Үкімет келесі карантинге әзірлікті бастады ма?

2346

Қазақстан болашақта карантин енгізетін 7 ауру түрін бекітеді. 

Үкімет келесі карантинге әзірлікті бастады ма?

Олар тараса, COVID-19 кезіндегідей қатал шаралар қабылдануы мүмкін.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың "Денсаулық сақтаудың кейбір мәселелері туралы" бұйрығының жобасы жария етілді. Құжат пайда болу және таралу қаупі төнген кезде шектеу іс-шаралары, соның ішінде карантин енгізілетін аурулардың тізбесін бекітуді қарастырады.

Бетін әрмен қылсын, бірақ әлдеқалай сол аурулардың кез келгені елде бой көрсетсе, билік 2020 жылы коронавирус кезінде пысықталған тәжірибені қайта жүзеге асыратын болады.

"Тізбеде көзделген инфекциялық аурулардың әкеліну және таралу қаупі төнген жағдайда шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізіледі, олар: біріншіден, инфекциялық аурулардың таралуын болдырмауға бағытталған; екіншіден, кәсіпкерлік және өзге де қызметтің ерекше режимін көздейтін шараларды қамтиды", – деп хабарлады денсаулық сақтау ведомствосы.

Назар аударарлық жайт, Үкімет кейінгі карантин және шектеулердің неше күнге, қанша мерзімге енгізілетін нақты айтпай отыр. Құжатта бұл шектеу және карантиннің ұзақтығы "инкубациялық кезең мерзіміне, эпидемиологиялық ахуалдың сырқаттанушылық серпініне және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралардың тиімділігіне" байланысты болатыны білдірілді.

ДСМ шектеу іс-шараларын, соның ішінде карантинді енгізудің алгоритмін белгіледі. Ол бойынша бүкіл Қазақстан көлемінде, 2 және одан көп облыста карантин еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің немесе оның орынбасарының бірінің шешімімен енгізіледі.

Бір облыста немесе мегаполисте – облыстық, қалалық бас санитарлық дәрігер, болмаса оның орынбасары өз шешімімен адамдарды үйлеріне тығып, көшедегі қозғалысты толық тоқтата алады.

Егер 7 инфекцияның бірі ведомстволық нысанда тіркелсе, оқшаулану шараларын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы меморган бөлімшесінің басшысы енгізеді.

Коронавирустық пандемия кезінде барлық шектеу шараларын ТЖ жөніндегі мемлекеттік комиссия қарап, бекітіп отырды. Болашақта ондай комиссия құрудың да қажеті болмай қалуы мүмкін. Өйткені жаңа құжатта 7 індеттің бірі қауіп төндірсе, шет елдерден Қазақстан аумағына кіру шектеліп, шекара жабылатыны, сондай-ақ жекелеген облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда блок-бекеттер қойылып, көлік құралдарының – әуе, теміржол, автокөліктің қозғалысы шектелетіні анықталған.

Ондай жағдайларда бұдан былай автоматты түрде инфекциялық аурулардың жеке және ұжымдық профилактика шаралары қолданылады: бөлектеу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, өзін-өзі оқшаулау, маска тағу, басқа да жеке қорғаныш құралдарын және дезинфекциялау құралдарын пайдалану енгізіледі.

Бұдан бөлек, "халықтың эпидемиялық маңызы бар топтарына" жататын адамдарын зертханалық тексеруден, яғни жаппай тестілеуден өткізу де бекітілмек.

Бойынан аталған тізімдегі 7 аурудың бірі табылған немесе созылмалы дерті бар азаматтар "қамалудан" қаша алмайды: егер карантинге жабылудан ат-тонын ала қашса, жауапқа тартылуы мүмкін. Себебі, "айналасындағыларға қауіп төндіретін созылмалы инфекциялық аурулармен ауыратын науқастарды, қоздырғыштың созылмалы тасымалдаушыларын жұмыстан уақытша шеттету" енгізілетіні көрсетілген.

Шыны керек, Ковид-19 пандемиясы барлық елде өндіріс пен кәсіпкерлікті қаусатып кетті. Бірақ қазақстандық бизнеске мұндай шаралардың алдағы уақытта қайталануына дайын болғаны, келісімшартта ондай форс-мажорлық жағдайды алдын ала қарастырып қойғаны маңызды.

Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа актісінде "Кәсіпкерлік және өзге де қызметтің ерекше режимін көздейтін шектеу іс-шараларын жүзеге асыру тәртібі" белгіленіп отыр. Онда осы пандемия кезіндегі шаралар рәсімделіп отыр. Кәсіпкерлерге және басқа да жұмыс берушілерге арналған шектеулер бас мемлекеттік санитар не оның орынбасары тиісті шешім қабылдағаннан бастап 24 сағат ішінде енгізіледі.

Тізбедегі 7 дерттің бірі шетелден енетініне, ел аумағына тарайтынына қатысты қауіп туса, бұл ұйымдардың барлығы "кәсіпкерлік және өзге де қызметтің ерекше режиміне" көшіріледі. Атап айтқанда, біріншіден, сауда және ойын-сауық орталығы, сауда үйі, іскерлік үй, базар және басқа да нысандарда эпидемиялық маңызына қарай дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметіне, сондай-ақ жекелеген қызмет түрлеріне уақытша тыйым салынады.

Екіншіден, жекелеген зат түрлерін әкеліп сатуға тоқтау салынады.

Биылғы пандемия кезінде маска мен антисептиктерді көтерме сатуға рұқсат етілмегені, ал оған барған кәсіпкерлер жазаланғаны белгілі. 

Кез келген карантин мәңгілік емес. Болашақтағы ондай шектеулер де "эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған жағдайда бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің немесе оның орынбасарының шешімімен, кәсіпкерлік және өзге де қызметтің ерекше режимін көздейтін шектеу іс-шараларының, оның ішінде карантиннің күші жойылады.

Сарапшылар министрліктің бұл қадамын құптайды. Себебі, мемлекеттің осындай қауіпті алапат дерттердің таралуына тосқауыл шараларын алдын ала әзірлеп, оған дер кезінде үн қатуға дайын отырғаны жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу