Биылғы қыс бойы риддерліктер құшақтасып ұйықтауға мәжбүр болды, онсыз қатып қалатын еді. Құшақтайтын адамы жоқ саяқтар, қарттар ыстық су толтырылған "баклажкаларды" қойнына қысты. Тек 2023 жылдың ақпаны ортасынан ауғанда ШҚО әкімі Даниял Ахметов Риддерде ТЖ режимі алып тасталатынын жариялады. Төтенше жағдай қалалық жылу-электр орталығындағы апаттан кейін енгізілген. Сол оқиғадан кейін бұл стратегиялық нысанның қожайындары ауысты. Облыс басшысы Риддер ЖЭО жаңа инвесторларымен кездескенін мәлімдеді. Бұрынғы қожайындары нысанды мүшкіл хәлге жеткізген.
"Жылу орталығының жаңа иелері он күндік мерзім ішінде ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарының жан-жақты кестесін ұсынулары қажет. Оған жұмыс түрлері мен мерзімдері, сондай-ақ қажетті жабдықтардың тізбесі, осы күрделі объектіде жұмыс істейтін мамандардың саны мен тізімі кіруге тиіс. Әсіресе, 4 және 5-ші қазандықтарға, көмір беретін резервтік трактіге, өрттен қатты зақым келген ЖЭО-ның өз ғимаратына ерекше назар аудару қажет. Барлық дерлік жабдықтар мен желілер күрделі жөндеуде талап етеді", – деді аймақ басшысы.
Осыдан-ақ Риддерді жылытып отырған орталықтың қандай нашар жағдайға жеткенін аңғаруға болады. Жөндеу жұмыстары сыртында, инвестор Қаражыра көмір кеніші алдындағы мол қарызды өтеуі керек екен. Д.Ахметов өз үндеуінде: "Я обращаюсь с большой благодарностью ко всем жителям Риддера, которые в этот непростой для них и города период, не поддались панике, не верили слухом и относились с пониманием ко всему происходящему", – деді орыс тілінде.
Алайда биліктен көңілі қалған, үсіп-жаураған риддерліктер өз қамын өзі ойламаса, опа таппайтынын түсінетін сияқты. Мысалы, таяуда риддерліктер WhatsApp арқылы бір-біріне "суық" хабарды жолдады. Онда қала жаз бойы ыстық сусыз қалатыны айтылған: "Мамырдан тамыз айының басына дейін ыстық суды ағытып тастау жоспарланып отыр. Бұл қазандықтарға күрделі жөндеу жүргізумен байланысты" делінген хабарламада. Мұны естіп, кейбір адам күрт қымбаттап немесе жоғалып кетпей тұрғанда су жылытқыш бойлерді ала қою үшін жүгірген. Бірақ "Риддер ЖЭО" АҚ-ы басшылығы бұл ақпаратты жоққа шығарды және жөндеу кезеңінде ыстық су беру доғарылмайтынын жеткізді.
Жалпы жергілікті тұрғындар әкімдіктен ЖЭО-ны мемлекеттік меншікке алып қоюды сұрапты. Билік тек бір инвесторды екіншісіне ауыстырды.
Енді Риддер тұрғындары ел Президентіне ашық хат жазып, петиция ұйымдастыруда. Оған басқа бір себеп түрткі болған.
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! 2022 жылдың соңында қаламызда "Риддер ЖЭО" АҚ-ында бірқатар ірі апат болды. Қазіргі уақытта апатты жылу станциясын жаңа инвесторлар қолына алды. Жаңа қожайын проблемаларды шешеді деп үміттендік. Алайда жаңа инвесторлар Риддерде кокстаушы зауыт салуды жоспарлауда. Олар мұны кокс өндірісі кезінде қазандықта жағу үшін қажетті газ бөлінетіндігімен дәйектейді. Біз бұл зауыттың қала ішінде және жанында салынуына үзілді-кесілді қарсымыз. Өйткені коксхимия – ең лас өндірістердің бірі. Ол қоршаған ортаны фенолмен, аммиакпен, көміртегі тотығымен, азот және күкірт қосындысымен, басқа органикалық қосындылармен, улы шаң-тозаңмен ластаушы негізгі көз", – делінген Қ.Тоқаевқа ашық хатта.
Әрине, бұл жоба дайын емес, ұсыныс түрінде ғана. Егер инвестор ол зауыттың құрылысына кіріскісі келсе, қоғамдық тыңдау өткізуі шарт.
Бірақ Астанадағы орталық билік те риддерліктерді қуантуға асығатын емес. Ұлттық экономика министрлігі ұзақ толғанып, "ШҚО Риддер қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарының" жобасын ұсынды. Құжат ресейлік әлеуметтік желіде қызу талқыланды: солтүстік, орталық, батыс Қазақстан сияқты, шығысқазақстандықтардың басым көпшілігі соларда отыр.
"Кешенді жоспарда іліп алар жоба жоқ. Бір қарағанда қомақты қаражат бөлінгелі тұр, бұрын Риддерге сонша сома жұмсалмайтын. Алайда соның нәтижесі, жасалатын жұмыстар, қабылданатын шаралар тым мардымсыз. Тек оған "Анатау" жобасының кіргені тұрғындарды елең еткізді. Бірақ оның өзі нақты емес, әлі пысықтаймыз деп екіұдай пейілмен жаза салыпты. Қазақ тілді жаңа мектеп салынады. Жаңа аурухана құрылысы жүргізілуде. "Ботаника" жаңа шағын ауданына су құбыры тартылады екен. Оған да қуандық. Бірақ қыруар қаржыға түбегейлі өзгерістер болмайтыны аңғарылады. Біз де елорда сияқты дамығымыз келеді", – дейді қала белсендісі Антон Тихомиров.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров кешенді жоспарға түсініктемесінде Риддерге осы бес жыл ішінде бағдарлама аясында жалпы сомасы 64 млрд 731,1 млн теңге бағытталатын хабарлады. Бірақ ол қаражаттың көбін қала әкімдігіне жергілікті салық төлеушілердің қалтасын алуға тура келуі мүмкін. Бүкіл қаржының 21 млрд 890,7 млн теңгесін бөлу жергілікті бюджетке жүктеледі. Тағы 22 млрд 683,1 млн теңгені жергілікті инвесторлар шығындауы шарт. Ал республикалық бюджеттен – 20 млрд 157 млн теңге ғана беріледі.
Риддерді дамытуға арналған бесжылдық кешенді жоспарда "2023-2026 жылдар аралығында "Анатау" тау шаңғысы курорты жобасын іске асыру мәселесін пысықтау" енгізілген. Жай ғана пысықтау болғандықтан, оған "қаржы талап етілмейді" деп көрсетілген. Сонда осыған жауапты ШҚО әкімдігі төрт жыл бойы жоба үшін "тегіннен тегін" не істемек? Әкімдік қаланың Бас жоспарына түзету енгізеді, тау шаңғысы курортын салу үшін таудан қажетті көлемде жер телімін бөледі. Жер учаскелерін мемлекеттік орман қоры құрамынан шығарады. Егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарын, құрылыс салу жобасын әзірлеуге тиіс.
Жалпы "Анатау" тау-шаңғы кешені жаңа жоба емес. Таумен қоршалған Риддерде алып кешенді тұрғызу идеясы алғаш 2013 жылы жарияланды. Сонда оның кем дегенде 1 миллиард долларға түсетіні белгілі болды.
Риддердің сол кездегі әкімі Жомарт Мұратов Шымбұлақпен және ресейлік Шерегешпен бәсекелесе алатын алпауыт тау-шаңғы кешенін салу жобасын қарастырып жатқандарын мәлімдеді. Оның мәліметінше, жергілікті тұрғындар, өзге қазақстандықтар мен туристер "Анатауда" қазаннан маусым айына дейін сырғанай алатын болады.
"Кешенді толық тұрғызып, ойдағыдай жабдықтап шығу үшін орасан зор қаржы – 1 миллиард доллар қажет. Бірақ бұл сома 15 жыл ішінде өзін-өзі ақтайды. Өңірлерге мұндай жоба керек. Ресейде Шерегеш кешенін тұрғызу үшін бүкіл Кузбасс қаржы салды. Кемеров облысының бүкіл бюджеті, барлық ірі көмір компаниялары күш-жігерін шоғырландырды. Біздің олардан неміз кем? Біз де қаржыландырудың түрлі нұсқаларын іздеп жатырмыз", – деді Риддердің сол тұстағы әкімі.
Алып кешенді кім қаржыландырылатыны бүгінде де нақты шешілмеген. Жергілікті әкімдік жобаның қашан жүзеге асырылатынын және қаншаға түсетінін дөп басып айта алмайды: ол жоба егжей-тегжейлі пысықталған соң анықталуға тиіс. Билік бұл тау-шаңғы кешені тіпті астаналықтардың сүйікті демалыс орнына айналуы мүмкін деп есептейді. Себебі Бурабайда тау-шаңғы демалысы дамымаған. Ал Өскеменге Астанадан тікелей пойыз да қатынайды, ұшақ та ұшады. Air Astana, SCAT 1,5 сағатта жеткізеді. Билет құны 40 мың теңгеден басталады. Егер туркомпаниядан жолдама сатып алып, тынықса, балалар Kids Go Free бағдарламасы аясында тегін ұшуы мүмкін.
Жалпы Риддерді шынымен де туристік орталыққа айналдыруға болар еді. Бірақ оның экологиясын металлургия, кокс құртуы да ғажап емес.
Айтқандай, кешенді жоспарда қаланың экологиясына аса мән берілмеген. Өзге салаларының да оңып тұрғаны шамалы.
1786 жылы құрылған Риддер қаласының аумағы – 3,39 мың шаршы шақырымды құрайды. Риддер – орман, су және энергетикалық ресурстарының, полиметал кендерінің бай қорына ие Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік дамыған өңірлерінің бірі. Риддер қалалық әкімшілігі 1 қаладан, 1 кенттен, 9 ауылдық елді мекеннен тұрады.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, қаланы дамытудың негізгі бағыты – түсті металдарды өңдеу және өндіру арқылы полиметал кендерін өндіру. Қаланың өнеркәсіп құрылымында тау-кен және металлургия салаларының үлесі басым: 84,2%. Яғни бірде бір өзге сала онымен үзеңгі қағыстыра алмайды.
Бұл моноқаланы жалғыз бір алпауыт билейді: өңірдің қала құраушы кәсіпорны "Қазмырыш" ЖШС және оның құрылымдық бөлімшелері.
Өзге моноқалалармен салыстырғанда, Риддер дамуда алға басып келеді екен. Соңғы 5 жылда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 21,6%, ауыл шаруашылығы өнімі – 88,3%, бөлшек тауар айналымы – 34,5%, негізгі капиталға инвестициялар – 3,8 есе, ал бюджет көлемі – 1,7 есеге өсті.
Бірақ шаһар халқы азайып барады: көшіп кеткендерді, өмірден өткендерді қосқанда, бір жылда 800-ге жуық адамға кеміп отырады.
Риддер қаласының тұрғындарының саны 55,1 мың адамды құрады. Риддерліктердің 54,4% немесе 29,1 мың адам жұмысқа қабілетті. Олардың 25% қала құраушы кәсіпорында жұмыс істейді.
Қалада 3 081 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Жұмыс істеп тұрғандары – 2 846.
16 мектеп, 3 қосымша білім беру ұйымы (музыка мектебі, көркемсурет мектебі, Оқушылар үйі), 17 балабақша, 2 колледж бар. 3–6 жастан бастап балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту – 100%. Балабақшаларда орын тапшылығы жоқ көрінеді.
Ресми дерекке жүгінсек, Риддерде туберкулезбен сырқаттанушылық – 8,6%, туберкулезден өлім-жітім – 2 есе, қан айналымы жүйесі аурулары – 20,5%, қатерлі ісіктер – 1,9%, қатерлі ісіктерден өлім-жітім – 23,1% төмендегені байқалады.
Бесжылдық кешенді жоспарды жүзеге асыру нәтижесінде келесі нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланған:
- өнеркәсіптік өндіріс көлемін қазіргі 160 миллиардтан 2027 жылы 275 млрд теңгеге дейін ұлғайту;
- шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 10,1 мыңнан 10,7 мың адамға дейін, ШОБ өндірісі көлемін 51 миллиардтан бес жылда 80 млрд теңгеге дейін өсіру;
- өңірге туристер ағынын 28,8 мыңнан 31 мың адамға дейін көбейту;
- егіс алқаптарын 111,5 гектарға, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 11 миллиардтан 21 млрд теңгеге дейін арттыру;
- жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 2021 жылғы 82%-дан 80%-ға дейін төмендету;
- ауылдық елді мекендерде халықтың орталық сумен қамтылуын 93%-дан 100%-ға жеткізу, "Ботаника" жаңа тұрғын ауданын сумен жабдықтауға 15 шақырымдық құбыр салу; 5,96 шақырым кәріз жүйелерін тарту, электрмен жабдықтау (12,3 км);
- жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 2021 жылғы 91,4%-дан 100%-ға жеткізу;
- бір тұрғынға шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз етуді 25,1 ш.м. дейін ұлғайту (2021 жылы – 24,8 ш.м.) жоспарланды.
Дегенмен кешенді жоспар негізінен, 400 марал өсірілетін емдеу-аңшылық шаруашылығын салу, ханбалық-форель шаруашылығы бар SPA-орталық, сауда үйін ашу, фанера цехы, ақылы балық аулау пункті сияқты ұсақ жобалардан құралған.
Риддер Ресейге жақын өлке. Сондықтан осы бесжылдықта билік қаланы дабылдатқыш-құлақтандыру жүйесімен 100% қамтуды көздеп отыр.
Жанат Ардақ