Үкімет табан балығын "персона нон грата" деп жариялады

2157

Қазақстанда балық аулауға тыйым салынды. 

Үкімет табан балығын "персона нон грата" деп жариялады

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі елең еткізерлік тәжірибе бастап отыр. Ол енді өзен-көлдегі балықтарды қалаулы не қалаулы емес деп ажыратпақ. Бұрынғы тәжірибе бойынша балықтардың тек "бағалы" түрлері бөліп алынып, оларды қорғау жүзеге асырылатын.

"Мысалы, табан – ихтиофаунаның қажетті емес объектісі болып табылады. Орысша нұсқасында "нежелательный объект ихтиофауны". Өйткені ол азық үшін карппен, сазанмен бәсекеге түседі. Ал бұлар – бағалы түр. Сондықтан табан аулауға қатысты барлық шектеулер мен тыйымды алып тастауды ұсынып отырмыз. Оны еркін аулауға рұқсат етілуі тиіс. Сондай-ақ ақсерке тұқымдастарына жататын балықтың сиг түрі негізінен Еуропа, Солтүстік Азия, Американың өзен-көлдерінде кең таралған. Оны бізде аулауға тыйым салынып келді, бірақ ол тыйымды да тоқтату көзделіп отыр. Себебі елімізде сиг балықтары тауар мақсатында арнайы өсіріледі, ал мұндай түрдің қазақ жері табиғатында өз бетінше өсіп-өнуі жоққа тән", – деп түсіндірді министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

Балықшылардың айтуынша, сиг балығының рипус түрі Сәтпаев каналында, оның өзінде №1 гидроторабында аракідік кездеседі.

Сонымен, еліміздің біраз өзен-көлінде уақытша тыйым енгізілді. Мораторийдің мерзімі әрқайсысында әртүрлі. Мысалы, Шардараның бөгет алды аймағында ау салуға мүлдем жол берілмейді.

Жайсаң көлінде, Бұқтырманың өзенді-көлді бөлігінде, яғни Қарақастан 1-ші Батин шоқысына дейінгі аралығында 16 сәуiрден 30 мамырға дейін, ал оның терең жерінде – І Батин шоқысынан Бұқтырма ГЭС-іне дейінгі жерде – 1 мамырдан 15 маусымға дейін балық аулауға рұқсат жоқ. Бұқтырманың басқа тармағында – Казнаковка өткелінен төменгі ағысында 10 қарашадан 10 желтоқсанға дейін мораторий енгізілді.

Павлодар облысының жазық даладағы су айдындарында, Ертіс өзенінің Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік шекарасынан Ресей шекарасына дейінгі аралығында, Қаныш Сәтпаев атындағы каналдың барлық ұзына-бойында 30 мамырға дейін балық аулауға тыйым салынды.

Жалпы, бұрын бұл арнаға шектеу тарала бермейтін. Бірақ Қазақстан "Биологиялық әртүрлілік туралы" конвенцияны бекіткендіктен мұны БҰҰ және халықаралық экологиялық ұйымдар талап етіп отырған көрінеді.

Экология министрлігінің мәліметінше, Сатпаев каналы тікелей Ертістен су тартады. Тиісінше, Ертістегі фитофильді балық түрлері уылдырық шашу кезеңінде арнаға да өтеді. Бұдан бөлек жыртқыш балықтар да уылдырық шашатын жер іздегенде алысқа құлаш ұрады, арнадағы торларға ұрынады. Мамандар "Сәтпаев су қоймалары балықтардың уылдырық шашуына және олардың ұрпағының ерте дамуына тамаша жағдай жасайды" деген байламға келді. Осылайша, енді Қ.Сәтпаев  каналы – Ертіс өзеніндегі көптеген балық түрінің көбеюі үшін маңызды орын болып танылды.

Павлодар облысының тұзды су айдындарында артемия жұмыртқаларын 1 наурыздан 15 маусымға дейін жинауға болмайды.

Қостанай облысының аудандары мен қалаларының су айдындарында шортан мен аққайран (10 сәуір–10 мамыр аралығы), сазан-тұқы, оңғақ-судак, көксерке (20 мамыр–30 маусым), нәлім (1 желтоқсаннан 31 қаңтарға дейін) және шаян (15 қазаннан 30 маусым аралығы) бойынша аулауға тыйым салу мерзімдері бұрынғыдай қалды. Бұған дейін мөңке балықты (карась) қорғау мерзімі 20 мамырдан 10 маусым аралығын қамтитын. Экология министрлігі комитетінің жаңа бұйрығында ол жоқ.

Бұл сала АШМ қарауында болғанда табан балығын аулауға жыл сайын 20 мамыр мен 30 маусым аралығында жол берілмейтін. Биыл шенеуніктер тарапынан балықтың бүл түрі "қажетті емес" деп танылып, барлық шектеу жойылғалы тұр.

Тағы бір өзгеріс бар: бұрындары Торғай мемлекеттiк табиғи қорығы аумағындағы су айдындарда 15 сәуірден 31 тамыз аралығында балық аулатпайтын. Ақтөбе облысының әкімдігі өткен жылғы 15 наурызда сонау 2007 жылдан бері қолданыста болып келген "Торғай мемлекеттiк табиғи қорығы аумағындағы шаруашылық қызметті шектеу туралы" қаулыға өзгеріс енгізіпті. Сөйтіп, қорықта балық аулауға тыйым салатын норма жойылды. Бұған кәсіпкерлердің мүддесі себепкер болыпты.

"Ырғыз-Торғай жүйесіндегі көлдердің басым көпшілігі таяз. Осыған байланысты балықтар оларда қар еритін кезде ғана өреді, өседі. Күзге қарай балықтың үлкен бөлігі терең өзендерге қарай көшеді. Салдарынан жыл сайын тіпті белгіленген лимит көлемінде де балық аулау қиынға түсуде", – дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

Нұр-Сұлтан қаласында және облыста Есіл өзеніне қармақ салып, тор тастауға 20 сәуір мен 20 мамыр аралығында ғана тыйым салынды. Осылайша, бүгіннен бастап Есілде және басқа да бірқатар өзендерде аулау маусымы ашылып отыр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық амбассадоры Шасалим Шагалимов бұл кәсіп түрінің маңызды екенін айтады. Ол тек тамақ табудың ғана қамы емес.

"Мен 2009 жылы Астанаға келдім. Ешкімді білмеймін, араласатын адам жоқ. Тек балық аулай бастағанда ғана көп дос-жолдас таптым. 2012 жылдан бері Ақмола облысының барлық бұрышын сүзіп шықтық. Сапарлар барысында өзен мен көлдер жағасы қоқысқа толып қалғанына куә болдым. Қоқысты демалушылар ғана қалдырмайды. Тіпті құрылыс және басқа да өнеркәсіп қалдықтары су қоймаларының жағасына әкеліп төгіледі екен. Жағаларды тәртіп пен тазалыққа келтіру үшін Аршалы ауданының әкімі Жомарт Нұркеновпен бірлесіп, Вячеслав су қоймасы жағалауында тұңғыш ауқымды сенбілікті ұйымдастырдық. Әйтпесе, бұл – бүкіл елорданы сумен қамтып отырған стратегиялық нысан ғой", – дейді Let’s Do it Qazaq Eli вице-президенті Шасалим Шагалимов.

Ол балық аулау барысында ассенизаторлық машиналар бірінен соң бірі келіп, елорда айналасындағы өзен-көлдерге нәжісті, техникалық суларды төгетінін немесе содан су алатынын көріпті. Осыған байланысты "Астана Су Арнасы" кәсіпорнына сұрақ бағыттаған.

"Мен 2019 жылы "Астана адалдық алаңы" мемлекеттік жобасы аясында экология менеджері ретінде сұрақ қойған болатынмын. Биыл "Nur Otan" партиялық бақылау комиссиясының мүшесі есебінде де мәселе көтердім. Олар әзірге тыңғылықты жауап бермеді", – дейді ол.

Демек, балық әлемін қорғау үшін оны аулауға мораторий жариялау аздық етеді. Су қоймаларына адам тіршілігінің зиянды қалдықтарын төгіп уламауға да шенеуніктер салғырт қарамауы қажет.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу