Үкімет көлігі барларға қанша миллион теңгеден төленетінін жариялады

3067

Таяуда бір топ Парламент депутаты сақтандыру компанияларының қожайындарын халықты тонап жатыр деп айыптап, Үкіметтен оларды автокөлік иелеріне төлейтін төлемін арттыруға мәжбүрлеуді сұраған болатын. 

Үкімет көлігі барларға қанша миллион теңгеден төленетінін жариялады Фото: canva.com

Жалпы, депутаттардың өздері-ақ осыны жасай алады, тиісті құзыры бар, тек заң қабылдаса болғаны.

Бастамаға қосылған "AMANAT", "Қазақстан халық партиясы" фракцияларының және бірмандатты депутаттардың байламынша, дамыған елдерде сақтандыру – өмірлік қиындықтарға тап болған қарапайым азаматтардың сенімді қорғанына айналды. Оларда мысалы, тұрғындар көлігін қиратып алса, "Оқасы жоқ, сақтандыру жабады" деп, еш уайымдамайтын көрінеді. Қазақстандықтар болса, қорғансыз.

"Бізде бұдан тұлғалардың аз шоғыры, дәлдеп айтқанда, сақтандыру компанияларының қожайындары ғана пайдаға шығады. Кең таралған бірнеше мысалға тоқталық. Біріншіден, жол апаты салдарынан адам өлсе, оның мұрагерлеріне сақтандыру төлемі төленбейді. Тек қаза тапқан жанның асырауында кәмелетке толмағандар болса, соларға ғана беріледі. Сонымен бір мезгілде, егер мерт болған жанның мойнында кредиті болса, банк заңнамасы бойынша оның қарызы мұрагерлерінен өндіріледі", – деп масқара жайтты айтты мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев.

Ол тағы бір сорақылыққа назар аударды.

"Жол-көлік оқиғасында бала жантәсілім етсе де, сақтандыру заңнамасына сәйкес бұл жағдайдың ешқандай құқықтық салдары болмайды! Дәл осы кезде ЖКО-да өлген үй жануары үшін сақтандыру төлемдері қарастырылған! Сонда мал үшін құн төлейді, адам үшін ол да жоқ?! Бұл енді әділеттілік қағидатына қайшы келеді, ақылға сыймайды. Сақтандыру бірінші кезекте адамдарды қорғауы керек, оларға қосымша проблема туғызбауға тиісті", – деді депутат.

Екіншіден, қымбат көлік мінген парламентшілерді толғандыратыны сол, апатқа байланысты сақтандыру компаниялары төлейтін төлемнің ең жоғарғы шегі көптеген жылдардан бері өзгеретін емес. Оның межесін сақтандыру компаниялары үшін мемлекеттің өзі бекітіп берген.

"Шекті сома – небәрі 600 айлық есептік көрсеткішті ғана құрайды. Ұзақ жылдан бері сол мөлшерде тұр. Содан бері елде бағалар қымбаттады, ұлттық валюта құнсызданды, көліктердің шетелден тасылатын запастық бөлшектерінің бағасы шығандады. Сондықтан бұл сома автомашиналарды жөндеу мен қалпына келтірудің шынайы шығынына мүлдем сәйкес келмейді. Мысалы, қымбат автомобильдің 1 фары-шамының өзі бірнеше миллион теңге тұрады. ЖКО-ға тап болған көлікті жөндеу құны оған төленетін сақтандыру төлемінен ондаған есе асып түседі. Жол апатына айыпты адам кедей болса, қымбат жөндеудің ақысын өтей алмайды", – дейді депутаттар.

Олардың пікірінше, сақтандыру компаниялары үшін лобби жасап, шекті межені көтермей отырған шенеуніктер қазақстандықтардың қаржылық әл-ауқатына соққы жасап, көлігінен айрылған бүкіл отбасының, соның ішінде балалардың тұрмысын төмендетіп отыр. Бұл тығырықтан шығу, машинасын қалпына келтіріп, жолға шығару үшін азаматтар амалсыз удай қымбат кредит алады, мүлкін сатады, қарызға батады.

Үшіншіден, тәуелсіз бағалаушыларды тартып, зардап шеккендердің бүлінген мүлкінің шынайы бағасын анықтау елде салмақты проблемаға айналды. Салдарынан, осыны пайдаланған сақтандыру компаниялары клиентке келтірілген шығын сомасын өз бетінше жаза салады және төлем сомасын жаппай төмендетеді.

Заң халық үшін жазылмағандай, шынайы құнның көп төмендетілгенін негіздеу де күрделендірілген. Депутаттардың айтуынша, тәуелсіз бағалаушылар бұл саладан шеттетілді.

"Міндетті сақтандыру сыйлықақылары арқасында бүгінде сақтандырушылар шылқып байып, миллиардтаған капиталға қол жеткізді. Сонымен бірге сақтандыру жағдайы туындағанда өз клиенттеріне төлейтін төлемдерінің максималды сомасы төмен деңгейде қалды. Сақтандыру компанияларының лоббиі жүріп, олар өздері үшін ең қолайлы жағдайлар жасап алғанын байқап отырмыз. Олар қаржылық қорғау бойынша басты функциясын орындамайды. Сондай-ақ әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын бұзуда. Заң болса, сыңаржақ, сақтандырушыларға ғана жақ", – деді депутат Елнұр Сабыржанұлы.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі ең жоғарғы жалақыларды қаржы және сақтандыру секторларының өкілдері алады. Бұл да сақтандыру компанияларының табысы шаш етектен екенін, шектен тыс рентабельділігін паш етсе керек.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, осыдан бес жыл бұрын ғана, 2019 жылы еліміздегі барлық сақтандыру компанияларының жиынтықты активі 935 миллиард теңгені құрапты.

2024 жылғы қыркүйектің қорытындысында сақтандыру ұйымдарының активтері 2,8 триллион теңгеге жеткен. 2024 жылдың басынан бері 13,4%-ға өсті.

Бұл астатөк қаражатты олар көмегіне мұқтаж клиенттеріне бағыттау орнына қор нарығында ойнап, акциялар мен криптовалюта сатып алып, депозитке салып, ары қарай байып жатыр. Агенттіктің ресми мәліметінше, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша сақтандыру компанияларының активтері құрылымында ең көп үлес – 75,5%-ы немесе 2,1 триллион теңгесі бағалы қағаздарға тиесілі. 4,9%-ын немесе 140 миллиард теңгесін банктер депозитіне салып, сыйақыға кенелуде.

Сондықтан Мәжіліс Үкіметке біріншіден, асырауында балаларының бар-жоқтығына қарамастан, жол апатында қаза тапқандардың сақтандыру төлемін олардың мұрагерлеріне төлеуді ұсынды.

Екіншіден, сақтандыру төлемінің жоғарғы шегін 600 АЕК-тен әлдеқайда арттыруды, бұл ретте сақтандыру сыйлықақысының көлемін қазіргі деңгейге сақтауды талап етті.

Үкімет не дейді?

Бірден айта кетелік, Үкімет Мәжілістің бұл бастамаларының бәрінің тамырына балта шапты. Бірде-бірі қабылданбаған. Мұны депутаттарға Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің өзі хабарлады.

Біріншіден, ол сақтандыру компанияларының Парламенттің өзі қабылдаған заң талаптарын орындап отырғанын жеткізді.  

Үкімет басшысы "көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру" (КҚИ АҚЖМС) бойынша сақтандыру төлемін ЖКО-да зардап шеккен жақ алатынын еске салды. Сақтандыру полисі заңмен анықталған сомада автомобильдің жөндеу құнын өтейді.

Зардап шегуші қаза тапса, 2 000 АЕК (2024 жылы 7 384 000 теңге) төленуге тиіс. І-ші топтағы мүгедек болып қалса, 1 600 АЕК (5 907 200 теңге), ІІ-топтағы мүгедектігі үшін – 1 200 АЕК (4 430 400 теңге), ІІІ-ші топтағы мүгедек үшін – 500 АЕК (1 846 000 теңге), жол апаты кесірінен бала мүгедек болса, 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) төлем төленуге тиіс.

Үкімет басшысы депутаттарға сақтандыру төлемі мен банк алдындағы қарызды шатастырмауды ескертті. Бұл тұрғыда шағын дәріс "оқып" берді.

"КҚИ АҚЖМС аясындағы төлем мен банк несиесі бойынша міндеттемелерді мұрагерлікке алу арасында айырмашылықтар бар. Банктік заемдардың қарызы мұрагерлерге мүліктік құқықтың бір бөлігі ретінде көшеді. Мұрагерлер өлген адамның қарыздарын өздеріне мұраға қалған мүлік ретінде қабылдайды. Қабылдағысы келмесе, мұраға қалған бүкіл мүліктен бас тарта алады. КҚИ АҚЖМС төлемін мұраға алу Азаматтық кодекстің 1040-шы бабына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл баптың 2-бөлімінің 2) тармағында адамның денсаулығына немесе өміріне келтірілген шығынның өтемақысына құқық мұрагерлік құрамына кірмейтіні көрсетілген", – делінген Олжас Бектеновтің жауабында.

Оның түсіндіруінше, ЖКО салдарынан адам жан тапсырса, бұдан оның мұрагерлері емес, асырауындағылар зардап шегеді. Сондықтан сақтандыру төлемі де мұрагерлеріне емес, тікелей асырауындағыларға беріледі.

Ол клиенттер төлейтін сақтандыру сыйлықақыларын бұрынғы деңгейде қалдыра отырып, сақтандыру компаниялары төлейтін сақтандыру төлемдерінің шекті сомасын арттыруға келіспеді.

Оның айтуынша, сақтандыру сыйлықақылары мен сақтандыру төлемдерінің көлемі заңмен бекітілген. АЕК-пен байланыстырылған, тиісінше, сонымен бірге жыл сайын онсыз да өсіп отырады (мысалы, 600 АЕК биыл 2 215 200 теңгеге, келесі жылы 2 359 200 теңгеге тең).

"КҚИ АҚЖМС бойынша сақтандыру полисінің Қазақстандағы құны басқа елдермен салыстырғанда арзандау. Сақтандырудың орташа құны 15 мың теңге болғанда, биыл ол бойынша ең жоғарғы сақтандыру төлемі 600 АЕК не 2 215 200 теңгені құрады. Салыстырсақ, Ресейде сақтандырудың орташа құны 7 300 рубль (36 500 теңге), төлемі – 400 000 рубль (2 000 000 теңге). Батыс Еуропа елдерінде сақтандыру полисінің орташа құны 500 еуро  (262 500 теңге), төлемі – шамамен 5 000 еуро (2 625 000 теңге), АҚШ-та – 500 доллардан (243 500 теңге) басталады, төлемі – 30 000 долларға (14 610 000 теңгеге) дейін", – деді Олжас Бектенов.

Оның дерегінше, соңғы үш жылда сақтандыру төлемдері екі есе өсіп, 64,6 млрд теңгеге жетті. "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру" (КҚИ АҚЖМС) бойынша сақтандыру төлемдерінің жыл сайынғы өсімі 29%-ды құрайды, ал, олар бойынша сақтандыру сыйлықақыларының жылдық өсімі 4 есе аз – 7%.

Сән-салтанатты көлік мінетіндерге Үкімет басшысы "темір тұлпарын" ерікті автосақтандыру (КАСКО) бойынша сақтандыруға кеңес берді.

Сарапшылардың айтуынша, КАСКО сомасы жеңіл автокөлік үшін оның құнының 3,5%-ын, коммерциялық авто үшін – 4%-ын құрайды. Мысалы, КАСКО VIP үшін жыл сайын бірнеше миллион теңге төлеуге тура келеді.

"Сақтандыру ұйымдары үшін КҚИ АҚЖМС табысты болып табылмайды. Статистика бойынша еліміздің ең ірі 6 сақтандыру компаниясында КҚИ АҚЖМС-тің шығындылық коэффициент 90%-дан асады. Бұл статистика сақтандыру ұйымдарының төлейтін төлемі жинайтын сыйлықақысынан асып түсетінін көрсетеді. Ал, КАСКО-да жүргізуші емес, автомобильдің өзі сақтандырылады. Тиісінше, клиенттің жеке қажеттіліктері ескеріледі. Мысалы, ол қалпына келтіруге бағытталған жөндеуді автосалонда жүргізіп, түпнұсқа-оригиналды запастық бөлшектерді сатып ала алады", – деді Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу