Ұлттық палата ұсыныстардың ақырғы пакетін үкіметке көктемде ұсынбақ.
"Ең бірінші өзіміздің тауарымызды өзіміздің нарықта қалай сататынымызды ойластырып алғанымыз жөн. Мысалы Түркия, Германия және басқа елдердің өз тауарларын біздің нарыққа енгізу үшін осы жерде өздерінің сауда орталықтарын, тауар өткізу жүйесін ашып жатқанын көріп отырмыз. Тура осыны біз де шетелде жасауымыз керек. Яғни осындай эконом санатындағы сауда желісін ашуға мүмкіндігі барларға қолдау көрсетуіміз керек. Әлем күнде өзгеріп жатыр. Жаңа форматтар пайда болып, бізде жоқ биржалық, электронды сауда дамып келеді. Осының барлығы заңмен реттелмеген. Қазір біздің ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп әзірлеп жатқан бағдарламамызда дәл осы жаңа тұстар, яғни мұның дамуы үшін мемлекет не істеді, кәсіпкерлер және барлық өзара міндетті тараптар не істеуі керек екені көрсетілген", – дейді "Атамекен" палатасы басқарама төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.
Ретейлді дамыту үшін жер телімі, инфрақұрылым мен логистика, мемлекеттен арзан несие түріндегі қолдау және қайтымы бар міндеттемелі айналымдағы қаражатты қаржыландыру қажет. Бұл сауда желілері, бірінші кезекте, отандық өнімді сатуы керек дейді Нұржан Әлтаев "Атамекен" КҰП президиумының сауда комитеті отырысында.
"Жұмыс жарты ай бұрын басталды. Қазір сауданы отандық өндірушілермен, фермерлермен, азық-түлік емес нарық операторларымен біріктіру мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұл мәселеге қатысты нақты нәтиже де бар... Кез келген инвестиция, мемлекет тарапынан жасалған субсидиялаудың барлығы жұмыс орнын құру, үлкен түсім параметрлері, табыс, салық түсімі түрінде қайтарылуы керек. Біз мемлекеттік сауданы біржақты субсидиялау туралы айтып тұрған жоқпыз. Біз сауданы айтарлықтай адами ресурстар іске қосылған бәсекелестік сектор ретінде айтып отырмыз", – дейді КҰП президиумының сауда комитеті төрағасы Қайрат Мәжібаев.
Әзірлеушілердің айтуынша, жоба сауда кәсіпорындарын қаржылық қолдау мәселесін қарастырады:
- несие бойынша сыйақы мөлшерлемесінің жартысын субсидиялау;
- сауда жабдықтарының лизингі мөлшерлемесін субсидиялау;
- ЕДБ/даму банкі несиесі бойынша жартылай кепілдендіру;
- шағын сауда кәсіпорындарына мемлекеттік гранттар беру;
- сауда саласында жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген шағын несие бару;
- сауда кәсіпорындарының отандық өндірушілердің тауары үшін сөрелік кеңістік ұсынудағы шығынын субсидиялау ұсынылып отыр.
КҰП сауда ұйымдарын инфрақұрылымдық және сервистік қолдау, экспорттық бағдарды дамыту, сауда саласын кадрлармен қамтамасыз етуді жақсарту, биржалық және электронды сауданы дамытуды енгізу қажеттілігі туралы сөз қозғады.
Сондай-ақ кәсіпкерлердің ұлттық палатасы ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, көтерме-үлестіруші орталық құруға қатысты мәселені қарастырып жатыр. Елдегі сауда желісіндегі өнімдерді сақтау қуаты өндірушілер ұсынатын көлемді игере алмайды.
"Шаруалар отандық сауда желісінің сөрелерінен орын ала алмайтынын үнемі айтады. Оларға бұл жерде ретробонустар кедергі болып отыр. Сол себепті сауда желісі өкілдері мен шаруаларды бір үстел басына жинадық. Содан сауда желісі өздеріне не қажет екендігінің басын толық ашып алды. Олар шаруалармен келісімшарт жасауға және күздегі өнімдерінің барлығын сатып алуға дайын екенін айтты. Алайда шаруалар өнім отырғызылып жатқандықтан қазір жеткізе алмайтынын айтты. Күз келіп, астық пісті. Ал олар барлығын базарға сатып жіберген. Бізде неге деген сұрақ туындады. Сөйтсек бұған екі мәселе себеп болған. Біріншісі, сауда желілерінде тауарды ұзақ уақыт сақтайтын қоймасы, сақтайтын орны, тоңазытқыштары жоқ болып шықты. Яғни олар шаруалардан үлкен көлемде өнім сатып алуға дайын емес. Олардың ұсынысы бойынша шаруалар әрбір 3-4 күн сайын өнімді әкеліп отыруы керек. Ал бұл шаруаларға тиімсіз. Өйткені бұл үлкен шығын", – дейді "Атамекен" КҰП басқармасы төрағасының орынбасары.
Екінші мәселе салық салуға қатысты болды. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өнімді базарда сатқан тиімді. Өйткені олар қолма-қол төлем жасайды. Бұл жерде салық салудан құтылып кетуге болады. Көтерме-үлестіруші орталықтар құрылса, шаруаларға өнімді сауда желілеріне жеткізу тиімді болады.
КҰП мұндай көтерме-үлестіру орталықтарының иесі тек жеке құрылымдар-ретейлдер, шаруалар немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері болуы керек дейді.
Динара Қуатова