Үкімет басшысы дрон өндірісін локализациялау мәселесін қарастыруды тапсырды

377

Өткен жылы 116 мың гектардан астам орман қоры жанып кетті. 

Үкімет басшысы дрон өндірісін локализациялау мәселесін қарастыруды тапсырды Фото: Үкімет

Былтыр орман өрттерінен келген материалдық залал 160 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Табиғи өрт салдарының ауыр болатынын соңғы жылдары анық байқадық. Өткен жылы 116 мың гектардан астам орман қоры жанып кетті. Орман өртінде 15 адамнан айырылып қалдық. Экологияға келтірілген зиянды есептемегенде, материалдық залалдың өзі 160 млрд теңгеден асып түсті. Президент тапсырмасын орындау аясында табиғи өрттердің профилактикалық шаралары қабылдануда. Табиғи өрт кезінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың әрекет ету және олардың өзара іс-қимылы жөніндегі алгоритм әзірленді. Тиісті заңнамалық түзетулер енгізілуде", — деді О.Бектенов.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы орман мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыру және өртке цифрлық мониторинг жүргізу мәселелері әлі толық шешімін таппай отырғанына назар аудартты. 

"Атап айтқанда, біз өткен аптада ғана барып қайтқан „Семей орманы“ резерватында орман мекемелеріндегі өрт сөндіру техникасының үштен бірі әбден ескірген, яғни оларды есептен шығару керек. Ал өртті анықтаудың ақпараттық жүйесі аумақтың 33 пайызын ғана қамтиды. Баянауыл ұлттық паркінде өртті ерте анықтау жүйесі мүлдем жоқ. Өрт сөндіру және патрульдік техникалардың тозығы жеткен. Заманауи техника мен құралдардың болмауы қызыл жалынмен күресте жедел шаралар қабылдауды баяулатады. Бұл жұмыста цифрлық жүйелерді белсенді қолданған жөн", — деді ол.

Оның атап өтуінше, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды кеңінен пайдалану қажет. Олар ормандар мен даланы әуеден толыққанды тексеріп-қарауға мүмкіндік береді.

"Жалпы, экономиканың әртүрлі салаларында пайдалану үшін пилотсыз ұшатын аппараттардың әлеуеті зор. Сондықтан Өнеркәсіп министрлігі Қазақстанда дрондар өндірісін локализациялау мәселесін қарастыруы керек", — деді Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу