Түркияда Ердоғаннан кейін елді кім басқаратыны белгілі болды

4476

Халықаралық сарапшылар биылғы доданың Ердоған мырзаның соңғы сайлауы болғанын айтып жатыр. Ердоған оны растады.

Түркияда Ердоғаннан кейін елді кім басқаратыны белгілі болды Фото: life.ru

Түркияда жексенбіде өткен жергілікті сайлау – Реджеп Тайып Ердоғанның 2002 жылы билікке келгеннен бергі "сайлаудағы ең ауыр жеңілісі" болғанын inbusiness.kz жазды.

Халықаралық сарапшылар мен ақпарат құралдары оның салдарлары әлдеқайда кең ауқымды болатынын жазуда. Олардың байламынша, біріншіден, бұл – Ердоған мырзаның мемлекеттік лидер ретіндегі соңғы сайлауына айналды. Екіншіден, эксперттер Екрем Имамоглуды (Ekrem İmamoğlu) – ықтимал келесі Президент ретінде қарастыра бастады.

Наурыз айының соңғы күнінде өткен муниципалдық сайлауды Түркия көшбасшысы Ердоғанның өзі "бетбұрысты кезең" деп бағалады. Ол жергілікті сайлау қарсаңында жол берілген барлық қателіктерді түзетуге уәде етті.  

Аймақтық дода қорытындысын түркиялық ақпарат құралдары да "драматикалық жеңіліс" деп атады.

Anadolu хабарлауынша, Реджеп Тайып Ердоған жетекшілік ететін билеуші "Әділет және даму партиясы" (ӘДП) бүкіл ел бойынша күтпеген жерден небәрі 35,5% дауыс қана жинады. Оппозициялық "Республикалық халық партиясы" (РХП) оны артқа тастап, 37,8% дауысқа ие болды.

Айта кететін жайт, Ердоғанның исламшыл ӘДП-сінен айырмашылығы сол, РХП ұлтшылдық ұстанымда нық тұрған зайырлы саяси күш болып табылады. Партияны сонау 1923 жылы заманауи Түркияның негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің өзі ашқан.

Қазіргі заманғы Түрік республикасы құрылғалы түрік консерваторлары РХП-ны жақтырмайды, бұл партия қоғамға жаппай зайырлылықты таңып, исламдық құндылықтарға қатер төндіреді, діннің ұстындарына нұқсан келтіреді деп есептейді.

Қалай болғанда, кейінгі 21 жылда алғаш рет билеуші ӘДП оппозициялық РХП-ны жеңе алмай қалды. Оның үстіне билік партиясы бірінші рет ең аз дауыс иеленіп отыр.

Бұған бірінші кезекте халықтың тұрмысы мен әлеуметтік көңіл-күйін қатар нашарлатқан терең экономикалық дағдарыс ықпал етті. Түркияда экономикалық, қаржылық күйзеліс 2018 жылдан бері жалғасуда. Мысалы, соның қарсаңында, 2017 жылы 1 түрік лирасы 115 теңге тұратын. 2018 жылы 52 теңгеге дейін құлдырады. Қазақстанның Ұлттық банкінің 2024 жылғы 3 сәуірге белгілеген валюталар бағамы бойынша 1 түрік лирасы 13,95 теңгеге ғана тең. Яғни, бағамы 8 еседен астамға құлады. Бұлай бара берсе, екеуі теңесуі де ғажап емес.

Бүгінде Түркияны гиперинфляция жайлады. Елдегі инфляция 65%-дан асты. Украинадағы соғыстан және Ресейдегі саяси қуғын-сүргіннен қашқан босқындар, релоканттар бұл елдегі баспана бағасын шарықтатып жіберді. Бұрын 55 мың доллар ғана тұрған пәтерлер құны 250 мыңға дейін шарықтады.

"Түркияда өмір сүру құнының қымбаттауы оппозицияның жеңуіне көмектескен басты факторға айналды. Билеуші "Әділет және даму партиясы" экономикалық күйзелістің күйретуші салдарларын тым кеш мойындады. 2023 жылғы президенттік сайлауда жеңіске жеткеннен кейін Ердоған мен оның партиясы тоқмейілсіп, экономикалық проблемаларды салмақты қабылдамай, тым жеңілтек қарай бастады. Халық болса, олардың тездетіп, дағдарыспен күреске мықтап кіріскенін қалады. Меніңше, биліктің жіберген ең үлкен қателігі де сол болды", – деді Би-Би-Сиге Анкарадағы Хаджи Байрам университетінің профессоры Баһадир Түрк.

Оның айтуынша, билеуші партиядан айырмашылығы сол, оппозиция бүкіл сайлауалды үгіт-насихатында елде қалыптасқан, әрбір түрік отбасын толғандыратын проблемаларды ашық айтумен болды, тұйық пен тығырықтан шығу жолдарын көрсетуге тырысты.

ӘДП кандидатымен тегеурінді тайталаста жеңіп шығып, 5 жылға қайта сайланған Ыстамбұлдың іс басындағы танымал мэрі Екрем Имамоглу Ердоған мырзаны "экономика заңдылықтарын аяқасты етіп, астаң-кестеңін шығарды" деп айыптады. Мысалы, түрік лирасының құнсыздануына экономикадағы күйзеліс ықпал етеді. Оны ескермей, билік қаржылық реттеушінің жетекшісін жиі ауыстыра береді.

Ердоған былтырғы 2023 жылғы маусымда Түркия Орталық банкінің төрағасы етіп, АҚШ-та жоғарғы білім алған, Goldman Sachs, Marsh McLennan, First Republic Bank сияқты алпауыт америкалық банктерде жұмыс істеген білікті қаржыгер Хафизе Гайе Эрканды тағайындады. Сонда түрік басылымдары бұл мекеменің тізгінін ел тарихында тұңғыш рет әйел ұстап отырғанын жарыса жазған еді.

Алайда оның "алтын көріп, жолдан тайғаны", билікті жайлаған жемқорлыққа берілгені тез-ақ белгілі болды. Түрік БАҚ-тарының жазуынша, Хафизе ханым мемлекеттік бюджет есебінен әкесіне кеңсе, қызметтік көлік пен күзет алып беріпті. Зерттеу мақалалар жарияланған соң, 2024 жылғы 2 ақпанда Хафизе Гайе Эркан өз еркімен отставкаға кетті.

Ердоған Орталық банктің жаңа басшысы етіп, оның бұрынғы орынбасары Фатих Қараханды тағайындады. Ол Нью-Йорктың федералдық резервтік банкінде қызмет атқарған, Amazon бас экономисті болған.

Қарахан күн сайын дерлік құнсызданған ұлттық валютаға қатысты жағдайды сарабдал монетарлық, ақша-кредиттік саясат арқылы жақсарта алмаса, билеуші партияның беделінің ары қарай құлдырауына үлес қосады, келесі Президент сайлауында оппозицияға қосымша ұпай береді.

Дегенмен, бірқатар сарапшылардың пікірінше, түріктер әрі қарай да Реджеп Тайып Ердоғанға сенеді, құрмет тұтады. 2024 жылғы жергілікті сайлауда жұртшылық Ердоғанның жеке басына емес, оның командасына, партиясына ғана сенімсіздік білдірді. Демек, Президент білікті басқарушылардан жаңа команда жасақтай алса, халықтық қолдауы артады.

"Біздің сайлаушылар өз көшбасшыларына эмоционалды түрде тәуелді, олардың жеке басына, тұлғасына сүйсінеді, ардақ тұтады. Ал жергілікті сайлауда олардан тікелей Ердоғанды жақтап дауыс беру сұралған жоқ, бұқараның сүйіспеншілігі үшін партиялар өзара бәсекеге түсті. Сондықтан түріктер өз ықтиярын білдіріп, билікте отырған "Әділдік және даму партиясының" тірлігіне көңілтолмастығын білдірді", – деп түсіндірді Ыстамбұлдағы Ozyegin University профессоры Еврен Балта.

Жергілікті сарапшылардың байламына сүйеніп, Би-Би-Си жазуынша, енді Екрем Имамоглу келесі Президент болуға әлеуетті кандидат саналады. Бұл тұрғыда биылғы 31 наурыздағы аймақтық сайлауларды 2028 жылғы президенттік доданың прологы деп есептеуге болады.

Муниципалдық аламанда билік партиясы жеңіліп қалғаннан кейін мұны "бүкіл Ердоғанның билігіне деген сенімсіздік" деп ұғынған сарапшылар Түркияда президенттік сайлаудың мерзімінен бұрын өтуі мүмкін екенін айта бастады.

Мемлекет басшысының кеңесшісі бұл қауесеттің негізсіздігін нұсқап, жоққа шығарды. Түркия президентінің кеңесшісі Мехмет Учумның мәліметінше, билік президенттік доданы мерзімінен бұрын өткізуді жоспарлап отырған жоқ.

"Түркия барлық салаларда реформалар жүргізеді және олар 2028 жылға дейін жалғасады. Алдағы төрт жыл сайлаусыз өтеді. Президент Ердоғанның көшбасшылығымен Түркия жаңа кезеңге шығады. Бұған ешбір адам күмәнданбауға тиіс", – деді Мехмет Учум.

Ел астанасы Анкарада, Ыстамбұлда, Измирде, елдегі төртінші ірі қала – Бурсада және басқа үлкен қалалар мен орталықтарда оппозицияның жоғары танымалдылыққа қол жеткізгені анықталып отыр. РХП тіпті Түркияның "дәстүрлі түрде консервативті" орталық аудандары жұртының да қолдауын иеленді. Сарапшылар бұл құбылысты "қызыл толқын" деп атады: "Республикалық халық партиясы" өзін жақтап дауыс берген өңірлерді картада қызылмен белгілеп отырған еді.

РХП-ның дәстүрлі жақтаушылары негізінен орта тапқа жатады және ірі қалаларда тұрады. Оппозиция бұл жеңіс-жетістігін төрт жыл бойы сақтап қала ала ма, беймәлім.

Бұған дейін ондаған жылдар бойы діни және зайырлы қоғамдастықтардың арасындағы алауыздық – түрік саясатындағы айқындаушы фактор болып келді. Алайда экономикалық дағдарыс аясында оппозициялық зайырлы күштердің консервативті, діндар азаматтар арасында кең танымал бола бастағаны байқалады. Билік қарсыластарының қазіргі жеңісінің бір себебі де осында.

Мысалы, Ыстамбұлда бюллетеньге күрдшіл "Жасылдардың солшыл партиясының" кандидаты тұрғанына қарамастан, күрдтер қоғамдастығы Екрам Имамоглуды жақтап, дауыс берген.

Қорыта айтқанда, бірнеше жылдан кейін Түркия мүлдем жаңа Президентті сайлап, Ердоғанның дәуірі аяқталатын түрі бар. Іс басындағы Мемлекет басшысы Реджет Тайып Ердоған сайлауға қатысты сөзінде қазіргі президенттік мерзімінің өзі үшін "соңғы" болатынын жариялады.

Тиісінше, додаға қатысуға ниетін жарияламаса да, 52 жасар Екрем Имамоглу бұл лауазымнан басты үміткерге айналды. CNN байламынша, кейінгі жылдары тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланған, құрылысы қарқын алып, инфрақұрылымы дамыған Ыстамбұлдың мэрі лауазымын сақтай отырып, Имамоглу президенттікке кандидат ретіндегі әлеуетін нығайта береді.

Оған дейін, каденциясы аяқталғанша, Ердоған мырза тек Түркиядағы ғана емес, аймақтағы, тіпті әлемдік саясаттағы көшбасшы күштің бірі, ықпалды лидер болып қала бермек. Түркияның келесі көшбасшысы кім болатынын тек түрік сайлаушылары ғана шешеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу