Үкімет сотталғандарды теміржолмен әрлі-берлі тасуды тыймақ

2422

Бұл өзгеріс прокурорлардың құзырының күшеюіне әкеледі.   

Үкімет сотталғандарды теміржолмен әрлі-берлі тасуды тыймақ

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауы аясындағы саяси реформалар жалғасуда. Оның үлкен бөлігі республикада прокуратураның рөлін арттыруға бағытталған.

Мысалы, ішкі істер органдары қылмыстық атқару жүйесінде ойына келгенді істеп, сотталғандарды бір колониядан екіншісіне ауыстыра салуы мүмкін. Әрине, бұл сала заңмен реттелген. Бірақ бәрібір соңғы шешім – ҚАЖ бастықтарының құзырында.  

2014 жылы қабылданған жаңа Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, сотталған адамды жазасын одан әрі өтеу үшін бір мекемеден дәл сондай басқа мекемеге не қауіпсіздігі аралас мекемеге ауыстырудың 4 негізі қарастырылған.

  • Оның біріншісі бойынша сотталғандардың не өзге адамдардың тарапынан сотталған адамның өміріне, денсаулығына не қадір-қасиетіне қатер төнсе, колонияның немесе жазаны орындайтын органның қызметкері қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ол адамды қауіпсіз орынға ауыстыру және алып кету арқылы дереу шаралар қолдануға міндетті.
  • Екіншіден, колония не түрме қайта құрылған немесе мүлдем таратылған жағдайда;
  • Үшіншіден, сотталғанның келісімімен өндірістік қажеттілік жағдайында жүзеге асырылады;
  • Төртіншіден, колонияда бүлік, басқа да төтенше оқиғалар бола қалса, құқықтық тәртіпті сақтау қажет болған жағдайларда сотталғандарды басқа жаққа ауыстыруға жол беріледі.

Бұл ауыстыруды жүзеге асыру үшін қылмыстық-атқару жүйесінің уәкілетті органының шешімі болса, жеткілікті.

Салдарынан, сотталғандар жүйедегі бастықтардың ықтияр-ниетіне, мүдде, қалауына тәуелді болып қалады. Бұл адам құқықтарының бұзылуына да соқтырады.

Сондықтан Әділет министрлігі "Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасына осы саладағы бір жаңашылдықты қосты.

Ол бойынша сотталғанды бір колониядан екіншісіне бағыттау бұрынғыдай қылмыстық-атқару жүйесінің уәкілетті органының шешімі бойынша, бірақ тек прокурордың санкциясымен, рұқсатымен ғана жүзеге асырылады. Бір жағынан, бұл ҚАЖ басшыларының қыңыр, тәртіпсіз, болмаса, пара бермейтін сотталушыны кеңестік көне, көк басқан ғимаратта орналасқан, нашар немесе мүлдем жағдай жасалмаған колонияға ауыстырып, жазалауына жол бермейді.

Дегенмен сарапшылар ұсынылып отырған бұл өзгеріс салада бюрократияны күшейтіп жібереді деп алаңдайды. Мысалы, қолданыстағы тәртіп бойынша өзге сотталғандардың өзіне өшіккенін, жаман ниеті барын білген, өзін өлтіру, мертіктіру, зорлау қаупі туындағанын анықтаған сотталушы түрменің кез келген қызметкеріне қатерді жою туралы өтінішпен жазбаша немесе ауызша жүгінеді. Ол қызметкер қатерді жою үшін шағымданған сотталушыны қауіпсіз орынға ауыстыру бағытында дереу шаралар қолдануға міндетті. Тиісті шешімді жазаны орындайтын мекеменің немесе органның әкімшілігі қабылдайтын. Ал мына норма құпталса, онда мекеме не орган әкімшілігіне әрі қарай прокуратураға хабарласып, солардан санкция күтуге тура келеді.

"Сотталғандарды басқа мекемеге ауыстыру туралы мәселені қарауда мекеме әкімшілігінің актілеріне прокурордың санкция беруі – осы шешімді қабылдау кезінде сотталғандардың құқығын бұзуды болдырмау және заңдылықты қамтамасыз ету үшін қажет. Қазіргі уақытта ауыстыру ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесi комитетiнің нарядтары бойынша жүзеге асырылады. Нәтижесінде, тек құқықтық тәртіпті сақтау немесе қауіпсіздік шараларын қолдану үшін деген себеппен ҚАЖК нарядтарына сәйкес, әрі мекемелер әкімшілігінің қорытындысы негізінде жыл сайын 200-дей адам ауыстырылады және бұл сан өсуде. Нақтыласақ, 2018 жылы – 145, 2019 жылы – 134, 2020 жылы – 223, 2021 жылы – 266, ал 2022 жылғы 1-тоқсанда 74 адам ауыстырылған. Шынында, сол құқықтық тәртіпті сақтау шараларын сотталушының жазасын өтеу орнында қабылдауға болатын еді", – деген түсініктеме берді Әділет министрлігі.

Оның үстіне сотталушылардың үлкен бөлігі бұл ауыс-түйістерге үдере қарсы шығады екен. Оның соңы бүліктерге, сотталушылардың өз дене мүшелерін жаппай жаралауына соқтырып жатады. Мәселен, ауыстыруға келіспейтінін білдіріп, 2021 жылы – 73, ал 2022 жылғы 1-тоқсанда 19 сотталған адам дене мүшесін зақымдапты. Яғни наразылық өршіп тұрғандай.

Әділет министрлігінің тағы бір мығым дәйектемесі бар. Анда-мында ауыстыра беру бюджеттік шығындарға әкеледі.

"Сотталғандарды бір мекемеден екінші мекемеге шетсіз-шексіз ауыстыра беру сотталғандарды тасымалдау мақсатында "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның вагондарын жалға алу үшін жыл сайын 250 миллион теңгеден астам негізсіз шығындарға әкеп соғады", – деп мәлім етті әділет ведомствосы.

Бұл норма сондай-ақ прокуратура органдарының құзыретін күшейту үшін ұсынылып отыр.

Әзірге сотталғандарды сапырылыстыру жалғасуда. Ондай үрдіс жалғыз жазасын өтеушілерге ғана емес, олардың туыстарына да қиындық әкеледі екен.

"Інім Әнуар Қарағандыдағы түрмеде жазасын өтеп жатыр. Мінезі жақсы, адамгершілігі мол, ешқандай тәртіпті бұзған жоқ. Алайда былтыр Маңғыстау облысының Ақтау қаласындағы колонияда болған төтенше жағдайға байланысты 2021 жылдың қыркүйек айында ол басқалармен бірге Қарағанды қаласына аударылды. Ол жер алыс болғандықтан кездесуге бара алмай отырмын. Әнуар жетім өскен. Туысы жоқтың қасы. Сол себепті оны жақынырақ, Қостанай қаласындағы түзеу мекемесіне ауыстыруды сұрап жүрмін", – дейді оның әпкесі Зәуре.

Таяуда ол ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетовтен оң жауап алды. Онда ол сотталған Әнуарға қатысты өтініш қанағаттандырылғанын, тиісінше ҚАЖ комитетінің нұсқауына сәйкес Әнуар жазасын одан әрі өтеу үшін Қостанай облысы бойынша ҚАЖ департаменті мекемесіне жіберілетінін хабарлады.

Әділет министрлігі ұсынып отырған заң қабылданса, бұл шешімнің ауылы ұзауы мүмкін еді. Демек заң жобасы Парламентте қызу талқыға салынып, оң және теріс жақтары таразы басына тең тартылып, лайықты шешім қабылданса, жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу