Сириялықтар Сочиден Астана процесін аңсап қайтты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4239

Сирияның жаңа Конституциясының жобасы мақұлданған жоқ.

Сириялықтар Сочиден Астана процесін аңсап қайтты

Мәскеу сириялық қақтығысты реттеу бойынша келіссөздерді өзінде өткізу бастамасын жария еткенде, кейбір қызуқанды халықаралық сарапшылар оның жетістігі "Астана процесінен" де асып түсетіні және ары қарай бітімгершілік процесі Ресейге көшетіні туралы байлам түйген.

Бірақ Сочидегі жаһанға жария етілген "ұлы құрылтай" жарға жығылды. Бұған дейін Астанаға іш тартып, сенім білдіріп келген сириялық қарулы оппозиция Ресей жеріндегі сириялық "ұлттық диалог конгресіне" қатысудан бас тартып, бармай қалды. Бұл жерде тіпті солтүстік көршіміздің соғыстан шаршаған тараптарға кездесу үшін ең таңдаулы курорттық өңірін және соның барлық ойын-сауықтық әлеуетін тартуы да іске аспай қалды.   

Көршіміздің ақпарат құралдары әу бастан жиында Сирияның жаңа конституциясы бойынша жұмысты бастап кету және конституциялық комиссияны қалыптастыру жоспарланып отырғанын жария еткен. Содан жарнамасы мен насихатына Мәскеу үлкен көңіл бөлген бұл конгреске тіпті РФ президентінің қатысуы күтілген. Алайда шараға жиылған делегациялар құрамының мәртебелік деңгейі көңілінен шықпады ма, әлде нәтиженің қомақты болмайтынын болжады ма, Владимир Путин өзінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков арқылы конгреске бармайтынын хабарлады.

Кейбір деректер бойынша қарулы оппозиция өкілдерін ұйымдастырушылардың өздері шошытып алса керек. Өйткені Түркияның ықпалымен Сирияның түркітілдес сындарлы оппозициялық күштерінің делегациясы Анкарадан Сочиге арнайы ұшып келіпті. Алайда бар жерде желбіреген сириялық режимнің тулары мен логотиптерінен көз сүрінетін болған соң, қарсылығы ретінде тіпті паспорттық бақылаудан да өтпей, кері қайтып кеткен көрінеді. Нәтижесінде ресми Дамаскі тарапынан қуғындалған бұл халықтардың мүдделерін Түркия делегациясы қорғайтын болды. Бірақ әрине, барлық тараптар бірдей қатыспағандықтан, Сочиде толыққанды диалог болмады.    

Жалпы, ресми режим конституциялық реформаны әзірлеумен айналысатын комитеттің Мәскеуде жұмыс жасағанын қолай көрген деседі. Бұл Ресейдің де мүдделеріне жауап берер еді. Алайда көрші державаға бұл бағытта да кері шегінуге тура келетінге ұқсайды. Тараптар конституциялық комитеттің БҰҰ аясында Женевада жұмыс істеуіне табандап отыр. Ендеше бұл тетік те Батыстың қолына тиеді деп болжануда. Бұған РФ-ның келіспеске амалы да жоқ: тіпті ресейлік мамандар да комитеттің Женевада жұмыс істеуі оның және бүкіл конгрестің жұмысына заңдылық-легитимділік беретінін нықтайды. 

Сочиде Сирияның жаңа Конституциясының жобасы мақұлданған жоқ. Сирия ұлттық диалогы конгресінің жұмысын қорытындылаған Ресей президентінің сириялық реттеу бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев ақыр соңында қатысушылар үш құжатты ғана құптағанын жеткізді.

Бұлар – әдеттегі қорытынды мәлімдеме, қатысушылардың үндеуі, сондай-ақ жаңа Конституцияны әзірлеумен шұғылданатын комиссияға кіруі мүмкін кандидаттардың тізімі. Мұның өзі ақырғы нұсқа емес екен. Александр Лаврентьев аталған тізім алда шамалы түзетуге ұшырайтынын, содан кейін ақырғы тізімі БҰҰ бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистураның қарауына жіберілетіні туралы құлағдар етті.

Конгресс қорытындысында тараптар Сирияның болашақ атауы туралы да бір тоқтамға келе алмағанға ұқсайды. Сарапшылардың хабарлауынша, қорытынды құжатта елдің қазіргі атауы, яғни "Сирия Араб республикасы" тік жақшамен қоршалып берілген. Құжатта сондай-ақ "күшті, біртұтас армия" құру қажеттігі айтылады. Демек Сирияның ресми армиясы қазіргі күйде қалмайтын сияқты.

Конгресс көп сұрақтар қалдырды. Оларды шешу үшін барлық тараптар қатысатын диалог керек. Олай болса, болашақта Астана процесінің қайта жандануы ғажап емес. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу