Үкімет отырысында Президент қандай мәселелер көтеруі мүмкін

2592

Биылғы жыл билікке сын болғалы тұр.

Үкімет отырысында Президент қандай мәселелер көтеруі мүмкін

Қаңтардан бергі оқиғаларға орай отандық және шетелдік сарапшылар Қазақстанның 30 жылдықтағы жетістіктерінің салмақтылығына күмән келтіре бастады. "Қасіретті қаңтар" ұлттық қауіпсіздіктің соншалықты берік еместігін, ұлттық күштік құрылымдардың бір бөлігі сын-сағатта, тағдыр тезінде халықты да, билікті де жалғыз тастап, тайып тұратынын паш етті.

Ресейдің бауырлас Украинаға шабуылдап, оның халқын қанға бөгуі бізде тәуелсіздіктің ондаған жылдарында мантрадай қайталанған "шекарамыз шегендеулі", "айналамызды таспен емес, доспен қоршадық" деген тұжырымдардың тұғырын шайқалтқандай болды. Мұндай көршімен бейғам отыруға болмайтыны айқындалды. Қазақстан өткен жылдары деградацияға ұшырай бастаған ұлттық армиясын күшейтуге, оның авиациясын толықтыруға жанталаса кірісуге мәжбүр. Ел басшылығы Түркиямен бірге Anka беспилотниктерін өндіруге кірісуге уағдаласты. Қарулы күштер қайта құрылымданып, реформалануда.

Отыз жыл бойғы Индустрияландыру бесжылдықтарына, биліктің қайта өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсіпке триллиондап ақша, салықтық жеңілдік, мемлекеттік награда және сый-сияпатты аямай төккеніне қарамастан, ешқандай соғыс жүргізіп жатпаған, алпауыттардың алапат санкциялары астында қалмаған Қазақстанда экономика тоқырауда, теңге құнсыздануда, баға шарықтап, тауар тапшылығы туындауда.

Жалпы ертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен видеоконференцбайланыс режимінде өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қандай мәселелер талқыланатыны жалпылама белгілі. Бұл туралы бір ай бұрын Премьер-Министр Әлихан Смайылов анонс жасаған еді. Оның айтуынша, жиын барысында елдің биылғы бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылады.

Әсіресе, инфляция және инвестиция мәселелеріне екпін түсірілмек. 

Үкімет басшысы барлық министрлер мен әкімдерге осы отырысқа мықтап дайындалуды тапсырды. Өйткені Үкіметке жаңа құрылғандарын қоса алғанда, бірден 20 өңір бойынша есеп беруге тура келмек.

Инфляция

Биылғы 5 қаңтарда, бүлік пен бейберекетсіздік ушығып тұрғанда, Мемлекет басшысы көшедегілердің талабына ден қойып, Асқар Мамин Үкіметін отставкаға жіберді. Ескі Министрлер кабинеті елдегі қымбатшылықты жеңе алмағаны үшін айыпталды. Тиісінше, 11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Үкіметтің алдына қысқа мерзімді 2 басты міндетті белгіледі (азық-түлік қауіпсіздігі және инфляция).

"Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді", – деді ел Президенті.

Назар аударсақ, Тоқаев мұны 24 ақпанда басталған геосаяси дауылдан бұрын тапсырды.

Ашығын айту керек, Смайылов Үкіметі инфляцияны құрықтай алмай тұр. Масқарасы сол, онысы Мамин Үкіметінікінен екі еседей көп болып шықты. 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,4%-ды құраған. Қазір ше? Ұлттық статбюроның дерегінше, 2022 жылғы маусым айының қорытындысында жылдық инфляция 14,5%-ға дейін жылдамдады. Соның ішінде азық-түлік бағалары маусым айында кем дегенде 19,2%-ға қымбаттаған. Ал азық-түлік емес тауарлардың бағалары –13,2%-ға, ақылы қызметтер – 9,2%-ға шарықтады.

Мұның бәрі мемлекеттің әлеуметтік қолдау шараларын жоққа теңестірді, халықтың тұрмысы қатты құлдырап барады.

Азық-түлік қауіпсіздігі

Ресей-Украина, Әзербайжан-Армения, Тәжікстан-Қырғызстан сияқты ешқандай қарулы қақтығысқа тартылмаса да, Қазақстанды азық-түлік тапшылығы жайлауда. Қалған азын-аулақ тауар нарық заңына сай тез қымбаттап шыға келді.  

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, өткен маусым айында ғана қант-құмшекердің бағасы бірден 78,7%-ға, қырыққабат-капуста – 72,4%-ға, жуа – 69,3%-ға шығандап шыға келген.

Ресми статистика өмір шындығымен қабыса бермейді. Былтыр ғана келісі орта есеппен 250 теңгеден сатылған қант қазір кейбір өңірде 900-1000 теңгеден саудаланып жатыр. Қантқа таласып, төбелесіп, адамдық қалыптан кете жаздаған қазақстандықтар бейнеленген виеороликтер YouТube арқылы жаһанға тарап кетті.

Қанттың жетіспеуі кондитерлік зауыттардың, сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың дағдаруына соқтырды.

"Біздің қалада да қант тапшылығы өршіп барады. Мұндай дефицитті 90-шы жылдардан бері білмеппіз. Жергілікті билік Үкіметке көркейтілген көрсеткіштерді жолдайды. Содан лайықты шаралар қабылданбайды. Мысалы, бізде тұрақтандырушы қорларынан алынған қант сатылады, қолы бос халық оған арналған дүңгіршектер алдында таңғы 5-тен бастап кезекке тұрады. Ал біз сияқты жұмыс істейтін адамдарда оған уақыт жоқ, құр қаламыз. Дүкендерде құмшекер жоқ, тек текшеленген рафинад бар (1 келісі 1200 теңгеден жоғары). Жұмыс істемейтіндер таңғы 5-тен кезекке тұрып, тұрақтандырушы қорының арзандау қантын сатып алып, кейін қымбатқа қайта сатады деп жүр халық. Билік неге жағдайды бақылауға ала алмай отыр?", – дейді Өскемен тұрғыны Жанар Бұқарбаева.

Жалпы қант қана емес, өзге тауарлар мен заттар да барған сайын қолжетімсіз бола түсуде. Мысалы, статорган дерегінше, өткен айда жуу және тазалау заттары – 20,8%-ға, тұрмыстық техника – 19,7%-ға, құрылыс материалдары – 18,6%-ға, жиһаз және үй керек-жарақтары – 18,2%, автомобильдер – 15,1%-ға, ыдыстар – 13,9%, тоқыма бұйымдары – 10,8%-ға, фармацевтикалық өнімдер – 9%-ға қымбаттады. Ақылы қызметтер бағасы да көтерілген: дәмхана, мейрамхана, тамақтандыру орындарының қызметі – 15,9%, денсаулық сақтау – 14,7%, санаторийлер – 13,7%, кешенді демалыс – 13,2%, шаштараздар қызметі – 12%, қонақүйлер тарифі – 5,7%-ға жоғарылады.

Мұнай тасымалы

Ресейдің "Каспий құбыр консорциумының" құбырымен қазақ мұнайын айдауды тоқтатуы Қазақстан Үкіметін есеңгірете жаздады. Себебі Қазақстан 67 миллион тонна қара алтынын жаһандық нарыққа КҚК арқылы шығарады. Жалпы алғанда, қазақ мұнайының 90%-дан астамы Ресей жері арқылы тасымалданады. Яғни 30 жылдық ішінде республика тәуелділіктен арыла алмаған, оған тырыспаған да. Енді шұғыл түрде Ресейді айналып өтетін жолдарды іздеуде. Сарапшылар өзге елдермен – Әзербайжан, Иран, Түрікменстан, Қытай, Өзбекстанмен келіссөз жүргізуге, тасымал тарифтері бойынша мәмілеге келуге, танкерлерді сатып не арендаға алуға біраз уақыт кететінін, содан ең жедел дегенде жыл соңы келер жылдың басында ғана балама тасымал бағыттарының өткізу қабілетін лайықты ұлғайтуға болатынын айтады.

Бірақ бұл бағыттағы жұмыстарды үдеткен жөн. Әйтпесе сол Қазақстанның тәуелсіздігіне нұқсан келтіруі ықтимал. Қазір Ресей соты КҚК құбырын бір айға тоқтату туралы шешімін жойып, оны айыппұлға ауыстырды. Содан магистральді құбыр жұмысын жалғастыруда. Алайда бұл да ұзаққа созылмай, КҚК жұмысы қайта доғарылуы мүмкін. Себебі ресейлік саясаттанушылар осы құбыр арқылы Еуропаға қысым көрсету қажет деп жатыр. КҚК арқылы Италия және басқа елдер қазақ мұнайын алып, экономикасын ілгері бастырып отыр. Одан айырылса, Еуропадағы инфляция шарықтайды, халықтың жаппай наразылығы өршиді, алдағы сайлауларда Батыс елдерінің билігіне националист-популистер келуі мүмкін. Сондықтан батыс амалсыз, КҚК тұрақты жұмыс істеуі үшін Кремльдің талабына бас июге мәжбүрленеді.

Ертеңгі кеңейтілген отырыста азаматтардың зейнет жасын төмендету мәселесі қаралса, дағдарыстан, жоқтықтан күйзеліп, еңсесі езілген халық риза болып, бір қуанып қалар еді. Бірақ саясаттанушылар Президенттің ондай ірі бастамаларды тек жолдауында, Парламенттің жаңа сессиясын ашу рәсімінде немесе Ұлттық құрылтайда жариялауы мүмкін деп жатыр.

Жиында газ саласы мен бағасының перспективасы белгілі болады деп күтілуде. Сарапшылар олигархтарға қатысты мәселелер де ашық күйде қалды деседі.

Сонымен бірге Үкіметтің 2022 жылғы 8 ақпандағы кеңейтілген отырысында берілген тапсырмалар да толыққанды орындалды деуге келмейді. Онда мысалы, қаңтар оқиғалары кезінде талаудан, тонаудан, өртеп-қиратудан зардап шеккен азаматтарға, шағын және орта бизнес өкілдеріне 100 миллиардтан астам теңге көлемінде залал келгені айтылып, өтемақы жасау мәселесі көтерілген. "Қазақстан халқына" қорының да қарым-қимылы қоғам көңілінен шықпай тұр. Инвестиция тартуда тиімділігін көрсете алмады деп сыналған еркін экономикалық аймақтар ары қарай қайырсыз тірлігін жалғастырды.

Алдыңғы отырыста Президент 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтінін, бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш екенін қаперге салды. Содан бері Үкімет Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама қабылдады. Алайда қазіргі дағдарыс аясында кедейленген халық саны өсе түспесе, азайғаны байқалмайды.

Әрине, бірқатар міндеттер орындалды. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаев 3 миллион адам тұратын Алматы мен оның төңірегіндегі елді-мекен тұрғындары ағылатын "Алтын орда" базарын былық басқанын сынап, сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салуды жүктеген. Содан бері 10 меморган өкілдерінен тұратын комиссия мен жұмыс топтары елдегі барлық ірі базарларға рейд, ауқымды тексерістер жасап, ретке келтіруге кірісті. Бұл іске Мемлекет басшысы 2 ай берген. Президенттің сынына арқау болған Қытаймен арадағы кеден бекетіндегі былықтардан арылу жұмыстары шабан болса да, жүргізіліп жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу