Қазақстанда қазіргі кезде 50 оператор жұмыс істейді. Олар үшін 39 заң қабылданған. Халық олардың ірілері ретінде "Отбасы банкін", "ӨКМ операторын" (Оператор РОП), медсақтандыру қорын, "Даму" қорын, "СҚ-Фармацияны", "Ақпараттық-есептеу орталығын" (gosreestr.kz), "ҚазАвтоЖолды" және басқаларын біледі.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұлардың жұмысына талдау жасай келе, әдетте айтыла бермейтін сырын ашты.
"Квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік кәсіпорындар осындай операторлық мәртебені иеленіп алған. Ал шынында бұлар үш себепке байланысты құрылған. Біріншіден, мемлекеттік монополияны енгізу жөніндегі рәсімдерді айналып өту үшін. Екіншіден, конкурстан тыс негізде сатып алуларды жүзеге асыру мақсатында. Үшіншіден, мемлекеттік орган функцияларының бір бөлігін соған беру үшін құрылған. Бұл операторлар IT, көлік, байланыс, қаржы салаларындағы қызметті жүзеге асырады. 9 оператор өздері үшін арнайы әзірленген заңнамалық актілермен реттеледі", – деді агенттік өз талдауында.
Басқа сөзбен айтқанда, шенеуніктер кәсіпкерлерге жол бермеу үшін мемлекет атынан бизнес ашып алған. Және сол бизнесіне мемлекеттік құзыр-функцияларды табыстаған. Ал Президент Қ.Тоқаев мемлекеттің экономикаға араласуын 14%-ға дейін қысқартуды жүктеп отыр.
Сонда не істемек керек?
Бәсекелестікті қорғау агенттігі бизнес пен мемлекет мүдделерінің өзара теңгерімін сақтау, бәсекелестікті қорғау, кәсіпкерлік субъектілерін дамытуды ынталандыру, жеке бизнесті қолдау мақсатында мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеуді ұсынды.
Бұл үшін қолданыстағы 10 операторды бәсекелес ортаға беру ұсынылып отыр. Тағы 9 оператор "мемлекеттік монополия субъектісі" болып қайта ұйымдастырылуы керек. Яғни, көлеңкеден күнгейге шығарылады.
Ал қалған 31 операторды "әзірленген механизмдерге сәйкес реттеу" қамтамасыз етіледі. Яғни, бұл салаларда оператор компания шамамен бес жыл сайын өзгеріп отырады.
Бұл жаңашылдықтар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасында қарастырылған.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов бір мысал келтірді.
"Айталық, "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы" ШЖҚ РМК – Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылады. Ол денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерін сүйемелдейді және министрлікке медициналық-статистикалық ақпарат ұсынады. Ал Денсаулық кодексінің 75-бабына сәйкес, денсаулық сақтау саласындағы статистикалық байқау – тікелей уәкілетті органның өз құзыретіне жатады. Алайда денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 7 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, елдегі барлық денсаулық сақтау ұйымдары статистикалық ақпаратты дәл осы "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының" аумақтық филиалдарына ұсынуға міндеттелген", – дейді Болат Қуанышбекұлы.
Дұрысында, салалық статистиканы жеке орталық емес, ДСМ қызметкерлері өзі жинауға тиіс болатын. Бірақ олар сол қызметі үшін медұйымдардан ақша жинай алмас еді. Осылайша, министрліктің өзіне жүктелген функциялардың бір бөлігін орындау үшін оператор құрылған. Ол орталық тікелей шарттар жасасу және мемлекеттік тапсырмаларды іске асыру есебінен қаржыландырылып отыр.
Агенттіктің дерегінше 2017 жылдан бері бұл орталық монополистік қызмет жүргізуден 7,9 миллиард теңге кіріс көрген. Және де бұл РМК – операторлар арасындағы "кедейі" саналады. Бай операторлардың табысы жүздеген миллиардтармен есептеледі.
Егер аталған заң жобасы меморгандардың келісімін ала алса, оны Парламент қабылдаса, кәсіпкерлік сала мол табыс әкелер әлеуетке кенелмек.
ХҚКО-лар сақталады
Айта кету керек, бұл құжат мемлекеттік монополияны жоймайды, ол "бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіру, өткізу немесе сатып алу саласындағы мемлекеттің айрықша құқығы" ретінде қала береді. Жоба тек жасырын меммонополияға тосқауыл қоймақ.
"Мемлекеттік монополия белгілі бір бәсекелі нарықта тек мемлекеттік кәсіпорынға айрықша құқықтар беру арқылы орнатылады. Ерекше жағдайлар ретінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО-лар), әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ), ҰҚК-ның "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ-ына айрықша құқықтар беру көзделген", – деп түсіндірді агенттік.
Меморган жекелеген экономикалық функциялардың іске асырылуына және қызметтерді монополиялық түрде көрсетуге уәкілеттік берілген операторлардың қызметіне талдау жүргізген. Соның барысында өзге нарық ойыншыларымен салыстырғанда құқықтық мәртебесі мен функцияларында артықшылығы бар заңды тұлғаларды – қаптаған операторларды анықтады.
"Бірақ осы операторлардың қызметі қолданыстағы заңнамада регламенттелмейді", – дейді агенттік төрағасының орынбасары.
Ведомство Қазақстанда барлық операторлардың қызметіне толық тыйым салу мәселесін де қарастырыпты. Дегенмен, одан бас тартты. Себебі, "барлық операторларды таратып жіберу Қазақстандағы конституциялық құрылыстың, ұлттық қауіпсіздіктің, қоғамдық тәртіпті қорғаудың, адамның құқықтары мен бостандықтарының, халықтың денсаулығының жай-күйіне теріс әсер етуі, қауіп тудыруы мүмкін" деген қорытындыға келді.
Сондықтан заң жобасында "операторлар қызметін реттеу" ұсынылып отыр. Яғни, біразы жойылып, бәсекелі ортаға беріледі. Кейбірі тікелей меммонополистке айналады. Сөйтіп, оның тарифтерін мемлекет бекітеді. Жасырын ақша табуын тияды.
Ал бірқатар операторларды Үкімет 3-тен 5 жылдық мерзімге конкурстық негізде іріктеуді қолға алады. Яғни, оператор мәртебесіне ие компаниялар ауысып отыруға тиіс. Олардың баға қалыптастыруын реттеудің бірыңғай тетігі енгізіледі, олар қоғамға есеп беруге міндеттеледі. Бұл істің ашықтығы қамтамасыз етіледі.
Бұл реформа шенеуніктердің үлкен қарсылығына тап болуы мүмкін. Тіпті оны іске асырмау үшін саботаж жасалуы да ықтимал. Қалай болғанда, бұл өзгерістерді келесі аптада, 9 ақпанда өтетін онлайн жиында меморгандар мен бизнес өкілдері талқыға салады деп күтілуде.
Жанат Ардақ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !