамыз. Әзербайжан, Қырғызстандағы әріптестерім де қосылады, осылайша бірыңғай платформаны құрып, соның базасында жұмыс істейтін боламыз", – деді Абылай Мырзахметов дүйсенбі күні өткен түркі іскери кеңесінің бесінші кездесуінде.

Абылай Мырзахметов КҰП-ның барлық облыстарда, аудан орталықтарында, сондай-ақ шағын қалаларда бизнес мүддесі үшін жұмыс істейтіндігін айтып кетті.

Ол өзінің шетелдік әріптестеріне экономикалық жұмысқа қатысты барлық заң жобалары міндетті түрде КҰП-тың сараптамасы арқылы өтетінін мәлім етті. Тек бір 2016 жылдың өзінде 100-ден астам заң жобасы палатаның сараптамасынан өткен.

"Үкімет біздің ескертулеріміздің 86%-ын қанағаттандырды, яғни бизнестің пікірімен келісті. Оның ішінде жер реформасы, рұқсат етуші салалар, тексеріс, салық және басқа сала мәселелері бар. Сонымен бірге үкімет пен басқа да органдардың барлық шешімінің 4 мыңнан астамы да палатаның сараптамасынан өтеді. Бұл палатаға елдегі инвестициялық және іскери ахуалға әсер етуге мүмкіндік береді", – деді Абылай Мырзахметов.

Ол Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Қазақстан арасындағы ынтымақтастықта логистиканың үлкен рөл атқаратынын айтып кетті.

"Біздің елдер Транскаспий жолының бойында орналасқан. Біз президенттің қабылдауында болдық, сол кезде елбасы Түркиямен байланыстыратын жолға қатысты қызығушылығын білдірді. Бұл жол бірігеді деп ойлаймыз. Негізі, Баку-Ақтау жолы жақсы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Қазақстан Қытаймен байланыстыратын Жібек жолы тартылған. Бұл тек Ресей арқылы ғана емес, сонымен бірге Транскаспий арқылы өтетін тағы бір баламалы бағдар, – деді ол. – Қара теңіз жағалауындағы елдер, әсіресе, Украина және барлық еуропалық елдер бұған қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз. Осыған қатысты кеден саласында біршама мәселе болғанын айтып кеткім келеді. Былтыр премьер-министр бірлесіп әзірленген, әсіресе Ақтауда кеден саласындағы кедергілерді түбегейлі қысқарту жөніндегі жоспарға қол қойды. Премьер-министр үш рет өзі тікелей қатысып, мәселені шешуге көмектесті. Қазір қағаздардың саны қысқарды".

"Енді ветеринарлық және фитосанитарлық құжаттарды тек кеден қызметкерлері рәсімдейді. Ақтау және Қорғас инфрақұрылымы жақсаруда. Әрбір облыс аймағында кедендік рәсімдеу аймағын құруға шешім қабылданды. Осыған орай, Рифат мырза, сіздің JTI-мен арадағы жемісті тәжірибеңізді барлық облыста қолдануға болады. Егер біздің серіктесіміз болса, премьер-министр барлық облысты беруге дайын. Кедендік аймақ рәсімдеуін бизнеске ыңғайлы стандарт бойынша палатаға беруге, инвесторлармен бұл жұмысты іске асыру үшін бізге беруге дайын", – деп қосты ол.

Сонымен бірге ол бүгінгі таңда үкімет КҰП-ға мұндай мүмкіндікті беруге әзір екенін айтып кетті.

Әзербайжан Республикасы кәсіпкерлері ұйымының ұлттық конфедерациясы президенті Мамед Мұсаев түркі тілдес елдердің саудасы Әзербайжанның сыртқы сауда айналымының небәрі 7,8%-ы деп атап кетті.

"Әзербайжан Республикасының сыртқы сауда айналымы 2016 жылы 17,7 млрд доллар болған, оның ішінде экспорт – 9,2 млрд доллар, ал импорттың құны 8,5 млрд долларға жеткен. Осының нәтижесінде оң сауда сальдосы 610 млн доллар болған. Әзербайжанның түркі тілдес мемлекеттермен жасаған саудасы 1,6 млрд доллар болды. Ол сыртқы сауда айналымының 7,8%-на тең. Оның 90%-ы Түркияның үлесіне, 7%-ы Қазақстанның, 3%-ы Қырғызстанның үлесіне тиесілі", – деді ол.

Оның айтуынша, қарым-қатынас жанданса, сондай-ақ ынтымақтастыққа Өзбекстан мен Түркіменстанды қосу түркі тілдес елдердің өзара саудасын қыздыра түспек.

"Түркияның сауда палатасы мен биржасы басшылығын және қазақстандық серіктестерді бірлескен палатаны құруымен құттықтағым келеді. Осы орайда жақсы бір нәрсе еске түседі. Ресейде лезгиндер тұрады. Екінші дүниежүзілік соғыс 1945 жылы аяқталды. Содан кейін лезгиндер Сталинмен кездесуде: "Біз сізге ренжідік. Сіз, Гитлерге қарсы соғыс жүргізіп, оны бізге айтпаған екенсіз", – деген екен. Сіздерде палатаны құрып, ол жайында бізге айтпайсыздар. Сондықтан біз сіздерге "ренжуліміз". Құттықтаймыз! Бізде бұл ұйымға қосылуға дайынбыз", – деді Мамед Мусаев.

Әзербайжандық бизнес қазақ жеріндегі Ақтауда ірі логистикалық орталықтың құрылысын салуға қаражат салып та қойған. Ол өнімді Қазақстанға экспорттауға, сондай-ақ оны импорттауға мүмкіндік береді.

Қазақ бизнесінің өз елдеріне бірте-бірте қайта оралып жатқаны туралы Қырғызстан Республикасы сауда-өнеркәсіптік палатасы президенті Марат Шаршекеев сөз етті.

Ол өз елінің Еуропалық экономикалық одаққа кіруден көп үміт күткенін, алайда ағайындас елдердің бизнесі тарапынан бәсекеге, сондай-ақ әкімшілік кедергілерге тап болғанын айтты. Осы негізде қырғыз бизнесі Қытаймен және араб елдерімен жұмыс істеуге бел байлаған.

"Біз шағын елміз, біздегі өндіріс көлемі де үлкен емес. Бірақ барлығын бірдей болмаса да, бірлі-екілі елді қамтуға болады. Сондықтан бұл жоспарды іске асыруда азия елдеріне бет бұрдық", – деді ол.

Қырғызстанның СӨП басшысы Марат Шаршекеев үкіметтің үнемі ауысуы жағдайында жұмыстың қиындайтынына қапаланды.

"Бізге үкіметтің тұрақсыздығы кедергі. Біздегі жағдай өздеріңізге белгілі. Өткен жылдың өзінде премьер-министр үш рет ауысты. Негізі үкімет мақұлданған шешімдерді уақытында қарамай, селқостық танытуы ыңғайсыздық тудырады", – деді Марат Шаршекеев.

Ол Қырғызстанда Ыстықкөлді дамытуға арналған бас жоспарды әзірлеу аяқталып қалғанын атап кетті. Осыған байланысты қай жерде, қандай бизнес орналасатыны белгілі болады.

"Барлығы бас жоспарда көрсетілетін болады, олардың барлығы осы жерде шешімін табады",– деді ол.

Марат Шаршакеев болса еліміз халықарлық ЕХРО 2017 көрмесіне қатысатынына тоқталып кетті. Осы орайда, ол қырғыздардың СЭС-да электр энергиясын өндіру құны 1кВт/сағ үшін небәрі 1,5-2 центті құрайтындығын, ал бұл елдегі баламалы энергетиканы дамытуда қиындық тудыратынын еске салып кетті. Сонымен бірге шетелдік серіктестермен біріккен зауыт Қырғызстанда жиналған күн панельдерін экспортқа шығарады.

Түркияның сауда палатасы және биржасы одағының прзиденті Рифат Хисарджыоғлы түркі тілдес елдерге өнеркәсіпті дамытып, экономиканың шикізатқа бағытталуынан құтылу керектігін атап кетті.

"Шикізаттың берері жеткіліксіз. Шикізат өндіруден түсетін табыс мемлекетті байытуы мүмкін, бірақ халықты байытпайды. Сондықтан ең бастысы – бұл экономиканы табысты дамыту емес, бастысы – бұл халықтың әл ауқаты болу керек", – деді ол.

Сонымен қатар ол Еуропа елдері біріккеннен кейін өздерінің дамуын жетілдіргенін айтты.

КҰП басқарамасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев түркі капиталының қатысуымен өнімді үшінші елге экспорттайтын компаниялар құрылуы мүмкін екендігін мәлім етті.

"Термикалық қапталған тауық аяқтарын біз ешқашан өндіріп, басқа елге шығарған емеспіз. Біз үшін бұл мүлдем жаңа өнім. Біз мұның технологиясын білмейміз және тағысын тағы дегендей. Басқа елдерді тарта отырып, осы кәсіпорынды аяққа тұрғызуға тырысамыз, осылайша осы өнім арқылы Қытай нарығын жаулау керек. Өйткені Қытайда бұл өнімге деген сұраныс жоғары. Қанша шығарам, қанша жеткізем десеңде өзің білесің", – деп мысал келтіріп кетті ол.

Оның айтуынша, тек бір қазақтандық бизнесмендердің күшімен ғана Ресей мен Қытайдың сұранысын қанағаттандыру қиын.

"Сондықтан өзбек, әзербайжан, қырғыз және түрік әріптестермен кооперация құру қажет. Әсіресе, біздің бұған дейін шығармаған өнімдеріміздің кейбір түрлері бойынша қажет. Бірақ мұндай өнім Түркияда өндіріледі, олардың бұл салада үлкен тәжірибесі бар, сондықтан бізге солармен бірлесіп кооперация құрып, олардың тәжірибесін, технологиясын игерген жөн. Іс жүзінде олар бізбен бірлесуге де дайын", – деп атап кетті Нұржан Әлтаев.

Сонымен бірге ол тап қазіргі уақытта араб елдері тарапынан бізде өндірілмейтін жасымыққа деген сұраныстың үлкен екендігін айтты.

"Қазақстан бойынша жасымық өсіретін небәрі үш кәсіпорын бар немесе Қытайда ноқатты көп тұтынады. Бұл біз өсірмейтін бұршақ тұқымдастың түріне жатады", – деді КҰП төрағасының орынбасары.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу