Үй кітабы қайта оралды

3341

Қазақстанда тұрғындарды мекенжай бойынша тіркейтін үй кітабы қайта қолданысқа енгізілді.

Үй кітабы қайта оралды

Рас, енді ол тек электронды күйде болады. Үкіметке қарасты "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ы ішкі істер министрлігімен бірлесіп, eGov.kz электронды үкімет порталында "Мекенжай бойынша тіркелген тұлғалар туралы мекенжай анықтамасын беру" атты жаңа қызметті іске қосты. Нәтижесінде, елімізде онлайн режимдегі "тіркеу кітабы" пайда болды.

Енді басында баспанасы және басқа да жылжымайтын мүлкі бар қазақстандыққа ол мекенжайда қанша адамның тіркелгені туралы білуге мүмкіндік туды. Пәтер не үй иесі онда тіркелген барлық тұлғалар туралы ақпаратты бір анықтама түрінде ала алады.

Бұл қызметті пайдалану үшін түрғын үй иесі eGov.kz порталына кіріп, "Жылжымайтын мүлік" – "Тұрғын үй қатынастары" бөлімінде аталған қызметті таңдауы және оған тапсырыс беруі қажет. Осыдан кейін көрсетілген тізімнен өзіне тиесілі жылжымайтын мүлік объектісін тауып, SMS-пароль немесе электронды цифрлы қолтаңба арқылы тапсырысын растауы керек.

Сонда ол мекенжай анықтамасына қол жеткізеді, ал бұл құжатқа жылжымайтын нысан бойынша тіркелген жеке тұлғалардың тізімі қоса беріледі.

"Қызмет тегін көрсетіледі, қызмет көрсету уақыты 15 минуттан аспайды", – деп сендіреді ақпарат және коммуникациялар министрлігі.

Қазақстанда көк түсті "үй кітабы" 2012 жылы жойылған болатын. Мемлекет бұған қағазбастылықтан құтылу үшін барған. Оның орнына азаматтардың қандай адресте тіркелгені туралы барлық ақпарат ортақ электронды деректер базасына біріктірілді. Ол база жеке тұлғалардың мемлекеттік электронды реестрі деп аталады.

Нәтижесінде, қазір кез келген мемлекеттік мекеме азаматтар туралы мәлімет қажет болғанда, оның жеке куәлігінде көрсетілген ЖСН-ын енгізу арқылы әлгі базадан керекті ақпаратты суырып алады. Бір қарағанда, қаншама уақыт, қағаз, қаражат үнемделді. 

Алайда "үй кітабының" жойылуы қарапайым қазақстандықтар үшін қиындықтар туғызды. Өйткені аталған ортақ база былайғы жұрт үшін жабық. Салдарынан, елімізде үй иесінің сыртынан оның тұрғын үйіне бөтен біреулерді "тіркеуге" отырғызып қоюды кәсіпке айналдырған алаяқтар әрекет ете бастаған. Олар баспана иесінің өз мекенжайында қанша адамның тіркеуде тұрғанын анықтап біле алмайтынын пайдаланды: бұл ақпаратты ХҚКО орталықтары да бермейтін.

Ал жаңа қызмет осы алаяқтардың табанына тас қоюы мүмкін.

Оның үстіне ол полицейлердің де жұмысын жеңілдетпек.

"Бұл қызмет кез келген жылжымайтын мүлік иесі өзінде қанша адамның тіркеуде тұрғаны туралы ақпарат алуы үшін жасалып отыр. Әйтпесе, бұған дейін ХҚКО қызметкерлерінің өзі белгілі бір үйде не пәтерде қанша адам тіркелгені туралы айта алмайтын. Жаңа қызмет қолданысқа берілген соң, мұндай мүмкіндік пайда болды. Бұл бізге "резеңке үйлерді", яғни өте көп адам тіркеуге тұрған тұрғын жайларды анықтауға мүмкіндік береді. Кезінде "үй кітаптары" болғанда біз қай баспанада қанша адам тіркелгенін көре алатынбыз. Көре сала: "кешіріңіз, бұл тұрғын үй алаңында енді сіз ешкімді де тіркей алмайсыз!" деп тосқауыл қоятынбыз. Тіркеу кітаптары жойылысымен, бұл мүмкіндік те жойылды. Енді электронды тіркеу кітабы бақылауды күшейтуге жол ашады", – дейді Қостанай облысы бойынша ішкі істер департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қайрат Дүтбаев.   

Оның айтуынша, коммуналдық және басқа да ұйымдар әкімдіктер арқылы осы базаға сұрау салып, әр үйде қанша адам тіркелгенін анықтап, коммуналдық қызмет ақысын нақтылы есептейтін болады.

Бұл науқан өңірлерде халықтың ХҚКО-ларға кезекті тасқынын тудыруы ықтимал. Себебі, электронды "үй кітабы" дұрыс толтырылуы үшін әр тұрғын жайдың "мекенжайлық тіркеу коды" болуға тиіс. Елдегі тұрғын үй қоры 80 пайызға базада бар көрінеді. Алайда ескі үйлер бойынша мәліметтер әсіресе ауылдарда қағаз күйдегі құжаттарда қалып қоюы мүмкін. 

Сондықтан бірқатар жергілікті атқарушы органдар тұрғындарға қайырылып, электронды тіркеу кітабына мәліметтер дұрыс енгізілуі үшін ХҚКО-ларға келіп, жеке куәлікті және отбасы мүшелерінің құжаттарын көрсетуге, баспананың РКА-кодының бар-жоқтығын тексеруге кеңес беруде. Әйтпесе, сіз тұрақты тіркеуде тұрғаныңызбен, тұрғын үйдің коды базаға енгізілмеген болып шығуы ғажап емес.

Сарапшылар бұдан былай тек үй не пәтердің РКА-коды болса ғана онда тұрақты не уақытша тіркеуге тұруға болатынын ескертеді.

Осының алдында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов парламентте Қазақстандағы 18 миллионнан астам адамның 5 миллионнан көбі жаңа "тіркеу кітабында" тіркеліп болғанын хабарлады. Оның сендіруінше, ведомство барлық азаматтар туралы ақпаратты жыл соңына дейін енгізіп шығады. Тиісінше, бұдан былай мекенжай анықтамасын да қазақстандықтар жаңа "үй кітабы" негізінде ала бастайды.

Ал "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, бұл деректер базасы тек "әрбір жылжымайтын мүлікке мекенжайлық кодты бекіту рәсімі аяқталған" соң ғана толады.

"Үйінің құжатын жасау және алу, немесе тіркеуге тұру үшін жүгінген азаматтардың барлығы бірден мекенжайлық кодқа байланатын болады. Бір бекітілген соң, объектінің коды әрі қарай өзгеріссіз қала береді. Тіпті көше аты ауысып кетсе де", – дейді ол.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу