Үкімет бір мамандық иелерінен 2028 жылға дейін диплом алуды талап етпек

17996

Қазақстанда өз кәсібінен білімі шамалы бағалаушылар көбейген. 

Үкімет бір мамандық иелерінен 2028 жылға дейін диплом алуды талап етпек Фото: inbusiness.kz

Жалпыға бірдей декларациялаудың енгізілуі оларға сұранысты арттырмақ.

Бұдан бұрын inbusiness.kz жазғандай, қымбат әшекей, түрлі зат, тарихи жәдігер, тойда алған сыйлықтарын декларацияда көрсету үшін азаматтарға кәсіби, сертификатталған бағалаушыны жалдауға тура келеді. Мемлекет халық үшін осындай жаңа міндеттеме енгізіп отыр.

Осы орайда "бағалаушылардың кәсіби деңгейі қандай және бағалау қызметі нарығындағы ахуал нешік?" деген заңды сауал туады.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, жағдай мәз емес көрінеді. Мысалы, сертификат алса болды, бүгінде кім көрінген бағалау-оценщикке айналып шыға келеді екен. Бұл үшін жоғарғы оқу орнын бітіру талап етілмейді.

"Сала кадрларының әлеуеті мен біліктілігін арттыру мәселесін жүйеге келтіру үшін бағалаушылардың әр 3 жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан міндетті түрде өтуі енгізілді. Алайда бұл ретте бағалау қызметі туралы қолданыстағы заңнама бағалаушылардан тиісті жоғарғы білімнің болуын талап етпейді. Салдарынан, "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" заңы күшіне енген 2018 жылдың шілдесінен бері қарай бағалаушы болған мамандардың бағалау жүргізу үшін қажетті теориялық білімі жоқ", – деп түсіндірді Қаржы министрлігінің сарапшылары.

Мәселен, озық дамыған елдерде әлдебір картинаны, тарихи жәдігерді бағалау, оның түпнұсқалығын немесе көшірме-жалғандығын анықтау, сөйтіп, нағыз құнын белгілеу үшін бағалаушының "өнертанушы" мамандығы бойынша жоғарғы білімі болуы керек. Өзге құнды заттарды, техниканы, технологияны да саланың кәсіби маманы бағалайды.

Қаржы министрлігі анықтағандай, бұдан бөлек, Қазақстанда не бағалаушылардың біліктілігін арттырудың, не "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәлік алудан үміткерлердің тағылымдамадан өтуінің әдіснамалық мәселелері реттелмепті.

Сондай-ақ бағалаушылар мен бағалаушылар палаталарының мүліктік жауапкершілігін қамтамасыз ету жөніндегі үлгілік шарт та жоқ.

Осы және басқа проблемаларды жою үшін бүгінде министрлік "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр.

Оған сәйкес, 2018 жылғы 12 шілдеден бері біліктілік куәлігін (квалификационное свидетельство) алған барлық бағалаушылар 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін тиісті білім туралы диплом алуға міндеттеледі. 

Басқаша айтқанда, оқу орнына түсіп, жоғарғы білім алып үлгеруі шарт.

"Заң жобасы "бағалаушы" кәсібіне жіберу мәселелерін реттейді. Осы мақсатта бағалаушы болуды қалаған кандидатқа "бағалау" мамандығы бойынша білімінің болуы, жоғары техникалық немесе экономикалық білімінің болуы туралы жаңа талап енгізіледі. Осы арқылы бағалау туралы есептерді тұтынушылардың бағалаушыларға деген сенімі жоғарылайды. Елдегі бағалау қызметтерінің сапасы көтеріледі. Бағалаушылардың бәсекеге қабілеттілігі арттырылады", – деген пікір білдірді Қаржы министрлігінің сарапшылары.

Сондай-ақ Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті профилактикалық бақылау жүргізу барысында өзге де түйткілді мәселелерді әшкереледі.

Мәселен, Бағалаушылар палатасының атқарушы органы мүшелерінің, яғни бастықтардың бір мезгілде бағалаушының кәсіби қызметін қоса орындауы фактілерін анықтады. Ал бұл "мүдделер қақтығысын тудырады".

Сарапшылардың түсіндіруінше, кәсіпкерлікті барынша қолдау, әрі бизнестің жауапкершілігін күшейту үшін Үкімет бірқатар салалардағы мемлекеттік функцияларды өзін-өзі реттеу институттарына табыстады. Қазақстан тарихында алғаш рет, 2018 жылы кәсіпкерліктің бірден екі саласы – бағалау қызметі және актуарлық қызмет өзін-өзі реттеу жолына шығарылды. Олар осы істің ізашарларына айналды. Демек, бағалау саласы өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуге тиісті.

Бұл жерде Үкімет бағалау қызметін жаппай мемлекеттік бақылаудан және лицензиялаудан бас тартып, мұны кәсіби бағалаушылар қауымдастығының еншісіне берді. Ол бойынша бағалаушылар палаталары мемлекеттік функцияларды орындайды, яғни кәсіби мамандарға лицензия күші бар "бағалаушы" біліктілігін беру туралы куәлікті таратады. Палатаға мүше бағалаушылардың жұмыс сапасына бақылауды да жүзеге асырады.

Басқаша айтқанда, бағалаушылар палатасы өз мүшелерінің үстінен қарайтын орган. Сондықтан, палатаның атқарушы органының мүшелері бағалаушы ретінде қоса жұмыс істей алмайды. Бұл – шенеунікке өзі басқаратын салада ашықтан ашық бизнеспен айналысуына жол берумен тең.

Ревизорлар саланы қағазбастылық жайлағанына да көз жеткізді. Есептердің саны жүздеген мыңмен есептеледі.

"Нақтыласақ, "Бағалау туралы есептің" ашықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету үшін кредиторлар мен проблемалы қарыз алушылар арасындағы қатынастарды реттеу аясында, ипотекалық келісімшарт жасасу кезінде, сондай-ақ кепілге қойылған мүлікті сату кезінде кепілдіктегі мүлікті бағалау туралы есептердің көшірмелерін жинау бекітілген. Осыны қарастыратын заң нормаларын іске асыру мақсатында аталған есептер әрбір тоқсан сайын "Ақпараттық-есепке алу орталығы" АҚ-ның "Bagalau" бағалау қызметіне арналған ақпараттық сервисінде жиналады. Бүгінде осы сервисте 21 триллион теңге тұратын мүліктерге қатысты 102 098 есептің көшірмесі қордаланды", – деп хабарлады ведомство.

Министрлік қаржылық есептілік депозитарийінің веб-сайтында бағалаушылардың тегін тіркеліп, бағалау туралы есептердің көшірмелерін соған тегін негізде жүктейтініне назар аудартты. Оны ақылы ету туралы ұсыныстар айтылған көрінеді.

Бұл жерде әңгіме есептерден бас тарту туралы болып отырған жоқ. Үкімет қайта, осы саланы толығымен автоматтандыруға және цифрландыруға ниетті. Соның ішінде бағалау туралы құжаттар да клиенттерге цифрлық форматта беріле бастауы мүмкін.

"Осыған байланысты "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын іске асыру шеңберінде орта мерзімді перспективада бағалау туралы есепті электрондық форматқа көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленетін болады. Сонымен қатар бағалаушыларды алдағы цифрлық форматқа көшуге дайындау мақсатында кепілге қойылған мүлік туралы есептерді жинауды есеп жасалған күннен бастап 3 күн ішінде жүзеге асыру ұсынылады", – деп түсініктеме берді министрлік.

Бұл норманың игілігін комбанктер көрмек. Екінші деңгейлі банктер де енді кепілге қойылған мүлікті бағалау туралы электрондық есептерге тікелей қол жеткізетін болады.

Қаржы министрлігінің тұжырымдауынша, бұл – кредиттік процестің рәсімін оңайлатады, кредиттен кейінгі қызмет көрсетуді және қызмет көрсету кезінде жалпы құжат айналымын жеңілдетеді.

Салалық заңнаманы жетілдіру керектігін сарапшылар бұрыннан айтып келеді. Мысалы, қолданыстағы заңда "Заңнаманы бірнеше рет бұзған бағалаушыға" қатысты жазалар қарастырылған. Соның ішінде "бағалаушы", "сарапшы" біліктіліктерін беру туралы куәліктерді тоқтата тұру, түбегейлі тоқтату, одан айыру, сондай-ақ әртүрлі негіздер бойынша палатаға мүшелікті тоқтату сияқты жазалар бар.

Алайда бұл норманы қолдану кезінде "бірнеше рет" деген ұғым дау тудырады. Әр палатаның басшылығы оны өз білгенінше, пайдаланады. Өзіне жақпаған бағалаушыны екінші рет талап бұзғанда-ақ куәлігінен немесе мүшелігінен айырады. Қаласа, ұнатқан бағалаушы екі рет заң бұзса да, жазадан құтылып кетеді. Сонда "бірнеше" деген неше? Оның жауабын әр басшы өзі береді.

Сондықтан заңнаманы жетілдіру аясында "бірнеше" ұғымы нақтылануға тиіс.

Атап өтетін жайт, Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жаппай декларациялаудың І-кезеңінде, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап "кіру" декларациясын мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары – жалпы саны 580 мың адам ғана табыс етті.

Былтыр басталған ІІ кезеңде – 2,1 млн адам тапсырды. ІІІ кезеңде, яғни 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары – жалпы саны 3,9 миллион жеке тұлға табыс етеді деп жоспарлануда.

IV кезеңде, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – барлық қазақстандықтар декларация ұсына бастайды.

Нәтижесінде, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне барлығы 13 миллионға жуық адам кіруге тиіс.

Бағалаушыларға деген сұраныс та биылдан өсе бастауы ықтимал. Әзірге бұл мамандық қазақстандықтар арасында сонша танымал емес көрінеді.

Қазіргі уақытта бағалаушылардың өзін-өзі реттейтін 4 ұйымы (палатасы) ғана бар. Олардың құрамында 1 500-ден асатын бағалаушы тіркелген. Әрбір 13,3 мың адамға 1 бағалаушыдан ғана келеді. Олар негізінен банкте кепілге қойылатын баспана, коммерциялық мүлік, көлік сияқтыларды бағалаумен айналысады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу