Үкімет сырқаттарға арналған жәрдемақыны 2,3 есе көбейтуге ниетті

3258

Қазақстандықтар жалақыдан айырылып қалмау үшін де коронавирусқа шалдыққанын жасырады. 

Үкімет сырқаттарға арналған жәрдемақыны 2,3 есе көбейтуге ниетті

Азаматтар ауызекі тілде "больничный" аталатын еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ашқызудан қорқады. Себебі оны ашқызса, жалақысының едәуір бөлігінен айырылып қалады.

Пандемия кезеңі – дәл осы парақтың дәуіріне айналып кетті. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2020 жылғы наурыздан 2021 жылғы 21 қыркүйек аралығында Қазақстанда 867 мыңнан астам адам коронавируспен, тағы 74,4 мыңнан астам адам коронавирус белгілері бар пневмониямен сырқаттанған.

Алайда шынында қанша қазақстандықтың індетке душар болғанын билік білмейді. Сондықтан нақты білу үшін биылғы санақ парақтарына: "Сіз коронавируспен ауырдыңыз ба" деген сұрақ енгізілді. Азаматтардың көбі дертін жасырып, ауруға тып-тыныш қана шыдап бақты, емханаға жүгінбей, өз бетінше емделді. Әйтпесе, "больничный" алуына тура келеді, онда ай соңында азғантай төлемақы ғана тиеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Сырқатқа қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік берсе...

"Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №907 бұйрығымен бекітілген "Еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау және төлеу қағидаларына" сәйкес, жұмыскер жұмыс берушіге еңбекке уақытша қабілетсіздігі туралы парақты жұмысқа қайта шыққан күні немесе жұмысқа қабілетсіздігі аяқталғанға дейін ұсынуға тиіс. Мысалға, жұмыскер үш ай бойы емделуі мүмкін. Бұл жағдайда 3 айға арналған еңбекке уақытша қабілетсіздігі туралы парақты ұсынса, еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша жәрдемақы ауырудың әр айы үшін 15 АЕК (43 755 теңге) көлемінде, бірақ 3 айға 45 АЕК-тен аспайтын сомада төленеді", – деп түсініктеме берді өз блогында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов. 

Оның айтуынша, "еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жұмыстан уақытша босатылған және осыған байланысты жәрдемақы алатын жұмыскерді жұмысқа, соның ішінде қашықтан жұмыс істеуге жіберуге жұмыс берушінің құқығы жоқ". 

Жұмыс берушілер де, сарапшылар да бұл тыйым еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайына нұқсан келтіреді деген пікірде.

"Еңбекке уақытша жарамсыздық парағында ауыру кезеңі көрсетіледі, тиісінше жұмыс беруші табельде осы күндерді не айларды жұмыс күндері емес деп көрсетуі шарт, тиісінше, ол үшін жұмыскерге жалақы төленбейді, тек азын-аулақ жәрдемақы төленеді. Алайда қазіргі кезде әлем пандемия ықпалымен жаңа заманға кірді. Жұмыскерлер коронавируспен, пневмониямен науқастануда. Бұл дерт те, сауығу кезеңі де ұзаққа созылуы ықтимал. Оның үстіне емдеу регламентациясына сәйкес, ковид-сырқат ауруханадан шыққаннан кейін 14 күн үй карантинінде болуға міндетті. Бұл ретте "больничный" жабылмайды, параққа "ауыруды жалғастыруда" деген белгі соғылады", – дейді кәсіпкер Айдар Сәдуақас.

Ол командасына іріктеп алған әрбір қызметкері құнды екенін айтады.

"Олар карантин кезінде, еңбекке жарамсыздық парағы жабылмаса да, қашықтан форматында жұмысқа қайтадан кірісіп кете алар еді. Жұмыскердің онлайн еңбекке қабілеттілігін дәрігер де растап бере алады", – дейді.

Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының талабын бұзуда

Бірақ еңбек ведомствосы алты жыл бұрынғы бұйрығын жаңа өмір шынайылығына орай жаңғыртуды ойластырып та отырған жоқ.

Оның орнына басқа шешім ұсынды.

Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "жұмыс берушілердің қаражаты есебінен жұмыскерлерге еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша төленетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін 15 АЕК-тен 35 АЕК-ке дейін ұлғайтпақ". Ұсыныс қабылданса, жәрдемақының ең жоғарғы сомасы 102 095 теңгеге дейін өседі.

Ведомство бұл бастамасын өзі әзірлеп жатқан Әлеуметтік кодекстің жобасына енгізді.

"Еңбек заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша қабілетсізік бойынша әлеуметтік жәрдемақыға қатысты шектеу белгіленген: оны жұмыс беруші 15 АЕК-тен аспайтын мөлшерде (43 755 теңге) төлейді. Егер жұмыскер ұзақ науқастанса, жәрдемақының бұл мөлшері емделуге – операцияларға, медициналық ем-дом шараларына, медманипуляцияларға, дәрі-дәрмектерге, көлік шығыстарына жетпейді. Сонымен бірге сырқаттың қалпына келуімен, оңалту іс-шараларымен, қосымша дәрі-дәрмектермен, дәрумендермен, көлік шығыстарымен байланысты шығыстарды ескерсек, жәрдемақы жұмыскерге жетпейді, оның жоғалтқан табысын еш компенсацияламайды", – деген түсініктеме берді еңбек ведомствосы.

Салдарынан, 2020 жылы бұл жәрдемақы орташа жалақыны небәрі 19,8%-ға қана өтей алған. Бұл Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Қазақстан қосылған Конвенциясындағы деңгейге сәйкес келмейді: халықаралық міндеттеме бойынша кем дегенде жоғалтқан табысының 45%-ы өтелуге тиіс.

Егер Үкімет пен Парламент уақытша жарамсыздық парағы бойынша төленетін жәрдемақыны қазіргі айтуға ұят 15 АЕК-тен ең құрығанда 35 АЕК-ке дейін көтеруді құптаса, онда мұның игілігін миллиондаған адам көрмек. Статистика органының және "Еңбек ресурстарын дамыту орталығының" байламынша, ұсынылған өзгерістер 400 мыңға жуық заңды тұлғаларды және жалдамалы жұмыскерлер ретінде еңбек қызметімен айналысатын 6,7 млн азаматты қамтиды.

Сарапшылар биліктен бұл ізгі бастаманы кейінге қалдыра бермей, биыл тездетіп енгізуді ұсынады. Әйтпесе, уақыт ұзаған сайын лайықты жәрдемақы ала алмай, өкінген, билікке өшіккен азаматтар қатары да арта беруі ғажап емес.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу