Үкімет бюджет шығынын аурухана мен балабақша есебінен қысқартпақ

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
19060

Кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктен қалай табыс табатынын, сондай-ақ, бюджет шығынын қалай қысқартуға болатынын қаржы министрі баяндады.

Үкімет бюджет шығынын аурухана мен балабақша есебінен қысқартпақ Фото: tengrinews.kz

Әлеуметтік нысандарды жеке кәсіпкерлерге беру нәтижесінде республикалық бюджет үнемделеді. Үкімет өз меншігіне 7 мың нысанның ішінен тек 1,4 мың кәсіпорынды қалдыруды жоспарлап отыр. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бұл жоспарды үкімет отырысында мәлім етті.

Қазір мемлекет меншігінде акционерлік қоғамдар (АҚ) мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден (ЖШС) тұратын 7 мыңнан астам кәсіпорын бар. Мемлекеттік активтерді жекешелендіру кәсіпорындарды қайта құру, тарату немесе жекеменшікке беру арқылы екі кезеңде өтеді. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, алғашқы кезеңде мекемелер саны 1136 нысанға қысқарады. Оның ішіндегі 408 нысан бағдарлама кестесінде көрсетілген, ал 105 нысанды осы кестеге қосымша қосу ұсынылып отыр. 380 нысан қайта құрылады да, 243 нысан таратылады.

"Алғашқы жартыжылдықта жақсы деген нысандар саудаға шығарылады, оның тізімі "Атамекен" палатасының ұсынысы негізінде жасалады", – дейді қаржы министрі.

Екінші кезең (2017-2019 жылдар)

Жекешелендірудің алғашқы кезеңінен кейін мемлекет меншігінде 5991 нысан қалады. Бұл активтердің негізгі үлесін балабақшалар (41%), колледждер, емхана және ауруханалар (13%), сондай-ақ, музейлер, мәдениет үйлері мен театрлар (15%) құрайды. Қалған мекемелер – табиғи монополия, БАҚ, ветеринарлық зертханалар.

"Жекешелендірудің екінші кезеңінің тізіміне кіретін мекемелердің жылдық табысы 1,4 трлн теңге (оның ішінде бюджеттен 1 трлн теңге). Табыс едәуір болып көрінеді, алайда, аталған нысандардың бизнеске немесе өндіріске қатысы жоқ", – дейді қаржы министрі.

Демек, мемлекет үшін бұл шарасыз шығын (тегін медициналық көмектің кепілді көлемі, жоғары оқу орындарында оқу гранттары, балабақшаларды қаржыландыру) болады.

"Оларды коммерциялаудан кейін одан әрі мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке беру – жеке бизнесті жандандыруы мүмкін. Бұл жұмыс екінші кезеңде іске асады. Соңғы екі-үш жылда мекемелердің саны тағы 4,5 мыңға қысқарып, 1393 болуы керек", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Әзірге мемлекет меншігінде тұрған нысандар жекешелендіру бағдарламасының (2017) екінші кезеңінде сенімгерлік басқаруға сатылады немесе беріледі. Бүгінгі күні 94 мекемені сату құқынсыз сенімгерлік басқаруға беруге әкімдіктермен келісім жасалған. Бұдан басқа, жылдық айналымы 66 млрд теңге (оның 28 млрд теңгесі мемлекеттік тапсырыс есебінен өндіріледі) болатын 105 нысан сатылады.

"Бұл – ауыл шаруашылығы өндірісі, баспа, туризм, спорт, тұрғын-үй коммуналды шаруашылық, сәулет нысандары. Мұндай кәсіпорындар бизнес үшін тартымды болады, себебі, олардың қызмет түрі нарықта бар", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Жоғарыда аталған нысандарды "бәсекелестік ортаға" бермес бұрын оларды дайындау керек. Яғни, жоғары оқу орындарын реформалап, кей мекемелерді олардың қызметіне тиімді тариф жасау есебінен коммерциялау керек. Сондай-ақ Бақыт Сұлтанов бұрын жекешелендірілген балабақшалардың мемлекет меншігіне қайта алынғаны туралы келеңсіз тәжірбиені еске салды.

"Атамекен" палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов әлеуметтік нысандарды мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке (МЖӘ) беру рәсімін жеңілдетуге ұсыныс жасады.

"МЖӘ туралы заңда мекемелердің деңгейі, яғни, шағын мекемелер 150 мың АЕК-ке дейін, орта мекемелерді 500 мыңнан 4 млн АЕК-ке дейін, ірі мекемелер 4 млн АЕК-тен астам деп заңды түрде бекітілуі қажет. Бұл шағын және орта нысандарды жекеменшікке беруді жеңілдетіп, тұжырымдаманы әзірлемей-ақ беруге мүмкіндік береді. Біздің өңірлерде жүргізген сауалнамамыз шағын нысанды сатып алуға деген қызығушылық бар екенін көрсетті.

Бірақ, жеке кәсіпкерлік пен шағын кәсіпорындар үшін жекеменшікке алу рәсімі кезінде МЖӘ-ге тұжырымдама дайындау қиындық туғызады. Балабақша сияқты нысандарды жеңілдетілген кесте бойынша сенімгерлік басқару арқылы сатуға болар еді", – деп өз ұсынысын білдірді Абылай Мырзахметов.

Сонымен бірге, жекешелендірудің екінші кезеңінде жаңа ұйымдастыру түрі – бюджеттік мекеме енгізіледі. Оның талаптарын ұлттық экономика және қаржы министрлігі "Атамекен" КҰП-пен бірге әзірлейді. Жаңа ұйымдастыру үлгісінің талаптарына кірмейтін мекемелер бәсекелестік нарығына беріледі. Қаржы министрі бизнестің балабақшаларды сенімгерлік басқаруға алуға қызығушылық танытып отырғанын мысалға келтірді.

Жоғары оқу орындарына қатысты айтсақ, оның 32-сі коммерциялық және коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылады. Бұл жұмыс 2017 жылы басталады. 2020 жылы қосымша акцияларды шығару арқылы жеке капитал тартылады. Білім беру туралы заңға тиісті өзгеріс енгізілгеннен кейін колледждер 2018 жылы ірі кәсіпорындар мен университеттерге сенімгерлік басқаруға беріледі. 2017 жылдан бастап 6 медициналық жоғары оқу орны стратегиялық серіктестер арқасында менторлық бағдарламаға ілігеді.

2017-2020 жылдар аралығында сенімгерлік басқаруға 124 емхананы беру жоспарланып отыр.

Жекешелендірудің екінші кезеңін іске асыру мемлекет мүлкі, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да құқықтық актілер туралы заңға түзету енгізуді қажет етеді. Сонымен бірге, үкіметтің мемлекеттік активтерді жекешелендіру туралы қаулысына толықтыру енгізіп, бұл тізімге сатуға қойылатын жаңа нысандарды қосу керек болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу