Үкімет букмекерлік кеңселерді жарнамалауға толық тыйым салмақ

2933

Қазақстандықтар жыл сайын букмекерлік кеңселерге 500 миллиардтан астам теңгесін тастап кетеді.

Үкімет букмекерлік кеңселерді жарнамалауға толық тыйым салмақ Фото: inbusiness.kz

Елде ойынқұмарлық эпидемияға айналып кеткенін inbusiness.kz бұған дейін де жазды. Адамдар букмекерлік ұйымдарға, олардың онлайн казиноларына ақша салу үшін қолындағы меншігін, баспанасын, көлігін, басқасын сатады. Қылмысқа, ұрлыққа, тонауға барады. Көбісі бәс тігу үшін банктерден және микроқаржы ұйымдарынан тұтынушылық кредит алады.

Сарапшылардың бағалауынша, елде осы жылдары кем дегенде 350 мыңнан астам адам шамамен 3,5 триллион (миллиард емес, триллион) теңге несие алып, оны букмекерлік кеңселерге табыстаған.

Бәс тігуден ылан-ойран табысқа кенеліп, миллионер болғандар туралы қоғам естімепті. Керісінше, ел арасында ойынқұмарлыққа салынып, барынан айрылғандар, отбасын ойранғандар, түрмеге түскендер жетерлік. Сарапшылардың айтуынша, Бурабай мен Қонаев өңіріндегі казиноларға тек ақшасы көптер барады. Ал букмекерге студент те бас сұғады. Осыдан-ақ көп нәрсені ұғуға болады.

Тіпті сол кеңселерде кассаларда отырып, елден бәс қабылдайтын қыз-жігіттердің біразы ойынқұмарлық дертіне шалдыққаны айтылып жүр. Олар жалақысын, тапқанын бірден бәске салып, ай бойы еңбекақысыз жұмыс істейтін көрінеді. Тіпті құмар ойындар өрісіне алғаш аяқ басқандарға кассадағылар өздерінің де ойнайтынын дәйек ретінде келтіріп, насихаттайды екен.

Мәдениет министрлігі төбе шашты тік тұрғызатын дерек келтірді: әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, Қазақстандағы айрылысқан 10 жұптың 7-уі сыңарының ойынқұмарлыққа салынуы салдарынан да ажырасады екен.

Республикада бәс тігуге қажетті қаражат табу үшін қылмыс жасау белең алды. Бас прокуратураның мәліметінше, 2022 жылы тіркелген 157 мыңнан астам қылмыстың 20%-дан немесе 31 мыңнан астамы құмаройындар негізінде жасалған.

Сонымен қатар, статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2022 жылы болған 3 676 суицид фактілерінің әрбір бесіншісін құмаройынға салынған адамдар жасаған.

Осының бәрі Қазақстанда букмекерлік кеңселердің қызметіне толық тыйым салып тастауға негіз бола алатын еді. Мысалы, бір рет лаңкестік акті жасаған ұйымдарға тыйым салынады ғой. Бірақ биліктің биік жағында тірегі мықты болса керек, Үкімет букмекерлерге қарсы мұндай тегеурінді, батыл қадамға бара алмай келеді.

Бұл ретте ең құрыса, Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған бастама келісімнен өткізу барысында министрліктер тарапынан, немесе қабылдау барысында Парламент тарапынан бұғатталмай, өмірге жолдама ала алса, құба-құп.

Мәдениет және спорт министрлігі не ұсынды?

Бұған дейін inbusiness.kz букмекерлік кеңселердің БАҚ пен интернеттегі жарнамасына заң жүзінде толық тыйым салуға Асхат Ораловтың командасының батылы жетпегенін сынаған болатын.

Мәдениет және спорт министрлігі бұл олқылықты түзетіпті.

Сонымен, мемлекетте ойын бизнесі қызметтеріне тыйым салынбағанын ескеріп және халық арасында өршіген әлеуметтік шиеленісті төмендету мақсатында министрлік букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың жарнамасына қатысты келесі өзгерістерді ұсынды:

Біріншіден, букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың көшедегі сыртқы, көрнекі жарнамасына тыйым салынады. Бұл тыйым тек құмарханалардың орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың жабдықтарында, киімдерінде орналасқан жарнамаға, логотипке таралмайды.

Екіншіден, көлік құралдарында букмекерлік кеңселерді, тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынады.

Үшіншіден және ең бастысы бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде газеттер мен журналдарда, телевизиялық бағдарламаларда, радиоарналарда, интернетте, әлеуметтік желілерде, кинода, бейнероликтерде және анықтамалық қызмет көрсетуде букмекерлік кеңселерді, тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынады.

Осының арқасында қаптаған блогерлердің де оларды насихаттауына тосқауыл қойылуға тиіс.

Бірақ министрлік толығымен спорттық оқиғаларды жариялауға мамандандырылған коммерциялық және ұлттық спорттық телеарналарда, радиоарналарда және интернет ресурстарда оларды жарнамалауға рұқсат етпек.

Төртіншіден, жарнамада тек тауар белгісінің атауы, элементтері, орналасқан жері, букмекерлік кеңсенің және тотализатордың интернет-ресурсы ғана көрсетіледі.

Бесіншіден, рұқсат етілген мамандандырылған арналар мен сайттарда және ғимараттар ішіндегі бейнероликтерде паш етілетін жарнамаларда танымал спортшылар мен жаттықтырушылардың, актерлердің, музыканттардың, саясаткерлердің, блогерлердің, журналистердің, модельдердің букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауына тыйым салынады.

Осы арқылы табысты адамдардың бейнелерін және олармен байланысты бай өмірдің атрибуттарын – қымбат машиналарды, үйлерді, яхталарды және басқасын жарнамада пайдалануға жол берілмейді.

Бұл өзгерістер министрлік әзірлеген заңнамалар пакетінде көрініс тапты. Топтама арасында "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және басқа жаңа заң жобалары бар.

Егер Үкімет пен Парламент заң жобаларын қолдаса, онда "ойын бизнесі туралы заңнамасының ережелеріне сәйкес келмейтін букмекерлік кеңсенің, тотализатордың жарнамасын таратқаны, орналастырғаны үшін" жаза енгізіледі.

Атап айтқанда, осы тыйымдарды айналып өтіп, аталған ресурстарда жарнамасын орналастырған букмекерлік ұйымдардың лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру ұсынылып отыр.

Бұған қоса, орта кәсіпкерлік субқектілеріне – 300, ірі кәсіпкерлік субқектілеріне – 1 мың айлық есептік көрсеткіш (3 450 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынбақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу