Үкімет "форс-мажор жағдайлар мен кризистік ахуалға" әзірленіп жатыр

1461

Бұл мемлекеттік сатып алулар саласына реформа жүргізуді талап етеді екен.

Үкімет "форс-мажор жағдайлар мен кризистік ахуалға" әзірленіп жатыр

Атап айтқанда, Қаржы министрлігі шенеуніктерге тендерде нақты бір брендтің тауарын талап етуіне рұқсат етпек.

Шенеуніктер заңнамасын шетсіз-шексіз қайта қарап, жұлмалай беретін екі сала бар, оның бірі – салық салу болса, екіншісі – мемлекеттік сатып алу секторы. Әділет министрлігінің "Заңнама және құқықтық ақпарат институтының" талдамалық анықтамасына жүгінсек, 2016-2021 жылдар кезеңінде "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңының баптарының 70%-дан астамы өзгертілген екен.

Салдарынан ондағы нақты ойын ережелерін былайғы жұрт түгіл, ұдайы тендерлерге қатысатын бизнесмендер де нақты білмейді, жаңылып бітті. Мұны алаяқтар пайдаланып жүр. Олардың бірі заңнамадағы олқылықтарды қажетіне жаратып, кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алуда жеңімпаз шығуға көмектесуді ұсынса, енді бірі бұқара арасында майшелпек тендерлерге қаржы салып, табыс табуды жарнамалауда.

Бірақ алда бұл саладағы мәселелер одан сайын көбейе түсуі мүмкін. Себебі, Үкімет министрліктер мен әкімдіктерге тендерге қатысты төл шешімдерін, нормативтік құқықтық актілерін тіпті Әділет органдарында мемлекеттік тіркеусіз-ақ қабылдауға рұқсат етпек.

Осы мақсатта Қаржы министрлігі "Мемлекеттік сатып алу туралы" заң жобасын әзірлеп жатыр. Оның консультативтік құжаты қоғамдық талқылауға шығарылып, мүдделі ұйымдардың қарауына жіберілді. 

Үкімет басшысының орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың командасы саладағы ойын ережелерін түбегейлі өзгертуі мүмкін бұл қадамның қажеттілігін бірнеше фактормен түсіндіреді. Біріншіден, мемлекеттік сатып алу рәсімдері шамадан тыс реттелген және нақтыланған. Екіншіден, заң тез өзгеріп жатқан жағдайға икемді емес.

Үшіншіден, ел Президентінің 2022 жылғы 13 сәуірдегі "Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы" жарлығымен Үкіметке заманауи сын-қатерлерге, форс-мажорлық жағдайларға және дағдарыстық ахуалға жедел ден қоюға сақадай сай болу жүктелген.

"Қандай да бір сатып алуды жедел жүзеге асырудың мүмкін болмауы тапсырыс берушінің мемлекеттік функцияларын не жарғылық қызметін орындауына қауіп төндіреді. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларымен реттелген. Соған қарамастан, тәжірибе көрсеткендей, осы қағидаларға шұғыл түрде түзетулер енгізу мүмкін емес. Өйткені саланы реттейтін тікелей және нақты нормалар көбіне заңда көзделген, соны өзгерту қажет. Ал бұл саладағы аяқ астынан туындаған нақты проблемаларды тез шешуге кері әсер етеді. Мысалы, 2020 жылы пандемия басталғанда аталған заңдағы нақты және тікелей талаптар елге бірінші кезекте қажетті тауарларды жедел сатып алуға мүмкіндік бермеді. Сондықтан Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасымен Дағдарыс жағдайы кезеңінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың арнайы тәртібін қабылдады", – деп дәйектеді Қаржы министрлігі.

Ведомствоның түсіндіруінше, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін әртүрлі пилоттық жобалар іске асырылуда. Олар қандай да бір тауарды не қызметті сатып алудың тәртібін реттейтін жекелеген нормаларды қабылдауды қажет етеді. Әрі кейбір талаптар заңда көзделмеген екен. Бұдан бөлек алда алмағайып замандар болуы ықтимал, заңнама соған да дайын болғаны жөн деген дәлел алға тартылып отыр.

"Сонымен қатар әлемдегі экономика мен геосаяси жағдайдағы күрделі жаһандық өзгерістер ел экономикасының барлық секторында жедел шешімдерді барған сайын көптеп қабылдауды талап етуде. Ал құқық қолдану тәжірибесі көрсеткендей, заң деңгейінде егжей-тегжейлі регламенттелген сатып алуларды өткізу мерзімдері ұзаққа созылады. Бұл тапсырыс берушілердің, яғни меморгандардың қызметіне кері әсер етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, өзекті сын-қатерлерге, форс-мажорлық жағдайларға және дағдарыстық ахуалға жедел ден қою, жүктелген міндеттерді іске асыру үшін меморгандарға нормативтік құқықтық актілерді жылдам қабылдау құқығы ұсынылуға тиіс. Бұл мақсатта олардың құзыреттері, функциялары, өкілеттіктері заңнамалық деңгейде басыартық, шамадан тыс нақтыланбауы керек. Сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың ерекше тәртібі енгізіледі, соның ішінде НҚА-ларды мемлекеттік тіркеусіз қабылдауға мүмкіндік беріледі", – делінген министрліктің заң жобасына қатысты талдауында.

Тендер арқылы контрафакт өнімдер жеткізіледі

Бұрынғы жылдары Үкіметтегі шенеуніктер мен өңірлердегі әкімқаралар тендердің талаптарын нақты бір жеткізушіге лайықтап құратын. Мысалы, көлік сатып алса, конкурстық талапта жеткізушілер Land Cruiser Prado ұсынуға тиістігін ашықтан ашық көрсететін. Немесе атын атамағанымен тек соған ғана тән сипаттамаларды енгізетін. 2015 жылғы жаңа заңда мұның бәріне тыйым салынды. Атап айтқанда, заңға сәйкес, тауар белгілерін, қызмет көрсету белгілерін, фирмалық атауды, патенттерді, пайдалы модельдерді, өнеркәсіптік үлгілерді, тауар шығарылған жердің атауын және өндірушінің атауын, бұдан бөлек, сатып алынатын тауардың, жұмыстың, қызметтің жекелеген әлеуетті өнім берушіге тиесілігін айқындайтын өзге де сипаттамаларды конкурстық, аукциондық құжаттамада, сатып алу туралы ақпаратта көрсетуге тыйым салынды.

Үкімет енді лоббиге қойылған осы тежеу мен шектеуден арылудың амалын қарастыруда. 

"Сапаға кері әсер ететін фактілердің бірі – сатып алынатын тауарлардың брендтерін көрсетуге тыйым салу болып отыр. Бұл барлық функционалдық параметрлері бойынша техникалық спецификация талаптарына сәйкес келетін, алайда іс жүзінде тез істен шығатын, не жарамсыз болатын сапасыз, контрафактілі өнімдерді жеткізуге соқтырды. Осыған байланысты сатып алу объектісінің сипаттамаларын сипаттаудың басқа дәл әдісі болмаса, онда тапсырыс берушілерге бұдан былай тауарлардың нақты фирмалық атауын көрсетуге құқық беру ұсынылады. Бұл ретте сипаттама "немесе оның баламасы, аналогы" деген сөздермен міндетті түрде толықтырылады. Бұл тәсіл бір жағынан контрафакт өнімді сатып алу фактілерін жоюға, екінші жағынан сапалы тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді", – деп хабарлады қаржы ведомствосы.

Заң жобасын талқылауға қатысқан бірқатар сарапшы бұл қадамдар елде жемқорлықтың өрістеуіне ықпал ететініне назар аудартқан. Қаржы министрлігі бұл тоқтаммен келіспейді. Себебі Қазақстанда тендерлерге қатысты жоспарлаудан бастап төлемге дейінгі барлық рәсімдер электронды форматқа ауыстырылды. Камералдық бақылау және электрондық шағым беру енгізілді. Мемлекеттік сатып алу жүйесін толық цифрландыруға байланысты сатып алудың толық ашықтығы мен айқындығы қамтамасыз етіліпті.

Global Data Barometer мемлекеттік сатып алулар деректерінің қолжетімділі бойынша әлемдік рейтингінде Қазақстанның электрондық сатып алу жүйесі 3-орынға шыққан көрінеді.

Рейтинг демекші, жаңа заң қабылданса, онда Қазақстан бұл салада рейтингтік жүйеге көшпек. Яғни, соның ұшар басына шыққан өнім мен қызмет жеткізушілер тендерлерде үнемі жеңіп отыруы ықтимал.

Осы мақсатта Жамаубаевтың командасы тендер жеңімпазын төмен бағасына қарай таңдаудан аулақтап, өнім берушінің біліктілігі, сенімділігі мен бедел, репутациясы сияқты сапалы критерийлерге ауыспақ.

Ал қандай компания беделдірек әрі адалырақ екенін құлтемір шешеді: мұны мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінің деректерін кеңінен қолдану арқылы веб-портал автоматты түрде айқындайтын болады. Бұл үшін тіпті Big Data қолданылатын көрінеді.

Министрліктің түсіндіруінше, "Үлкен деректердің көмегімен веб-порталда әлеуетті өнім берушілердің рейтингі қалыптастырылады".

Рейтингті құру үшін мемлекеттік сатып алуларға қатысушылардың біліктілігін, сенімділігі мен беделін соған арналған индикаторлардың тізбесі бойынша бағалап, тиісті балл беру ұсынылады. Мысалы, ол индикаторлардың бірі компаниялардың штатында білікті мамандардың жұмыс істеуі болмақ. Бұл көрсеткішті салық органдары компанияның еңбек ақы төлеу қорының көлемін тексеру арқылы растайды. Сонымен бірге ол қызметкерлердің БЖЗҚ-дағы жинағына компаниядан зейнетақы жарналарының үнемі түсіп тұруы қадағаланады. Мұнда өнім жеткізушілердің еңбекақы қоры неғұрлым көп болса, аталған индикатор бойынша берілетін балл да көп болады екен. Соңғы жылдары елде кері процесс басталғаны мәлім. Компаниялар штатты қысқартып, персоналды аутстаффинг пен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде жұмыс істеуге белсенді көшірді. Жаңа талап сол кесірлі үрдісті тоқтатып, штатта, яғни әлеуметтік қорғалған жағдайда еңбек ететін қазақстандықтар санының артуына ықпал етеді деген үміт бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу