Үкімет Ұлттық қордан тағы 2 трлн теңге алады

3549

 Заң 2022 жылы күшіне енеді. 

Үкімет Ұлттық қордан тағы 2 трлн теңге алады

Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық қордан алынатын 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы Заң жобасын жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Заң 2022 жылдың бірінші қаңтарында күшіне енуі керек. Осылайша алдағы 3 жылда Ұлттық қордан алынатын қаражаттың көлемі мынадай көлемде қалыптаспақ.

"Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мынадай мөлшерлері бекітілсін:

2022 жыл – 2 400 000 000 мың теңге;

2023 жыл – 2 200 000 000 мың теңге;

2024 жыл – 2 000 000 000 мың теңге",  деп жазылған заңның бірінші бабында.

Аталмыш бапта бұл қаражаттың қандай мақсатқа жұмсалатыны да нақтыланған.

"Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт республикалық бюджеттен ортақ зейнетақыларды төлеуге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдеріне бағытталсын", - делінген құжатта. Яғни, аталмыш қаражаттың бәрі халыққа зейнетақы төлеуге бағытталмақ.

Заңның 2-бабында "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" 2020 жылғы 24 қарашадағы Заңның күші жойылатыны айтылған.

Бұл құжатта Ұлттық қордан алынатын 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері мынадай болатыны көрсетілген еді.

2021 жыл - 2 700 000 000 мың теңге;

2022 жыл - 2 400 000 000 мың теңге;

2023 жыл - 2 200 000 000 мың теңге.

Осыған қарап Ұлттық қордан аталмыш мақсатқа алынатын қаражат жыл сайын 300 немесе 200 млрд теңгеге кеміп келе жатқанын аңғаруға болады.

Үкімет басшысы Асқар Маминнің Парамент Мәжілісіне жолдаған түсіндірме жазбасында да аталмыш қаражаттың республикалық бюджеттен ортақ зейнетақыларды төлеуге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдеріне бағытталатыны айтылған.

"Заң жобасын қабылдау бюджет пен Ұлттық қордың теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Заң жобасын қабылдау бюджетті тұрақты кіріс көзімен қамтамасыз етуге және республикалық бюджеттің шығыстарын толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндік береді және әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеп соқтырмайды",– деп сендіреді Премьер-Министр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми мәліметі бойынша, 2020 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақыға 772,3 млрд теңге және ынтымақты зейнетақыға 1 721,5 млрд теңге төленген.

"2020 жылғы желтоқсанда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 211,7 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 65,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 146,1 млрд теңге бағытталды. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 247 мың адамды құрайды. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 94 733 теңге болады", – деп жазылған министрліктің мәліметінде.

Осы сандардың бәрін 12 айға жинақтаса, 2,5 трлн теңгеге жуық сома шығады. Бір қызығы "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан аынатын 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" Заңда 2020 жылға 2,7 трлн теңге бөлінетіні анық жазылған. Іс жүзінде осы ақшаның 2, трлн теңгесі ғана зейнетақы төлемдеріне жұмсалған болып тұр.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу