Биылғы қажылық Парсы шығанағында шиеленіс күшейген шақта өтіп жатыр

2993

Саудия үкіметі қажылықтан саясатты алшақ ұстауға әрекет жасауда.

Биылғы қажылық Парсы шығанағында шиеленіс күшейген шақта өтіп жатыр

Бүгін Меккеде екі миллионнан астам мұсылман қажылықты бастады. Биыл ол Парсы шығанағында шиеленіс күшейген шақта өтіп жатыр. Ал Сауд Арабиясының үкіметі бес парыздың біріне саяси рең беруге қарсы тұратынын ескертті.

Қажылық – әлемдегі ең ауқымды діни шара. Бес парыздың бірі болғандықтан, оны әрбір мұсылман шамасы келсе, өмірінде бір мәрте орындауы керек.  

Саудияның батысындағы қасиетті Мекке қаласы мен оның айналасында қажылық тамыздың 9-14-і күндері өтіп, осы бес күннің ішінде бірнеше діни салт орындалуы керек.

Сол салттардың қысқаша реті мынадай:

1. Меккедегі Ұлы мешітті жеті мәрте айналу.

2. Мина жазығында тұрып, Құран оқу.

3. Мұхаммед Пайғамбарға соңғы өсиет түскен жерде күн батқанша Аллаға құлшылық ету.

4. Мұздалифада тас жинау.

5. Қажылықтың соңғы күнінде шайтанның символы саналатын үш қабырғаға тас ату.

6. Ұлы мешітке қайта оралып, Қағбаны тағы да жеті рет айналу. 

"Мемлекетіміз бар күшін қажылыққа жұмылдырып отыр, Алланың мейман күтушілері ретінде қызмет етіп жатқанымызды мақтан тұтамыз", – дейді монархия қауіпсіздік күштерінің ресми өкілі Бассам Аттия.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, биыл Меккеде қажылық парызын шамамен 2 жарым миллиондай адам өтейді. Олардың көпшілігі – шетелдіктер, 3 мыңнан астамы – қазақстандықтар.

"Онлайн арқылы 1,8 миллионнан астам виза делдалсыз берілді. Бұл – үлкен жетістік", – деді корольдіктің Қажылық министрлігінің баспасөз хатшысы Хатим бин Хассан әр-Риядта өткен баспасөз маслихатында.

Шөл далада салынған Меккеде Қағба орналасқан. Исламның орталығы саналатын бұл кубикалық құрылым алтынмен өрнектелген қара материалмен көмкерілген.

Төрткүл дүниеден жиналған мұсылмандар Ұлы мешіттің алаңында орналасқан Қағбаны жеті рет айналады. Ал жұманың кешінде олар намазға қатысады.

Қажылық кезінде әр мемлекеттен жиналған ерлер мен әйелдер бөлек топқа бөлініп, Минаға жазығына жаяу немесе жергілікті үкімет бөлген автобустармен барады.

Олар үшін тұрғызылған 350 мыңдай шатырдың барлығы желдеткішпен жабдықталған. Монархия үкіметі бір жерге бір сәтте миллиондаған адам жиналатындықтан, қажылықты өткізуді жеңілдету үшін кейінгі жылдары озық технологияның көмегіне жиі жүгініп отыр. 2015 жылы 2300-дей адам аяқ астында тапталып, қаза тапқаннан кейін мұсылмандарға GPS-ке қосылған электрондық идентификациялық браслет таратылатын болды.

Былтыр қыркүйекте Мекке мен ислам үшін екінші қасиетті шаһар – Медина арасында жаңа теміржолдың инаугурациясы өткен еді. Биылғы қажылық маусымда сол рельспен алғаш зымыран пойыздар қатынай бастады.

Сауд Арабиясы үшін қажылық – мұнайға тәуелді экономиканы әртараптандыру үшін маңызы зор туризмді кеңейтудің негізі. Қажылық пен умра және жыл бойы өтетін кіші қажылықтар кезінде мұсылмандарды жатын орынмен қамтамасыз етуден, тасымалдаудан, тамақтандырудан, сонымен қатар, гонорарлар мен сыйлықтарды қосқанда миллиардтаған доллар кіріс келеді.

Биылғы қажылық Парсы шығанағы аймағында шиеленіс ушыққан шақта өтіп жатыр. Жақында бұл өңірде мұнай танкерлеріне бірнеше рет шабуыл жасалып, дрондар құлатылды және заңсыз жүк тасымалдаушы кемелер ұсталды.

Әр-Рияд коммерциялық кемелерге жасалған шабуылдар үшін өзінің аймақтық бәсеклесі Тегеранды айыптап отыр. Ал Ислам Республикасының үкіметі мұны үнемі жоққа шығарып келеді.

Иран мен Сауд Арабиясы арасында дипломатиялық байланыс жоқ. Соған қарамастан, "Тасним" агенттігінің хабарлауынша, биыл 88 550 ирандық Меккеге қажылыққа барады.

Осылайша, Саудия жылдағы әдетінше қажылықты саясаттан бөлек ұстауға күш салып отыр. Бұған дейін әр-Рияд Катарға экономикалық эмбарго жариялап, оның азаматтарының Саудияға келуіне тыйым салған еді. Алайда, бұл шектеулердің қажылық парызын өтеймін деген катарлықтарға еш қатысы жоқ. Дегенмен, Қажылық министрлігінің өкілі бин Хасанның сөзінше, осы жылы қажылыққа катарлықтар өте аз барған.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу