Түркия Қазақстанға 3 млрд 200 млн тікелей инвестиция құйды

22012

Түрік компаниялары Қазақстанда 485 жобаны жүзеге асырды.

Түркия Қазақстанға 3 млрд 200 млн тікелей инвестиция құйды

Түркия Қазақстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі. Өткен жылы екіжақты сауда айналымы 2,4 млрд доллардан асты. Ал биыл қыркүйек айында екіжақты сауда айналымы 20%-ға артты. Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык журналистермен жүздескенде осылай деді.

Оның мәлімдеуінше, Түркияның Қазақстанға бағыттаған тікелей инвестициясы 3 млрд 200 млн долларға жеткен. Ал түрік компаниялары Қазақстанда күні бүгінге дейін құны 23 млрд доллардан асатын 485 жобаны жүзеге асырған.

"Қазақтан мен Түркия бауырлас ел. Қос мемлекетті ортақ тарих пен мәдениет байланыстырады. Біз екіжақты байланыстан бөлек аймақтық мәселелерді шешуде де мүдде тоғыстырып отырмыз", – деді Невзат Уянык.

Бұдан кейін түрік дипломаты Сүрия қақтығысын реттеудегі Астана процесінің 11- раундында талқылануға тиіс мәселелер жайлы сөз қозғады.

"Түркия Сүрияда тыныштықтың орнауы мен қазіргі қақтығыстың саяси шешім арқылы тоқтатылуын қалайды. Сондай-ақ Түркия БҰҰ енгізген параметрлер негізіндегі саяси шешімнің орнатылуын қолдайды. Астанадағы келіссөздер тараптар арасында келісімге қол жеткізілген атысты тоқтату режимін күшейтуге, зорлық-зомбылықты азайтуға және өзге де мәселелерді қарастыруға мүмкіндік береді. Астанадағы кездесуде сенім шараларын нығайту, оны Сүрия жерінде қолдану және Идлибтегі деэслакация аймағының шарттарына қатысты нақты шешімге келу мәселелері көтеріледі деп үміттенеміз. Жалпы, Астана процесінің арқасында уақытша достық бітімінің күшейтіліп, шиеленісті азайтуда айтарлықтай алға жылжу байқалады. Біздің атсалысуымызбен достық бітім шартының жариялануы және Астана процесінің басталуымен тығырыққа тірелген Женева процесі қайта жанданды. Бүгінгі таңда Қазақстан Сүрия мәселесіне қатысты Астана процесін ұйымдастырып, тиісті тараптардың бір ортаға жиналуына себепші болып отыр. Осы үшін біз сіздердің елдеріңізге, президенттеріңізге ризашылығымызды білдіреміз", – деді Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі.

Естеріңізге салайық, Астана процесінің 11- раундын өткізу мерзімі қараша айының соңы мен желтоқсан айының басына жоспарланған. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу