Үкімет тасқынға тосқын қоя алмай жүр

1296

Біз Қызылағаш пен Көкпектідегі су тасқынынан сабақ алған жоқпыз. Салдарынан биыл елорда іргесіндегі Қараөткел, Қоянды ауылдарын су басты. Қарғын су Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындарын да әбігерге салды.

Үкімет тасқынға тосқын қоя алмай жүр

Бүгінгі таңда Аршалы ауданындағы бұрынғы "Вячеславка", қазіргі "Арнасай" су қоймасы арнасынан асады деген қауіп бар. Бұлай болса, 42-ші разъез бен Жібек жолы кентін су шаяды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәлімдеуінше, биыл көктемде ел аумағындағы 46 үй мен 67 автожол су астында қалды. Құтқару шарасы тиісінше атқарылды. Бірақ жылдар бойы үздіксіз жалғасып келе жатқан мәселе шешілген жоқ.

Су тасқынының алдын алуға жергілікті әкімдер тікелей жауапты. Олар қар тазалау ісіне атүсті қарамаса, ауылдар су астында қалмас еді. Мысалы, биыл Қараөткел ауылының қарын тазалауға 6 млн теңге бөлінген. Алайда қар ауылдан тыс жерге шығарылмаған.

Айта кетейік, соңғы 5 жылда 272 елдімекенді су басып, 6,5 мың үйдің іргетасы сөгілді. Мыңдаған адам баспанасыз, дүние-мүліксіз қалды. Өкініштісі, су тасқынының алдын алуға 2017-2020 жылдар аралығында бөлінген 42 млрд теңге рәсуа болды. Себебі атқарушы билік бөлінген қаржыны тиісінше жұмсаған жоқ.

Біле жүріңіз, су тасқынының алдын алуға қазынадан 2020-2023 жылдарға 160 млрд теңге қарастырылған. Осы орайда 42 млрд теңгені жарата алмаған атқамінерлер 160 млрд теңгені қалай игереді деген сұрақ туады.

Министр Юрий Ильиннің айтуынша, "Астана" су реттегіші 450 млн текше метр көлеміндегі тасқын суды уақытша ұстай алады. Тап қазір су қоймасына 56 млн текше метр су жинақталған.

"Ақмола облысының 52859 әскери бөлімі мен төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы Жібек жолы кентінің айналасында 2 шақырымдық үйінді бекітілімін нығайту жұмысын жалғастырып жатыр.

Бүгінге дейін 1 мыңнан астам инертті материалы бар қап әзірленіп, 700-ге жуығы төселді. Жағдайды ерекше бақылауда ұстап отырмыз", – деді министр.

Сөз арасында ол өзен арналарын тазарту, қорғаныс бөгеттерін нығайту, апаттық гидротехникалық құрылыстарды жөндеу бойынша кешенді шара атқарылып жатқанын айтты.

Депутат Александр Милютиннің пікірінше, үкімет су тасқының алдын алуға атүсті қарайды.

"Үкімет жол картасы аясында 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін су тасқынына қарсы 402 іс-шара жүзеге асырылғанын мақтанышпен мәлімдеді. 2021-2023 жылдарға арналған жаңа жол картасы осындай 200-ден астам іс-шараны қамтиды. Нақтылайтын болсақ, 2017-2020 жылдары жағалауларды нығайту, бөгет жөндеу және салу, айналма және су өткізу арналарын орнату ісі қолға алынбады. Орындалмаған шаралар 2021-2023 жылдарға арналған жаңа жол картасына енгізілді. Неліктен жүзеге аспаған шаралар бағдарламадан бағдарламаға ауысады және орындалмайды?! Неліктен бағдарламалық құжаттарға "тиімсіз" деп танылған жұмыстар енгізіледі. Бұл үшін кім жауапты? – деді депутат.

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев су тасқынының алдын алуға жергілікті билік жауапті екенін жеткізді. Оның сөзінше, әкімдіктер міндетін мінсіз атқарып, бөлінген қаражатты тиісінше жұмсаса су тасқынынан зардап шекпейміз.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу