Иран-Әзербайжан шекарасындағы шиеленіске не себеп?

3889

Ислам Республикасы көрші елден Израиль қауіп төндіріп тұр деп, ауқымды жаттығуға кірісті. Бірақ, Тегеранның әскери айбын көрсетуінің өзге де себептері бар. Маневрлар барысында Бакуге ғана емес, Түркияға да қарсылық білдіріліп жатыр.  

Иран-Әзербайжан шекарасындағы шиеленіске не себеп?

Жұма күні Иран ұлттық армиясы елдің Әзербайжанмен арадағы шекарасы маңында ауқымды әскери жаттығуларға кірісті. Қазір онсыз да Ислам Республикасының көршісінің Батыспен, Израильмен қатынастарына күдігі сейілмей тұрған шақ.

Тегеран соғыс ойындарына дрондарын, тікұшақтарын, брондалған техникасы мен артиллериясын және жүздеген жауынгері мен офицерін шығарды. Қанша уақытқа созылары белгісіз маневрлар Әзербайжанмен арадағы Полдашт және Джолфа өткелі маңында басталып отыр. Бұған не түрткі?

Үш себеп

Көптеген бақылаушылардың пікірінше, оның үш себебі бар: жақында Әзербайжан Түркиямен, Пәкістанмен бірігіп, Иран шекарасынан 500 шақырым жерде әскери жаттығу өткізді; Баку ирандық жүк тасушы жүргізушілерді Арменияға өткізбей, олардың екеуін тұтқындаған; Әзербайжан Иранның ата жауы – Израильмен байланыстарды сақтап отыр.

Түркия, Пәкістан, Әзербайжан әскери жаттығулары қыркүйектің 21-де Баку маңында басталды. "Үш ағайынды-2021" деп аталатын шараның мақсаты - үш ел қарулы күштері арасындағы "бар байланыстарды одан әрі нығайту".

Бірақ, Нидерландыдағы Лейден университетінің Таяу Шығыс пен Орталық Азияның әлеуметтік тарихын зерттеуші профессоры Турадж Атабаки "Азаттықтың" Фарда радиосына берген сұхбатында Теһран бұл жаттығулардан шеттеп қалғаны үшін алаңдаулы деген пікірде.

"Түркия - НАТО-ның екінші ірі армиясы, ал Пәкістан - аймақтық ядролық держава. Екеуі Әзербайжанда әскери маневр жасағанда, Ресей мен Иран алаңдамай қоймайды. Ислам Республикасы бастаған әскери жаттығулар сол алаңдаушылықтың көрінісі", - дейді Атабаки.

Қыркүйектің 17-де Ирандағы жұма намаздарының жетекшісі - аятолла Хасан Амели әр елдің әскери жаттығу өткізуге құқығы бар екенін айта келіп, "бірақ, бұл жерде еркіне жібере салуға болмайтын оқиға болғанын" атап өтіп, Түркияға да қарсылығын білдірді.

"Жаттығулар қарсаңында, Түркия үкіметі мен президентінің көзқарасын білдіретін Yeni Safak газеті Әзербайжан парламентінің мүшесімен өткен сұхбатқа "Иран картадан жоғалады" деген тақырыпты таңдапты.  Әзербайжан мен Түркия Иранның құқығын көрші ретінде құрметтемегендіктен, біз Ұлттық Қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы Кеңестен Ислам революциясы сақшылар корпусына шекараның әзербайжандық жағында Иран күшінің бір бөлігін ғана көрсетуге рұқсат беруін сұраймыз және оларға: "арыстанның құйрығымен ойнама" деп ескерту жасағымыз келеді", - дейді Амели.

Бұл мәлімдеме Әзербайжан арқылы көрші Арменияға жүктер мен жанармай тасымалдайтын ирандық жүргізушілерден "жол салығын" алу ережесі енгізілгеннен кейін айтылып отыр. Айта кетсек, Иранмен байланыстыратын жолды Баку былтырғы Қарабақ соғысы кезінде қайтарды. Сонымен қатар, Әзербайжан полициясы жүк көлігінің екі жүргізушісін ұстаған. Ал, Иран Сыртқы істер министрлігі оларды тез арада босатуға шақырып отыр.

Тегеран Израильді өзінің ядролық бағдарламасына диверсия жасап, атомшы-ғалым Мохсен Фахризада мен осы саланың өзге де ғалымдарын өлтірді деп айыптап келеді. Фахризаде Иранның құпия ядролық бағдарламасын басқарды деп есептелді; ол 2020 жылы жол бойына қойылған бомба қашықтан басқарылып жарылғанда мерт болды.

Жаттығулар кезінде Иран армиясының құрлықтағы әскерлерінің қолбасшысы Киомарс Хейдари еврей мемлекетінің Әзірбайжанмен байланысы жайлы болжамын айтты.

"Бұл режим келгеннен бері біздің шекараға деген күдігіміз артты және оның іс-әрекеттерін бақылап отырмыз", - дейді Хейдари.

Тағы бір сөзінде қолбасшы "аймақта Сириядан келген террористік күштердің" бар екендігіне де алаңдаушылық білдірді. Айта кетсек, өткен жылы Түркия Әзербайжанға этникалық армяндармен соғыста көмектесу үшін Таулы Қарабаққа исламшыл жасақтарды жөнелтті деген хабар тараған еді. Гейдаридің сөзінше, Теһран сол содырлардың елдеріне қайтқанына сеніп отырған жоқ.

Әлиевтің таңданысы

Иранның әрекеті Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевті алаңдатып қана қоймай, қатты таң қалдырды.

"Әр ел өз аумағында кез-келген әскери жаттығуды өткізе алады. Бұл - олардың егемендік құқығы. Бірақ, неге қазір, неге біздің шекара маңында? Кеңес Одағы ыдырағаннан бері Иран шекарамызға жақын жерде мұнша күш көрсетуді жоспарламаған еді", - дейді Әлиев.

Стокгольм Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты (SIPRI) талдау орталығының мәліметінше, Израиль 2006-2019 жылдар аралығында Әзербайжанға 825 миллион доллардың қару-жарағын сатқан. Ал, былтыр Тель-Авив жеткізген жоғары технологиялық дрондар Таулы Қарабақ үшін соғыста Әзербайжанға көп көмектескен.

Иран сыртқы істер министрі Хосейн Амирабдоллахианның мәлімдеуінше, Теһран ел шекарасы жанында сионистік режимнің немесе Израильдің ұлттық қауіпсіздікке қарсы әрекет еткеніне жол бермейді.

Дегенмен, Амирабдоллахиан Иран мен Әзербайжан арасындағы қарым -қатынасты "маңызды" деп сипаттап, Иранның жаттығулар өткізуге "құқығы бар" екенін де атап өтті.

Сонымен қатар, Теһран Түркия мен Әзербайжан ұлтшылдары Иран жеріндегі әзербайжандар арасында сепаратизмді қоздырады деп қауіптенеді.

Арыс Әділбекұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу