Түркістан қаласы – Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
16165

2016 жылы желтоқсанның 1-2 күндері Әзербайжанның Шеки қаласында өткен "ТҮРКСОЙ" тұрақты кеңесінің 34-отырысында Түркістан қаласын Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы етіп бекіту туралы шешім қабылданды.

Түркістан қаласы – Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы

Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойынан кейінгі тарихи оқиға ретінде бағаланып отырған айтулы шара Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында түркістандықтарды ерекше қуанышқа бөлеп отыр.

Жалпы, бұл кеңес өнер мен мәдениет саласындағы тұлғаларды дәріптеу мақсатында жиынды жыл сайын өткізіп отыруды дәстүрге айналдырған. Мәселен, 2012 жылдан бастап "ТҮРКСОЙ" түркі әлемі қалаларының бірін түркі әлемінің астанасы деп жариялап келеді. Ең бірінші осындай орталық болып елордамыз – Астана жарияланса, одан беріде, яғни, 2013 жылы – Эскишехир, 2014 жылы – Қазан, 2015 жылы – Мары, 2016 жылы – Шеки қалалары жарияланған-тын. Ал 2017 жылы – түркі әлемінің мәдени астанасы – Түркістан қаласы болып белгіленді. Бұл қалалар бір жыл ғана түркі әлемінің астанасы болғанымен, өзінің түркі әлемінде алар орнын, маңыздылығын мәңгілікке қалдыруға тырысады.

Осы айтулы шараға Түркістан шаһары қаншалықты дайын? Бүкіл Түркі әлеміне паш ететіндей нендей құнды дүниелеріміз бар? Мәдени ошақтарымыздың бүгінгі жай-күйі қандай? Біз осы сауалдарды Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев мырзаға қойған болатынбыз.

Шаһар басшысының айтуынша, айтулы шараға дайындық әзірден бастап қолға алыныпты. Алдағы уақытта "Көне Түркістан" атты жаңа концепция аясында Қ.А.Ясауи бабамыздың кесенесінің маңы көне заманнан сыр шертетін байырғы қала кейпінде бой түзейді. Сондай-ақ, туристерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында 10-ға тарта нысан бой көтеріп, тарихи орындардың инфрақұрылымдары ретке келтірілмекші екен. Мәселен, өткен жылы Түркістан қаласына бас-аяғы 1 миллионнан астам турист ат басын бұрыпты.

Сонымен қатар, түркістандықтар үшін ғасыр жобасы саналатын табиғи газ тарту жұмыстары басталып, биыл 7 мың абонентке көгілдір отын берілмекші екен. Яғни, алдағы жылдары тұрғындарды табиғи газбен қамтуды толық шешу мәселелеріне басымдық беріліп отыр.

"Түркістан қаласының айтулы шараларды өткізуде мол тәжірибесі бар. Мәселен, тәуелсіздік жылдарында Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Түркістанға жасаған ресми сапарларының саны 13 болса, соның ішінде бауырлас мемлекет Президенттерімен қасиетті қалада 6 рет ресми кездесу өткізді. 2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан каласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтіп, тарихи қаланың дамуындағы айтулы кезең болды. 2002 жылы дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы Түркістанда өтті", – дейді шаһар басшысы Әліпбек Шәріпбекұлы.

Бүгінде Түркістан қаласында 260 мың тұрғын түтін түтетіп отыр. Жергілікті бюджет қоры 27 млрд 630 млн теңгеге жеткен. Ал өңірлік өнім көлемі 56 млрд теңгеден асып жығылған.

Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі де жыл санап артып отыр екен. 2016 жылы бұл көрсеткіш 10 млрд 649 млн теңгеге жеткен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі қазір 8 млрд 445 млн теңгеге жеткен.

Тәуелсіздік жылдары Түркістанда жаңадан 38 мектеп ғимараты салыныпты. Егемендіктің алғашқы жылдарында Түркістанда небары 3 балабақша болса, содан бері 50 балабақша (22-сі жекеменшік) ашылып, балаларды балбақшамен қамту көрсеткіші 82 пайыздан асқан. Медицина саласында 23 денсаулық сақтау нысаны салынса, бұқаралық спортты дамыту, оған қолайлы жағдай жасау мақсатында 49 спорт нысаны пайдалануға беріліпті.

Бүгінгі күні қала аумағында 3600 шаруа қожалығы тіркелген. Мал басына келсек, малдың барлық түрін қоса есептегенде 635 мыңға жетіп отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын жетілдіру барысында Түркістанда астықтан нан және тәтті тағамдар, еттен түрлі шұжықтар, ысталған ет, тауық еті, сүт, ірімшік, айран, қаймақ, балмұздақ, мақта майы, көкөніс тосаптары секілді 20-дан астам азықтық өнімдер шығарылады. Бұдан бөлек, күнделікті тұрмысқа қажетті мақта өнімінен сабын және медициналық мақта еліміздің көптеген аймағына жөнелтіледі.

"Шаһарымыздың бас жоспарына сәйкес қаланың батыс бөлігінен өндірістік аймақ құрылады. Дәлірек айтсам, 40 гектар жерге индустриялық аймақ құрылып, 847 млн теңгеге инфрақұрылым жүйелері жүргізілді. Осы аймақта жалпы құны 8865,5 млн теңгеге 14 жоба орналасып, жаңадан 720 жұмыс орны ашылды", – дейді қала әкімі.

Осы 14 жобаның бесеуі іске қосылса, индустрияландыру картасына енген 12 жоба 9 айда 1 млрд 220 млн теңгенің өнімін өндіріпті. Осы жұмыстардың жалғасы ретінде 2017-2021 жылдары индустрияландыру картасына 10 инновациялық жоба енгізілмекші екен. Оның жалпы құны 61,0 млрд теңге.

Бұған қоса, өңірде сауда-логистикалық орталығын салу үшін 20 гектар жер бөлініп, жобалық құны 3500,0 млн теңгенің 10 жобасын орналастыру жоспарланып отыр. Межеленген уақытта орталықта 200 жаңа жұмыс орны ашылып, 1,5 млрд теңгенің өнімі өндіріледі деп күтіліп отыр.

Қаладағы коммуналдық салада ең басты мәселенің бірі – орталық жылу қазандығы 2009 жылы шешімін тауып, тұрғындарға бір орталықтан жылу берілген. Сонымен бірге, қалада 2005 жылдарға дейін тұрғындардың сапалы электр энергиясын тұтыну көрсеткіші 85 пайыз болып келіпті. Бүгінде ол 98 пайызға жеткен. Ол үшін екі бірдей қосалқы электр станциясы іске қосылып, жаңадан транформаторлар мен электр бағаналары орнатылыпты.

Кеңес заманында жүргізілген ауыз су құбырының жалпы қашықтығы 150 шақырым. Бүгінгі күнде оның ұзындығы 2000 шақырымға жуықтап, қала аумағындағы тұрғындардың 90 пайызының таза ауыз су тұтынуына мүмкіндік жасалыпты.

Бүгінгі таңда қалада жаңадан сарқынды су тазалағыш станса салынып, қосымша 73 шақырым негізгі сарқынды су жүйесі тартылған. Оған қоса, 27 су айдағыш станса жұмыс істеп тұр екен.

Сондай-ақ, Түркістанда 6 бағыттағы шыға беріс көшелер мен орталықтағы 15 көшеге түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізіліпті.

Түркістанның жаңа даму жолын қалыптастыру мақсатында даму концепциясы да әзірленіпті. Осы құжат аясында Түркістанда "Отырар" атты жаңа мөлтек аудан бой көтеріп жатыр екен. Қазіргі таңда көпқабатты 4 үй пайдалануға дайын тұр. Мұнда келешекте көпқабатты 100 тұрғын үй және әлеуметтік нысан бой көтермекші. Оған қоса, қаланың жаңа әкімшілік іскерлік орталығын салу да жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу