Түркиядағы Ресей мен Батыстың құпия келісімі әлемді дүрліктіріп жатыр

15364

Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға Еуропаның қауіпсіздігінің нашарлауына соқтыруы мүмкін. 

Түркиядағы Ресей мен Батыстың құпия келісімі әлемді дүрліктіріп жатыр Фото: Spot.uz

Түрік Республикасының астанасы Анкарада бір жағынан – Ресей, Беларусь, екінші тараптан – Батыс елдері өзара бітімге келіп, темір тордың ар жағында отырған сотталғандардың тобын бір-біріне табыстады. Сарапшылардың бағалауынша, бұл қырғи-қабақ соғыстан бергі жаһандық жаңа тарихтағы осы қарсыласушы тараптар арасындағы ең ірі тұтқын алмасу болды. Түріктің NTV телеарнасы тіпті "мұның Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі алмасу болғанын" хабарлады.

Бұл оқиғаны тараптар барынша құпияда ұстады. Шетелдік беделді ақпарат құралдары осы аптада Ресей және Батыс арасында тұтқын алмасу күтіліп отырғанын жаза бастады, бірақ егжей-тегжейі белгісіз еді. Содан кейін Ресей және Беларусь түрмесінде отырған саяси тұтқындар, сондай-ақ шетел азаматтары бірінен соң бірі "жоғалып" кете бастады: олармен байланыс күрт үзілген. Мұны сарапшылар керісінше, жақсыға жорыды: "ізім-ғайым жоқ" болған тұтқындар шетелге жолдау үшін жасырын нысанға әкетіліп, бір жерде жинақталса керек.   

Содан 1 тамыз күні Анкара әуежайы аумағының бір бөлігі жабылып, оған ресейлік және еуропалық ұшақтар қона бастады. Артынша тұтқын алмасу жүзеге асқанын Түркия Президентінің әкімшілігі және Түрік барлау басқармасы растады. Түрік ақпарат құралдары біршама алыстан түсірілген бейнекадрларды көрсетіп, алмасу процесіне қатысқан 26 адамды санап шыққан.

Тараптардың ешқайсысы өз қанатының астына қанша адамды қайтара алғанын айтып, толыққанды тізімін ұсынбады. The Insider дерегінше, Ресей Батыс елдеріне 16 адамды табыстаған. Оның арасында:

  • Amnesty International "Ар-ұжданның тұтқыны" деп атаған, 25 жылға сотталған ресейлік оппозициялық саясаткер Владимир Кара-Мурза,
  • "РФ армиясы туралы фейктер" үшін 8,6 жылға сотталған оппозициялық саясаткер, муниципалдық депутат Илья Яшин,
  • Навальныйдың Башқұртстандағы штабының экс-басшысы, 9,5 жылға сотталған Лилия Чанышева,
  • Навальныйдың Томскідегі штабының экс-басшысы, 9 жылға сотталған Ксения Фадеева,
  • Алтайдың Би (Бийск) қаласының депутаты, Навальныйдың қозғалысымен байланысы болғаны үшін 9 жылға сотталған оппозициялық саясаткер Вадим Останин,
  • Ресейде "Вагнер" туралы сюжет жасаймын деп жүріп, "тыңшылық жасады" деген жалаға ілігіп, еш дәлелсіз 16 жылға сотталған америкалық журналист Эван Гершкович,
  • РФ армиясы туралы ақиқатты айтамын деп, "Нет войне. 40 историй россиян, выступающих против вторжения в Украину" кітабын жазғаны үшін 6,5 жылға сотталған татар журналисті Алсу Курмашева,
  • оппозициялық саясаткер, "қаланбайтын ұйымның қызметіне қатысқаны үшін" 4 жылға сотталған Андрей Пивоваров,
  • супермаркеттегі баға жапсырмаларына соғысқа қарсы ұрандар жазғаны үшін 7 жылға сотталған суретші әйел Саша Скочиленко,
  • соғысқа қарсы мақаласы үшін 2,5 жылға сотталған құқықтанушы Олег Орлов,
  • петерборлық велоактивист, Германия және РФ азаматы, ресейліктерге Еуропаға қашуға көмектескен заңгер Герман Мойжес (мемлекетке опасыздығы үшін айыпталып, тұтқындалған, сотының болған-болмағаны құпия),
  • АҚШ-тың бұрынғы әскери қызметшісі (морпех), "РФ арнаулы қызмет бөлімшелерінің бірінің жеке құрамының тізімін сұратты" деген айыппен 16 жылға сотталған Пол Уилан,
  • "мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен 13,3 жылға сотталған Германия азаматы, саясаттанушы Дитер (Демури) Воронин,
  • Германия азаматы Патрик Шёбель (Patrick Schöbel) (биылғы жыл басында Санкт-Петербургтің Пулково әуежайында тұтқындалды, оның қалтасындағы шайнайтын кәмпиттердің құрамынан ресейлік құзырлы органдар "марихуана" тауыпты),
  • 19 жасар Германия азаматы Кевин Лик – мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталған ең жас сотталған: 17 жасында тұтқындалып, 4 жылға бас бостандығынан айрылды. Әуежайда тінту барысында ресейлік құзырлы органдар одан Майкоп гарнизонының әскери бөлімшелері түсірілген фотосуреттерді тауыпты.
  • "Қызыл Крест" қызметкері, Германия азаматы Рико Кригер (Rico Krieger): ол Минск түбіндегі теміржолдағы жарылысқа қатысы бар деп айыпталып, Беларусьте өлім жазасына кесілді, таяуда президент Лукашенко Кригерді ақтады.

Бұларға айырбас ретінде Батыс кем дегенде 8 РФ азаматын берді. Ең атышулысы – Германия Ресейге Вадим Красиковты берді. Мәскеу оны өзіне қайтарып алу үшін талай жыл талпынып келді. Путиннің өзі оны "қаһарман" атады. Красиков шешеннің бұрынғы далалық командирі Зелимхан Хангошвилиді Берлиннің көшесінде атып өлтірген. ГФР 2019 жылы киллер Красиковты өмір бойға темір торға қамаған болатын.

Бұдан бөлек, Батыс Ресейге Польшада абақтыда отырған Павел Рубцовты, өзін Бразилия азаматы деп таныстырып, тиісті паспортпен Норвегияда тыңшылық жасау үстінде ұсталған Михаил Микушинді, Словенияда ресейлік арнайы қызметтерге жұмыс істегендерін мойындаған ерлі-зайыпты тыңшылар Артем және Анна Дульцевтерді, сондай-ақ АҚШ түрмесінде мерзімін өтеп жүрген жансыздар Роман Селезнев, Владислав Клюшин және Вадим Конощенконы табыстады.

Түріктің NTV телеарнасы РФ пен Батыс арасындағы мәміледе 2 бала да бар екеніне назар аудартты. Ресейлік "Сирена" басылымының болжамынша, олар Дульцевтердің 8 және 11 жасар балалары. Оларды ата-анасын тұтқындаған кезде, тәрбиелеуші отбасыға берген көрінеді.

Өз кезегінде Вашингтонда Ақ үй Гершковичтің, Уиланның, Курмашеваның және Кара-Мурзаның босап шыққанын растады. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен алдыңғы үшеуінің Америкаға аттанғанын жеткізді. Кевин Ликтің қолдаушы тобы оны еркіндікте екенін баяндады.

Осы оқиғаға байланысты тараптар – АҚШ, Германия, Ресей қысқаша мәлімдеме жасады.

Ресейлік оппозициялық саясаткер Леонид Волков дәл осы тұтқын алмасу Алексей Навальныйды құтқарып алу үшін басталғанын нақтылады.

"Енді айта беруге болады: ия, дәл осы алмасу аясында марқұм Алексей Навальный биылғы ақпан айында еркіндікке шығуға тиіс еді. Бірақ Путин оны бермеуге ұйғарыпты. Навальный бастапқыда белгіленген айырбас күніне бірер күн ғана жетпей қалды. Бүгінде біз ГУЛАГ-та азап шеккен саяси тұтқындардың босап шыққанына қуанудамыз. Бірақ бұл көзге жас толтырған қуаныш. "Навальный үшін айырбас" бәрібір жүзеге асты. Тек Навальныйсыз", – деді Леонид Волков.

Сонымен қатар, германиялық Bild басылымының жазуынша, ГФР тергеушілері жоғарғы жақтағы құпия келіссөздер кесірінен, өмір бойы түрмеде шіриді делінген қаныпезер киллер Красиковтың бостандыққа шығып кеткеніне қаны қайнап, ызаға булыққан. Германияның Бас прокурорының мекемесі болған оқиғаны "Мәскеудің сұрауына шектен тыс кеңшілік танытушылық" деп бағалап, өкініш білдірді.  

Deutsche Welle де сарапшыларына сілтеме жасай келе, бұл кең ауқымды тұтқын алмасу "жаман прецедент" туындатқанын қаперге салды: енді шетелде саяси қастандық жасайтын, тапсырыспен түрлі қылмыстарды жүзеге асыратын ресейліктер ұсталып қалса, тергеумен ынтымақтастыққа бармайды, аузын құлыптап ұстап, түптің түбінде Мәскеу босатып алатынына сенетін болады.

"Өз кезегінде Ресей оларды "айырбастау қорын" жасақтау үшін Батыс елдерінің азаматтарын қолдан жасалған түрлі айыптармен тұтқындауды өрістетуі мүмкін", – деп алаңдайды германиялық сарапшылар.

Мемдуманың экс-депутаты Александр Кушнарь бұл айырбасты "тең емес" деп санайды.

"Батыс өзінің ұлттық қауіпсіздігінің ұстындарына тікелей қауіп төндіретін қылмыскерлерді, мұқият іріктелген білікті де қауіпті тыңшыларды босатты. Олар Батыс өркениетін күйрету үшін түрлі тапсырмаларды орындады, шетелде агентуралық желілерді жолға қойды. Оларды босатып алудағы мақсаты не? Олардың әлемде кибершпионаж, диверсиялар ұйымдастыруда жиған мол тәжірибесін пайдалану, оларды мылтықсыз майданның жаңа жауынгерлерін даярлауға маман ретінде тарту, ең құрығанда, пропагандистік мақсатта пайдаланып, шетелде ешкімді жау қолында тастамайтынын паш ету. Уақыт өте келе, шетелге қайта жіберілмесіне кепілдік жоқ. Бұл адамдар "Жаһандық Оңтүстік" елдерінің бірінде отырып, тұтас агентуралық миссияларды үйлестіре алады. Олардың компьютерлік желілерді, ақпараттық жүйелерді бұзуға қабілеті жетеді", – деді Александр Кушнарь.

Ол қазірдің өзінде Еуропаның бірқатар елдерінде, стратегиялық нысандарда, теміржолдарда, оқ-дәрі, қару өндіретін кәсіпорындарда кенеттен өрт, жарылыс болып тұратынын еске салды. Ресейлік оппозициялық саясаткер бұларға алмастырылған саяси тұтқындардың әлемге қандай да бір оңды өзгеріс әкелетініне күмәнданды.

"Тұтқыннан босатылып отырған саясаткерлер, журналистер Ресейде саяси қызметпен айналысуға болады деп аңғалдық танытты. Мысалы, соғысқа қарсы мақала жазып, кітап бассам қан-қасап қырғынды тоқтатуға үлес қосамын деп ойлады. Мұның еш пайдасы жоқтығы о бастан белгілі болды. Соған қарамастан, кейбірі шетелде жүрген жерден еліне оралып, темір торға қамалды. Мұны батылдық емес, ақымақтық деуге болады. Енді оларды босатып алу үшін Батыс кәнігі, қауіпті қылмыскерлерді босатуға амалсыз барып отыр. Сөйтіп, олар Кремль үшін айырбас материалын жасады. АҚШ пен Еуропаға барғанда, бұлардан бір қайыр болары неғайбыл", – деді А.Кушнарь.

Зерттеуші, бұрынғы дипломат Александр Бауновтың пікірінше, саяси тұтқындардың босатылғаны Ресейде оппозициялық күштерге дем болып, саяси қарсылыққа соны серпін беруі мүмкін. Ал, АҚШ пен Еуропа түрмелерінде отырған ресейлік қылмыскерлер Батысқа енді көп зиян келтіре алатыны күмәнді. Өйткені олар өз ісінде қателік жасап, өзін әшкерелеп қойды. Жасырын жүре алмайды. Сондай-ақ ұзақ жыл абақтыда отырды, одан бері заман өзгерді, тиісінше, олар біліктілігін, тамыр-таныстығын, беделін біраз жоғалтып алды. Салдарынан, қаптаған ток-шоуларға қатысуды айтпағанда, олардан пайда шамалы болуы мүмкін. Бұған, сарапшының байламынша, тыңшы Анна Чапман, "қару бароны" Виктор Бут сияқты Мәскеудің бұрын айырбастап алған қылмыскерлері дәлел бола алады.

Ресейдің 16 тұтқынды 8 адамына айырбастауға баруынан бірқатар сарапшы РФ пен Батыс арасындағы қақтығыстың жұмсаруы нышанын байқады. Алайда Берлиндегі Carnegie Politika орталығы бұдан керісінше құбылысты көріп отыр.

"Айырбас – шиеленістің бетінің қайтуының алғашқы белгісі және бітім үшін келіссөздерге қарай бірінші қадам деп үміттену – артық, әрі асығыстық. Қазіргі текетірес ушыққан жағдайда тұтқын алмасу – өліспей беріспес дұшпандықтың және оның күшейгендігінің жемісі. Бұл айырбас – ортақ мақсат жолындағы бірлескен істен гөрі, ажырасушылардың мүлік бөліскеніне көбірек ұқсайды. Мәскеу Вадим Красиков үшін жоғарғы құн төледі, 8 адамы үшін екі есе көп тұтқынды босатты, сондай-ақ танымал оппозиционерлерді еркіндікке және шетелге қоя бергені үшін Ресей қоғамы тарапынан қатаң сынға ұшырауы мүмкін. Имидждік тұрғыдан Ресей ыңғайсыз жағдайда қалды. Мұның бәрі Мәскеудің келіссөзге илігу құлшынысын арттырмас", – деп санайды берлиндік орталық.   

Батыс болса, бір жағынан, қапаста торығып, өлу қаупі төнген өз азаматтарын шығарып алды. Екінші жағынан, Ресейдегі оппозиция өкілдерін құтқарып, гуманитарлық акция өткізді. АҚШ азаматтары Пол Уилан мен Эван Гершковичті босатып алу – Американың билеуші күші Демократиялық партияға алдағы Президенттік сайлауда қосымша ұпай беруі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу