Түркістандағы "Пенопласт-сарайдан" тағы бір шу шықты

16372

Жұмыс берушілердің жұмыскерлерге көрсететін қысымының сан түрі анықталды, деп жазады Inbusiness.kz

Түркістандағы "Пенопласт-сарайдан" тағы бір шу шықты

Қазақстанда халықты еңбекпен қамту мәселесі өткір тұр. Былтыр Үкімет "Жұмыспен қамту жол картасына" бөлінетін қаражатты 1 триллион теңгеге дейін көтерді. Алайда оның ауыз толтырып айтарлықтай қайтарымы болмай тұр. Басым көпшілігінде әлгі қаражат 1–3 айға ғана созылатын уақытша жұмысқа шығындалып кеткен.

Бірақ қозғағалы отырған мәселеміз бұл емес: жұмысқа орналасқан азаматтардың үлкен бөлігі адуынды, әділетсіз, әдепсіз, қиянатшыл жұмыс берушілерінен теперіш көруде. Бұл жолғы сараптамамызда ең сорақы, елді елең еткізерлік мысалдарды жинақтадық.

"Керуен Сарайда коронавирус жұқтырған адамды жұмысқа шығартты"

Түркістандағы "Керуен Сарай" туристік кешенін билік "Орталық Азиядағы ең ірісі" деп дәріптеуде. Оның құрылысы кейбір дерек бойынша 87 миллиард теңгеге түскен. Оған Үкімет қасиетті Қожа Ахмет Ясауи баба кесенесінің қарама-қарсысынан ұлан-ғайыр жер берді.

Дегенмен, әзірге бұл кешен қабырғасының пенопласттан жасалуы секілді көзбояушылық, масқарасымен елге танылуда. Ол жақта басқа да былықтар бар сияқты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне шағымданған Гүлайым биылғы наурыз айынан маусым айына дейін Түркістан қаласында орналасқан осы "Керуен Сарай" ойын-сауық кешенінде жұмыс істепті.

"Керуен Сарай кешенінің ішінде Khaganate hotel қонақүйінде аспазшының көмекшісі ретінде жұмысқа кірдім. Арыз беру себебім, кешен басшылығы жалақымызды кешіктіріп, Еңбек кодексінің 113-бабы бойынша заң бұзушылыққа жол беріп жатыр. Жұмыстан шығуға тура келді. 1 айға жуықтады, жұмыстан шыққаннан соң 3 күннен кейін берілуі керек жалақыны бермеді", – дейді ол.

Бірақ екінші заң бұзушылық одан да өрескел екен.

"19 наурызда ПТР-тест тапсырдық. Инфекция жұқтырып, ағзамнан COVID-19 індетінің симптомдары анықталды. Содан 14 күн карантинге алындым. Керуен Сарай басшылығы менің сырқаттанғаныма қарамастан, жұмысқа шақыртты. Түнгі кезекке ауысып, таңертең ерте жұмыстан кете қоюымды, яғни кадрлар бөлімі қызметкерлерінің көзіне түспей, жасырын жұмыс жасауымды талап етті. Бұған қоса, Sous Chef-іміз карантинге алынған күндерімді жұмыс күндері етіп толықтыратынын жеткізді. Менің аурулар тарихымда коронавируспен ауырды деген анықтама тұр. Соған қарамастан қаншама адамның өмірін қатерге тігіп, мені жұмысқа шақырды. Бұл үлкен заңбұзушылық. Осы келтірілген заң бұзушылықтарға көз жұма қарамауыңызды жəне менің құқығымды қорғауды өтінемін", – деп сұрады арыз иесі еңбек министрінен.

Александр Лазарев өз жұмыс берушісінің түсініксіз тірлігіне қапалы.

"Мен жұмыстан өз еркіммен босауға ұйғардым. Жұмыс ауыр, жұмысшыларға жағдай жасамайды. Содан тиесілі ақшамды сұрасам, "саған сеніп тапсырылған барлық заттарыңды, форманы тапсырмайынша, ештеңе де бермейміз" деді. Мен оған қарсы емеспін. Барлық зат жеке шкафымда жатыр. Жүріңіздер, көз алдымда бәрін шығарып, тізіммен тексеріп, түгендеп алыңыздар деймін. Жауабы шалқамнан түсіре жаздады: "Жоқ, сен мұнда енді жұмыс істемейсің, біз сені ішке кіргізе алмаймыз!". Бұл не қиғылық екенін ұғына алмадым. Бәлкім, қаржымды бермеудің айла-шарғысы болар. Жалпы, кәсіпорынның цехы аянышты жағдайда. Қабырғалары жарылып, құлағалы тұр, төбесінен шаң саулап тұрады", – дейді ол. 

Щучинскідегі төбелестің сыры

Таяуда, биылғы маусымның 17-сінен 18-не қараған түні Щучинск қаласының "Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлық орталығы" республикалық кәсіпорны аймағында шиеленіс болды. Оқиға ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде кең жарияланбай, "жабулы қазан" күйінде қалды. Айтпақшы, Бурабай жақта демалғандар біледі, алыстан мұнартып, менмұндалап тұратындықтан, бұл кәсіпорынды жұртшылық "трамплин" атайды. 

Сол қақтығыста зардап шеккен бас инженер А. және оның әйелі ішкі істер органдарына жүгініп, әділдік іздеп, шырылдап жүр. Оқиғаның мән-жайын да солардан білдік. Кәсіпорынның өзі журналистерге әзірге ресми түсініктеме бермеді. Егер олар өз ұстанымын білдіргісі келсе, оны тыңдауға дайынбыз.

Ал жәбірленуші не дейді? Сот әзірге ешкімді айыпты деп атамағандықтан, ешкімнің атын атамауды жөн көрдік.

"Сол түнде бір топ адам бас инжинер А.-ны соққыға жыққан. Оның арасында 2019 жылы төбелес шығарғаны үшін спорт кешенінің басшысы лауазымынан қуылған, алайда жуырда спорт кешенінің нқсқаушысы қызметіне қайта алынған адам болды. 17 маусым күнгі кешкі 20:00-де жұбайыма телефон соғып, жұмысқа шақыртып алды. Барса, бір топ адам мас күйде спирт ішімдіктерін ішіп жатқан, өйткені олар Б.-ның "Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлық орталығы" басшысының міндетін атқарушы лауазымына тағайындалуын жуыпты. Директордың міндетін атқарушы – грек-рим күресі бойынша спорт шеберлігіне кандидат атағы бар адам", – дейді Валерия Сергеевна.

Әрине, масаң адамдар үшін ортаға қосылған әрбір адам – бөтелкелес дос. Олар бас инжинерді қолқалап, үстел басына отырғызады. Біраз думандатқаннан кейін жаңа басшы ұжымға өзінің кім екенін түпкілікті түрде танытпақ болғанға ұқсайды.

"Қызды-қыздымен, Б. бұрынғы шефтің командасында болғандардан жаңа басшылыққа адалдығын дәлелдеуді талап ете бастайды. Ұлы сөздің ұяттығы жоқ деген, шындық үшін айтайын, Б.: "енді жаңа директор менмін, менікін сорасыңдар" деп, мас күйде А.-ның алдына талтайып тұрып, белбеуін шеше бастайды. Бұған намыстанған А. одан тынышталуды талап етеді. Оған жауап ретінде Б. сом жұдырығымен оның көз тұсынан періп кеп жіберген. А. ауыр соққыдан еденге құлаған. Б. оның үстіне отырып алып, ұруын жалғастырады. Қолымен басын қорғаштаған А. осы кезде аяқпен жасалған соққыларды да сезінеді", – дейді Валерия Сергеевна.

Қазіргі кезде бас инженер "Авиценна Бурабай" клиникасында емделіп жатыр. Оған жабық бас сүйек-ми зақымы, ми шайқалуы, бел тұсындағы жұмсақ тіндердің жарақаты деген диагноз қойылған.

Зәбір көруші полицияға шағым жазды, тәнінің соққы тиген жерлері медициналық тіркелген. Әйтсе де, зардап шеккен тарап бұл істің тергелуі дұрыс жүрмей ме деп алаңдайды. Шиеленіске бас инженердің өзін айыптау талабы жасалған. Бұл оқиғаның немен тынатыны әзірге белгісіз.

Жыл сайын екі жүздей адам жұмыс орнында қаза табады

Қалай болғанда, Қазақстанда жұмыс орындарында қауіп көп. Қаншама адам жұмыс орнында мертігіп, кейін жұмыс берушісі тарапынан қамқорлықсыз қалады. Қаза тапқандары да жетерлік.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бұл байламды растайды: 2021 жыл басталғалы бері, мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 мыңнан астам заң бұзушылығын анықтап, жойған. Сондай-ақ жұмыс берушілер бермей келген 1,7 миллиард теңге жалақы берешегі өтелді және 9,6 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды.

Жыл басынан еңбек дауларының туындау тәуекелі бар 254 проблемалық кәсіпорын тіркелген. Олардың 183-інде жағдай шешіліпті. Тағы 71 кәсіпорында кері ахуал сақталуда, оны министрлік тұрақты бақылауына алды және олар бойынша әкімдіктер шара қабылдауда.

Бірақ ведомство елдегі жағдайға оптимистік көзқараспен қарайды.

"Қазақстан "Еңбек нарығы" факторы бойынша Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингі бойынша көшбасшы елдердің отыздығына кіреді. Еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіру мақсатында 2020 жылы Еңбек кодексіне түзетулер топтамасы қабылданды. Атап айтқанда, мұнда, қызметкерлердің қарыздық еңбек саласындағы еңбек құқығын реттеуді және қорғауды келтіру мәселесі бар. Еңбек жанжалдарын болдырмау жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, іске асырылуда. Кәсіпорындардағы жағдайға мониторинг жүргізу үшін министрлік жанында ахуалдық орталық жұмыс істейді", – деді министр Серік Шәпкенов.

Ол қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге күш салынып жатқанын хабарлады: нәтижесінде, соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендер саны 10,7%-ға азайыпты (1683-тен 1503-ке дейін). Оның ішінде қаза тапқандар саны 16,2%-ға – 248-ден 208 адамға дейін азайған. 2020 жылы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін 672 мың қызметкер 141 миллиард теңге сомасына түрлі өтемақы алды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу