Түркия елшісі: Анкара операциясы күрдтерге қарсы бағытталмаған

6229

"Халықаралық аренада террорлық ұйымдарды қолдайтындар бар". 

Түркия елшісі: Анкара операциясы күрдтерге қарсы бағытталмаған

Түркия Республикасы 9 қазанда Сирияның солтүстігінде "Бейбітшілік қайнары" атты әскери операцияны бастаған еді.  Atameken Business Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше жəне өкілетті елшісі Невзат Уяныктан осы операция жайында сұхбат алды.

 –Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған "Мақсатымыз Евфраттың шығысын бейбітшілік бұлағымен нәрлендіру, лаңкестік ұйымдардан босаған жерлерге 2 миллиондай сириялық босқынды қондыру" деп айтқан еді. Көп ұзамай 9 қазан күні "Бейбітшілік қайнары" атты операцияны бастап жібердіңіздер. Нақты себебін тарқатып айтып берсеңіз.

 –Түркия 9 жылдан бері Сириядағы тұрақсыздықты шешу үшін күш салып келе жатқан елдердің бірі. Біз осы жылдар ішінде туған жерлерінен босып, Түркияға бас сауғалаған 3 миллион 600 мың сириялықты бауырымызға басып отырмыз. Олардың өмір сүруі, кәсіпке ие болуы, балаларының оқуы үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Ал өкінішке қарай, Сириядағы соғыс пен бастарына төнген қауіп-қатерден қашқандардан босап қалған жерлерде ДАИШ, "Күрдістан жұмысшы партиясы", YPG ("Халықтық қорғаныс жасақтары") және PYD ("Демократиялық бірлік партиясы") атты лаңкестік ұйымдар топтасып алған. Біз олардың террорлық шабуылдарынан ең көп зардап шеккен елдердің біріміз. Олар шекара аумағына жақын жерлердегі ауыл-аймақтарымызға шабуыл жасап келді.Соңғы екі жылда әуеден 200-дей шабуыл жасалып, ондаған жерлесіміз қаза тауып, жүздегені жараланды. PYD мен YPG ұйымдары Сирияда лаңкестік әрекеттерді жүзеге асырады. PYD мен YPG-дің балаларды әскерге алу, оппозицияны қорқыту, демографиялық құрылымды өзгерту және адамдарды қатарына мәжбүрлеп тарту сияқты адам құқығын бұзу фактілері тіркелген. Жергілікті халықтың PYD мен YPG тарапынан жаппай қысым көріп жатырмыз деген шағымдары мен наразылықтары күн санап артуда. Ол жерде тұрып жатқан халықтың үштен екісінен астамы араб ұлтының өкілдері, олар лаңкестердің елдімекендердегі зорлық-зомбылықтарынан қашып, 350 мыңнан астамы Түркияға келсе, өзгелері басқа жерлерге босып кетті. Әлбетте, біз мұндайға бей-жай қарап отыра алмаймыз ғой. Ұлттық және шекаралық қауіпсіздігімізге қатер төнгендіктен, оларға  қарсы күресуді дұрыс деп шештік. Сондықтан құрметті президентіміз Реджеп Тайып Ердоғанның Бас қолбасшы ретінде берген бұйрығы негізінде Түріктің қарулы күштері  9 қазан күні "Бейбітшілік қайнары" атты әскери операциясын бастады. Естеріңізде болса, 2017 және 2018 жылдары Евфраттың батысында өткізілген "Евфрат қалқаны" мен "Зәйтүн бұтағы" операциялары арқасында 4000 шаршы шақырым аумақты лаңкестерден тазарттық. Ол жерлерден террор ұйымдары қысымынан, зорлық-зомбылығынан зардап шеккен 360 мыңнан аса сириялық бауырымыз өз ауылдарына қайта оралған еді. Әкімдіктер өз жұмыстарын жасап, халық тіпті жергілікті мәслихаттарын құрды. БҰҰ органдарымен бірлесіп, олардың тұрмысын жақсартуға күш салып жатырмыз.

– Әскери операцияларыңыз халықаралық талаптарға, қарарларға қаншалықты сай келеді?

– Нені меңзегеніңізді түсіндім. Бұл біреулер айтып жүргендей, Сирияның жеріне көз тігу емес. Барлығы заңдық негізде жасалуда. "Бейбітшілік қайнары" басталмас бұрын, операция туралы БҰҰ Бас хатшысына, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің іс басындағы төрағасына және НАТО-ның Бас хатшысына, серіктестерімізге алдын ала хабар бердік. Сондай-ақ Сирия билігін де Ыстамбұл қаласындағы Бас консулдығы арқылы дипломатиялық нота жөнелтіп, құлағдар еттік. Түркия халықаралық құқық негізінде БҰҰ жарғысының 51-бабына сай өзін-өзі қорғау құқығын қолданды. 1998 жылдың қазан айында Сирия үкіметімен бірге "Адана келісімін" жасаған болатынбыз. Онда Түркия аумағына террорлық қатер туындаған жағдайдағы алдын алу шаралары туралы тайға таңға басқандай жазылған. Осындай нақты халықаралық құқықтық негіздерге сүйендік.

 – Бұны күрдтерге қарсы операция деп айтып жүргендер де баршылық...

 – Өкінішке қарай, халықаралық аренада террорлық ұйымдарды қолдайтындар, Сирия мен Таяу Шығыста өздерінің жасырын өктемдігін қалыптастыруға тырысатын белгілі бір топтар бар. Олар бұл әскери операцияға қатысты қара пропаганда мен манипуляция жасауда. Түркия ол жерде бейбіт халықты өлтіріп жатыр және бұл күрдтерге қарсы бағытталған операция деп жалған ақпарат таратуда. Біріншіден, бейбіт тұрғындардың зардап шекпеуі үшін барлық тиісті шара қолға алынған. Ал күрдтерге қатысты мифтерге келер болсақ, бұл барып тұрған өтірік дүние. Себебі, күрдтер біздің бауырымыз, мың жылдан бері тату тұрып келеміз. Ақиқатын айтсақ, тіпті бұл операция олардың да қауіпсіздігін сақтауға бағытталған.

– Жаңа белгілі топтар деп қалдыңыз. Босқындар мәселесі де ушығып тұрғандай?

 – Евфрат өзенінің шығысында кейбір одақтас деп жүрген елдер арнайы көліктермен қару-жарақ жеткізіп беріп, Сирияны бөлшектеп, көзіміздің алдында лаңкестерден құралған мемлекет құруға талпынды. Мұндай халықаралық құқыққа сай келмейтін әрекеттерден, теріс пиғылдардан бас тартқан абзал. Керісінше, Түркияның үндеуіне құлақ асқандары дұрыс деп ойлаймын. Ал босқындарға келер болсақ, Түркия 3 млн 600 мың сириялыққа пана беріп отыр. Оларды барынша асырап отырмыз және бұл орайда халықаралық қоғамдастықтан ешбір қолдауды көре алмадық.

 Ал кейбір Еуропа елдерінің Сириядан босып, отанынан айырылған жаралы жандарға қатысты ұстанымдары адамгершілікке мүлдем жатпайды. Олар біздің шекараларымызға келмесін, мүмкіндік болса, бізге мүлде жоламасын деп бастарын алып қашады. Түркия Сириямен шекаралас, сондықтан солар айналыссын деп қашқақтайды. Мұндай көзқарас адами түгілі халықаралық құқықққа да сай келмейді.

– ДАИШ террорлық ұйымдарымен қалай күресіп жатырсыздар?

– Түркия – ДАИШ лаңкестік күштеріне қарсы халықаралық коалиция шеңберінде ең белсенді түрде күресіп келе жатқан елдердің бірі. Қауіпсіздік күштеріміз де, Түрік Қарулы күштері де бұл мәселеге өте қатты мән береді. Атап айтқанда, Сирияда "Евфрат қалқаны" мен "Зәйтүн бұтағы" операциялары кезінде 3 мың ДАИШ террористерінің көзін жойдық. Ал Иракта 4 мың мүшесін жоқ еттік. Түркия олармен күресте белсенділік танытқан ең белсенді мемлекет. Біз бұны бүкіл әлемге ашық айтып келеміз. Себебі біз де ДАИШ ұйымынан зардап шеккен елдердің қатарында тұрмыз. Олар қалаларымызды бомбалады, адамдарымызды өлтірді. Біз оларға қарсы күресті жалғастырамыз. Бұл ретте Қазақстанның "Жусан" операциясын айрықша атап өту керек. Жалпы, біздің мақсат – Сирияда тыныштықтың орнауына бар күшімізді салу. Астана процесіне де кепіл ел ретінде белсенді түрде атсаласып келеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік саясатының арқасында Астана процесі де Сириядағы тұрақтылықтын артуына сүбелі үлес қосты.

 – Бұған дейін АҚШ президентінің көмекшісі Майк Пенс Түркияға келіп, белгілі бір келісім жасағандай болды.

 – Иә, операцияны 120 сағатқа, яғни бес күнге дейін тоқтату туралы келістік. Негізінде, АҚШ-пен жасалған бұл келісімнің мақсаты операцияны тоқтату емес.120 сағат өткен соң, "Күрдістан жұмысшы партиясы" мен оның Сириядағы қанаттары, яғни YPG және PYD сынды террорлық ұйым өкілдерінің бар екені анықталса, Президентіміз айтқандай, операцияны тіптен күшейтеміз.

Табиғат Нұрболат 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу