Үкімет мыңдаған АҚ пен ЖШС-ларын жаппай жоятын болды

5651

Мемлекет квазимемлекеттік секторды "тазалауға" кірісті.   

Үкімет мыңдаған АҚ пен ЖШС-ларын жаппай жоятын болды Фото: inbusiness.kz

Сарапшылар Президенттің билік алдына қойған басты міндеттерінің, "мега-жобаларының" бірі жарға жығылғанын айтып жүр: әңгіме мемлекеттің экономикаға араласуын минимумға дейін азайту туралы болып отыр. 

Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасына мемлекеттің қатысу үлесін 2025 жылға қарай 14%-ға дейін төмендету міндетін қойды. Бұл бастаманың межелі мерзіміне бір жылдан шамалы асатын уақыт қана қалды. Мемлекеттің үлесі бұл мәреден көп алыс жатыр. 

Экономист Айман Тұрсынқанның және бірқатар басқа сарапшылардың бағалауынша, ел экономикасындағы квазимемлекеттік сектордың үлесі 60%-ға жетті. ЭЫДҰ ұйымына кіретін дамыған елдерде бұл көрсеткіш 15-20%-дан аспайды. Егер 40 пайыздан асса, қауіпті саналады.

"Жаңа Қазақстан" Жекешелендірудің 2021‒2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітіп, мемлекет мойнында отырған қаптаған акционерлік қоғамдар (АҚ) мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді (ЖШС) тегіс сатып, жеке секторға шығаруға белсенді. Бүгінде сарапшылар бұл бағдарламаның ілгері баспақ түгіл, батпақтап жатқанын айтады.  

Осы орайда Смайылов Үкіметі жаңа реформа ұсынып отыр. Оны жүзеге асыру үшін Ұлттық экономика министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік кәсіпорын қызметтерінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын әзірлеп жатыр. 

Оның басты жаңалығы сол, мемлекетке қарайтын, квазимемлекеттік секторды құрайтын мемлекеттік кәсіпорындар (МК), АҚ мен ЖШС-лар тегіс дерлік қайта құрылады. "Мемлекеттік ведомстволық бағынысты ұйым" (МВБҰ) атты жаңа формасы құрылады. Яғни, олардың бәрі дерлік жаңа форматқа ауысады. 

"Қолданыстағы МК, АҚ, ЖШС-ларды қайта ұйымдастыру салдарынан қосымша бюджет шығыстары туындамайды. Өйткені бұл өзгеріс қайта ұйымдастырылатын ұйымдардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады", – деп хабарлады министрлік.
Бұл бетбұрыстың мәні неде?

Квазимемлекеттік саланы былық жайлаған. Бұл ит тұмсығы батпас ну орманда ең мықты деген аудиторлар да бағдарынан жаңылып, адасып кетеді. Сол себепті қаржылық сарапшы Әсет Наурызбаевтың айтуынша, квазимемлекеттік сала бір жағынан тиімсіз жұмыс істейді, екінші жағынан сыбайлас жемқорлыққа кең өріс ашады. Әлгі былықтың астында миллиардтарды талан-тараж еткен схемалар оңай жасырылады. 

Мысалы, квазимемсекторды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған "Самұрық-Қазына" алпауыт қорын билік те, оның түрлі басшылары да қаншама рет "трансформациялады", оңтайландырды. Жағдай оңалмақ түгіл, керісінше ушығып кетті. Ұлттық әл-ауқат қоры қоғамға ашық болмады, ел алдында есеп бермейді. Экономиканы серпінді дамытуға сүбелі үлес қосып, қайтарым беріп отырғаны шамалы. 

Парламент депутаттары қордың, ұлттық компаниялардың, түрлі холдингтердің ел қаржысын шектен тыс көп шашатынын, ал бюджетке беретін дивидендтері тым мардымсыз екенін ұдайы сынайды. Сөз өтер емес. 

Ұлттық экономика министрлігінің мамандары саладағы басты бір былықты анықтады. Қазақстанда квазимемлекеттік сектор (КМС) субъектілерін құру кезінде оның ұйымдастырушылық-құқықтық формасын таңдауда ортақ өлшемшарт-критерийлер жоқ. Салдарынан әр меморган ойына келгенін істейді. Министрліктер мен әкімдіктердің, ұлттық компаниялардың бір бөлігі өз жанынан құрған еншілес ұйымдарын АҚ немесе ЖШС деп атауға құмар. Тағы бірі мемлекеттік кәсіпорын немесе республикалық мемлекеттік кәсіпорын (РМК) мәртебесін қолай көреді. Мұның сыртында ӨББ МК, ШЖҚ МК, ШЖҚ МКК, ШЖҚ КМК, КЕАҚ сияқты айтудың өзінен тіл сына жаздайтын форматтары бар. 

Жаңа заң жобасында соңғыларынан бас тарту ұсынылады. 

Әйтпесе, нақты талаптар болмағандықтан осының арасынан әркім өз қалағанын алып жүр. Оның үстіне әр шенді мемлекеттің емес, қара басының және командасының мүддесін басты орынға қояды. Яғни, ұйымдастырушылық-құқықтық нысан туралы шешім қабылдағанда еңбекақы, сыйақы, бонустар төлеуде тәуелсіздік беретінін, немесе жоғарыдан сұрататын есептілікті азайтып, ұйымды басқаруды жеңілдететінін, экономикалық еркіндік беретінін таңдайды. 

Бұл ретте мемлекеттің мақсаттары мен міндеттері, бүкіл басқару жүйесінің икемділігін сақтау қажеттілігі, мекеменің, ұйымның қызметінің негізгі нысанасын басшылыққа алу, мемлекеттің экономикаға қатысуының ұтымдылығын қамтамасыз ету және басқа маңызды мұраттар жайына қалады. Салдарынан, мемлекетке қарасты нақты бір ұйымның не себепті белгілі бір мәртебеге ие екенін түсіну қиын.  

Бұған қоса, мемкәсіпорындар коммерциялық немесе коммерциялық емес болып бөлінеді. Бұл бөліністе де биліктегілердің байыбына бармайтыны аңғарылады.  

"Мысалы, "Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталь" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны және "Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасы" қазыналық кәсіпорны – коммерциялық болып табылады. Ал "Маңғыстау облысы полиция департаментінің емханасы" мемлекеттік мекемесі – коммерциялық емес. Бұл ұқсас әлеуметтік міндеттерді орындайтын ұйымдардың коммерциялық немесе коммерциялық емес табиғатын анықтау қағидатының жоқтығын көрсетеді", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігінің мамандары.

Бұл ретте осы мысалда келтірілген бірде-бір ұйым, әсіресе емханалар мемлекеттік бюджетті толықтыру, барынша мол табыс табу мақсатында жұмыс істемейді. Олардың барлығы мемлекеттік міндеттерді, функцияларды, конституциялық міндеттерді орындаумен байланысты салаларда халыққа қызмет етеді. 

Себебі, кез-келген коммерциялық ұйымдар тек өзін-өзі қамтамасыз етуге және барынша мол кіріс алу мақсаттарына жұмыс істеуге тиіс. 

Жаңа реформаның жаңалықтары қандай?

Бүгінде елімізде, квазимемлекеттік секторда шамамен 6,3 мың ұйым бар. Қайта құрылымдау аясында КМС субъектілерінің саны бірден 4,5 есеге, немесе қазіргі 6,3 мыңнан 1,4 мыңға дейін қысқарады.
Ұлттық экономика министрлігі бұл жаппай қайта құрылымдау елде дүрбелең және әлеуметтік кернеу туғызбау үшін осы процесті 2 жылға созуды ұсынып отыр. 
Министрлік заң жобасын биылғы күзде Мәжіліске енгізеді деп күтілуде.  
Заң жобасы аясында келесі жаңашылдықтарды өмірге енгізу жоспарланған: 

  • мемлекеттің қатысуындағы ұйымдар 2 негізгі топқа бөлінеді: экономикалық және экономикалық емес.
  • Қолданыстағы "мемлекеттік кәсіпорын" ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны жойылады.
  • Мемлекеттік басқаруда "мемлекеттік ведомстволық бағынысты ұйым" (МВБҰ) атты жаңа форма құрылады: барлық экономикалық емес ұйымдар дәл осы жаңа формада қайта ұйымдастырылады. 

МВБҰ-ға ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қорғау, халықты жұмыспен қамту, дене шынықтыру және спорт өзге де салалардағы қызметті жүзеге асыру үшін мемлекет құрған коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ 50 және одан көп пайызға мемлекеттік бюджеттен ұсталатын коммерциялық емес ұйымдар жатады.

Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамада экономикалық емес ұйымдарды таратусыз, бірден МВБҰ мәртебесіне көшіру жөніндегі норма көзделетін болады.

МВБҰ квазимемлекеттік сектор субъектілері қатарынан шығарылады және бұдан былай КМС қатарына жатқызылмайды. Сонымен бірге олар (мектептер, емханалар, ауруханалар, спорт кешендері және басқалары) мемлекеттік кәсіпкерлік субъектісі болып саналмайды. 

Бірақ МВБҰ-ларға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға рұқсат етіледі. Мысалы, кітапханалар мен мәдениет үйлері өз залдарын ары қарай да жалға бере алады. Дегенмен, қандай коммерциялық қызметтер көрсететінін салалық мемлекеттік органмен және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен келісіп алуы шарт. Коммерциялық қызметі оның жарғылық мақсаттарына сәйкес келуге тиіс. 

Заң күшіне енсе, Қазақстанда квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тек АҚ, ЖШС формасындағы кәсіпорындар ғана жататын болады. 

Ұлттық экономика министрлігі квазимемсекторды қайта жіктеу қорытындысында жойылатын және жекешелендіруге тапсырылатын ұйымдар да анықталатынын мәлім етті.  

Алайда сарапшылар бұл реформаның да нәтиже әкелетініне сенбейді. Экономист Марат Ерғозиннің пікірінше, барлық коммерциялық емес ұйымдарды КМС сапынан шығарып, әкімдіктер мен министрліктерге ведомстволық бағынышты ұйымға айналдыру – биліктің жекешелендіру ісінің жарға жығылғанын бейресми мойындауы болса керек. Мемлекеттік активтерді жеке секторға табыстаудың жете ойластырылмауы, шикілігінің көп болуы, әкімдер мен министрлердің лоббиінің жетегінде кетуі салдарынан бұл науқан экономикаға еш пайда әкелмеді. 

Майшелпек кәсіпорындар билікке жақын, ықпалды тұлғалардың қанжығасында кетті. Жеке қолға өткен мектептер, балабақшалар, медициналық ұйымдар, басқа да әлеуметтік маңызды нысандардың біразы жабылып қалды. Қалғандары сол бойы мемлекеттік бюджетке қол жайып, содан қаржыландырылып отыр. Енді коммерциялық емес нысандарды жекешелендіруден билік бас тартады. Олар ведомстволық бағынысты ұйымға айналады. 

Сарапшыларды Ұлттық экономика министрлігі ұсынған "табыстарының 50 пайыздан астамы мемлекеттік бюджеттен қалыптастырылатын ұйымдар да мемлекеттік ведомстволық бағынысты ұйымдарға (МВБҰ) жатқызылатын болады" деген тұжырымы тіксінтті. Бұл қатарда бюджетті тұрақты игеру үшін биліктегілердің туысқандары, дос-жарандары құрып алған жартылай мемлекеттік, жартылай жекеменшік компаниялар да бар екені құпия емес. Олар осы арқылы сол бизнесін бюджетке толық кіріктіріп алмай ма? Ертең олардың бәрі мемлекетке масыл болса, жарыған екенбіз.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу