Үкімет өрттерге жол бермеудің жаңа шараларын қабылдауды кешіктірді

1524

Сарапшылар 2023 жыл "Өрттер жылы" болғанын айтуда.   

Үкімет өрттерге жол бермеудің жаңа шараларын қабылдауды кешіктірді Фото: inbusiness.kz

Алматыдағы хостелдің жанып кетуі кесірінен 13 адамның, соның ішінде шетелдіктердің қаза табуы да ауыр байлам жасауға негіз болса керек.

Биыл ел тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға тіркелді. Алғаш рет "тілсіз жау" Қазақстанда траурдың жариялануына соқтырды. 2023 жылғы 8 маусымда Абай облысының "Семей-орманы" орман резерватының Батпаев орманшылығындағы өрттен 14 орманшы және бір тракторшы мерт болып, бүкіл ел аза тұтты, қайғы жұтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусымда жалпыұлттық Аза тұту күні деп жариялады.

Бетін аулақ қылсын, бірақ билік пәрменді шаралар қолданбаса, тілсіз жаудың алдын орауды үйренбесе, бұл соңғы Аза тұту күні болмауы мүмкін. Азаматтар Алматыдағы өрт құрбандары үшін де Аза тұтуды жариялауды ұсынып жатыр.

Бұл салада тіпті саботаж белгілері де байқалатындай. Президент Тоқаев сонау 2021 жылғы 11 маусымда Үкіметке "елде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің іс-шаралары кешенін қабылдауды" тапсырған болатын. Мемлекет басшысы осы мәселеге баса назар аудартып, №21-27-7.45 нөмірлі тиісті резолюция да жазыпты.

Үкімет пен Парламент болса, төтенше жағдайлармен күресушілерді лайықты бюджетпен, жақсы жалақымен, құрал-жабдықтармен қамту мәселесін кейінге ысырумен келді. Мамандардың шағымдануынша, тіпті салаға арналған жаңа заңдар да сол бойы қабылданбаған.

Мысалы, кезекші-диспетчерлік қызметтер әлі күнге автоматтандырылмапты. Өрт кезінде көмек көрсету уақытын қысқарту үшін қажет бұл шара қомақты шығынды талап етеді. Ондай қаржыландыру келесі жылдардың бюджетінде ғана қарастырылған.

Мұны Төтенше жағдайлар министрлігінің жаңа басшысы Сырым Шәріпханов мойындады. Ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, министрдің айтуынша, адамдар өрт басталған уақыттан 5-6 минуттан кейін өліп қалады. Мұны Алматыдағы хостелдегі қайғылы оқиға растады. Өрттер барысында көбіне қарт адамдар, балалар, мүгедектігі бар жандар қаза табады.

Сол себепті, Сырым Шәріпхановтың мәліметінше, кезекші-диспетчерлік қызметтердің жұмыс бекеттерін автоматтандыру арқылы өрт туындағанда азаматтарға көмек көрсету уақытын қысқарту шаралары қабылданып жатыр. Атап айтқанда, әзірге 95 мың мүмкіндігі шектеулі жанның тұрғылықты жері бойынша деректер жиналды. Бұл өрт кезінде қозғалысы шектеулі адамдардың болуы туралы ақпаратты құтқарушыларға автоматты түрде жеткізуге мүмкіндік береді. Бірақ мүгедек деп ресми танылған адамдардың саны миллионға жуық.

Төтенше жағдайлар министрлігі керісінше, биылғы жылы өрттер санының төмендегенін айтады.

Мысалы, бұрын республика бойынша өрттердің орташа саны 13 681 оқиғаны құрайтын, одан шамалы азая бастаған: 2014 – 15 126 өрт, 2015 – 15 065, 2016 – 14 528, 2017 – 15 438, 2018 – 14 567, 2019 – 14 622, 2020 – 13 933, 2021 – 12 256, 2022 – 12 219, 2023 жылдың 10 айында – 9 057 өрт тіркелді.

Соңғы 10 жылда өртте қаза тапқан адамдардың саны: 2014 – 404, 2015 – 390, 2016 – 372, 2017 – 352, 2018 – 434, 2019 – 326, 2020 – 389, 2021 – 413, 2022 – 344, 2023 жылғы 10 айда – 284 адам.

Соңғы 10 жылда өртте жарақат алған адамдардың саны: 2014 – 619, 2015 – 581, 2016 – 574, 2017 – 464, 2018 – 412, 2019 – 390, 2020 – 363, 2021 – 429, 2022 – 314, 2023 жылғы 10 айда – 243 адам.

Соңғы 5 жылда өндірістік нысандарда тіркелген өрттер саны: 2019 – 211, 2020 – 214, 2021 – 180, 2022 – 156, 2023 жылғы 10 айда – 106 оқиға.

Бірақ келіп қалған қыс маусымында өрт оқиғалары жиілеуі мүмкін. Сондықтан Төтенше жағдайлар министрлігіне және әкімдерге республика бойынша орталық жылыту жүйесіне қосылмаған әлеуметтік нысандардың жұмысын ерекше бақылауға алу жүктелді.

Онсыз да аз халықты бейбіт заманда қынадай қыруы мүмкін "тілсіз жаудың" бас көтеруін болдырмау үшін пеш жағатын жеке үйлерде газ датчиктерін орнату жұмыстарын және жеке тұрғын үй секторына рейдтерді күшейту тапсырылды. Себебі, тіпті тегін орнатылған датчиктер де істемей тұратын жағдайлар тіркеледі: кейбір жауапсыз ата-аналар датчиктің батареясын уақытылы ауыстыруға мән бермейді, онысы бұзылып, ағып кетіп, құрылғыға залал келтіреді.

2016 жылдан бері шамамен 193 мың датчик, оның ішінде биылғы жылыту маусымы қарсаңында 8 мыңға жуығы орнатылды. Осы тәжірибе енгізілгелі датчиктердің іске қосылып, дабыл қағуының, яғни көзге көрінбес, танауға сезілмес улы газдың тарауының 49 оқиғасы тіркеліпті, 219 адамның қаза табуына жол берілмеді.

Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі бойынша халықпен профилактикалық жұмыстарды жандандыру қажет. Мұнда да сорақы жайттар мәлім болуда: министр бірқатар тұрғындардың өздеріне өрт қауіпсіздігі туралы түсіндіруге келген мамандарға есікті ашпай қоятынына немесе жүре тыңдайтынына шағымданған еді.

"Халықтың өз қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтынын атап өту қажет. Мәселен, биыл 10 мыңнан астам үйдің тұрғыны профилактикалық консультациядан бас тартты. Осыған байланысты, біз әлеуметтік желілер, тұрғын үй чаттары мен білім беру ұйымдары арқылы "Мектеп–балалар–ата-аналар" науқанын жүргізіп, отбасыларға өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын ұғындыруға тырысып жатырмыз", – деді ТЖМ басшысы.

Төтенше жағдайлар саласы мамандарының бизнесмендерге де өкпесі бар. Олардың айтуынша, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігінің төмендігі ақыр соңында өрттен қорғау жүйелерінің ағымдағы жай-күйіне теріс әсер етеді және олардың бұзылуына соқтырады.

Негізгі бұзушылықтарға ақаулы электр желілерін, жабдықтарды, жұмыс істемейтін өрт дабылдарын, өрт сөндіру жүйелерін, өрт крандары мен гидранттарын пайдалану, сондай-ақ жақын маңда өрт сөндіру үшін керек су қоймасының болмауы, эвакуация жолдарының бітеліп тасталуы, көлемдік-жоспарлау шешімдерін жобалау-сметалық құжаттамасыз өзгерту және басқасы жатады.

Таяуда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ондаған жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан тағы бір түйткілді атады. Қазақстанда жарамсыз газ баллондарын алып қойып, утилизациялау тәртібі реттелмепті. Салдарынан газ толтырушы компаниялар да, тұрғындар да әбден көнеріп, тозған баллондарды пайдалана береді.

Қазақстанның әлемде метал өндіруші ірі ел саналатынына қарамастан, Үкімет тіпті қарапайым газ баллондарын өзімізде жасауды да әлі күнге дейін жолға қоя алмады. Өнеркәсіп және Энергетика министрлігіне осы бағыттарда тиісті шаралар қабылдау тапсырылды. Әйтпесе, ел тарихында баллондардың жарылуынан қаншама қайғылы оқиға орын алып, адамдар жазым болды.

Төтенше жағдайлар министрі биыл ғана "Міндетті түрде мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет құрылатын ұйымдар мен объектілердің тізбесін бекiту туралы" бұйрығын қабылдады. Оған сәйкес "міндетті түрде мемлекеттік емес, жекеменшік өртке қарсы қызмет құрылатын ұйымдар мен объектілердің тізімін" енді ғана әзірлеп отыр.

Өрттің алдын алу, кәсіпорындар мен халық арасында түсініктеме жүргізу, мамандарды оқыту салаларын да қалпымен былық пен салғырттық жайлаған көрінеді. Мәселен, қолданыстағы қағидаларға сәйкес, өрттен қорғануға (өрт-техникалық минимум) оқыту арнайы орталықтарда жүргізіледі.  

Елімізде ондай 400 оқыту орталығы бар. Бұл сала бәсекелестік ортаға берілген.

Талап бойынша ұйымдардың басшылары, өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жауапты тұлғалар, сондай-ақ электрмен-газбен дәнекерлеу жұмыстарын, бензокескіш, желім, мастика, полимерлік материалдар, дәнекерлеу лампалары, битум және басқасы қолданылатын жұмыстарды жүзеге асыратын жұмысшылардың белгілі бір санаттары өндірістен қол үзіп, оқу орталықтарына барып, оқытудан өтуі, тиісті куәлік алуы керек.

Өрт қауіпсіздігі қағидаларының 8-тармағына сәйкес, ұйымдардың қызметкерлері өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша оқудан және нұсқаулықтан өткеннен кейін ғана жұмысқа жіберіледі.

"Алайда бүгінгі күні ұйымдардың қызметкерлерін өрт қауіпсіздігі шараларына оқытуды өрт қауіпсіздігі саласында базалық білімі жоқ кез келген оқыту орталығы жүргізе береді. Оларда оқытуды біліктілігі жоқ мамандар жүргізеді. Штаты біліксіз оқытушылардан тұратын мұндай оқыту орталықтарында оқудан өткен мамандар халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіреді. Мәселен, 2023 жылдың 10 айында тек бақылаудағы объектілерде ғана 817 өрт тіркелді. 10 адам қаза тапты. Келтірілген залал сомасы 2 миллиард теңгеден асып кетті", – деп хабарлады ТЖМ.

Соның ішінде сауда кәсіпорындарында – 327, өндірістік мақсаттағы ғимараттарда, құрылыстарда – 106, әкімшілік-қоғамдық ғимараттарда – 103, монша-кір жуу кешендерінде – 85, қойма ғимараттарында – 68, ауыл шаруашылығы объектілерінде – 67, емдеу-сауықтыру мекемелерінде – 20, білім беру мекемелерінде – 18, балалар мекемелерінде – 10, мәдени ойын-сауық нысандарында – 7, спорттық ойын-сауық орталықтарында – 6 өрт болған.

2023 жылдың 10 айында жүргізілген профилактикалық бақылау қорытындысы көрсеткендей, мамандары мен жұмысшылары оқыту орталықтарында ресми оқудан өтті делінген 10 003 нысанда өрт қауіпсіздігі талаптарының 99 848 бұзушылығы әшкереленді. Бұл да оқытудың көзбояу жүргізілетінін немесе оқытудан өткен басшылар мен мамандардың сол білімін өндіріс орнында пайдаланбайтынын білдіреді. Салдарынан халықтың өміріне, денсаулығына күн сайын қауіп төнеді.

"Тілсіз жаудың" кезекті шапқыншылығынан соң билік аза тұтумен шектеле бермесе, жөн. Айтқандай, сарапшылар алматылық хостелдегі қырғыннан соң да Үкіметтің стандартты шаралармен шектелгеніне назар аудартуда. Әдеттегідей, біріншіден, билік "өрттің шығу себептерін тексеру жөніндегі үкіметтік комиссияны құрды". Ол комиссияның қорытындылары саладағы кемшіліктерді жоюға және мұндай қайғылы оқиғаның қайталануына тосқауыл қоюға ықпал ете ме? Нығайбыл.

Екіншіден, биік лауазымды шенеунік, бұл жолы Үкімет басшысының өзі емес, тек Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов оқиға орнына шұғыл аттанды.

Үшіншіден, билік басындағылар қаза тапқандардың туысқандарына жамырай көңіл айтты. Төртіншіден, Үкіметтік комиссия зардап шеккендерге бірінші кезектегі көмек көрсететіні жария етілді. Үкімет "комиссия құрумен" елігуін доғарып, қайғылы жағдайларға жеткізбей, өрттің алдын алу үшін тиімді, тегеурінді шараларға көшсе, сол орынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу