Тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйым құрылуы мүмкін

3695

Үкімет мұны халықты қорғау қажеттілігімен түсіндіреді. Алайда шенеуніктер осыны қалқан тұтып, бюджеттен қаржыландырылатын "квазимемлекеттік" жаңа ұйым құруға талаптанып жатқандай.

Тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйым құрылуы мүмкін

Қазақстандықтар проблемамен жалғыз қалды

Inbusiness.kz бұған дейін тауарды, қызметті тұтынатын азаматтардың құқықтары аяқасты болғанын, Сауда және интеграция министрлігі құрамындағы жауапты комитет тұтынушыларға қорған бола алмағанын талай рет жазды.

Бақыт Сұлтановтың командасы енді қулыққа басқанға ұқсайды. Ол өзіне жүктелген міндетті жаңа ұйымға аудара салмақ.

Бір маңызды жайт назар аудартады. Елде бұрыннан құрылып, жұмыс істеп жатқан "тұтынушы құқығын қорғаушы" қоғамдық ұйымдар әртүрлі мемлекеттік және шетелдік гранттар есебінен күн көріп келсе, енді министрлік жаңа ұйымды бюджеттің мойнына отырғызып қоюды ұсынды.

Бұл жаңашылдықтар "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" 2010 жылы қабылданған заңды өзгертуге тиіс жаңа заң жобасының тұжырымдамасында қарастырылған.

Шыны керек, қазақстандықтар өз құқығын биліктің қорғап, әділдікті қалпына келтіріп беретініне сенбейді. Мұны тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті де растап отыр. Азаматтардың көбі өз құқығы тапталса, оны өз бетінше шешуге талпынады.

Осы меморганның тапсырысымен жүргізілген әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, Қазақстанда сұралғандардың 71%-ының тұтынушы ретіндегі құқықтары бұзылған. "Егер тұтынушылық құқықтарыңыз бұзылса, қайда жүгінер едіңіз" деген сұраққа 24,4%-ы "мәселені өзім шешуге тырысамын" деп жауап қатқан. Тағы 28,4%-ы заңгерден кеңес сұрап, соның ақылы қызметін пайдаланатынын жеткізген. Тек 28,7%-ы ғана тұтынушы құқықтарын қорғаушы уәкілетті органға шағымданатынын айтты. Ал тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін респонденттердің бар-жоғы 8,7%-ы ғана таңдаған.

Яғни халықтың басым бөлігі (52,8 пайызы) проблеманы өз күшімен, өз қаражатына шешуге мәжбүр. Ал "тұтынушы құқығын қорғау" деген сылтаумен бюджет қаржысын игеріп отырған комитет пен қоғамдық бірлестіктерге қиянат көрген азаматтардың 37,4 пайызы ғана жүгінеді. Қалған адамдар заңсыздыққа үнсіз көнеді, әділдік іздемейді.

Мұны түсінуге де болады. Себебі сарапшылардың айтуынша, бұған басты екі себеп түрткі: біріншіден, қазақстандықтар өз құқығы туралы жеткілікті білмейді. Екіншіден, заң бұзылғанын дәлелдеу ауыртпалығы толығымен тұтынушыға түседі. Салдарынан, оған өз қаражатына СЭС және басқа органдарда сараптама-тексеру жүргізуге, сот шығыстарын, заңгерлік консультанттың, адвокаттың қызметін төлеуге, жұмысын және жеке істерін ысырып қойып, дау соңынан жүгіруге тура келеді. Содан амалсыз қолын бір сілтейтіндер жетерлік.

Әрине, мүлдем көмек жоқ деуге де болмайды. Әңгіме ол көмектің айтуға ұят, мардымсыздығында. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері 6 138 өтінішті қарады, оның басым көпшілігі – 5 261, сотқа дейінгі тәртіпте шешіліп, бітіммен аяқталған. Тек 565 өтініш бойынша бірлестіктер сотқа шағымданыпты. 312 өтінішке заңнамаға қатысты түсініктемелер берумен шектелген.

Нәтижесінде 2021 жылдың І жартыжылдығында қоғамдық бірлестіктер тұтынушыларға 94 млн теңгеден астам қаражатын қайтара алды.

Қазақстанда тұтынушылардың 66 қоғамдық бірлестігі тіркелген, бірақ іс жүзінде олардың 40-ы ғана жұмыс істейді.

Қауымдастық үстінен қауымдастық құру не үшін қажет?

СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті әлгі әлеуметтік зерттеуден өзінше түйін түйді. Оның ұстанымынша, бұл "тұтынушылық дауларды реттеу институтының салалық ҰЕҰ-лардың нашар дамығанын" көрсетеді. Басқаша айтқанда, "азаматтар олар туралы естімеген, естігеннің өзінде қорғай алмайтынына күнібұрын сенімді".

Сондықтан меморган пәрменді ұйымды мемлекет құруы керек деп отыр. Ол ұйым тұжырымдамада "тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органның тиімді серігі" деп аталыпты.

Заң жобасында жалпыұлттық бірыңғай ұйым институтын, яғни "Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің Ұлттық қауымдастығын" құру және тұтынушылардың омбудсмені институтын енгізу көзделген.

"Аталған Ұлттық қауымдастықты құрудың негіздері мен шарттарын заң жүзінде бекітудің қажеттілігі пісіп-жетілді. Бұл қауымдастық тек қана тұтынушылар құқығын қорғау мәселелерімен айналысатын болады. Үлгі-мысал ретінде "Атамекен" ҰҚП-ның тәжірибесі және ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы салалық заңнама зерделенді. Ұлттық палатаға ұқсас, осы жаңа қауымдастық та Қазақстанның барлық өңірлерін қамтуға тиіс. Нақ осы тәжірибе қауымдастықтың мәртебесін және оның жұмыс істеу ерекшеліктерін бейіндік заңда бекіту қажеттігін көрсетті. Бұл ретте оған мүшеліктің еріктілік қағидаты сақталады", – деп түсіндірді комитет.

Жалпы елімізде "Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығы" мен "Қазақстан тұтынушылар лигасының қауымдастығы" онсыз да бар. Ендеше олардың үстінен жаңа қауымдастық құрудың керегі не?

Қолданыстағы жекеменшік сипаттағы қауымдастықтарды тікелей бюджеттен қаржыландыруға болмайды екен.

"Ол қауымдастықтарды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің өз ерекшеліктері бар. Заң бойынша оларды кәсіпкерлік субъектілері де қаржыландыра алмайды. Сондықтан жеткілікті қаржысы болуы үшін мұндай жаңа қауымдастықты мемлекеттік қаржыландыру ұсынылады. Осылайша, мемлекет тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері құрған әрбір қауымдастықты қаржыландырмайды, тек ұлттық қауымдастық мәртебесін алған қауымдастыққа ғана қаржы бөледі", – делінген ведомствоның талдауында.

Дәлел қарапайым: "тұтынушылар құқығын қорғау – мемлекеттің ықпал ету және жауапкершілік аймағы, осыған байланысты мұндай ұйымды мемлекеттік билік институттары қаржыландыруы керек".

Атап өтетін жайт, Премьердің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов тұтынушылар құқығын қорғаудың біртұтас жүйесін құруды көздейтін іс-шаралар жоспарын бекітті. Ол біріншіден, осы саладағы қоғамдық бірлестіктерінің басын бір жерде қосатын ортақ қауымдастығын не одағын құру, екіншіден, "тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын" енгізу мәселесін пысықтауды қарастырады.

Бір-бірімен грантқа таласып, әрқайсысы әр жаққа бытырап, жеке-жеке қимылдауды жөн көретін қоғамдық бірлестіктерді біріктіретін жаңа қауымдастыққа "білікті кадрлар тартылатын болады", бұл "тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді".

Әйтпесе, бірлестіктер өз қызметін қаржыландыру проблемасы шешімін таппағандықтан, "тұтынушылардың құқығын қорғауды тиісті дәрежеде іске асыра алмайтындарын" жеткізіпті. Бұл оларда білікті кадрлардың болмауына, техникалық-материалдық жарақтандырудың нашарлығына соқтырған. Олардың біразы өз қызметі үшін клиенттен ақы сұрайды не өндірілген өтемақыға ортақтасып, бір бөлігін алуға тырысады.

Салада омбудсмен институты енгізілген соң мемлекеттік аппараттың, яғни комитеттің жүктемесінің бір бөлігі соның иығына жүктеледі. Оның міндеті – "әрбір адамды тыңдау және әрбір тұтынушыға көмектесу, мемлекеттік биліктің ең жоғарғы эшелонында қоғамдық бірлестіктердің мүдделерін білдіру" болады. Омбудсмен тұтынушылар құқығын пәрменді қорғауы үшін оған тегеурінді және білікті аппарат қажет. Оның аппараты рөлін жаңа қауымдастық атқарады деп белгіленуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу