Үкімет Бозжырадағы қонақүйге қатысты жаңа шешім қабылдады

2674

Қоғамда дау тудырған қонақүйді билік "Бірыңғай индустрияландыру картасына" қосып отыр. 

Үкімет Бозжырадағы қонақүйге қатысты жаңа шешім қабылдады

ИИДМ-нің Индустриялық даму комитеті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қол қоятын "Бірыңғай индустрияландыру картасын бекіту туралы" бұйрық жобасын жариялады.

Құжаттағы бір жоба дараланады. Ол – "Қарақия ауданындағы қонақүй кешені" деп аталады. Маңғыстау облысында жүзеге асырылатын жобаның иесі ретінде "Tethys Aktau IV" компаниясы көрсетілген. Statsnet дерегінше, бұл ЖШС Маңғыстау облысының өзінде тіркелген, басшысы Арман Жексенбердіұлы Ниязбеков. ЖШС 10-ға жуық қызметкері бар шағын кәсіпорынға жатады. Демек құрылысты өзі жүргізбей, мердігер, қосалқы мердігерлерді жұмылдыратын болса керек. Ашық дереккөздер бойынша жылдық табысы әзірге 5,7 млн теңгедей ғана. 2021 жыл бойы небәрі 575 093 теңге салық төлепті.

Компания пандемия кезінде, 2020 жылғы 10 желтоқсанда тіркелген. Соның алдында әлеуметтік желіде Бозжырадағы "Азу тісінің" дәл түбінде құрылыс басталғалы жатқаны, ауыр құрылыс техникасы жеткізілгені жөнінде эко-белсенділер дабыл қағып, шу көтерді.  

Соған қарамастан, Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Серікбай Трұмов Бозжыра табиғат қорығының аумағында бәрібір құрылыс жүргізілетінін айтып табандады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа араласуға тура келген: ол Үкіметке халық арасында дау тудырған бұл жобаны қайта қарауды жүктеді.

Жұрттың қарсылығынан, Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін жоба біршама өзгертіліпті. Қонақүй біріншіден, бастапқы эскизінде көрсетілгендей шатқалдың дәл түбінде емес, шамамен 3-4 шақырымдай қашықтықта бой көтермек. Екіншіден, ол кең қанат жайған, көп қатарлы кешен болмайтыны мәлімделді. Үшіншіден, халыққа нысанның нобайы да ұнамады: кеспірсіз, көріксіз ғимарат айналадағы ландшафтпен еш үйлеспей, дөрекі көрінді. Осыған орай жоба иесі оны табиғи қоршаған ортамен көрікті кіріктіріп, әрі қазақы нақыштармен безендіруге сөз берді. Мұны Трұмов та растаған.

Бірақ былтыр қоғамдық талқылауға шығарылған жаңа эскиздерде ұлттық нақыш туралы уәделерін ұмытып кеткені мәлім болды.

Сонымен Индустриялық даму комитеті ұсынған жаңа дерек бойынша бұл жобаны жүзеге асыру нәтижесінде бар-жоғы 132 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Өйткені қонақүй кешені деп дәріптелгенімен және Индустрияландыру картасында ойып орын бергенімен, шынында онда "48 нөмір ғана болатыны" көрсетілген.

Қалай болғанда, "Tethys Aktau IV" ЖШС Бозжыра жанындағы, Қарақия ауданындағы қонақүй кешенін биылғы 2022 жылы іске қосуды жоспарлап отыр.

2021 жылы ел назарына ұсынылған болашақ қонақүй кешенінің жобасында тікұшақ алаңдары, сәнді-салтанатты виллалар қарастырылған.

Қонақүйден ауқатты, мәртебелі меймандар тұмса табиғаттың тылсым ескерткішіне дейін шаршамай жете алуы үшін Бозжыраға дейін жол төсеу ұсынылады. Инвестордың сендіруінше, көрнекті орынға апаратын ыңғайлы жолды жасау және визит-орталық салу – өңірде "ұйымдасқан және ретке келтірілген туризмді" дамытуға жасалған бірінші қадам болады. Бозжыра түбіндегі визит орталықта, жоба авторларының байламынша, келушілер аптап ыстықтан тынығады, қажеттілік туындай қалса, түрлі шұғыл қызметтердің – дәрігердің, құтқарушылардың, басқасының көмегіне жүгінеді, экскурсиялар мен өткізілетін іс-шаралар туралы ақпаратпен таныса алады.

Өйткені осы жерден 362 әулиенің мекені саналатын Маңғыстау өңірінің өзге киелі орындарына, тарихи-мәдени ескерткіштеріне турлар ұйымдастырылады, туристерге жергілікті жұртшылықтың тұрмысымен етене араласып танысуға мүмкіндік беріледі деп күтілуде. Әрине, түйемен, атпен серуендеу, Инстаграм және басқа да әлеуметтік желілер форматында тақырыптық фотосессиялар – олар да болмақ.    

Визит-орталықта кәдесый дүкені ашылады, жергілікті тұрғындар өндірген табиғи өнімдер, азық-түлік саудаланбақ. 

Табиғатқа үйлесімді кірігу үшін қонақүйдің айналасын дуалмен қоршауға рұқсат етілмепті. Әу бастағыдай кешен 50 емес, 48 вилладан тұрады. Барлығы бірқабатты, әрқайсысында екі жатын бөлмесіне дейін болады. Бұл ретте әрбір вилла жеке, жарым-жартылай қоршалады, оның ішінде бассейн және терраса орналасады.

Қонақүй кешені ішінде SPA-орталық, ашық үлкен бассейні бар мейрамхана, sunset-ресторан орын теппек.

Былтыр қоғамдық тыңдау кезінде инвесторлар жобаға қанша ақша салатынын журналистерге айтпаған. Енді ИИДМ комитетінің дерегінше, инвестор жобаға 39 млрд 767 млн теңге инвестиция құюға уәде етіпті. Жалпы елордада бір тұрғын үй кешенін тұрғызуға осыған жетеқабыл қаражат кетеді, алайда әрбір ТК Индустрияландыру картасына қосылмайтыны белгілі.

Сонымен бірге туризм саласын қолдау мақсатында осындай объектілерге мемлекеттен біраз көмек ұсынылады.

Негізі, өткен жылы онлайн және офлайн форматтарда өткен қоғамдық тыңдаулар кезінде пікір білдіргендердің көпшілігі бұл жобаға қарсылық білдірді. Экологтар Қызыл кітапқа енген жануарларды үркітпеу үшін бұл табиғи аумақта ешқандай құрылыс жүргізуге болмайды десе, сәулетшілер мен қоғам белсенділері Бозжыра жанында бір жобаға рұқсат етсе, ертең оның айналасында өзге нысандар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптайды деп алаңдайды. Ал археологтар бұл маң ғылыми тұрғыдан толық зерттелмегенін еске салады. Бұл өлкеде байырғы жануарлардың, тіпті адамзат пайда болғанға дейін жоғалған акулалардың қаңқалары табылады. Биыл сол тұста құрылыс жұмыстары басталса, қаншама құнды тарихи жәдігер бульдозермен қиратылып, сүріле салынуы ғажап емес.

Жаңа Қазақстанның "Бірыңғай индустрияландыру картасына" да азды-кем тоқтала кетсек. Оған жалпы саны 91 жаңа жоба кіріп отыр. Арасында Ақмола облысындағы – өнімділігі жылына тірі салмақта 60 мың тонна бройлер өсіретін Макин құс фабрикасының құрылысы, жылына 120 млн кірпіш шығаратын зауыт, шұжық өндіретін кешен, жылына 50 тоннаға дейін форель және бекіре тұқымдас балықтарды өсіріп, өңдейтін балық фермасы бар.

Ақтөбе облысында – жылына 6 мың тонна биологиялық ыдырайтын пакеттер өндіретін цех, Атырау облысында – жылына 500 мың тонна полипропилен шығаратын газ-химия кешені, жылына 216 мың аспап жасайтын Махамбет есептеу құралдары кәсіпорны, ШҚО-да – Шар қаласының маңындағы жылдық өнімділігі 1,2 млн тонна цемент зауытын қайта жаңғырту, Алматы қаласында – толық циклді темірбетон бұйымдарын өндіру зауыты, елордада – "Тәп-Тәтті" ЖШС-нің кондитерлік фабрикасы, бетон зауыты, үй құрылысы комбинаты, Шымкентте – жылына 500 млн алюминий банкілерін жасайтын кәсіпорын, үй құрылысы комбинаты, жылына 1,4 млн шаршы метр кілем тоқитын кәсіпорын және басқалары жоспарланған.

Толық тізіммен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу