ТЖМ таяуда ауыр тікұшақтармен қаруланбақ

2823

Қостанай облысында, еліміздің басқа өңірлерінде, соның ішінде Алматыда тілсіз жаудың бас көтеріп, өршуі елді тіксінтіп отыр. Сонымен бірге ТМЖ-нің әуе көліктеріне қатысты сын "өрті" де қаулап барады. 

ТЖМ таяуда ауыр тікұшақтармен қаруланбақ Фото: sputnik.kz

Әлеуметтік желілерді Қостанай өңірінде өрті сөндіруге жұмылдырылған жұртшылықтың қажетті құрал-жабдықтар жетпей, дағдарып тұрған фотолары кезіп кетті. Соңынан ол құралдардың болғаны, бірақ көмек қолын созған еріктілер көп болып, бәріне жетпегені айтылды.

Қалай болғанда, қаржыландырылуы нашар, жыл сайын тиынды тиынға жалғап, әзер күн көріп келген Төтенше жағдайлар министрлігінің тілсіз жаумен күреске құрал-сайманы сақадай сай еместігі көрініп қалды.

Шуды алдымен қоғам қайраткері Мұрат Әбенов көтерді. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында: "Қостанай облысында өрт сөндіру техникасы жетіспеу себебі – Төтенше жағдай министрлік арнайы тікұшақты Ресейге жалға берген" деп жазды. Ізінше ол жазбасын өшіріп тастады. Оның орнына орыс тілінде: "Әзірге ТЖМ-дегі коррупция, арнайы техниканы нысаналы мақсатынан тыс пайдалану туралы жазбамды алып тастаймын. Ең бастысы қазір өртті сөндіру, бірақ содан кейін қорытынды шығару қажет" деп ақталды.

Дегенмен Алматыда өрт шыққанда, Әбенов қайтадан ТМЖ басшысына сын сойылын сілтеді. 

"Төтенше жағдай министірлігі осындай жағдайдын алдын алу керек қой. Енді Президент Алматыға бара ма өшіруге? Ең дұрысы Ильинді қызметінен алып тастау керек – Қазақ елінің қауіпсіздігіне шынайы қызмет жасайды деп ойламаймын. Басты талап – әр басшы өз жұмысын тиянақты істеу керек", – деп жазды Мұрат Әбенов.

Негізі, бұл ақпаратты 2 жыл бұрын журналист Денис Кривошеев хабарлаған болатын. Қостанай өңірінде өрт өршіп жатқанда, әріптесіміз сол мәліметін қайта көтерді.

"2 жыл бұрын жазып, ескерткенмін. ІІМ құрылымына тиесілі "ҚазАвиаҚұтқаруға" тиесілі 2 Ми-26 ауыр, көпмақсатты тасымал тікұшағы Қазақстанның өзіне қажет болғанда, олардың орнын сипап қаламыз дедім. Қызық, сол тікұшақтар отанға оралды ма екен? Журналистер, Ильиннен сұраңдаршы?", – деп өтініш айтты журналист.

Ми-26Т тікұшақтарын ТЖ органдары 2013 жылғы қазанда иелігіне қабылдап алған болатын. Ол кезде Төтенше жағдайлар министрлігін Ильин емес, атышулы Владимир Божко басқарды. Божко әуе көліктерінің тұсаукесерінде әрбір тікұшақты Ресейдің Новосібірінде жаңғыртуға 2 миллиард теңгеден шығындалғанын жариялады. Ал бұл сол кездегі бағаммен 11,1 миллион доллардан астам қаржы.

Д.Кривошеев Божко тұсында, сол 2013 жылдан бері бұл аса қымбат тікұшақтар аңғарда шаң басып, босқа тұрғанын еске салады. Тек 2018 жылы ғана оның бірі алғаш рет әуеге көтеріліп, қажетке жаратыла бастапты. Ол кезде (2016 жылғы қаңтардан 2020 жылғы қыркүйекке дейін) ІІМ-нің Төтенше жағдайлар комитетін Владимир Беккер басқарды. 2019 жылы қос тікұшақтың бірі мемлекеттік шекара заставасын салу үшін Возрождение аралына 1000 тонна жүкті жеткізу бойынша бірегей операцияға қатысты.

2020 жылы меморган Ішкі істер министрлігінен жеке отау құрып, Төтенше жағдайлар министрлігі болып, жаңадан түңдігін түрді. Яғни жаңа министрліктің қалыптасуы пандемиямен күреске Үкімет қаржы таппай, бюджетті жаппай қысқартып жатқан кезге тұспа-тұс келді. Содан бері Республикалық бюджет комиссиясы ТЖМ ұсынған барлық жобаны шетке ысырып, бұл саланы қалдық қағидатымен қаржыландырғаны жасырын емес. Саладан қаншама кәсіби кадрлар күштік құрылымдарға кетті. Себебі төтенше жағдайлар органдары қызметкерлерінің жалақысы тым төмен, әлеуметтік қорғалмаған, әскерилер мен құқық қорғау органдары сияқты тұрғын үй төлемін алмайды.

Демек, бар кінәні жалғыз ТЖМ басшысына аудара салуға болмас. Өртпен күрестегі жеңілістер мен шығындарға бүкіл Үкімет, әсіресе, елордадағы еңселі кеңселерде, жайлы кабинеттерде отырып, тұтас салалар мен олардағы нағыз майталмандардың тағдырын тәлкекке салған үкіметтік экономистер мен қаржыгерлер де айыпты болса керек.

Денис Кривошеев ұшақтардың Ресейге төтенше жағдайлар органы ІІМ-нен бөлінбей тұрғанда берілгеніне назар аудартады.

"Анықталғандай, ІІМ вице-министрі борттық нөмірі UP-601 болған тікұшақтың бірін ресейлік Utera avia компаниясына лизинге берген. Түсінуімше, бұл мәмілеге ТЖ комитетінің төрағасы Владимир Беккер қарсы шыққан, бірақ оның аппараттық салмағы мәмілеге тосқауыл қоюға жеткіліксіз болыпты. "ҚазАвиаҚұтқару" мен жекеменшік Utera avia компаниясының келісімінің егжей-тегжейі маған белгісіз. Қазіргі экипажы ресейлік, олардың қалай пайдаланып жатқанын біздікілер қадағаламайды. Мемлекет тікұшақты жалға беруден қанша тауып отырғаны белгісіз", – деді журналист.

Жалпы отандық және ресейлік мамандар "Вертолёты России" холдингі "Роствертол" зауытында шығарған Ми-26 көпмақсатты ауыр тікұшақ батыстық баламаларынан қатты арттап қалғанын ашық айтып жүр. Басқаны айтпағанда, оны басқару анау-мынау ұшқыштың қолынан келмейді. Кеңес кезінде авиациялық институттар оның ұшқыштарын жеке даярлайтын, оларды ауыстыратындар жоққа тән болғандықтан, алақанға салып аялайтын.

Сонда бұл ұшақтар қазір қайда?

Біз әскери саланың жағдайын бүге-шігесіне дейін білетін маман, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдан мәселенің егжей-тегжейін сұрастырдық.

"Жалпы жұртшылықтың көтеріп отырған мәселесі дұрыс. Мысалы, 2020 жылғы 1 мамырда Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, біздің Мақтаарал ауданында бірнеше ауыл су астында қалғанда, оқиға орнында апта бойы жүрдік. Сонда Өзбекстанның төтенше жағдайлар органдары көмекке келді. Америкалық айбынды тікұшақтармен әуелеп келіп қонғанда, біздің мамандар аузын ашып қарап, қатты тамсанды. Олардың техникалары да көш ілгері. Біздің төтенше жағдайлармен күресушілер кеңес кезіндегідей, көнетоз брезент шалбар киіп, өртке ескі автобуспен аттанады. Парламент депутаттары ТЖМ-ді жете жабдықтау мәселесін талай көтерді, бұрынғы Үкімет пандемияны алға тартып, ысыра берді. Енді қысылып отыр. Тілсіз жау нағыз дұшпан. Президенттің тікелей тапсырмасымен енді іс ілгері жылжиды. Бұл қызмет жаңғыртылып, күреске сақадай сай етілуге тиіс", – деді Б.Смағұл.

Ол құзырлы органдардан алған мәліметке сілтеме жасап, алда ТЖМ бірнеше тікұшақпен күшейтілетінін хабарлады. Биылғы жылы Қорғаныс министрлігінен 1990 жылы өндірілген 6 МИ-26 тікұшағын ТЖМ-ге тапсыру жұмыстары жүргізіліпті. Оның 2-еуі демилитаризацияланған (яғни қару-жарақтардан және соған қажетті құрылығыларынан арылған) соң және күрделі жөндеуден өткеннен кейін азаматтық мақсатта пайдаланылып, "Қазақстанның ауыр тасымалдау тікұшақтарға деген қажеттілігін өтейді" деп күтілуде. Қалған 4-еуі әскери тілмен айтқанда, осы қос тікұшақ үшін "техникалық аптечка" қызметін атқарады. Яғни оларды техникалық қамтамасыз етуге қолданылады, запастық бөлшек ретінде жаратылады.

Сарапшылар қырық жылдан астам уақыт бұрын шығарылып, көнерген бұл төрт тікұшақты күрделі жөндеуден өткізуге шығындалмаған жөн деген ұсыным берген көрінеді. Ондай жөндеу аса қымбатқа түседі, жаңа тікұшақ сатып алған орынды. Сонымен бірге соғыс жүргізіп жатқан Ресей Қазақстанның азаматтық тікұшақтарын жөндеуге әзір бет бұрмасы анық.

Ал қатарға тұратын 2 Ми-26 келесі жөндеуге дейін 6 жыл қызмет етпек.

Әбенов-Кривошеев тандемі көтерген мәселенің тарихына тоқтала кетсек, сөз болған алғашқы екі МИ-26 тікұшақтары 1987 жылы жасалған екен. Оларды Қорғаныс министрлігі 2011 жылы Божко басқарған Төтенше жағдайлар министрлігінің балансына тапсырады. Демилитаризациялану, күрделі жөндеу (құтқару және өрт сөндіру жабдықтарын орнату) процедураларынан өткен соң 2013 жылы олар ТЖМ қолданысына қабылданды.

ТЖМ дерегінше, "тікұшақтардың бірі 2016 жылдан бері техникалық ақаулы жағдайда болған". Салдарынан, "авиациялық жұмыстар көлемін орындамады және өзін күтіп ұстауға кететін шығынды да ақтамады".

2019 жылы оны РФ-ның Түмен қаласындағы авиажөндеу зауытына техникалық ұшыру жүзеге асырылған. Мұндағы мақсат – техникалық қызмет көрсету, агрегаттарының ресурстарын арттырып, қызмет мерзімін ұзарту болған. Аталған сервисті Қазақстанда бірде бір кәсіпорын көрсетпейтіні белгілі. Алайда қызмет көрсету кезінде ресейлік мамандар жасырын ақау-дефектілерді анықтап, оларды жою ұзақ уақыт алатынын және қосымша елеулі шығынды талап ететінін мәлімдепті.

Екінші тікұшаққа да қаңтарылып тұрып қалу қаупі төнген: өйткені оның басты тораптары мен агрегаттарының жөндеуаралық қолданыс мерзімі 2020 жылы аяқталатын. Содан соң әуе көлігіне ұшуға тыйым салынатыны мәлім. Бұған қоса, сол екінші тікұшақтың жалпы қызмет ету мерзімі 2022 жылғы 3 қазанда толық аяқталады.

ТЖМ мамандарының түсіндіруінше, тікұшақтарды қалпына келтіру және ұстап тұру шығындарын жауып, өзін-өзі ақтауы, сондай-ақ бірінші тікұшақты толық жөндеуге қаражат табу үшін осы тікұшақты арендаға беруге ұйғарылды. Бірақ "Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі де, аумақтық ТЖ департаменттері де, ішкі нарықтағы өзге ықтимал тапсырыс берушілер де өз бюджетерінде ауыр көпмақсатты тасымал тікұшақтарын эксплуатациялауға шығыс қарастырылмағанын алға тартып, бас тартты".

Нәтижесінде, Ми-26Т тікұшақтарының авиациялық қызметтеріне Ресейдегі мұнайшылар қызығушылық танытыпты. Ресейлік "ЮТэйр-Вертолётные услуги" АҚ-ынан бір тікұшаққа қатысты ұсыныс түскен, қазақстандық тарап соған келісе салған.

Кривошеев бұл мәміледен мемлекеттік мүлікті басқаратын басты орган – Қаржы министрлігінің Меммүлік комитеті хабарсыз қалған деп жазды. ТЖМ бұл ақпаратты жоққа шығарды: басқа мемлекет аумағында қызмет көрсету үшін бұл мәселе меммүлікті басқаратын уәкілетті органмен бірлесіп пысықталыпты. Нәтижесінде, Мемлекеттік мүлік комитеті ведомство өз мүлкін пайдалануда дербес шешім қабылдау құқығы барын нұсқаған. Тек мұның еуразиялық одақ шарттарының нормаларына қайшы келмеуге тиістігін ескерткен. Осылайша, Ми-26Т тікұшағын пайдалана отырып, азаматтық авиациялық қызмет көрсету туралы ресейлік "ЮТэйр-Вертолётные услуги" АҚ-ымен келісім бекітіледі.

Тек бір мәселе мазалайды: ресейлік компаниямен арадағы келісімнің шарттарына сәйкес, Қазақстан төтенше жағдай туындаса және оған осындай ауыр авиациялық техниканы тарту қажеттілігі туындаса, онда кез келген мезетте ұшақты пайдаланушыдан алып қоя алады. Қостанай өңіріндегі алапат өрт осындай тікұшақтың құтқару қызметтерін қажетсінді. Ендеше неге Ми-26Т алып тікұшағын алып қоймады? Келісім бойынша Қазақстан әуе көлігін елдегі өрттер тегіс басылып, қар жауғанда кері қайтаруға құқылы еді.

Бұл сұраққа нақты жауап жоқ. ТЖМ тек жөндеуде жатқан бірінші тікұшақтың қызмет мерзімі 2019 жылғы 12 желтоқсанда толық аяқталғанын, яғни ол енді әуеге көтеріле алмайтынын білдірді. Жалға берілген екінші ұшақты да қолдану биылғы 3 қазанда доғарылмақ. Оның үстіне жекелеген агрегаторлары мен тораптарының қызмет мерзімі бұдан бұрын түгесіліпті.

Әйткенмен, онысы Қостанай облысының үстінен бірнеше рет қалықтап ұшуға жарайтын еді. Ол болмаған соң өртпен алысушылардың үстінен "Кукурузник" (Ан-2) су сеуіп жүрді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу