Тұтқындарға діни білім қолжетімсіз

2222

Сотталғандардың діни білімінің жетіспеушілігі қылмыстық-түзету жүйесінде экстремистік идеологияны жақтаушыларды көбейтуге сеп болып отыр.

Тұтқындарға діни білім қолжетімсіз

Темір тордың ар жағындағылардың діни ағымдар жетегінде кетуіне дәстүрлі дінді оқып-үйренуге мүмкіндіктерінің болмауы себеп болуда. Орталық Азиядағы PRI халықаралық түрме реформасының аймақтық өкілдігінің директоры Азамат Шамилов бас бостандығынан айрылғандар үшін діни білім қолжетімді болу керек деп есептейді.

Негізінен үш санатқа жататын адамдар іріткі салушы секталардың жетегінде кетуге бейім. Оның біріншісі, экстремизм немесе терроризм үшін сотталғандар. Екінші топқа қылмыстық-түзету мекемесінде жүріп діни көзқарасы қалыптаса бастаған сотталғандар жатады.

"Бұл адамдар ең осал адамдар, өйткені оларға түрмеге түскеннен кейін, екі-ақ таңдау бар. Олар ұйымдасқан қылмыстық топтың, криминалдық топтардың, қарақшылар тобырының мүшесі болулары керек немесе осындай діни ағымға кіру керек болады. Түрмедегі адамдарға психологиялық қолдау өте қажет. Адам түрме жағдайында өзін жоғалтып алмауы керек", – деп түсіндірді abctv.kz-ке Азамат Шамбилов.

Ал үшінші санатқа сарапшы қылмыстық-түзету жүйесі органдарының қызметкерлерін жатқызып отыр.

"Ұлыбритания, Бельгия, Франция сияқты әлемнің үлкен елдерінде, тіпті көршілес Қырғызстанда ҚТЖК қызметкерлерінің өзін діни ағымға тарту жағдайлары орын алған. Қазақстанда мұндай мәселе әзірге зерттелген жоқ. Сондықтан әзірге нақты осындай жағдайлар болды деп айта алмаймыз. Алайда ресми емес мәліметтер мұндай жағдайдың болғанын айтады. Бірақ та бұл ақпаратты ешкім дөп басып растай алмайды. Қылмыстық-түзету жүйесі мұндай факті мүлдем болған жоқ деп отыр", –деді Орталық Азиядағы PRI халықаралық түрме реформасының аймақтық өкілдігінің директоры.

Спикер пенитенциарлық мекемелердегі діни ағым мәселесі терең зерттеуді қажет етеді дейді. Ол барлық сотталған адамға экстремистік идеология әсер етуі мүмкін, себебі олар тап қазіргі уақытта сондай ақпараттың ортасында отырғанын айтады.

"Түрмеде діни жораларды өткізуге арналған қоғамдық бөлмелер жоқ. Осының салдарынан адамдар түнде түрме бұрыштарында тығылып жүріп уағыз жүргізеді. ЭЫДҰ-ның көптеген елінде, мысалы, діни жоралғыларға арналған жеке бөлмелер қарастырылған. Онда бөлмелерге бөлінбейді, яғни мұсылмандарға да, христиандарға да, сондай-ақ басқа дін өкілдеріне де арналған. Орынжайдың қабырғалары ақ, онда орындықтар қойылған, ал қабырғаларына түрлі суреттер ілінген. Бұл медитация жасайтын орын. Егер радикалдану мәселесін зерттеуді қолға алатын болсақ, онда 32 мың сотталғанға және тергеу изоляторына, түрмеге түскен адамның бәріне толық талдау жұмысын жүргізуіміз керек", – деп атап кетті сарапшы.

Ақтөбеде болған лаңкестіктен кейін, барлық мешіттер жабылып, түрмеде діни әдебиеттерге шектеу қойылды деп отыр сарапшы.

"Бүгінде сотталғандарға діни әдебиеттер ұзақ уақытқа берілмейтінін айтып отыр. Кітапханаларға бөлінген кітаптар сотталғандарға тек бір белгілі уақытқа, аптасына 20-30 минутқа ғана беріледі. 360 беттен тұратын кітапты олар осындай жағдайда неше жыл оқиды? Оларың дінді толық танып білуіне, оған деген көзқарасының қандай екенін түсінуге мүмкіндік жоқ. Яғни оларға қандай да бір ақпаратты бермеу арқылы біз оларды экстремистік идеологиядан немесе діни ағымдардан алшақтай алмаймыз. Керісінше, түрмеде отырғандарды ресми емес жолмен діни ағымдарға тартуға жағдай жасап отырмыз", – деп қорытындылады Азамат Шамбилов.

Еске салар болсақ, лаңкестік топ Ақтөбедегі Ұлттық ұланның әскери бөлімшесі мен екі қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағаннан кейін, 2016 жылдың 5 маусымында Қазақстанда контрлаңкестік операциялар тәртібі енгізілген болатын.

Карина Алимова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу