Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне 19 өнім кіреді. 2017 жылға дейін бұл тізім 33 тауардан тұрса, кейін инфляция мен бизнестің мүддесі үшін олардың саны қысқарды.
Қолданыстағы заңнамада осы санаттағы өнімдер үшін үстемақы 15% аспауы керек деген "қатаң" талап бар. Норма бұзылса бизнеске 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Бірақ үкімет бұл бағыттағы ұстанымынан айныса керек. Енді билік бағаны реттеуден бас тартпақ. Балама ретінде әлеуметтік жағынан осал азаматтарға тікелей қолдау көрсету және "әлеуметтік әмиян" құру ұсынылды.
"Жаңа жылдан бастап саясат өзгереді. Біз барлығын бірдей қолдамайтын шығармыз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын белгілеу туралы айтсақ, атаулы көмекті меңзейміз. Ең алдымен, бұл өмірде қиын жағдайға тап болғандарға қарастырылауы керек. Біздің деректеріміз бойынша, 19,5 млн ел азаматының тек 1 млн-ға жуығы атаулы әлеуметтік көмек алушы. Қолдау шаралары нақты осы топқа бағытталуы керек. Ал біз барлығына қолдау көрсете отырып, тауар өндірушілерімізді қиын жағдайда қалдырдық", – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
42500 теңге сынды азық-түлік жәрдемақысы тағайындалуы мүмкін
Министр осылайша шекті баға белгілеудің орнына мұқтаждарға арнайы азық-түлік жәрдемақысын тағайындауды ұсынып отыр. Қаржы АӘК алатындардың банктік карталарына түседі.
Ведомствоның есебі бойынша, бір адамға өзін азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін орта есеппен 43 мың теңге қажет. Орташа бір отбасыға азық-түлік сатып алу үшін шамамен 160 мың теңге керек.
Бірақ бұл тек есеп қана. Мемлекеттік көмектің нақты сомасы әлі қанша болатыны, бюджеттік шығыстарыдың көлемі белгісіз. Құзырлы орган бұған қатысты әлі толық ақпарат ұсынған жоқ.
Белгілісі ел бюджетінен 9 айда дәл осы АӘК үшін 83 млрд теңге төленді. 600 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алды.
Осы тұста "төтенше жағдайдың кезіндегі 42500 теңгенің "жыры" қайталанбай ма?" деген сауал туады. Сол кезде табысын жасырып қаншама адам үкіметтің қайтарымсыз қаржысын қалтасына басты. Кейін "заңсыз алғандар жазаланады" деген тұста жаппай қаржыны қайтарғанда да болды.
Бұл бизнеске қолдау
"Әлеуметтік маңызы бар тауарларға үкімет шекті бағаларды бекітіп отыр. Алайда жеке кәсіпкерлердің, жалпы бизнестің мақсаты – пайда табу. Сондықтан, егер бизнестің шығындары, яғни сатып отырған тауардың өзіндік құны үкімет бекіткен шекті бағадан жоғары болса, онда ол тауарды сату тиімсіз. Бұның нәтижесінде сол тауарлардың тапшылығы пайда болып, бағаның одан әрі өсуіне септігін тигізеді", – дейді "DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры, танымал экономист Мұрат Қастаев.
Сарапшы үкіметтің нарықтағы бағаларды бақылау мүмкіндігі шектеулі, бәрін жаппай тексере алмайтынын айтады.
"Сондықтан шекті бағалар сақталып жатыр ма, жоқ па, оны қадағалауға ресурстар жеткіліксіз. Сол үшін осы тауар тізімін алып тастағанның жөні бар. Нарықтық экономикада тауар бағасын сұраныс пен ұсыныс белгілейді, ал бағаны жасанды түрде ұстап тұру еш нәтижеге әкелмейді, баға уақыт тұрақталып тұрса да, кейін одан да жылдам қарқынмен өседі", – деп ойын ортаға салды экономист.
Нарықтағы жасанды монополистер өзара келісіп, бағаны қымбаттатуы мүмкін
Осы орайда сарапшыдан жаңа талаптардың қазақстандықтар тиімсіз тұстары туралы сұрадық.
"Бұл шешімнің кемшілігі – нарықтағы жасанды монополистер не ірі көтерме сатушылар өзара келісіп, бағаны қымбаттатуы мүмкін. Сондықтан осы бағытта үкіметтің демонополизация жөніндегі комиссия қарқынды жұмыс істеуі керек. Жалпы менің ұстанымым – бизнеске жол ашып, кедергі жасамаса, бәсекелестік нәтижесінде ең төмен баға мен ең сапалы өнім нарыққа шығарылады, салада әділдік орнайды", – дейді Мұрат Қастаев.
Өзгеріс инфляция қарқынын арттырмай ма?
Онсыз да елімізде дәл осы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өткен апта 0,2%-ға, жыл басынан бері 20,7%-ға қымбаттады. Бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайыздық тармаққа жоғары. Өткен аптада бірінші санатты жұмыртқа бағасы 1,6%, пияз – 0,7%, орамжапырақ бағасы 0,6% өсті.
"Инфляция бұл шешімнің ықпалы аса байқалмайды деп ойлаймын. Қазіргі инфляцияның себептері – ол әлемдік инфляцияның жоғары болуы, Ресейден келетін импорттың күрт қымбаттауы және үкіметтің бюджет шығындарының жоғары болуы. Осы себептердің тек соңғысына ғана үкімет әсер ете алады, сондықтан бюджет шығындарын қысқартып, жеңілдетілген несие беруді азайту немесе тоқтату, субсидияларды күрт азайту керек. Нәтижесінде айналымдағы ақша азайып, инфляцияны тежейді", – деп толықтырды экономист.