Турникеттер қауіпсіздікті күшейте ме, әлде қауіпті арттыра ма?

6216

Әр оқушының бет-жүзін айқындап, өткізу картасымен сәйкестендіретін жүйесі бар бұл заманауи жабдықтар жұртшылықты алаңдатып отыр. 

Турникеттер қауіпсіздікті күшейте ме, әлде қауіпті арттыра ма?

Президент былтыр мектептердегі қауіпсіздікті күшейту туралы Үкіметке тапсырма берген. Осыдан кейін еліміздегі біраз мектепте мамандандырылған күзет енгізіліп, кіреберісте турникеттер орнатылды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кешегі VI отырысында осы өзекті мәселеге қайта оралды.

"Мектептерде, колледждер мен ЖОО-ларда қауіпсіздікті сақтау өзекті мәселе болып тұр. Біз оқушылар мен студенттерді кез келген қауіп-қатерден қорғауға тиіспіз. Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талап қойылуы қажет. Сол үшін бәріне ортақ ереже әзірлеу керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның байламынша, бұл ретте оқушыларға, мұғалімдер мен ата-аналарға төтенше жағдай кезінде не істеу қажеттігін үйреткен жөн. Қатерлі сәтте әрбір адам дұрыс әрі шұғыл әрекет жасай білуге тиіс. Сонда ол өзін ғана емес, өзгені де құтқара алады.  

Дегенмен кейбір ата-ана турникеттердің орнатылуына қарсы. Неге?

Ата-аналар не дейді?

"Біздің Павлодар қаласының мектептерінде кіреберіске жаппай турникеттер орнатылып жатыр. Директордан, білім басқармасынан мұның қандай заң немесе заңнамалық актіге сәйкес жасалғанын сұрадық, түсіндіре алмады. Бұған кім бастамашы болып отыр? Мұндай жағдай бүкіл Қазақстанды қамтыған деп естідім. Турникет жүйелерін жасау және барлық мектепті жабдықтап шығу қандай компанияға жүктелген, пайда табушы кім? Ешкім айтпайды. Ең алдымен өрт сөндіру қызметінің және ТЖМ-нің рұқсатын алып, жобасын соның келісімінен өткізуге тиіс еді", – дейді оқушының анасы Эвелина Николаева.

Ол турникеттер балалардың еркін кіріп-шығуына кедергі келтіреді деп алаңдайды.

"Оқушыларға одан өту үшін жеке карточка таратуда. Оның ішіне баланың дербес дерегі енгізіліпті. Баланың келген-кеткен уақыты қадағаланады. Ол ақпарат, дербес деректер сыртқа кетіп қалмасына, әлдекімдер қарау мақсатына пайдаланбасына еш кепілдік те жоқ. Біз, павлодарлық біраз ата-ана бұл ноу-хауға қарсымыз", – дейді ол.

Қоғам белсендісі Наталья Шевцова бір мәселеге назар аудартады.

"Үкіметтің 2009 жылғы №14 қаулысымен бекітілген "Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар" техникалық регламентінің 261-бөліміне сәйкес, эвакуациялық шығуларда турникет және адамдардың еркін өтуіне кедергі келтіретін басқа заттарды орнатуға тыйым салынады. Соған қарамастан, барлық оқу орнында, вестибюлі мен холында турникеттер қойылып жатыр. Ол құрылғылар жәй емес, кіру-шығуды басқару және бақылау жүйелерімен жабдықталған. Бұл іс қаншалықты заңды? Ғимараттардың эвакуациялық шығулары және барлық есіктері адамдардың тез әрі қауіпсіз шығуын қамтамасыз етуге тиіс", – дейді ол.

Бірден айта кетелік, Ішкі істер министрлігінің дерегінше, белсенділер алға тартып жүрген өртке қарсы техрегламенттің күші жойылды. Оның орнына Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің 2021 жылғы 17 тамыздағы №405 бұйрығымен жаңа "Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар" техрегламенті енгізілді. Сонда турникеттер орнатылуға тыйым салатын норма алып тасталған.

Қарағандылық қоғам белсендісінің пікірінше, мектептер, колледждер мен ЖОО-лардағы турникеттер "төтенше жағдай, лаңкестік оқиға бола қалса, балалардың сыртқа тез қашып құтылуына кедергі болуы мүмкін".

"Дүрліккен балалар мен ересектер одан секіріп өтемін деп, құлап, бірін-бірі тапап тастауы ықтимал. Әрине, әр мектепте қосымша эвакуациялық есіктер бар, бірақ олар әрдайым жабық тұрады. Оны ашу үшін алдымен кілтін іздеу қажет. Сонда жалғыз шығу жолы – орталық есік қана қалады. Ал онда турникет түрінде кедергі тұр. Тіпті ағытып тасталғанның өзінде биік турникеттер төтенше жағдай кезінде есіктің өткізу қабілетін айтарлықтай тарылтады. Осы жобаның лоббистері ойлап тапқан теориядағы "қауіпсіздік" практикада лаңкестердің ішке енуіне еш тосқауыл қоя алмайды. Оның орнына эвакуациялауға зиянын тигізеді, адамдардың өміріне қауіп төндіреді", – дейді Н. Шевцова.

Бұл "кедергісіз орта" құруға да қайшы көрінеді, себебі арбаға таңылған адамдар өте алмайды.

"Мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта жасау – оларды әлеуметтендірудің ең тиімді тетіктерінің бірі. Озық елдерде қабылданған тәжірибе бойынша барлық жер тактильді жолдармен, радиомаяктармен жабдықталуы, лифттердегі қабаттар нөмірі Брайль қарпімен белгіленуі, баспалдақтар мен сатылар жарық не дыбыстық сигнализациямен жарақтандырылуы қажет. Есіктер, шығу жолдары визуалды, тактильді және акустикалық-дыбыстық белгілермен жарақтандырылуы керек. Бұларды бізде табу қиын. Ең болмаса, елде турникеттерге тыйым салынғаны жөн", – дейді "Шарасыздар" мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалия Тобатаева.

Билік не дейді?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, білім беру жүйесіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – оқу-тәрбиелеу процесін ұйымдастырудың маңызды міндеті.

"Осы мақсатта жергілікті әкімдіктер орта білім беру ұйымдарында турникеттер орнату жұмысын белсенді жүргізіп жатыр. Олар бірінші кезекте қалалық мектептерде және облыс орталықтарындағы мектептерде қойылуда. Турникет орнату – оқушылар мен педагогтерді бөгде адамдардың және қоғамдық тәртіпті бұзуға ниеттенгендердің ішке еніп кетуінен қорғаудың тиімді тәсілі. Республиканың мектептерінде турникеттерді қолдану тәжірибесі барысында олардың оқушылардың денсаулығына теріс әсері тіркелмеді", – деді БҒМ басшысы.

Оның сендіруінше, "техникалық сипаттамалары бойынша мектеп турникеттері адам денесін сәулелендірмейді, балалар денсаулығына теріс ықпал етпейді".

"Мектептерде қолданылатын турникеттер жүйені пайдаланушыларды видеоверификациялауға бағытталған. Бұл білім ордасына бөтен адамдардың өзгенің өткізу картасының көмегімен өтіп кетуіне тосқауыл қояды. Сондай-ақ турникет еңбек тәртібін, мектеп қызметкерлерінің жұмысына келу-кету уақытын бақылауға мүмкіндік береді. Баласы мектеп аумағын тастап шықса, ата-аналар ол туралы смс-хабарлама арқылы құлағдар етіледі. Оқушылардың сабаққа кешігіп келуі немесе үйінен кеткенімен сабаққа қатыспауы қадағаланады. Осы айтылғанды ескерсек, оқу орындарында турникет орнату оқушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, ата-аналардың тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған", – деді министр.

БҒМ басшысы қолданыстағы нормативтерге сәйкес, барлық білім беру ұйымдарында запастық шығу есіктері көзделгенін жеткізді.

"Қауіпсіздік техникасының талаптары оларды әлденемен тосқауылдап тастауға немесе құлыптап жауып қоюға тыйым салады. Запастық шығулардың жай-күйі үшін оқу орнының басшысы дербес жауапкершілік арқалайды", – деп ескертті А. Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, баланың мектепке келуі мен кетуін бақылау жүйесін – турникеттерді, сондай-ақ бейнебақылау, сигнал беру және хабарлау жүйесін қамтитын шаралар кешені ары қарай да қабылданады.

Бүгінде 333 мектепте турникет орнатылды. Тағы 1 017 мектепте дабыл түймелеріне қосылған орталықтандырылған бақылау пульттері жасақталды.

"Білім беру ұйымдары меншік нысанына қарамастан 100% бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған" екен. 823 мектептегі немесе 11%-ындағы 9 мың камера тікелей полиция органдарының жедел басқару орталығына шығарылды. Яғни тәртіп сақшылары ол мектептерде не болып жатқанын онлайн режимде бақылай алады.

624 қалалық мектеп (жалпы санның 54%-ы) күзет фирмаларымен шарттар жасасыпты. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі 2 789 учаскелік инспектор өзге мектептердегі білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу