Иран атомдық пәтуадан тағы да алшақтады

4437

Тегеран центрифугаларға уран газын құйып, 2015 жылғы атомдық келісімді құтқаруға деген үмітті өшіруге жақын. 

Иран атомдық пәтуадан тағы да алшақтады

Сейсенбі күні Иран үкіметі мәлімдеме жасап, 2015 жылы әлем державаларымен жасалған ядролық келісім бойынша бос тұрған 1044 центрифугаға уран газын құятынын жариялады.

Бұл шешімді Тегеран сол пәтуадан кетудің "төртінші қадамы" деп атады. Айта кету керек, төрт жыл бұрынғы келісімге сәйкес Ислам Республикасы өзінің атомдық бағдарламасын шектегені үшін экономикалық санкциялардан босатылуға тиіс еді.

Президент Дональд Трамп АҚШ-ты бұл мәміледен былтыр шығарды. Содан бері аймақтағы шиеленіс өршіп тұр.

Ядролық келісімнің бүгінгі хәлі нешік, Иран өзінің атом бағдарламасын қайтадан күшейту үшін не істеп жатыр.

Ядролық келісім

Иран 2015 жылы АҚШ-пен, Франциямен, Германиямен, Ұлыбританиямен, Ресеймен, Қытаймен ядролық келісім жасады. Оған қол жеткізу үшін президент Барак Обама әкімшілігі Тегеранмен құпия келіссөздер жүргізді.

Уағдаластыққа сәйкес, Иран БҰҰ инспекторларының көзінше уран байытуды шектеуге келісті. Сондықтан бұл мемлекет халықаралық санкциялардан арылып, Ислам Республикасына шетелдік кәсіпкерлер миллиардтаған доллардың келісімін жасау үшін асықты. Солардың қатарында Airbus, Boeing компаниялары да болды.

Дегенмен, ядролық келісім Трамптың көңілінен шықпады. Оның ойынша, Иран баллистикалық зымыран бағдарламасын дамытып, аймақтық жанжалдарға килігіп, терроризмді қолдап отыр. Мұны Тегеран мойындамаса да, Америка 2018 жылдың мамырында аталған пактіден шықты. Бұл шешім Иранның онсызда титықтаған экономикасына ауыр соққы болып тиіп, осы елмен жасалған халықаралық келісімдерді тоқтатты. Қазір Ираннан мұнай импорттаған елдер де Вашингтонның санкциясына ұшырайды.

Иранның ядролық нысандары

Иранның уран өңдейтін басты нысаны ел орталығындағы Исфахан провинциясының Натанз қаласы маңында жер астында орналасқан. Сонымен қатар Иранда Ресейдің көмегімен 2011 жылы ашылған Бушер АЭС-і бар. Аталған келісім бойынша,  Иран ауыр сулы реакторын плутоний өндіре алмайтындай етіп қайта құрылымдады. Ал, Фордодағы уран байыту кешені зерттеу орталығына айналды. Бұған қоса, Тегеранда да 50 жылдан астам уақыттан бері зерттеу реакторы жұмыс істеп тұр.

Иранның уран запасы

Ядролық келісімнің шарттарына сәйкес, Иран 300 келіден аспайтын төмен байытылған уран сақтай алады. Ал, 2015 жылға дейін оның қоймаларында  жоғары деңгейде байытылған уранның 10 000 келісі болған. Қазір ядролық келісім Тегеранға уранды  3.67%-ға ғана байытуға рұқсат беріп отыр. Бұл мөлшер атом электр станцияларын отынмен қамтамасыз етуге ғана жеткілікті. Ал, ядролық бомба жасау үшін уран 90%-ға дейін байытылуы керек. Егер қандайда бір ел уранды 20 %-ға дейін өңдесе, ғалымдардың айтуынша, сол деңгейді 90%-ға жеткізетін уақыт жақындайды. Иран бұған дейін 20 пайыздық межені бір мәрте бағындырған және де ол биыл шілдеде төмен байытылған уран көлемін 500 келіге жеткізгенін мәлімдеді.

Иран центрифугалары

Центрифуга – уранның гексафторид газын жылдам айналдыра отырып, уранды байытатын құрал.  Әлемдік державалармен жасалған атомдық пәтуаға сай, Иран Натанздағы ескірген 5060 центрифугамен ғана шектелуге тиіс. Алайда сейсенбі күні президент Хасан Рухани мәлімдегендей, енді Фордода бостан-бос айналып тұрған тағы 1044 центрифугаға уран газы құйылады. Сонымен қатар, дүйсенбі күні хабарланғандай, Иранда жетілдірілген тағы 60 центрифуга жұмыс істей бастаған.

"Бейбіт атомнан" stuxnet-ке дейін

Иранның ядролық бағдарламасы Құрама Штардың көмегімен басталды. Америка өзінің "Бейбіт атом" бағдарламасымен 1967 жылы Тегеранда атомдық реакторды іске қосты. Бірақ 1979 жылы ислам революциясы нәтижесінде Иран шахы Мохаммад Реза Пехлеви билігі құлағаннан кейін, Вашингтонның Иранға көмегі тоқтады.

1990-шы жылдары Иран өзінің атомдық бағдарламасын кеңейтіп, Пәкістанның ядролық ғалымы Әбдул Қадыр Ханнан жабдық сатып алды. Атом энергиясы агенттігінің мәліметінше, Тегеран сол кезде бомбаның "дизайны мен жарылатын детонатор туралы ақпаратқа" қол жеткізсе керек.

2002 жылдың тамызында Батыс барлаушылары мен ирандық оппозициялық топ Натанздағы жасырын ядролық кешенді әшкереледі. Иран болса, өзінің атомдық бағдарламасының әскери мақсатқа бағытталмағанын мәлімдеп келеді. Сонымен қатар, Иран 2003 жылы уран байытуды доғарып, оны 2005 жылы қайта жандандырды. Бұл жұмысты сол кездегі президент Махмұд Ахмадинежад тіпті жеделдеткендіктен, Біріккен Ұлттар Ұйымы Иранға қарсы санкция жариялады. Кейіннен Америка мен Израиль жасаған Stuxnet компьютерлік вирусы Ислам Республикасының мыңдаған центрифугасын істен шығарды.

2010 жылдан бастап Иранның бірталай зерттеушісі шабуылға ұшырап, сол оқиғалар үшін еврей мемлекеті айыпталды. Алайда, Тегеранның ядролық бағдарламасына Батыс қатты алаңдаған шақта жасалған бұл шабуылдар үшін Израиль өз мойнына жауапкершілік жоқ.

Руханиге оралсақ, оның айтуынша, Еуропа шетелге мұнай сатуға көмектеспесе, Иран ядролық келісімнен кетудің бесінші қадамын жасауға әзір.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу