Кезінде Үкімет түгелімен көшірмек болған қаланың қазіргі ахуалы қандай?

2944

Пандемия басталған 2020 жылы Атбасар қаласы өзінің 175 жылдық мерейтойын бұрын жоспарланғандай дүркіретіп емес, тып-тыныш қана атап өтті. Бұл ретте азаматтар Атбасардың – Қазақстандағы дотацияға тәуелді емес қала екенін біле бермейді.

Кезінде Үкімет түгелімен көшірмек болған қаланың қазіргі ахуалы қандай?

Ел Үкіметін Бақытжан Сағынтаев басқарып тұрған тұста, 2018 жылы Атбасар қаласын көшіру туралы батыл шешім қабылданғаны мәлім. Себебі шаһардағы үйлердің үлкен бөлігі "қызыл аймақта" орналасқан. Ал 2017 жылы іргеде арқырай ағатын Жабай өзеніндегі су "аномальды" деңгейге дейін алапат көтеріліп, ернеуінен тасып төгіліп, Атбасардың үлкен бөлігін шайып кетті. Салдарынан, 176 үй топан су астында қалып, бұзылған. Өзгелеріне де зақым келген.

Сол кезде Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдай саласына жауапты вице-министрі болған Юрий Ильин Мәжілістегі Үкімет сағатында сөйлеген сөзінде әлемде тасқын қаупі артқанын алға тарта келе, енді шаһарды үнемі су басуы мүмкін деп, жорамал айтты. Осы кезде ел Үкіметі қаланы көшіру шараларын пысықтай бастады. Бастапқы кезеңде су астында қалу қаупі ұдайы төнетін "қызыл аймақтағы" үйлерді көшіру бағдарламасы қабылданды. Одан кейінгі кезеңдерде өзге үйлерді өзеннен әрірек, қауіпсіз жерге көшіру қарастырылған.

"Жаңа тұрғын үйлер салып, атбасарлықтарды қауіпсіз аймаққа көшіру әлдеқайда үнемді, экономикалық тұрғыдан орынды болады. Өйткені егер өзенге шамамен 10 шақырымға созылатын бөген-дамбаны тұрғызатын болсақ, есептемелер бойынша ең аз дегенде 10 миллиард теңгеден астам шығын талап етіледі. Одан халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсара қоймайды", – деді сол кездегі вице-министр Юрий Ильин.

Алайда бүгінде биліктің қаланы көшіру ниетінен бас тартып, алғашқы бағдарламамен шектеліп отырғаны анықталуда.

Не өзгерді?

Әрине, біріншіден, ізінше 2019 жылдың ақпанында билікте ауыс-түйіс болып, Үкімет басына Асқар Мамин келді. Сол жылғы наурызда Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин де отставкаға кетіп, орнына Ермек Маржықпаев келді.

Екіншіден, Қазақстан екі жылдан бері қуаңшылықтың зардабын тартып жатыр. "Қазгидромет" РМК бас директоры Динара Әлімбаеваның айтуынша, 2021 жылы өзге өңірлер қатарында Ақмола облысының Есіл, Жақсы, Атбасар аудандарын "қатты қуаңшылық жайлаған".

Бұған биылғы сәуірде Төтенше жағдай министрі ретінде Ақмола облысының үстінен тасқын қаупі бар учаскелерді тікұшақпен шола ұшқан Юрий Ильин де куә болды. Онымен бірге әуе көлігінің ішінде болған ақпарат құралдарының өкілдері де Жабай өзенінің біраз суалып қалғанын байқады. ТЖМ су басу қаупі әзірге басылды деп есептейді.

Ал алдыңғы ғаламат тасқын кезінде үйлері қираған тұрғындардың жағдайы не болды? Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың мәліметінше, су басатын аймақ тұрғындарын көшіру үшін Атбасар қаласында 100 пәтерлік 2 үйдің құрылысы басталды. Бұған дейін ол құрылысқа қажетті құжаттары әзірленіпті. Қос көпқабатты тұрғын үй Үкімет резервінен бөлінген қаражатқа салынуда. Яғни су басқан 100 үйдегі отбасылар ғана көшпек.

Биыл қала әкімін халық емес, депутаттар сайлады

Өзге шағын қалалар сияқты Атбасар да еліміздің ақпарат ағынында бой көрсете бермейді. Қызыл су басқанда бір елеңдеген қазақстандықтар қазір мұндай қаланың барын да ұмытып кеткен шығар. Айтқандай, биылғы бір елеулі саяси оқиға – Президент Қ. Тоқаевтың бастамасымен ел тарихында алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау науқаны өткенде біраз ауыл-кенттің және шағын қалалардың аттары естіліп қалды. Мысалы, Ақмола облысында жалпы алғанда 95 әкім сайланған.

Атбасар қаласында да әкім сайлауы өтті. Бірақ ол осы науқаннан тыс қалды. Себебі?

Себебі 2021 жылғы 26 мамырда Атбасар басшысын халық тікелей сайлаған жоқ. Оны ескі әдіспен қалалық мәслихат депутаттары жанама сайлаған. Облыс әкімі олардың таңдауына 3 кандидатты ұсынды.

Атбасар аудандық сайлау комиссиясының дерегінше, қалабасы болудан 1984 жылы туған қазақ, "Қазпоштаның" жергілікті бастығы Жақсылық Қожахметов, 1992 жылы туған қазақ, әкімдік қызметкері, Атбасар ауданының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асхат Ахмедьянов және 1981 жылы туған қазақ, Атбасар қаласы әкімнің орынбасары Мұрат Исмайылов үміткер болып, сайысқа түсті.

Нәтижесінде, таңдаушы мәртебесін иеленген 11 мәслихат депутаты бірауыздан Мұрат Есмырзаұлын Атбасар әкімі ретінде сайлады.  

Осыдан кейін қаланың саясат сахнасында қайтадан мүлгіген тыныштық орнағандай. Жалпы аудан-қала әкімдерін тікелей сайлау 2024 жылға белгіленуде. Егер М. Исмайылов әрі қарай қалабасы ретінде жақсы қырынан көрсете алса, атбасарлықтар әкім таңдауда аса қинала қоймас.

Қала бюджеті 3 жылда екі еседей артқалы тұр

Атбасар аудандық мәслихаты "2022-2024 жылдарға арналған Атбасар қаласының бюджеті" жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжаттан бұл шаһардың қазынасы тым шағын екенін аңғаруға болады.

Нақтылай кетсек, 2022 жылы Атбасар қаласының шығындары небәрі 191 млн 661 мың теңге ғана болмақ. Салыстыру үшін айтсақ, Нұр-Сұлтандағы "Akbulak Riviera" аталатын тұрғын үй кешенінде 4 бөлмелі 1 пәтердің құны 185 миллион теңгеден басталады. Яғни еліміздегі бір қаланың бюджеті елордадағы бір пәтердің құнынан төмен болып тұр.

Бір жұбантатыны – Атбасар толығымен дерлік өзін-өзі қаржыландырып отырған қала. Мәслихат ақпаратына жүгінсек, ол жоғары тұрған бюджеттерден бір тиын трансферт алмайды.

Мысалы, оның бюджетінің кірістері де шығысымен аутентті (191 млн 661 мың теңге). Соның ішінде төл салықтық түсімдері – 172 млн теңге, салықтық емес түсімдері – 4,7 млн теңге. Негізгі капиталды, яғни жерді сатудан түсетін түсімдері – 15 млн теңге.

Атбасар жақта, ауданда, мәселен, ірі қара мал мен қойларға арналған ферма салуға арналған 4 гектарлық жер 334 368 теңгеге аукционға шығарылды. Бюджетке төлейтін жалдау ақысы – 19 200 теңгені құраған.

Бұл қаланың 2023 жылғы табысы – 250,2 миллионға, шығысы да осыншаға дейін артады деп күтілуде. Ал 2024 жылы табысы да, шығысы да 333,6 миллион теңгеге дейін жетеді деп жоспарланған. Яғни қаланың болашағы бар, оған ауылға айналу қаупі төніп тұрған жоқ.

Атбасар қаласында бүгінде 29 мыңға жуық адам тұратын көрінеді. Бір жыл ішінде қалаға 967 адам көшіп келген, алайда 1 194 адам басқа қалалар мен елдерге қоныс аударыпты.

Қаланың тапқан табысы оны көркейтуге игі ықпал етуде. Мысалы, 2020 жылы жергiлiктi бюджеттен Атбасардағы жолдар мен тротуарларды орташа жөндеуге 1,04 миллиард теңге, ал абаттандыру iс-шараларын өткiзуге 34,5 млн теңге бөлінген. Ағымдағы шұңқырларды жөндеуге 38,5 млн теңге, санитарлық тазалауға 8 млн теңге, көшені жарықтандыруға 16,4 млн теңге (оның 7 миллионы – электр қуатының шығыстары) сомасында қаражат жұмсалыпты.

Бұдан бөлек, МИБ (мүлiк иелерiнiң бiрлестiгi) тiркелген барлық көппәтерлi үйлерден өтiнiмдердiң түсуiне орай жергiлiктi бюджет есебiнен тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларына жөндеу жүргiзу жоспарлануда. Бұл тіпті 621,4 миллиард теңге бюджеті бар елордада да жүзеге асырылмайтын шара.

Атбасарда ірi өнеркәсiптiк кәсiпорындар қатарында Атбасар электровоз жөндеу зауытының филиалы, "Қамқор Локомотив" ЖШС, "Аждар и К" ЖШС, "Атбасар Tehnopark" ЖШС және басқасы бар. Шағын және орта бизнес дамуда. Қала аумағында, жұмыс iстеп тұрған шағын және орта кәсiпкерлiк саны 2 мыңнан асады. Мұнда ATBASAR брендіне ие "Интер трэйд" кәсіпорны ұн, азықжем шығарады, өз өнімдерін Қытай, Ресей, БАӘ, Ауғанстан, Тәжікстан, Иран, Қырғызстанға экспорттайды.

Іргеде алпауыттар тұрғанда, толық тәуелсіз болу қиын

Дотацияға тәуелді емес қала кейбір мәселеде амалсыз, облыс астанасына қарайлауға мәжбүр. Қала тұрғыны Александра Заставка 2021 жылғы қыркүйектен бері қаладағы автомектепте оқитынын айтады.

"Таяуда теориялық емтиханды тапсыру үшін енді бізге не Көкшетауға не Нұр-Сұлтанға баруымызға тура келетінін хабарлады. Бұған дейін емтиханды Атбасардың ХҚКО-сында тапсыруға болатын, ол пункт жабылыпты. Бұл бізге оңай соқпай тұр. 180 шақырым жердегі басқа қалаға бару үшін біріншіден, жолға ақша кетеді. Екіншіден, ол қалада тұру үшін баспана жалдап, азық-түлігіңе шығындаласың. Үшіншіден, қыс түсіп, аяз қыса бастады. Елордадағы "автоцонның" машиналары жиі сынып қалады деп естідік. Демек теориялық емтиханды тапсырғаннан кейін көлік жүргізу емтиханын бірден тапсыра алатынымызға еш кепілдік жоқ. Ендеше қайта сабылуға тура келеді", – дейді ол.

Александраның айтуынша, декреттік демалыстағы аналар да, оқудағы студенттер де автомектепте оқып жүр. Олардың өзге қалаларға сапарлау мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан жергілікті тұрғындар қалада төл автодромын ашуды және атбасарлық ХҚКО-ға емтихан тапсыру пунктін қайтаруды сұрайды.

Бірақ бұл тілек орындалмайтынға ұқсайды. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин әшкерелеген сорақы оқиғадан кейін мамандандырылған ХҚКО-ларға қатысты талап күшейтілуде.

"Автоматтандырылған автодромы жоқ мамандандырылған бөлімдерде теориялық емтиханды тапсыруға мүмкіндік беру – ережелер мен нормаларды бұзуға соқтырады. Бұл сондай-ақ коррупциялық тәуекелді арттырады. Оның үстіне теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру "Жүргізуші куәлігін беру" мемқызметін көрсету бизнес-процесінің құрамдас бөлігі болып табылатындықтан, бұл мемқызметтерді тек автоматтандырылған автодромы бар мамандандырылған ХҚКО-ларда (Көкшетау мен Нұр-Сұлтан) көрсеткен орынды деген шешім қабылданды", – деп түсініктеме берді "Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу