Үкімет үшінші мегаполистің үйлерін түгендеп шықты

2228

Шымкенттегі үйлердің 70%-дан астамы пеш жағады. 

Үкімет үшінші мегаполистің үйлерін түгендеп шықты

"Не Түркістан емес, не Нұр-Сұлтан емес". Іргелес ауылдарды жасанды қосу арқасында халқының саны жөнінен "мегаполис" мәртебесін иеленгенімен, шынында шымқала жаһандық заманауи мегаполис деңгейіне жетпейтіні құпия емес. Оның елорда не Алматыдағыдай аспанмен тірескен заңғарлары да жоқ. Сонымен бірге ол Мағжан Жұмабаев жырға қосқан, ер түріктің бесігі атанған Түркістандағыдай байырғы тарихи нысандарға да бай емес. Бұл ретте енді мұнда мавзолей-кесенелер салу жайын сөз ету әбестік. Ал астанадағы 78 қабаттық "Абу-Даби плаза" секілді кешен тұрғызу – тек алыс болашақтың ісі болса керек. Сонда бүгінде шаһарда не бар?

2020 жылғы жағдай бойынша Шымкентте 2 мың 180 көп пәтерлі тұрғын үй ғана бар көрінеді. Ал басқасының бәрі – жеке, жер үйлер.

Бірақ қолданыстағы биік ғимараттардың жағдайы да оңып тұрған жоқ. Олардың басым көпшілігі кеңес кезінде, Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін тұрғызылыпты.

Атап айтқанда, қалада сонау 1930 жылы соғылған жалғыз қосқабатты үй бар. Тағы 24 көпқабатты үй 1931–1940 жылдар аралығында бой көтерген. 1941–1950 жылдар аралығында осындай 12 баспана салыныпты. Соғыстан кейінгі, яғни 1951–1960 жылдары құрылыс қарқыны күшейген және бірден 302 тұрғын үй іске қосылды. Келесі онжылдықта тоқырау орын алыпты: шымкенттіктер 199 көппәтерлі жаңа үйде қоныстойын тойлады. 1971–1980 жылдары рекорд жасалды: 398 үй берілді. Кеңес одағы күйрер тұста, 1981–1990 жылдар арасында кезекті рекорд орнатылды: бірден 628 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне тапсырылды.

Осы көрсеткішін шымқала тәуелсіздік жылдары қайталамақ түгіл, тіпті оған жуықтай алмай келеді. Мысалы, 1991–2000 жылдары 219 үлкен үй ғана салыныпты. 2001–2019 жылдар аралығында 397 көппәтерлі үй жұртшылыққа табысталды. Бұл өткен ғасырдың 70–80 жылдардағы межесіне тең.    

Жұбаныш болса, айта кетелік: Шымкенттің 80–90 жылдардағы рекордын тіпті Нұр-Сұлтан қаласы да қайталай алмайды.

Астана мен Алматыдан тағы бір айырмашығы, №3 мегаполисте ел арасында ескіше "сталинки", "хрущевки" деп аталатындар үлесі тым көп: 2 мың 180 көпқабатты үйдің жартысынан астамы – 1 мың 120-сы осылар. Бұдан бөлек, кірпіштен жасалған 961 көпқабатты үй бар. 13 биік үй ғана заманауи каркастан тұрғызылған.

Қалада тұрғын үй қорының көнергені байқалады. Оның үстіне алда апатты үйлердің үлесі күрт көбеюі мүмкін. Мұны қала әкімдігі жасырмайды. Оның алдын алу үшін "Шымкент қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялау" бағдарламасы қолға алынуда. Құжат алдағы қыркүйекте бекітіледі деп жоспарланып отыр.

"Бұл – Шымкенттегі апатты тұрғын үй қорының өсуін болдырмауға, тұрғын үй аумақтарын дамытуды және оларды абаттандыруды қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың өмір сүру ортасын жаңартуға және өмір сүруіне, қоғамдық кеңістікке қолайлы жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар жиынтығы. Реновация авариялық, көне тұрғын үйлерді бұзу және одан азаматтарды көшіру жолымен қалалардың "ескі" орамдарын кешенді қайта жаңартуды көздейді. Реновация бағдарламасы 2035 жылға дейінгі мерзімге қабылданады. Ол қала дамуындағы соңғы онжылдықтарда жинақталған теңгерімсіздікті жою және алдағы 10–15 жылда Шымкентте авариялық тұрғын үй қорының жаппай пайда болуына жол бермеу үшін қажет", – деді әкімдік.

Қазіргі кезде сараптама ұйымдарының қорытындысына сәйкес, Шымкент қаласында жалпы ауданы 23 мың 94,9 шаршы метрді құрайтын 45 тұрғын үй "авариялық" деп ресми танылды. Олардағы 470 пәтерде 2 мыңнан астам тұрғын тұрып жатыр. Бірақ көнергенімен ондай мәртебе ала алмай жүргені қаншама.

"Бұл санатқа негізінен қызмет ету мерзімі төмен көппәтерлі тұрғын үйлер кіріп отыр. Мұндай үйлердің басым бөлігі тұрғын үйді жекешелендіру кезеңінде күрделі жөндеу жүргізілместен жекеменшікке берілді. Одан кейінгі жылдары тұрғын үй иелерінде қажетті қаражаттың болмауына байланысты бұл үйлерге күрделі жөндеу жүргізілген жоқ, бұл олардың одан әрі тозуына әкелді", – дейді Шымкент әкімдігі.

Мысалға, апатты деп танылған биік үйлер арасында 15-і – "ағаш каркасты конструкциядан" жасалған. Жалпы ауданы 7 мың 337,2 шаршы метр болатын, сырты сылақпен сылана салынған, іші де үрей туғызатын бұларда 144 пәтер орналасқан. Тағы 4 көпқабатты үй – иі қандырылған саз блоктарынан (глиноблочные) соғылыпты. Оның жалпы ауданы – 3 177,7, пәтер саны – 70. Яғни, әкімқараларға бұлардың бәрін күресінге жіберу үшін 220 пәтерден тұратын заманауи бір тұрғын үй кешенін салса жетеді.

Егер реновация бағдарламасы табысты жүзеге асса, онда шымқала адам танымастай өзгеруі ықтимал. Өйткені бағдарлама Шымкенттен адамдардың тұруына жайлы, демалуы мен жұмыс істеуіне қолайлы, жаңа қалалық ортасы бар заманауи мегаполис жасамақ. Сонымен қатар ол энергиялық тиімді көппәтерлі тұрғын үйлер салуды, экологиялық жағдайды жақсартуды, инженерлік инфрақұрылымды жаппай жаңартуды, қаланың қазіргі заманғы сәулетті келбетін қалыптастыруды көздейді.

Реновация бағдарламасының әкімшісі және операторы – әкімдік құрған "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС компаниясы болады. Әкімдік атынан жеке инвесторлармен келіссөз жүргізетін делдал да сол.

Реновация аясында үйлері жаппай күресінге жіберілетін отбасыларға жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы кезеңінде уақытша баспана ұсынылатын болды. Немесе үй иесі қаласа, оның өз бетінше тауып, жалдаған пәтерінің ай сайынғы ақысын инвестор төлеп береді.  

ТК құрылысы аяқталғаннан кейін бұрынғы сүрілген үйдегі тұрғын және тұрғын емес орынжайлар иелеріне ауданы мен бөлме саны сайма-сай келетін жаңа пәтер немесе коммерциялық мүлік тегін беріледі. Бұл жерде тұрғындар өздеріне жаңа жылжымайтын мүлік қаланың өзі тұрған ауданнан табысталуын талап ете алады.

Болмаса, әкімдік ұсынған пәтерден не коммерциялық орынжайдан бас тартып, ақшасын алуына мүмкіндік беріледі.

Реновация аясында Шымкентте тұрғын үйлер панелді конструкциялардан және монолитті блоктардан салынатын болады.

Elim маркетингтік зерттеулер институтының басшысы Жәмила Сыздықованың айтуынша, еліміздің жаңа мегаполисінің тұрғын үй қорының жалпы ауданы шамамен 17,7 миллион шаршы метрді құрайды. Оның 99,3%-ы – жекешелендірілген. Бүгінде мемлекет қолында бұл қалада тек 0,7% тұрғын үй мүлігі ғана қалды.

"Шымкентте баспанамен қамтылу әр тұрғынға шаққанда 24,2 шаршы метрден келеді. Бұл "қолайлы" деп саналатын көрсеткіштен 19,3%-ға төмен. Мысалы, Еуропа елдерінде осы көрсеткіш әр тұрғынға шаққанда 30–40 шаршы метрге дейін барады. Қалада үйлер негізінен ауыз сумен жабдықталған. Әйткенмен, үйлердің бар-жоғы 6,2%-ында ғана ыстық су бар. Тағы 7,9%-ы бойлер секілді жеке су жылытқыштармен амалдап отыр. Бүкіл үйлердің 74,7%-ын кәріз жүйесіне қосылған. Бірақ небары 27,4%-ы ғана орталық жылу жүйесіне қосылған. Қалғаны жеке қазандық немесе пеш жағады. Шымкенттіктердің 99,9%-ы газ плитасын пайдаланады", – дейді маркетолог.

Ж.Сыздықованың дерегінше, қалада жылжымайтын мүліктің орташа бағасы 2018 жылдан бері 14,1%-ға қымбаттаған. Яғни, бұрындары әр шаршы метрдің орташа бағасы 193 мың теңге болса, енді 221 мыңнан жоғарылап кетіпті.

"Мегаполис болғалы қалада үйлер күрт қымбаттады. Нәтижесінде, Қазақстандағы жылжымайтын мүлкі ең қымбат қалалардың үштігінде Ақтау қаласын Шымкент қаласы ысырды", – дейді сарапшы.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу