Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте Өзбекстан мен Қырғызстанға жете алмай отырмыз

844

Орта Азия елдері арасында алғаш зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы заң Қырғызстанда қабылданды, былтыр Өзбекстан да жазаны қатаңдатты.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте Өзбекстан мен Қырғызстанға жете алмай отырмыз Фото: freepik

Ал Қазақстанда әлі күнге дейін әйелдерді ұрып-соғып, зорлық көрсеткендерге әкімшілік жауапкершілік қана тағайындалады.

Бүгін Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогының қорытынды конференциясында сөз сөйлеген Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов бірінші кезекте тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау қолға алынатынын хабарлады, бірақ қашан заңға өзгеріс енгізілетінін нақтыламады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Бүгін Астанада Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогындағы Қазақстанның төрағалығы аясындағы қорытынды конференция өз жұмысын бастады. Отырыс барысында әйел құқығын қорғаушылар маңызды тақырыптардың бірі — гендерлік зорлық-зомбылықты тілге тиек етті. БҰҰ деректеріне сәйкес, әлемдегі әрбір үшінші әйел физикалық не сексуалды зорлық-зомбылықты бастан кешкен. Қоғамдық індетпен күресу мақсатында 155 мемлекетте тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылданды, бірақ Орта Азия елдері ішінде тек екі ел — Қырғызстан мен Өзбекстан ғана зорлық көрсеткендерге қылмыстық жаза тағайындауды заңнамалық тұрғыда бекітті. 

"Президенттің бастамасымен зорлық-зомбылық жағдайларын қарастыру реті өзгертілді. Бұрын іс қозғау үшін жәбірленушінің өтініші керек болса, енді көршілері немесе куәгерлерден шағым түссе жеткілікті. Тағы бір атап өтетіні — отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес аясында жылдан-жылға жаза қатаңдатылып келеді. Депутаттар бұл салада жаңа заң новеллалар пакетін құрастыруға кірісті. Бірінші кезекте біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауды қолға аламыз. Жәбірленуші денсаулығына орташа не ауыр зиян келтіргені үшін тек бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Бостандықты шектеу сынды жаза түрлері мүлдем алынып тасталады. Осы арада Қазақстан Өзбекстан тәжірибесінен үлгі алмақ. Онда былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау бойынша заң қабылданды", — деді Ерлан Қошанов. 

Сонымен қатар көптеген елдерде қылмыстық жауапкершілік ретінде қарастырылатын "харассмент", "сталкинг" сынды түсініктер Қазақстандық заңнамаға енгізілетін болады.

"Біздің елдерге де осы төңірегінде ойланған жөн, өйткені заңға өзгертулер енгізу мәселені толығымен шешпейді, бүкіл қоғамның зорлық-зомбылыққа қатысты көзқарасын өзгерту бойынша кешенді жұмыстар жүргізу қажет. Қазақстанда әлі күнге дейін отбасылық зорлық-зомбылықты ақтайтындар жеткілікті. Жақында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер туған-туысы сөзінен не агрессордың өзінен қорыққан жәбірленушілер көбіне зорлық көрсетушілермен татуласып, арыздарын қайта алып жататынын көрсетіп отыр", — деп түсіндірді Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы.

Әйел жанын тек әйел түсінетіндіктен, Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істерді тергеу жұмыстарына арулар көбірек тартыла бастады. Республика бойынша тергеу топтарына 280 тергеуші әйел қосылды, ал зорлық-зомбылықтан қорғайтын инспекторлардың жалпы саны соңғы екі жылда екі есе артты. Сонымен қатар Қазақстанда бірінші рет пилоттық режимде әйел полицей учаскелері іске қосылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу