Түркияда компанияларды банкроттықтың алапат толқыны жауып жатыр

3396

Кәсіпорындардың бірінен соң бірі жабылуы бүкіл түрік экономикасындағы банкроттықтардың тізбекті реакциясын туғызуда.

Түркияда компанияларды банкроттықтың алапат толқыны жауып жатыр Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Reuters хабарлады. Оның жазуынша, Түркияда компаниялардың дәрменсіз жағдайға жетіп, жабылып қалу көрсеткіші былтырғыдан отыз пайызға жуық өсті. Тарата айтқанда, 2024 жылғы қаңтар-тамыз айларында Түркия республикасында 15 мың компания банкрот болды. Бұл 2023 жылғы 8 айдағы көрсеткіштен 28% көп. Үрдіс жалғасуда.

Мысалы, түрік фотографы Чагла Гюрдоган Ыстамбұлдан 500 шақырымдай жердегі Чорум (Çorum) қаласының ұйымдасқан өндірістік аймағындағы тігін фабрикасында 2024 жылғы 23 тамызда түсірген фотосуретін жариялады. Онда бірқатар қызметкері жұмысын жалғастырған тігін фабрикасында тұтас өндірістік желісінің – тігін машиналарының бос жатқаны бейнеленген.

Бұл елден бағалы теріден жасалған ішік-тон сатып алатын қазақстандықтар біраз фабриканың жұмысын доғарғанын, қалғандары тері бұйымдарын қымбаттатқанын білсе керек. Ұқсас көрініс өзге секторларда да байқалады.  

Konkordatotakip.com мониторинг агенттігінің мәліметінше, биылғы 8 айда 982 түрік компаниясы "борыштан бастапқы соттық қорғауға" қол жеткізді. Бұл сан өткен жылғы ұқсас кезеңдегі көрсеткіштен екі есеге асып түсті. Банктер және өнім жеткізушілер алдындағы қарызы бойынша төлем төлеуді уақытша тоқтата тұру туралы өтініштердің, сондай-ақ банкроттау рәсімдерін жүргізу туралы өтінімдердің ең көп санын құрылыс және тоқыма компаниялары берген.

"Бұның теріс салдарлары өзге салаларға да тарайтыны даусыз. Кәсіпкерлердің өз компанияларын осы тетік арқылы сақтап қалуға тырысуы салдарынан ондаған кредиторлық фирманың ахуалы ауырлауы мүмкін", – дейді Ыстамбұл өнеркәсіп палатасының төрағасы Эрдал Бахчиван.

Түрік сарапшысы Езги Ерқойынның (Ezgi Erkoyun) байламынша, түрік компаниялары Орталық банктің есептік ставкасының (бізше – базалық ставканың) жоғары болуы және инфляцияның шарықтауы кесірінен проблемаға тап болды.

Соңғы жыл ішінде ТР Орталық банкі есептік ставканы бірден 41,5%-ға көтеріп, 50%-ға дейін жеткізді Соның кесірінен банк несиелері күрт қымбаттап, бизнеске қолжетімсіз болып қалды. Биылғы шілдеде Орталық банк ол ставканы ары қарай 50% деңгейінде ұстап тұратынын мәлімдеді. Салыстырсақ, Қазақстанның Ұлттық банкі 2024 жылғы 12 шілдеде базалық мөлшерлемені 14,50%-дан 14,25%-ға дейін төмендетті.

Түркияның Орталық банкі аспандап кеткен инфляцияны баяулату үшін амалсыз осындай қадамға барды. Соның нәтижесінде 2024 жылдың басында 75%-ға жеткен инфляция тамыз қорытындысында 52%-ға дейін төмендеді.

Жоғарғы инфляция электр қуаты мен газдың бағасын шығандатты. Салдарынан, бизнестің шығыны еселеп артты.

Ердоған мырзаның сайлауалды уәдесі бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, бұл ағайын елде минималды жалақы бірден 49% артып, 17 002 лираға жетті. Қазіргі бағаммен бұл шамамен 501 доллар немесе 240 мың теңгеден көп. Мұндай ең төменгі жалақы (Қазақстанда ЕТЖ 85 мың теңге ғана) қазақстандықтар үшін арман. Алайда, сарапшылардың айтуынша, ең төменгі жалақының арттырылуы бизнеске ауыртпалық салды, еңбекақы қорының шығысын арттырды.

Сондай-ақ түрік компаниялары экспорттық тапсырыстардың қысқаруынан да зардап шегуде. Негізінен, киім өндірісіне тапсырыс азайған, өйткені түркиялық тоқыма өнеркәсібі бағасы жөнінен Қытай, Вьетнам мен Бангладештің компанияларына бәсекелестікте ұтылып қалды. Әйтсе де, жоғары сапасы арқасында Түркия бәрібір киім өндірушілердің әлемдік ірі бестігіне кіреді және жетекші еуропалық, америкалық, канадалық брендтердің маңызды, шешуші жеткізушісі болып табылады.  

Атап өтетін жайт, 2021 жылдан бері шағын және орта бизнес үшін газ тарифтері шамамен 7 есе, электр энергиясының құны – 3 есе өскен. Түрік өндірушілерінің жалпы өндірістік шығындары бақталас азиялық елдердегі әріптестеріне қарағанда 40% жоғары болып тұр.

Рейтер өз талдауында жаппай банкрот болулар бүкіл экономикаға кері әсер етіп, жұмыссыздықты арттырғанына назар аудартады. TurkStat тамызда жариялаған дерегінше, 2024 жылғы маусымда жұмыссыздық 0,7 пунктке өсіп, 9,2%-ды құрады. 234 мың адам жұмыссыз қалып, 15 жастан ересек жұмыссыздардың саны 3,3 миллион адамға жетті.

Reuters түрік кәсіпкері Доган Думанның пікірін келтіреді. Ол орталық Түркиядағы тігін фабрикасын зордың күшімен ұстап тұрғанын жасырмады. Шығыстарды азайту үшін жұмысшыларының үштен бірін жұмыстан босатуға тура келіпті. Шетелдік журналистер Чорум қаласында – бұрын бизнесі қыз-қыз қайнап жататын өнеркәсіптік аймақта бүгінде нысандар "Сатылады" деген жазулармен жаппай көмкерілгеніне назар аудартты. Кейбірінің терезесі шағылған. Ауласында мата-материалдары шашылып жатыр.

"Satılık" деген тіксінтетін, ұнжырғаны түсіретін жазбалар бүкіл Түркияға әлдебір эпидемиядай таралуда. Бұл үрейлі толқынға көп жылдан бері қарқынды өсіп келе жатқан инфляцияны ауыздықтау үшін енгізілген 50%-дық есептік ставканың орнатылуы, ақша-кредит саясатының қатайтылуы серпін берген. Онсыз экономика жайрап қалуы, халық күрт кедейленуі мүмкін еді. Қиыншылық тартқан түрік ағайындар бұл дағдарыс тұйығынан абыроймен шыға алса, бизнес қайта түлер еді.

Ал, әзірге Zara жаһандық сәнді брендіне пальто мен былғары күртешелер тігетін Duman's сияқты мыңдаған компания тиынын тиынға жалғап, күнін көруде.

"Шетелден тапсырыс көлемі күн сайын қысқарып жатыр. Өйткені біз баға жөнінен бәсекеге қабілеттілігімізді жоғалтудамыз. Менің ойымша, тапсырыс пен экспорт ары қарай қысқарады. 27 жылдық тарихы бар ірі тігін фабрикамыз бүгінде тек 60% жүктелген. 210 қызметкеріміз ғана қалды", – дейді Доган Думан.

Түрік кәсіпкерінің айтуынша, басты сауда серіктесіне, яғни, бай Еуропа нарығына жақын орналасқандығы – Түркияның артықшылығы саналады. Бірақ электр энергиясы, газ тарифтерінің өсуі, жұмыс күшіне шығыстардың артуы, лира бағасының құлдырауы салдарынан түрік тауарлары кедей, әрі жұмыс қолы арзан азиялық елдерге жол беруде.  

"Лираның бағамы құлдырауын жалғастырды. Келесі жылы ең төменгі жалақы 15%-ға (19 552 лираға) дейін өсіріледі деп күтілуде. Бұған қоса, инфляция құрықталмаса, біз ары қарай бәсекелесе алмаймыз деген ойдамын. Онда біз жабылуға шақ қаламыз", – дейді Д.Думан.

Түркия Орталық банкі қатал ақша-валюталық саясат жүргізу арқылы көп жыл тоқтаусыз құнсызданған ұлттық валютаның одан ары құлдырауын тоқтатуға, бағалардың үздіксіз өсуін тарих еншісінде қалдыруға тырысуда.

Мұны "егіншілердің далада құрақты, құрғақ өсімдік атаулыны тегіс өртеуімен" салыстыруға болады. Олар осы арқылы ескі өсімдіктердің күлі жаңа өсімдіктердің өсуі үшін жерді тыңайтады, топырақтың құнарын арттырады деп сенеді. Түркі әлемінің көшбасшысы болып табылатын Түркия бұл тарих тезінен шыңдалып шығып, жаңа өрлеу дәуіріне аяқ басады деген үміт бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу