"Апаттық ағаттық"

5543

Иранда бірде-бір америкалық жауынгерге оқ тигізбей, өз азаматтарын абайсызда қырып алған билікке қарсы шерулер бірнеше қалада өтті.

"Апаттық ағаттық"

Айқын дәлелдің қысымымен Иран сенбі күні украиналық ұшақты қателікпен атып түсіргенін мойындады. Ол апаттан өткен сәрсенбіде 176 адам мерт болды. Енді жұрт Иран революциялық сақшылар корпусы мен елдің жоғары лауазымды шенеуніктері таратқан ақпаратқа күмәнмен қарайтын болды. Өйткені, олар үш күн бойы лайнердің ракетамен құлатылғанын жоққа шығарып, бұл туралы мәліметтерді Батыстың пропагандасы деп алға тартып келген.

Американың Ирактағы екі базасына шабуыл жасалғаннан кейін АҚШ кек қайтаруы мүмкін еді. Осыны біле тұра Иран неліктен Тегеранның халықаралық әуежайын немесе аспандағы кеңістігін жабық деп жарияламады? Ұшақ апатынан кейін туындап отырған жаңа түйіткіл осы.

Айта кету керек, генерал Касем Сүлеймани өлтірілгеннен кейін аталған базаларға талай баллистикалық зымыран жаудырылғанымен, Пентагонның бірде-бірі жауынгері зардап шеккен жоқ.

Иранның ағаттықты мойындауы оның Құрама Штаттармен арадағы тайлалас туралы биік мінберлерден айтылған әңгімелеріне көзқарасты өзгертіп, тіпті халықтың ашуын тудыруы мүмкін. Бұл мемлекет Сүлейманидің қазасынан кейін АҚШ-тан аяусыз өш алуға уәде бергенді. Бірақ, ол  америкалық сарбаздарды өлтіргеннің орнына азаматтық ұшақты құлатып отыр. Ал, сапары оң болмаған "Боингтағы" жолаушылардың көбі – Ислам Республикасының азаматтары еді.

Наразылық

Сенбінің кешінде Тегеранда 1000-ға жуық адам шеруге қатысып, билікке қарсы лозунгтер көтерді. Сонымен қатар, Шираз, Исфахан, Хамедан, Орумие қаларының тұрғындары көшеге шықты. Мұны "Фарс" агенттігі хабарлап отыр.

Тегеранның Әмір Кабир университетінің жанына жиналған демонстранттар марқұм Сүлейманидің портреттерін жыртып, Аятолла Хаманейге наразылық білдіріп, "Бас қолбасшы, отставкаға кет!" деп ұрандатты. Ал, полиция оларды әдеттегідей күшпен таратқан.

Президент Дональд Трамп "Иранның көптен бері зардап шегіп келе жатқан қайсар халқын" қолдайтынын "Твиттерде" жазып, шерушілердің ар жағында өз әкімшілігі тұрғанын мәлімдеді.

Былтыр Иранда жанармай бағасының күрт қымбаттауына қарсы митингтер саяси акцияға ұласып, Ислам Республикасының 40-жылдық тарихындағы ең үлкен қантөгіске ұласқаны белгілі. Иранның ішкі істер министрлігінің үш өкілі "Рейтер" агенттігіне берген мәліметке қарағанда, қарашаның 15-де басталып, екі аптаға созылған демонстрациялар кезінде 1500-ге жуық адам мерт болған. Дегенмен, халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарының дерегінше, құрбандар саны бұдан аздау. Ал, Иран үкіметі бұл ақпаратты "фейк ньюс" деп атап отыр.

Генерал: Естігенде өлгім келді

Иран Гвардиясының аэроғарыш бөлімшесінің басшысы – генерал Әмір Әли Хаджизаде өз қарамағындағылардың ұшақты атқаны үшін мойындарына толық жауапкершілік алатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ол мемлекеттік телеарнадан жолдаған үндеуінде лайнердің құлағанын естігенде "өлгісі келгенін" де жеткізді.

Хаджизаде жоғарғы жаққа өз қорғаныс күштерінің сәрсенбі күні таңертең украиналық "Боингты" атып түсірген болуы керек деп хабарлаған. Өйткені, "бір сәтте зымыранның ұшырылуы мен ұшақтың құлауы" оған күдікті көрініпті және де генерал жолаушылар ұшағының пилоты мен экипажының Иранға ешқандай жамандық жасамағанын, ал бір офицердің ұшақты қанатты зымыранмен шатастырып, оны атып түсіру туралы "нашар шешім" қабылдағанын да өкінішпен мәлімдеді.

"Біз кең ауқымды соғысқа әзірленіп жатыр едік", – деді тағы бір сөзінде Хаджизаде.

Иранның жоғары лидері Аятолла Әли Хаменей авиациялық апат құрбандарының туған-туыстарына "қайғыра" көңіл айтып, қарулы күштерді "бар болуы мүмкін кемшіліктерді жойып, жанға бататын оқиға үшін кінәсін" сезінуге шақырды.   

Президент Хасан Рухани жолы болмаған рейсте мерт болғандардың отбасыларына көңіл айта отырып, "апатты ағаттық" үшін Құрама Штаттар тарапынан төнген "қауіп пен қорқыту" да себепші деп атап өтті. Осыған ұқсас мәлімдемені сыртқы істер министрі Джавад Зариф те жасап, трагедия үшін Вашингтонның "авантюризмін" кінәлады.

Батысқа алғыс және "абсолюттік жауапсыздық"

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ, Ұлыбритания, Канада және өзге елдерге апат туралы ақпарат беріп, қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, бұл көмек Иранды ұшақты атып түсіргенін мойындауға мәжбүрлеген. 

"Украина халықаралық әуе жолдары" компаниясы болса, Тегеранды Америкамен дұшпандық өршіп тұрған шақта әуе кеңістігін ашық қалдырды деп айыптап отыр.

"Бұл – абсолюттік жауапсыздық. Қарапайым адамдардың айналасында қорғаныс болуы керек еді. Егер олар бір жерден бір жерді атып жатса, әуежайын жабуға міндетті ғой", – дейді осы компаниясының вице-президенті Игорь Сосновский. 

Сәрсенбінің таңында Тегеран әуежайы маңына құлаған "Боингтың" бортында болған 176 адамның барлығы қаза тапты. Сол құрбандардың 82-сі – Иран азаматтары, 57-сі – канадалықтар (көбі – қос азаматтық алған ирандықтар), 11-і – украиналықтар, қалғандары – швециялықтар, британдықтар, германиялықтар, ауғандықтар.  

Тергеу мен өтемақы

Иран басшылығы Украинаны, Канаданы, АҚШ-ты, Францияны апатты халықаралық нормаларға сәйкес тергеу үшін Тегеранға шақырды. Boeing 737 Құрама Штаттарда құрастырылып, оның моторын франко-америкалық консорциум жасаған.

Руханимен телефон арқылы сөйлескен Украина Президенті өзінің тергеушілер тобының Иран астанасына жеткенін және Ираннан өтемақы талап ететінін мәлімдеді. Ислам Республикасымен дипломатиялық байланысты 2012 жылы үзген Канада премьер-министрі Джастин Трюдо да Тегеранды ұшақты атқаны үшін толық жауапкершілік алуға және құрбандардың отбасыларына өтемақы төлеуге шақырды.

Кейбір болжамдарға қарағанда, Иранның қауіпсіздік күштері азаматтық биліктен ақпарат жасырған болуы керек.

"Әкімшіліктен шындықты жасыру масқара. Егер, бұлай болмағанда, азаматтық авиация басшысы мен үкімет өкілдері болған оқиғаны мұнша уақыт бойы жоққа шығармас еді", – дейді тегерандық профессор Мұхаммед Фазели "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу