Түркияда туристер жемеген "швед үстелінің" қайда кететіні анықталды

2332

Астатөк ас жай ғана қоқысқа лақтырыла салмайтын болып шықты. 

 Түркияда туристер жемеген "швед үстелінің" қайда кететіні анықталды Фото: ТАСС

Белектегі бес жұлдызды ірі қонақүй кешенінде даяршы болып істейтін ақмолалық Ксения былай дейді:

"Біздің адамдар, байы болсын, кедейлеуі болсын, бәрібір, "all inclusive" форматындағы швед үстеліне құрылған мейрамханалардың дәл ашылуына келуге тырысады. Алдымен бәрі жапатармағай тамаққа жақын жердегі үстелді таңдап, бір затын тастайды. Содан соң жаппай тәрелкелерге жабысады, оның бірнешеуіне қатарынан тамақ толтырып, мармиттер (дайын ыстық тамақ салынған құты-қазан) мен үстелі арасында зыр жүгіреді. Дастарханын асқа толтырғанша тоқтамайды. Артынан оның көбін жемейді, бір-екі ауыз тиіп, дәм татып, тастап жүре береді", – деді Ксения.

Оның айтуынша, кейбір адамдар: "қалған тамақ рәсуа болмайды, оны қонақүйлер персоналға береді, немесе үй-күйі жоқ тұрғындарды тамақтандырады" деп санайды екен.

Отандастарымыздың енді бір бөлігінде "бірінші лектегі қонақтар жемеген асты сарқыт ретінде кеш келгендер жейді" деген стереотип қалыптасқан. Сондықтан швед үстеліне (шетелдіктер оны "буфет" атайды) бірінші болып жетуге тырысады.

Отель қызметкері шынында олай еместігіне, Түркияда желінбей қалған тамақты жою жүйесі жолға қойылғанына назар аудартты.

"Турпром" мамандандырылған порталының мәліметінше, әрбір турист орташа алғанда күніне шамамен 300 грамм тамақты қоқысқа тастатқызады.

Бір қарағанда, көп те еместей. Бірақ бұл – әдеттегі тіршілікте бір ересек адам жейтін толыққанды түскіасқа тең.

Сонымен қатар, ресми мәлімет бойынша 2024 жылдың қорытындысында Түркияда әлемнің әр түкпірінен 62,3 млн турист болып қайтыпты. Бұл туризм шырқау шегіне жеткен "ковидке" дейінгі 2019 жылдан да 20,3% көп. Ал, 2023 жылмен салыстырғанда тағы 9,8% өскен.

Егер 62,3 миллионның бәрі орта есеппен 300 грамм тамақты "ысырап" етсе, жалпы көлемі 18 триллион 690 миллион грамм ас босқа рәсуа болуы мүмкін.

Оның үстіне сарапшылар әсіресе, ресейлік туристердің шектен тыс көрсеқызарлыққа салынатынын, олар 300 грамнан да көп тамақты қоқысқа тастатқызатынын ескертті. Бұл ретте былтыр Түркияға саяхаттаған шетелдіктердің арасында саны жөнінен бірінші орынға дәл осы Ресей туристері шықты: 6 710 198 Ресей азаматы Түркияда тынықты.

Екінші орында Германия – 6 620 612, үштікті Ұлыбритания тұйықтады – 4 433 682. Бестікке сондай-ақ Иран – 3 277 852 және Болгария – 2 918 581 кірді.

ТР Мәдениет және туризм министрлігінің дерегінше, 2024 жыл қорытындысында Түркияда қазақстандықтардың да рекордтық саны демалды. Қазақстаннан түрік еліне барған саяхатшылардың саны 863 мың туристен асты. Шетелдік қонақтардың жалпы санындағы үлесі 1,64%.

Түркияға жылда сапарлайтын кәсіби туристер, трэвел-блогерлер және қызметкерлер "бәрі қосылған" жүйесінде істейтін қонақүйлерде швед үстелінің желінбей қалған тамағы қайда кететінін айтып берді.

"Кең таралған "аңыз" бойынша қонақтардың тамағынан өтпеген артық асты персонал жейді, немесе оны жай ғана қоқысқа төге салады. Шынында ол тамақ қалдықтарын утилизациялау процесі әлдеқайда күрделі. Бізбен мәлімет бөліскен кәсіби саяхатшы әйелдің түсіндіруінше, әсіресе, all inclusive жүйесіндегі қонақүйлерде кей жағдайда желінбей қалған тамақ үстелге ішінара қайта шығарылуы мүмкін. Бірақ мұнда тамақтың бұзылмағанына, қауіпсіздігіне және санитарлық нормаларға сай келетініне баса мән беріледі", – деп хабарлады "Турпром".

Өйткені тынығушыларын жаппай улап, жаман аты жайылғанын, соған бола лицензиясынан айрылып, жабылып қалуды бірде бір қонақүй қожайыны не инвестор қаламайды.

Қайта ұсынылатыны көбінесе, жеміс-жидек болуы мүмкін. Сондай-ақ тұтынылмаған көкөністер суп жасауға бағытталады. Салаттар бұзылмаса, гарнирге айналады. Жеміс атаулыдан – десерт, торттар жасалады. Ал, ірімшік мәселен, пицца даярлауда пайдаланылады.

Дегенмен, тез бұзылатын, құрамында майонезі немесе балығы бар ыстық тамақтар дереу әрі қатаң түрде утилизациялауға жіберіледі. Мармиттерде қалғандарын жинастырып қайта ұсынуға, немесе өзара араластырып, "Фьюжн-тамақ" жасауға тыйым салынған.

Онда неге персоналға бермеске?

Бесжұлдызды қонақүйлердің кейбірі өз қызметкерлерінің бір бөлігін, мысалы, аниматорларды, аспаздарды, басқасын қадір тұтып, қонақтармен бірге тамақтануына рұқсат етеді.

Алайда персоналдың басым бөлігі үшін "швед үстеліндегі" тағамдар қолжетімсіз. Оларға қарапайымдау ас бөлек дайындалады. Күніне неше рет тамақтанатыны еңбек келісімшартында көрсетілуі мүмкін. Мысалы, тек түстене алады.

Бірқатар шағын бутик-отельдер ғана қызметкерлеріне қалған асты тұтынуға бейресми рұқсат етуі мүмкін. Бірақ ереже бойынша баршасына бұған рұқсат етілмейді.

Бұл бір жағына, персоналдың жаппай уланып, ауырып қалуының алдын алу үшін қажет. Екінші жағынан имидж мәселесі бар: егер қызметкерлердің бірі жұмыскерлердің "жуынды" жеп отырғанын видеоға түсіріп, таратып жіберсе, қонақүйдің бедел-ажарынан сау-тамтық қалмайды, жоғарыдан талап түсіп, жабылып тынуы да ықтимал.

Сондықтан сарапшылардың айтуынша, тамақ қалдығы, соның ішінде тәрелкелерде желінбей тасталған тағам еш даусыз, лақтырылады. Бірақ бәрі бірдей қоқыс жәшігінен табылмайды.

Мысалы, кейбір тамақ қалдықтары көбіне серіктес фермаларға жолданып, малға, шошқаға азық ретінде қолданылады. Тамақтың бір бөлігі шірік-компостқа дейін өңделіп, жылыжайларда тыңайтқыш ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Егер кесілген балғын нан немесе көкөніс қалса, олар сол күні асүйге жолданып, басқа тағам түрлерін дайындауға жұмсалуы ғажап емес.

"Маңыздысы – проблеманың ауқымын түсінуіміз керек. Бәрібір өңделетін болса, асты тәрелкеге көп толтырып, жемей қалдырғанда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ қой деген ой келмеуі керек. "Жақсы ас қалғанша жаман қарын жарылсын" деген пәлсапаны да ұмытқан жөн. Әр адам өз шамасын біліп, жейтінін ғана алса, ол жалпы көрініске ықпал ете алады. Әйтпесе, тамақ қалдығының жалпы көлемі жаға ұстатады", – дейді пікір білдірген Әйгерім есімді саяхатшы.

Шынында, 1 мың қонаққа арналған бір қонақүй ғана күн сайын шамамен 300 келі тамақты лақтыруға мәжбүрленеді. Бұл – тек тәрелкеде қалдырылатыны ғана.

Сөрелердегі тағамдарды, мысалы, пицца немесе торттың шетінен ғана кесіп алса, оны да утилизация жолдауға тура келетінін есте сақтаған артық болмайды.

Тойып тұрсаңыз, тиіспеңіз! Қанағат қарын тойғызады деген нақыл бар. Тәрелкеге де қанша асты еңсере алсаңыз, соншасын салыңыз. Аш қалмайсыз, кез келген уақытта қосымша порция үшін оралуға болады.

Сонда ғана әрбір саяхатшы ақ тер, көк тер болып, тәулік бойы сабылатын аспаздар мен персоналдың еңбегіне деген құрметін білдіреді және әлемде ас қалдықтарының босқа бұзылуымен күреске өз үлесін қосады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу