Қаскүнемдік, ЦРУ және "ғаламдық менмендік"

5693

Аятолла Хаменей Иранды дүрліктірген шерулер мен тәртіпсіздіктер үшін Америка мен "сионистерді" айыптады.

Қаскүнемдік, ЦРУ және "ғаламдық менмендік"

Иран үкіметі шерушілерге қарсы шараларды күшейтіп жатыр. Тегеранда тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген күдікпен "негізгі алты элемент" тұтқындалды. Ал, сәрсенбінің кешінде IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлағандай, "халық репортері" болуды "ЦРУ-ден" үйренген 8 адам ұсталды. Иран барлау министрлігінің дерегінше, олар көтерілістерге қатысып, тұщымды ақпарат жинауға және суреттер мен бейнекадрлар түсіруге жаттықтырылған.

Сонымен қатар, ойранды насихаттады деген күдікпен журналистер де жазаланды. "Нью-Йорк Таймс" газетінің хабарлауынша, Iran International арнасының шетелдегі тілшілерінің есепшоттары жабылды. Ал, "Сәлем, азат әлем!" деп әлеуметтік желіге шағын пост жазған Мұхаммед Мосаед қамауға алынған.

"Бұл хабар таратушылар Иранның қауіпсіздігіне нұқсан келтіру үшін көтеріліс отын лаулатып, террорлық актілер ұйымдастырып, билікті құлатып, елді бөлшектегісі келеді", – деп хабарлайды PressTV арнасы соттың сөзіне сілтеме жасап.

Өткен аптада наразылық акциялары басталғанда өшірілген интернет ішінара қалпына келтірілді. Ол белгісіз мерзімге тағы да шектелуі мүмкін. Мұны үкіметтегі шенеуніктер ескертті. Қазір интернетке ұялы телефонмен кіруге әлі де жол жоқ. Бірақ, АР агенттігінің дерегінше, Тегеран мен сегіз провинцияда ғаламдық желіге телефонмен енуге мүмкіндік бар.

20 мың видео...

Бірер күн бұрын АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Америка үкіметінің ирандықтардан көтерілістер туралы 20 мыңдай видео, фото, хабарлама алғанын жариялады. Құрама Штаттардың бас дипломаты бұл материалдарды Иран басшылығының интернетті тоқтатып, шеруді күшпен басқанына дәлел дейді. Осы мәлімдемеден кейін Тегеранда демонстрацияларға жауап қатаңдатылды.

Ресми Тегеранды ирандықтарға үндеуімен қатты ашындырған Помпео сол материалдарда не көрсетілгенін нақтылап айтпады, бірақ ол мұндай видеолар мен мәтіндердің Ираннан алдағы уақытта да келе беретініне үміт білдірді.

Иранда митингтер үкімет бензин бағасын 50 пайызға көтеретінін және энергетикалық отынды "нормалап" сататынын кенеттен жариялағаннан кейін басталды. Ал, қымбаттаудан түскен қосымша қаржы мұқтаж ирандықтарға ақшалай субсидия беруге жұмсалады.

Бұл өзгеріс Иранда көпшілікке төбеден жай түскендей әсер етті. Олардың наразылығы көп кешікпей тәртіпсіздіктерге ұласып, дереу 100-ден астам қала мен ауылға  тарап, ойранға ұласты.

Жұмыссыздық пен инфляция өршіген Иранда шамамен 80 миллиондай адам тұрады. Халықтың бір бөлігі бүгінде экономикалық қиындықтар үшін билікті кінәлап отыр. Сол проблемалардың бір парасы АҚШ-тың санкцияларынан туындаған.

Иран басшыларының айтуынша, жаппай тәртіпсіздіктер мен көтерілістерді АҚШ, Сауд Арабиясы, Израиль және шах билігін көксеуші-монархистер мен бүлікшілдер қарапайым жұрттың жанармай күрт қымбаттауына қарсылығын пайдаланып ұйымдастырып отыр.

Жүздеген адам қаза тапты?

Елдің басым бөлігі интернеттен ажыратылса да, Иран қалаларының көшелерінде болған жаппай қақтығыстар мен өртенген ғимараттар және қарусыз демонстранттарға оқ атқан адамдар туралы фотолар мен бейнематериалдар бүкіл әлемге тарап кетіп отыр.

Әзірге Ислам Республикасының үкіметі қаза тапқандар мен жараланғандар жайында мәлімет бермей отыр. Бірақ, кейбір бақылаушылардың пікірінше, бұл – соңғы онжылдықтағы ең қанды шерулер.

Amnesty International ұйымының дерегінше, қарашаның 15-нен кейін басталған қақтығыстар мен демонстрациялар кезінде 140-тан астам адам мерт болды. Алайда, атын атаудан бас тартқан бірнеше журналист тергеу мәліметтеріне сүйене отырып, 218 адамның қаза тауып, 1900-ден астамының жараланып, кемінде 7000 ирандықтың тұтқындалғанын хабарлап отыр. Иран үкіметі бұл мәліметтерді жоққа шығарды.

Entekhab жаңалықтар сайты да парламенттің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің мүшесі Хоссейн Нағаби Хоссейннің мәлімдемесіне сүйеніп, 7 мыңнан астам адамның ұсталғанын атап өтті.

Сейсенбі күні Иран ішкі істер министрі Абдолреза Рахмани Фазли "500-дей кісінің" мемлекеттік телеарна кеңселерін басып алмақ болғанын жеткізді. Алайда, сол канал орналасқан Тегеранның солтүстігінде митинг өтті деген мәлімет жоқ.

Фазли келтірген өзге бір ақпаратқа жүгінсек, демонстрацияларға 200 0000 адам қатысқан. Олар 50 полиция бөлімшесін, 34 жедел жәрдем машинасын, 731 банк ғимаратын, 70 жанармай құю станциясын қиратты.

"Бұзақылар" мен "жалшылар"

Мемлекеттік ақпарат құралдарына берген түсініктемесінде елдің рухани жетекшісі Аятолла Әли Хаменей Иран халқының "өте көп күш пен ақша жұмсалған қаскүнемдікті" жойғанын мәлімдеп, полиция мен гвардияны "алаңға шығып, өте күрделі тайталаста өз міндеттерін абыроймен атқарғаны" үшін мақтады. Және де ол шерулерді әдетте өзі АҚШ пен "сионистерді" сынағанда қолданатын "ғаламдық менмендік" деген сөзбен сипаттады.

Президент Хасан Рухани да ауқымды демонстрациялар үшін Американы ешқандай дәлел келтірместен айыптап, шерушілерді "бұзақылар" мен "жалшылар" деп атады. Оның сөзінше, Иранда жанжал отын тұтату үшін Вашингтон екі жыл бойы қыруар қаражат шығындаған.

Алғашында шенеуніктер 60 миллиондай тұрғынға немесе халықтың төрттен үш бөлігіне бензин қымбатағаннан кейін ақшалай субсидия беруге әуе еткенді. Бірақ, елдің Еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету министрі Мұхаммед Шариатмадари мемлекеттік телеарна арқылы мәлімдегендей, үкімет ең мұқтаж адамдарға көмектесу үшін барлық ирандықтардың активтері мен банктік есепшоттарын және шетелге шыққанын зерттеуді көздеп отыр. Кейбір сарапшылардың ойынша, осы тексеру нәтижесінде субсидиялық жәрдемді алуға құқылы ирандықтар саны 20 миллионға дейін азаюы мүмкін.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, жанармай бағасының өсуі күнделікті тауарлар мен транспорт нарқын қазірдің өзінде көтере бастады. Мысалы, май мен нанның және сүт өнімдерінің құны 5-10 пайызға қымбаттаса, қоғамдық көлік, курьерлік қызмет, жүк тасымалының шығындары 50 пайызға артқан.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу