Үкімет кімдерге 9,2 миллион теңгеден төлеп жатқанын жариялады

9290

Бектенов ауылдықтарды зейнетке ерте шығарудан бас тартты.

Үкімет кімдерге 9,2 миллион теңгеден төлеп жатқанын жариялады Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Парламент депутаттары аграрлық әлеуеті зор ауылдық елді мекендердің Қазақстан картасынан жойылып бара жатқанына алаңдаулы.

"Кейбір облыстағы урбанизация деңгейі өте жоғары дәрежеге жетіп, тіпті урбанизацияланған мемлекеттердің көрсеткіштеріне жақындады: 80%-дан асты. Бұл – Қарағанды және Ақтөбе облыстары. Ал ауылда тұратын тұрғындары көп өңірлерге Алматы облысы (19,5%), Түркістан және Жамбыл облыстары жатады. Дүниежүзіндегі ең дамыған және біз секілді жері көп АҚШ, Канада, Австралияның урбанизация көрсеткіші 70%-дай ғана. Біз секілді тарихи мал шаруашылығына, аграрлық бағытқа бейімделген ел үшін урбанизация деңгейі 65–70%-дан аспауы қажет", – деді мәжілісмен Қарақат Әбден.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінде республикада 6 208 ауылдық елді мекен қалды: оларда 7,5 миллион ауыл тұрғыны тұрады. Бұл – халықтың 38,2%-ы. Қала тұрғындарының үлесі 61,8%. Яғни, жалпы алғанда, әзірге жетпіс пайыздық шектен асып кеткен жоқ.

Бір қызығы, талдау көрсеткендей, ауыл тұрғындарының саны соңғы 10–15 жыл ішінде өсті. Мәселен, 2000 жылы ауылдықтардың саны 6,47 млн болса, 2010 жылы – 7,43 млн, 2018 жылы – 7,67 млн, 2023 жылдың қорытындысында 7,57 млн болды. Соған қарамастан, қалалықтар санының қарқындырақ көбеюіне байланысты ауылдықтардың үлесі бәрібір азаюда.

Үкімет урбанизациямен пәрменді күреспегенімен, ауылды қолдау шараларын адыра қалдырмапты. Премьер Олжас Бектенов Президент тапсырмасымен ауылды кешенді түрде дамыту үшін 2023 жылдан бастап, жаңа "Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы" іске асырылып жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар "Ауыл – ел бесігі" кешенді бағдарламасы қабылданды. Оның негізгі мақсаты – ауылдарда қордаланған инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, соның ішінде мектеп, емхана, спорт кешені, Мәдениет үйін салу, сол арқылы ауыл тұрғындарын қалаға кетірмей, тұрақтандыру, оларға тұрғылықты жерінде қолайлы жағдай жасау және басқасы.

Мәселен, 2019–2023 жылдары республикалық бюджет ақшасына осы бағдарлама аясында 1 800 ауылда 5 400-ден астам жоба іске асырылып, 524 миллиард теңге жұмсалды. Нәтижесінде ауылдарда:

578 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектісі,

1 736 әлеуметтік нысан, соның ішінде:

  • 586 білім беру (мектеп пен балабақша),
  • 409 денсаулық сақтау,
  • 741 мәдениет және спорт) объектілері,
  • 3 мыңнан астам ауылішілік жолдар салынды және жөнделді.

Бұл қарқын бәсеңсімей, артыпты. 2024 жылы 500-ден астам ауылда 1 400 жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 179 миллиард теңге бөлінді. Не нәтиже шыққаны, қорытындысы келесі жылы анықталады.

Премьер-министр әлгінде аталған мембағдарламалар, сондай-ақ "Ауыл аманаты", "Дипломмен ауылға" сияқты басқа да жобалар ауылдық жерлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына тікелей әсерін тигізіп жатқанын айтты. Мысалы, ауылға көшкен жас мамандарға 9,2 миллион теңгеден таратылып жатыр.

Олжас Бектенов "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша ауылға жұмыс істеуге және тұрақты тұруға барған мамандарға біріншіден, 100 АЕК мөлшерінде жергілікті бюджет есебінен бір реттік көтерме жәрдемақы берілетінін еске салды. Бұл көтерме жәрдемақы АЕК-тің өсуіне қарай жыл сайын арттырылып тұрады: 2023 жылы – 345 мың теңге, 2024 жылы – 369 мың теңге, 2025 жылы – 393 мың теңге.

Екіншіден, баспана сатып алуына арзан кредит беріледі.

"Ұлттық экономика министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, тұрғын үй құнына талдау жүргізді. Нәтижесінде, оның мөлшері 5,2 миллион теңгеден, яғни 1 500 АЕК-тен 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9,2 миллион теңгеге немесе 2 500 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. 1,8 есеге өсті. Жалпы, бұл жоба өз тиімділігін көрсетіп отыр. 2009–2023 жылдар аралығында ауылдық жерлерде 105 мыңнан астам маман көтерме жәрдемақы алды: оларға 20,3 миллиард теңге төленді. Соның ішінде 48 мыңнан астам жас маман тұрғын үй сатып алды: оларға 160,4 миллиард теңге берілді", – деді Үкімет басшысы.

Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, ауылдық жерлерде кадрлық тапшылықты жою мақсатында 2009 жылдан бері "Дипломмен ауылға" жобасы іске асырылуда. Бұл бағдарламаға қаладан ауылға қоныс аударатын келесі мамандық иелері: денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп кешені салаларының мамандары, сондай-ақ ауыл, кент, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері қатыса алады.

Министрлік мамандарының түсіндіруінше, оларға тұрғын үй сатып алуға берілетін жылдық кредит ставкасы өте арзан: 0,01% мөлшерінде. Бұл "ипотека" 15 жылға дейін ұсынылады. "Дипломмен ауылға" жобасы аясында берілетін, баспана сатып алуға арналған бұл бюджеттік кредиттің көлемі аудан орталықтары үшін – 2500 АЕК-ке дейін және ауылдық елді мекендер үшін – 2 000 АЕК-ке дейін. Өйткені аудан орталығына қарағанда ауылда үй арзандау тұруға тиіс.

Мысалы, 2023 жылдың өзінде 3,6 мың маманға тұрғын үй сатып алуға осындай мүмкіндік беріліп, оларға 18,6 млрд теңге қарастырылды. Былтырғы сәуір айынан бастап жоба операторы болып "Отбасы банкі" тағайындалды. Бағдарлама цифрлық форматқа ауыстырылды. Өтінімдер Баспана маркет жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимінде қабылданады.

Олжас Бектенов ауылға көшетін немесе ауылда тұрып жатқан кәсіпкерлер де 2,5%-дық арзан несие ала алатынын айтты.

"Олар ауылда өз кәсібін, айталық, наубайхана, ателье, шаштараз, дөңгелек жөндеу, шағын отбасылық ферма және басқасын аша алады. Бұған "Ауыл аманаты" жобасы үлкен септігін тигізуде. 2023 жылы 95,6 миллиард теңге 15 мыңнан астам ауыл тұрғынына 2,5%-дық шағын, арзан несие түрінде үлестірілді. Бұл оларға отбасылық бизнесін ашуға, ауыл шаруашылығы техникасы мен мал алуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, ауылда 16 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жоба өз тиімділігін көрсетті. Бұл жұмыс жүйелі түрде 2024 жылы да жалғасын тапты", – деді Премьер.

Сонымен қатар, оның айтуынша, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бірқатар басқа да мемлекеттік бағдарламалар бағытталған. Бұлар – "Ауыл – ел бесігі", шағын және орта бизнесті қолдау, "Бір ауыл – бір өнім", ауыл шаруашылығы саласына қарастырылған субсидиялар, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру, жастарға арналған жеңілдетілген кредит, әлеуметтік жағынан осал азаматтарға арналған қайтарымсыз грант, басқалары. Бектенов өңірлерде халықпен кездесу барысында Үкімет мүшелері бұл бағдарламалардың мүмкіндіктерін үнемі кеңінен насихаттайтынын мәлім етті. Бұл мембағдарламалар да ауылдағы жағдайдың едәуір жақсаруына тікелей әсерін тигізуде екен.

Депутаттар ауыл халқының санын күрт көбейту үшін, әрі қазақстандықтардың қалаларда ұйлықпауы үшін ауылда тұратын азаматтарға бейнетінің зейнетін ерте көруіне жағдай жасауды ұсынған. Үкімет ауылда тұруды зейнеткерлікке ертерек шығудың өлшемшарты ретінде қабылдаудан бас тартты.

"Ауыл тұрғындарының зейнетақысын көбейту мәселесіне келсек. Елімізде зейнетақымен қамтамасыз ету Әлеуметтік кодекске сәйкес жүзеге асырылады. Зейнетақы үш бөліктен тұрады (ынтымақты, жинақтаушы, базалық) және әрбір азаматтың еңбек өтіліне негізделген. Еңбек өтілі көбірек болса, зейнетақы мөлшері жоғарырақ болады. Демек, зейнетақы төлемдерінің мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі мен міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге тікелей байланысты. Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін анықтау кезінде азаматтардың тұрғылықты жері, қызмет түрі сияқты критерийлері ескерілмейді! Бұл ұстаным конституциялық нормалар мен халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді", – деді Олжас Бектенов.

Депутаттардың пікірінше, қазақстандықтардың бір бөлігі ауылда тұрғысы келеді, бірақ ауылда сатып алатын үй де табыла бермейді. Сондықтан "Ауыл" партиясының депутаттары Үкіметке ауыл үшін жеке тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді, қаладан ауылға көшіп келетіндер үшін жалға берілетін үй салуды (мысалы, жатақхана), үй жалдаған кезде субсидия беруді ұсынды.

Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде "Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы" іске асырылуда. Оның шеңберінде ауылдық жерлерде жеке үй салуға ниет білдірген ауыл тұрғындарына жаңа жер учаскелері бөліп беріледі.

"Ол учаскелер мемлекет есебінен сумен, электр қуатымен және газбен жабдықталады. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын тұрғын үймен қамту мақсатында ауылдық елді мекендерде өз жұмысшыларына үй салып берген жұмыс берушілерге субсидия төленеді. Ол қаржы ауданы 100 шаршы метрден аспайтын жеке тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде беріледі", – деді Премьер.

Бұдан басқа, қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдап жатқан өңірлерде үй сатып алу үшін экономикалық мобильділік сертификаты беріледі: ол үй құнының 50%-ына барабар, бірақ 4 млн теңгеден аспауға тиіс.

"Яғни, бірқатар мембағдарламалар шеңберінде ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған және аталған жұмыс Үкімет тарапынан жасалған үлкен көмек деп есептейміз", – деді Үкімет басшысы О.Бектенов.

Премьер ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін мамандарға қолданыстағы заңнамамен 25% "ауылдық үстемақы" қарастырылғанын қаперге салды. Бірақ ол үстемеақыны кімдердің алатынын, яғни, ауылдық жерде жұмыс iстейтiн және азаматтық қызметшілер болып табылатын мамандардың – денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы лауазымдарының тiзбесiн жергiлiктi мәслихатпен келiсу арқылы жергiлiктi әкімдіктер айқындайды.

Бұған қоса, Үкімет қаулысымен 2022 жылдан бастап, жергілікті әкімдіктерге жергілікті бюджет қаражаты есебінен қызметкерлердің лауазымдық жалақыларына "ынталандыру үстемақысын" белгілеу құқығы берілді. Қорытындылай келе, Үкімет басшысы ауылдықтар үшін жасалып жатқан "ауқымды шаралар жеткілікті" деп пайымдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу