"Қырғызстан кедей емес, ол тоналып жатыр"

5619

Бішкекте күштік құрылым басшыларынан отставкаға кетуді талап еткен ұрандар көтеріле бастады.  

"Қырғызстан кедей емес, ол тоналып жатыр"

Дүйсенбі күні Бішкекте жүздеген адам митинг өткізу үшін үкімет үйінің жанына жиналды. Олардың негізгі талабы – бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің қатысуымен 700 миллиондай доллар ұрланды деген  ақпаратқа байланысты тергеу жүргізу. Сонымен қатар, шерушілер күштік құрылымдардың басшыларын отставкаға кетуге шақырды.

Қырғызстан – Орталық Азиядағы ең саяси тұрақсыз ел. Мұнда 2005 және 2010 жылдары болған демонстрациялар жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып, нәтижесінде екі президенттің билігі құлағаны белгілі.

Жергілікті және халықаралық ақпарат құралдары осы айда жариялаған тергеу қорытындысына қарағанда, сыбайласқан топ бірнеше жыл бойы Қытай тауарларын қырғыз жеріне контрабандалық жолмен енгізіп, одан түскен пайданы шетелге шығарумен айналысқан.

Бұл баяндаманы қырғыздың Kloop вебсайты, "Азаттық" радиосы және Еуропаның бір топ медиа ұйымдары "Ұйымдасқан қылмыс және коррупцияны баяндау жобасы" деген атпен жариялады. Оларға құпия мәліметтерді Қырғызстандағы бұрынғы серіктестерімен араздасып қалған қытайлық бизнесмен берген.

Ұлты ұйғыр  кәсіпкердің есімі – Айеркен Саймаити. Ол қарашаның 10-ы күні Стамбұлда оққа ұшып мерт болды.

Қарашаның 25-інде Бішкектегі үкімет ғимаратының маңындағы алаңға 500-дей адам жиналды. Олардың айтуынша, атышулы іске қатысы бар лауазымды басшылар отставкаға жіберіліп, тергелуі керек.  Кейбірінің қолында "Ақшамызды қайтарыңдар!", "Қырғызстан кедей емес, ол тоналып жатыр" деген ұрандар бар.

Қарсылық акциясына Жогорку Кенеш депутаты Дастан Бекешев те барды. Ол азаматтарды қолдау үшін алаңға жеткен. "Меніңше, біреулер қалтаға түссе, сол үшін жауап берулері керек", – дейді парламентарий.

Тергеу

Билік өкілдері болса, бұл мәселенің тергеліп жатқанын мәлімдеп отыр. Сол үшін Қырғызстанның Мемлекеттік Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінен, ішкі істер министрлігінен және қаржы полициясынан жиналған тергеушілердің ведомоствоаралық тобы құрылған.

Қырғызстанның Мемлекеттік прокуратурасы  тергеуші органдарға журналистік зерттеуде келтірілген фактілерді тексеруді тапсырды.

"Сотқа дейінгі тергеуді бастауға бизнесмен Айеркен Саймаитиді өлтіруге қайта-қайта жасалған ескертулер негіз болып отыр",– дейді Қырғызстан Мемлекеттік Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті.

37 жастағы Саймаити Қырғызстаннан 2017 жылы қашты. Айтуынша, өз қауіпсіздігі үшін алаңдап осындай шешім қабылдауға мәжбүр болған. Сонымен қатар, бизнесмен репортерлерге жүздеген миллион долларды Қырғызстаннан қалай шығарғаны жайлы талай құжатты тапсырып, сол ақшаның қомақты бөлігінің шетелге заңсыз аударылғанын айтып берген.

Шетел ақпарат құралдарының дерегінше, ақшаның көбін сыртқа қазақстандық паспорты бар Қытайда туған этникалық ұйғыр – Хабибула Әбдуқадыр жетекшілік ететін топ шығарған.

Дегенмен Әбдуқадырдың отбасы, кеден қызметі және Қырғызстан құқық қорғау органдары бұған қатысты әзірге түсініктеме бермей отыр.

Саймаити журналистерге айтып бергендей, ол 2011-2016 жылдар жалғыз өзі Қырғызстаннан 700 миллионнан астам доллар шығарған. Алайда тілшілерге бұл ақпараттың дұрыс-бұрыстығын растаудың сәті түспеді.

Сонымен қатар, Саймаитидің 700 миллион долларды тұтастай өзге мемлекетке жібергені туралы құжат жоқ. Бірақ ол журналистердің қолына осы қаржының жартысына байланысты қолма-қол ақша декларациясының формасын, банктік аударымдар мен банк шотынан үзінді көшірме тәрізді көптеген құжаттарды ұстатқан.

Танымал есімдер

Жазбалар қатарында жіберуші, қабылдаушы, есепшот нөмірі, сол ақшаны алатын ел туралы деректер де бар. Бұған қоса, Саймаити Әбдуқадырдың аймақтағы жүк тасымалдау империясын бүркемелеуде Қырғызстан Кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың маңызды рөл ойнағанын баяндап берген.

Журналистердің зерттеуіне президент  Сооронбай Жээнбеков, Өзбекстанның қайтыс болған президентінің қызы - Лола Каримова-Тилляева мен оның күйеуі Тимур Тилляевтар тәрізді танымал есімдер де іліккен. Бірақ "Комсомольская правда" газетінің хабарлауынша, президент аппараты Жээнбековтың Әбдуқадырмен байланыста болғанын жоққа шығарып отыр.

Қайтыс болардан аз уақыт бұрын Саймаитидің Түркия азаматтығын алуға өтініш бергені және ол паспорты қарашаның 14-інде қолына тиетіні мәлім болып отыр. Сонымен қатар марқұм  жаңа құжатты алғаннан кейін, журналистерге тағы да қаржылық құжаттар беруді жоспарлап жүрген. Бірақ үлгермеді.

Айеркен Саймаитиді белгісіз біреулер Стамбұлдағы дәмханалардың бірінде атып кетті. Осы қастандықтан кейін түрік полицейлері бірнеше адамды тұтқындаған. Алайда рейд туралы толық мәлімет әзірге түскен жоқ.

700 млн расында да шығарылған

Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Дамир Сағынбаев дүйсенбі күні баспасөз маслихатын шақырып, елден, шын мәнінде, 700 миллион доллар шығарылғанын растады. Оның сөзінше, Саймитиге салық төлеуден жалтарғаны үшін іздеу жарияланған. Сонымен қатар Саймити Қытайдың бір азаматын 3 миллион 28 мың долларға алдады және алаяқтыққа барды деп айыпталып отыр.

Матраимовқа миллиондаған доллар пара алды, контрабандашылармен сыбайласты, заңсыз жолмен ақша аударды деген кінә тағылған. Бірақ, ол осы істер бойынша еліне оралып, әділет органдарының алдында жауап беруге әзір екенін мәлімдеді. Айта кету керек, Матраимовтың ағасы Ескендір Матраимов - Жогорку Кенештің депутаты.

Шетелге кеткен Матраимовтың сөзінше, Kloop вебсайты, "Азаттық" радиосы және Еуропаның бір топ медиа ұйымдары жариялаған баяндама – "жалған".

"Сондықтан, мен еліме қайтуды жөн көріп отырмын. Егер маған және құқық қорғау органдарына қатысты сауалдарыңыз болса, жауап беруге әзірмін", – дейді Матраимов.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу