Үкімет 2025 жылға дейін 297 дәретхана тұрғызады

2440

Енді дәретханалардың бәрі қарапайым емес, бірыңғай сәулет стилінде болады. Осы мақсатта 2025 жылға дейінгі Санитарлық-гигиеналық тораптарды орнату бағдарламаcы қабылданып отыр. Осының арқасында Қазақстанның имиджді мен туристер арасында танымалдылығы артады деп күтілуде. 

Үкімет 2025 жылға дейін 297 дәретхана тұрғызады

Халықтың әл-ауқаты қандай болса, оның тұрмысы да соған тәуелді болатыны белгілі. "Ұлы сөзде ұят жоқ" деген, елдегі әжетханаларға қатысты жағдайды жақсартуға Үкімет кейінгі жылдары көңіл бөле бастады. Бірақ ол жеткілікті болмай тұр.

Бұл ретте 2019 жылы Таразда болған сорақы оқиғадан бері талап қойылып, мектептерге қатысты жағдай серпінді түрде өзгерді.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, үш жыл бұрын білім ордаларында 2 700 даладағы дәретхана болыпты. Содан бері қарқынды жұмыс жүргізіліп, 50-і ғана қалған. Биыл олар да толық жойылуға тиіс.

Жеке секторға қатысты жағдай күрделірек. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы Қазақстанда барлық әжетхананың 53,6%-ы орталық кәріз жүйесіне қосылған. Былтыр бұл көрсеткіш 54,2%-ға дейін шамалы артты. 2020 жылы тағы 18,3%-ында жеке канализациялық жүйе пайдаланылған, яғни септигі болған. 2021 жылы бұлардың үлесі 20,3%-ға жетті. Ал қазылған шұңқыр үстінде тұрған дәретханалардың үлесі 2020 жылы 34,1% болса, 2021 жылы 33,1%-ды құрады. Ендеше, елдегі көптеген отбасы бұл салада өткен ғасырда қалып, жаңа заман игіліктерін пайдалана алмай отыр.

Ең ауыр жағдай жол бойындағы сервиске қатысты. Коронавирус пандемиясы қазақстандықтарды туған өлкені танып, ел аралауға ынталандырды. Кейінгі үш жылда ішкі туризм өркен жаюда. Сонымен бірге саяхат саласында жайлылыққа қатысты ескі проблемалар сол бойы шешілмегені әшкереленді.

Мамин Үкіметі 2019 жылғы желтоқсанда автотрассаларда 2022 жылға қарай халықаралық деңгейге сәйкес келетін 304 ақылы туалет пайда болатынын мәлімдеген еді. Туристік саланы дамыту мембағдарламасына сәйкес, болашақта басты туристік аймақтарда неміс технологиясына құрылған мыңдаған дала және жол бойы туалеттерін тұрғызу да жоспарланған. Алайда олардың әрқайсысының құны 23 миллион тұратынын естігенде қоғам қарсы болды. Оның үстіне мемлекет "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы арқылы олардың әрқайсысына қызмет көрсетуге, күтіп ұстауға, қоқысын шығаруға бюджеттен ай сайын 700 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін шығын жұмсайтыны анықталды. Қазақстандықтардың теріс реакциясы бұл қымбат жобаны тоқыратты.

Шенділер басты республикалық автомагистральдер бойында осындай ондаған әжетхананы орнатып үлгерді. Олар есептерде "мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да ыңғайлы, вакуумдық ағызу жүйесімен жабдықталған, заманауи, абаттандырылған дәретханалар" ретінде таныстырылды. Бірақ жұртшылық олардың әлемдік дәрежеге мүлдем сай келмейтінін айтады. Мысалы, "Астана-Бурабай" автобаны, "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" халықаралық дәлізі бойында қойылғандарының көбінің жағдайы жұмсартып айтқанда, сын көтермейтіні әлеуметтік желіде айтылып жүр.  

Енді жол бойындағы дәретханалар желісін дамыту мәселесі "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы" АҚ-ның 2022-2032 жылдарға арналған даму жоспарынан көрініс тауып отыр.

Он жылдық құжатта бұған "Жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту" деген тұтас тарау арналды.

"Жол бойында заманауи инфрақұрылымның болуы Қазақстан жолдарын пайдаланудың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор. Ұлттық компанияға 2015 жылдан бері жол сервисі объектілерін дамыту өкілеттігі берілген. Жол бойындағы жолақта орналасқан және жүргізушілер мен жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған бұл құрылыстар сапарды жайлы етеді, жұмыс орындарын құрады, қозғалыс қауіпсіздігін арттырады, жол бойындағы елді мекендер мен олардың тұрғындары бизнесінің дамуына да үлес қосады. Қазіргі уақытта республикалық маңызды автомобиль жолдарының бойында қызмет көрсететін 1 668 объект орналасқан, оның 1 142-сі немесе 68%-ы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді", – деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Бұл жерде жол бойындағы қызмет көрсету объектілеріне дәретхана сыртында, мотельдер, кемпингтер, техникалық қызмет көрсету станциялары (СТО), автожанармай құю станциялары, дәмхана-асханалар, сауда, байланыс, медициналық көмек, көлік жуу пункттері және өзге де осыған ұқсас құрылыстар жатады.

Бүгінде автомобиль жолдарының бойында 618 демалыс алаңдары орналасқан, дегенмен, олардың бәрінде бірдей дәретхана жоқ. Шамамен он пайызында, 63-інде ғана жұмыс істеп тұрған модульдік және күрделі үлгідегі санитарлық-гигиеналық тораптарының (әжетхана) бары анықталып отыр.

"Алдағы уақытта кәсіпкерлермен келісім аясында демалыс алаңдарында тағы 35 модульдік торапты орнату жоспарлануда. 2022 жылы жол бойында 76 қызмет көрсету объектісі мен санитарлық-гигиеналық тораптарды салу, тағы 151 объектіні ұлттық стандартқа сәйкес келтіру және сол арқылы ұлттық стандарт талаптарына сәйкестік көрсеткішін 74%-ға дейін арттыру жоспарланған. 2025 жылға дейін санитарлық-гигиеналық тораптарды орнату бойынша бағдарлама аясында Қазақстанда 297 бірлік дәретхана орнату жоспарланған", – деп мәлім етті индустрия министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, бүгінде жол бойындағы әжетханаларды ұлттық стандартқа сәйкес келтіру үшін Санитарлық-гигиеналық тораптарды (СГТ) орнату бойынша жеке бағдарлама іске асырылуда. СГТ-лардың модульдік павильондарының үлгілік эскиздері әзірленіп, бекітіліпті. Олардың бәрі бірыңғай үлгі-стилде болады. Соның нәтижесінде Қазақстанның имиджін көтеру, туризм саласындағы танымалдылығын арттыру, сондай-ақ инвесторлардың сәулеттік шешімді әзірлеу бойынша шығындарын азайту мақсат етіледі.

Жалпы азаматтар ұзын трассаның қай жерінде заманауи дәретхана қойылғанын нақты біле алуы үшін "ҚазАвтоЖол" QAJ mobile атты ұялы қосымшасын жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда.

Әрине, қазіргі қысылтаяң шақта мемлекет дәретхана салуға шығындала алмайды. Сондықтан жол бойындағы сервиске инвесторлар тартуға күш салынады. Ұлттық компания ол жерлерді сумен жабдықтауды және басқа коммуникациялар жүргізуді ішінара қамтамасыз етпек.

Әзірге проблема қордалануда.

"Бұл экологиялық қауіп-қатер туындатады. Өйткені ол тораптар уақыты тазартылмайды. Орнатылған санитарлық-гигиеналық тораптардың қоқысын жинау және оны сұрыптау толыққанды жолға қойылмаған. Автожолдарды қоқыстан тазалаудың сапасы төмен. Салдарынан, жол бойындағы сервис орындарының айналасында топырақтың, судың және ауаның ластануы артты. Сондықтан бұдан былай жол салу жұмыстарын жобалау сатысында жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін де дамыту жоспарлануға тиіс", – делінген "ҚазАвтоЖолды" дамыту жоспарында.

Осы орайда ИИДМ Үкіметке жол бойында әжетхана және басқа да объектілер салатын жеке тұлғаларға, кәсіпкерлерге гранттар мен жеңілдікті қарыздар беріп, ынталандыруды ұсынды. Сонымен бірге қоқыстарды сұрыптау орындарын орнатып, қалдықтарды уақытында шығару жолға қойылғаны маңызды.

Негізі, орнатылған санитарлық-гигиеналық тораптардың, қарапайым тілде айтқанда, әжетханалардың дұрыс жұмыс істеуі, тазалықта ұсталуы азаматтарға да байланысты. Мысалы, Батыстың дамыған елдерінде жол ортасындағы СГТ-ларға қызмет көрсететін адам сол жерде отырмайды. Көлігімен күніне бір айналып соғып кетеді. Күзетші де қойылмайды. Ақыны автомат қабылдайды. Соған қарамастан, "Ақ патрульдер", яғни тазалығын тексеруші волонтерлер олардың басым көпшілігінде тазалық пен тәртіптің сақталатынын тіркейді. Бұл феномен "анонимді мәдениет" деп аталады. Қазақстандықтарға, елімізге басым көпшілігінде көрші елдерден келетін туристерде осы мәдениет жетіспей жатады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу