Үкімет Қаныш Сәтбаевтың мұрасына ерекше статус беруден бас тартты

11554

Депутаттар шенеуніктердің неге алдап отырғанын түсіне алмай әлек.

Үкімет Қаныш Сәтбаевтың мұрасына ерекше статус беруден бас тартты Фото: e-history.kz

Биыл еліміз қазақ ғылымының бастауында тұрған академик, Қазақстанның Ғылым академиясының негізін қалаушы және тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын атап өтуде.

Ол Қазақстанның металлогения мектебінің іргетасын қалады, отандық ғылым мен техника дамуының көшбасшысы болды, геолог ғалым ретінде бүгінде мемлекет игілігін көріп отырған көптеген ірі кен орындарының ашылуына үлес қосты. Сондай-ақ көп жылын Қазақстанның шөлейтті даласын суландыратын жобаларды жүзеге асырды.

Осының бәрі оның мұрасына айрықша құрмет көрсетіп, ғалымды кең ұлықтауға лайық. Бірақ шенеуніктер мемлекеттік деңгейде академиктің мерейтойын елеусіз қалдырды. Осы орайда Мәжілістің бір топ депутаты – ЖСДП, AMANAT, Қазақстан халық партиясы, "Respublica", "Ауыл" партияларының фракциялары және бір мандатты депутаттар бастама көтеріп, Үкіметке жүгінген. Онда олар Үкімет басшысынан "Сәтбаев атындағы каналға ерекше объект статусын беріп, оны заң деңгейінде бекіту туралы дереу шешім қабылдауды" сұрады.

БҰҰ мойындауынша, бұл арна – Қазақстанның біраз өңірінің жұртшылығын, өндірістік нысандарын және ауыл шаруашылығын кәусармен қамтып отырған бірегей суару-суландыру каналы болып табылады. Қаныш Сәтбаев каналы ел халқының үштен бір бөлігінен астамын сумен, жылумен және электрмен қамтамасыз етіп келеді.

Алайда, мамандар бүгінде оның жағдайы өте нашар екенін айтып, дабыл қағуда. Сорғы станциялары тозған. Нығайтушы құрылыстары күйрей бастады. Сорғылары, басқа да жадбықтары негізінен өткен ғасырда, кеңес заманында жасалғандықтан жаппай бұзылу қарсаңында тұр, оларды жөндеуге запастық детальдары жоқ, бұрынғы кеңестік зауыттар енді ондай қондырғыларды жасамайды.

Мемлекет басшысы Қ.Сәтбаев атындағы каналдың техникалық ахуалының қиын екеніне назар аудартып, Үкіметке оған ерекше назар аударуға 2022 жылы тапсырма берген болатын.

Өйткені "Қазсушар" РМК-ның "Қаныш Сәтбаев атындағы Канал" филиалы оны реконструкциялау және модернизациялау үшін 2024-2028 жылдарға арналған, 74 миллиард теңге тұратын ауқымды инвестициялық бағдарламаны әзірледі.

Су ресурстары және ирригация министрлігі біраз ойлана келе, канал объектілерін реконструкциялаудың, жаңғыртудың және техникалық қайта жарақтандырудың жол картасын бекітті. Онда бағдарлама бюджеті салмақты қысқартылып, 61,5 миллиард теңгеге түсіріп тасталды. Бірақ депутаттардың дерегінше, іс сол бойы ілгері жылжымаған.

Сондықтан мәжілісмендердің байламынша, егер бұл каналға заң жүзінде ерекше мәртебе берілсе, оны қаржыландыруға кең жол ашылар еді.

Бірақ бұдан Үкіметтің үзілді-кесілді бас тартқаны белгілі болды. Бұл шешімге Мәжіліске хатында түсініктеме берген Премьер Олжас Бектенов кезінде Сағынтаев қабылдаған Үкіметтің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы №933 қаулысына сәйкес, "Ерекше стратегиялық маңызы бар, оның ішінде жалға және сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін су шаруашылығы құрылыстарының тізбесі" бекітілгенін, оның ішінде сөз болып отырған каналдың да барын алға тартты.

"Бұл статусқа ие су шаруашылығы құрылыстарын Ішкі істер министрлігінің арнайы күзет қызметтері күзетеді. Оларға бөгде адамдардың, рұқсат етілмеген автокөліктің кіруіне тыйым салынған. Бұған қоса, аталған статус канал объектілерін басқа тұлғаларға жалға немесе сенімгерлік басқаруға беруді болдырмайды. Көрсетілген шаралар каналдың су шаруашылығы құрылыстарының инженерлік-техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осыған байланысты каналға ерекше объект деген қосымша мәртебе беріп, оны заң жүзінде бекітуді орынсыз деп санаймын!" – деді Премьер Олжас Бектенов.

Бұл жерде Үкімет қаулысының өзінде "жалға және сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін" деген сөз бар. Ендеше стратегиялық маңызы бар деген статусы оған еш қорған бола алмауы мүмкін. Өйткені ұқсас мәртебеге ие әуежайлар кейінгі жылдары жаппай жекешелендіріліп жатыр. Депутаттар үкіметтегілердің елді әдейі жаңылыстырып отырғанын байқапты.

"Біздің ойымызша, шенеуніктер не проблеманың байыбына тереңдегісі келмейді, немесе барлық жұртты ашықтан ашық алдап отыр. Атап айтқанда, Мәжілісте жаңа Су кодексі жобасының тұсауы кесілгенде, Үкімет бізге, депутаттарға, Сәтбаев атындағы каналдың стратегиялық объектілер тізіміне кіретінін мәлімдеді. Мен 2008 жылғы 30 маусымдағы №651 қаулымен қабылданған және 2023 жылғы 31 қазандағы №954 қаулымен өзгертілген стратегиялық объектілердің тізімін әдейі зерттедім. Бірақ ондағы бірде бір жолда Сәтбаев арнасы айтылмаған. Біз сонда бұл өтірікті қашанғы тыңдай береміз?", – деді Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова.

Қазіргі басшылардың қырсыздығы кесірінен қирай бастаған канал шынымен де қазақтың ұлы ғалымының ұлық мирасы болып саналады. 1940 жылдардың соңында Қаныш Имантайұлы бастаған қазақ зерттеушілері Орталық Қазақстанда су тапшылығы болашақта қатты ушығуы мүмкін екенін түсініп, оған жол бермеудің әдіс-тәсілін қарастыра бастайды. Өйткені бұл салмақты проблема зұлмат нәубетке соқтырып, Қазақстан орталығының халықсыз босап қалуына соқтыруы ықтимал еді.

Қазақстан территориясында 2 174 өзен ағып жатыр, әйтсе де, оның ішінде ірілері санаулы: Ертіс, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле сияқтылары. Соның ішінде барлық өзендердің 5,5%-ы ғана Орталық Қазақстанның үлесіне тиеді. 1949 жылы ғалым-энергетик Шафик Чокин Ертістің суын Орталық Қазақстанға лақтыруға болатынын айтып, шешімін ұсынды. Мұны қызу қолдаған академик Қ.Сәтбаев соны жүзеге асыратын каналдың жобасын ілгерілетуге бар беделін салды, оның қажеттілігін Кеңес одағының жоғарғы инстанцияларында қорғап шықты.  

1959 жылдың жазында Қаныш Сәтбаев бұл мәселені КСРО Мемжоспарының күн тәртібіне қойып, оның құрылысын жетіжылдық жоспарына енгізуге қол жеткізді. Оның еңбегіне құрмет ретінде Ертіс–Қарағанды каналы қазіргі кезде Қаныш Сәтбаев атымен аталады. Қазақтың көрнекті ғалымдары 75 жыл бұрын байыбына бара алған ақиқатты қазіргі Үкіметтің түсіне алмағаны қайран қалдырады: канал қирап, сусыз қалса, Орталық Қазақстаннан халық босып, өңірлер бейбіт заманда елсіз қалмай ма?

61,5 млрд теңгенің іс-шараларын қамтитын, әлгінде айтылған 2024-2028 жылдарға арналған жол картасы Сәтбаев арнасының апатсыз жұмыс істеп, кезең-кезеңмен жаңғыртылуын қарастырады.

Су ресурстары министрлігі мамандар мен депутаттардың мазасы қашатын жөні бар екенін жасырмады. Ұзақ жылғы үздіксіз эксплуатациялау салдарынан, қазіргі уақытта каналдың 22 сорғы станциясы, негізгі өндірістік қорлары және барлық жабдықтары 70%-ға тозған. Ар жағында шашылып қалу қалды.

Қаржысы қысқартылған жол картасы тек 14 сорғы станциясын және 19 бірлік сорғы агрегаттарын реконструкциялауды және модернизациялауды қарастырады.

Онда жұмыстар неге сол бойы басталмады?

Премьердің түсіндіруінше, әлі күнге жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы күзде Үкімет республикалық бюджетті қысқарту үшін нақтыланған бюджет жобасымен Мәжіліске келмек. Салдарынан, "құжаты дайын емес" деген сылтаумен Сәтбаев каналын жөндеу тағы кейінге ысырылуы мүмкін.  

Арна мүлдем жайрап қалып, бірнеше өңір жарықсыз, жылусыз және сусыз қалмауы үшін "Қазсушар" мемкәсіпорны өз қаржысы есебінен 2024 жылы "КРУ-6 кВ, басқару панелдерін және НС №1, НС №8 және НС №14 байланыс кабелдерін реконструкциялау" жобасын қолға алды. Оған 2,2 миллиард теңге жұмсамақ.

Сондай-ақ "НС №7, НС №17, НС№ 20, НС №21, НС№ 22 басқару панелдерін жөндеу" жобасының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 85 миллион теңге қажет екен. Ол ақша халық пен бизнестің қалтасынан алынады: тариф арқылы өндіріледі.

Жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстарына 2025 жылдан бастап үш жыл ішінде 8,5 млрд теңге талап етіледі.

"Жабдықтар мен техникаларды сатып алуға керекті шамамен 10 миллиард теңге 2024 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде бюджеттік заңнамамен бекітілген тәртіппен қарастырылатын болады. Тұтынушыларға су жіберу үшін каналдың тәулік бойы жұмыс істейтінін ескере отырып, оның үздіксіз қызмет етуін қамтамасыз ету мақсатында подстанциялардың электр техникалық жабдығын реконструкциялау кезең-кезеңмен жүргізіледі", – деді Үкімет басшысы.

Бұл ретте "бюджеттік заңнамамен бекітілген тәртіп" әрбір жобаның барлық құжаттамасы тап-тұйнақтай дайын болуын талап етеді. Каналдың құжаттары толық дайын емес. Бюджет нақтыланғанға дейін уақыт аз қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу