Үкімет утилизациялық алымға қатысты шешім қабылдады

43267

Бұл шешім халыққа ұнамауы мүмкін.

Үкімет утилизациялық алымға қатысты шешім қабылдады Фото: yandex.kz

Биылғы 10 мамырда E-petition ресми сайтында утилизациялық алымды және автокөліктерді бастапқы тіркеу алымын жоюды талап еткен петиция жарияланды. Авторы – қоғам белсендісі Санжар Боқаев.

Небәрі 6 күнде парақшаға 145 мыңдай адам кірген. 20 мыңдай адам қолдап, қолдарын қойған. Заң бойынша бұл талапты Үкімет қарауы үшін кем дегенде 50 мың қол жиналуға тиіс. Оған уақыт бар: петиция 2024 жылғы 13 қарашаға дейін тұрады.

Петицияда утилизациялық алым мен автокөлікті тіркеу алымдарының енгізілгеніне 8 жылдан астам уақыт өткені атап өтілген. Осы мерзімде Қазақстанда автопарк қатты ескіріп кетті. Азаматтарға шетелден жаңа көлік әкелуі барынша қиындады.

Сорақысы сол, шенеуніктер артынша утильалымды ауыл шаруашылығы техникасына да таратты. Салдарынан, аграршылардың онсыз да мүшкіл жағдайына соққы жасады, жаңа ауыл шаруашылығы және арнайы техника күрт қымбаттап, қолжетімсіз болды.

Бұған қоса, алымдар Қазақстанда жүк тасымалы, механизация қызметтері, қоғамдық жолаушылар тасымалы тарифтерінің көтеріліне соқтырды. Автокөлік құнының артуы азық-түліктің, халық кең тұтынатын тауарлардың, құрылыс пен баспананың, басқасының қымбатшылығына түрткі болды. Үкімет бірнеше жылдан бері серпін алған инфляцияны құрықтай алмай жатыр.

"Бағасының шарықтауы кесірінен Қазақстан азаматтары жеке автокөлігін жаңартуды доғарды. Елдегі автопарктың көнеруі апаттық дәрежеге жетті! Автомобильдердің орташа жасы 2016 жылдан 2024 жыл аралығында 12-ден 22 жылға дейін ұлғайды. Бүгінде жүк көлігі паркінде қолданылғанына 10 жылдан асып кеткен машиналардың үлесі 80%-ға, жолаушылар автокөлігінде – 73%-ға жетті. Ауыл шаруашылығында техниканың 85%-ы ауыстыруды талап етеді. Салдарынан, біздің ауыл шаруашылығы және тасымал нарығымызды ресейлік, беларустік өндірушілер жаулап алды. Отандық аграршылар бәсекеге қабілеттілігінен айрылып, көбісі банкрот қарсаңында тұр", – деп дәйектеді петиция авторы.

Соның салдарынан халық елдің аграрлы солтүстік өңірлерінен үдере көшіп жатыр, өйткені ол облыстарда жұмыс жоқ. Осының бәрінен мемлекет алапат шығын шегуде.

"Ескі-құсқы көліктерді кәдеге жарату деген аты бар, заты жоқ жүйені құруға, олигархтардың автокөлік құрастыру өнеркәсібін жасанды түрде дамытуға, олардың мемлекеттік кредиттерін есептен шығаруға, банкрот болған кәсіпорындарды ұстап тұруға орасан зор қаражат шығындалды, Ұлттық қордың қаражаты жұмсалды. 8 жыл ішінде мемлекеттік бюджет "елде құрастырылған", шынында шетелден импортталған автомобильдер үшін жүздеген миллиард салықтан және кедендік баждан қағылды. Мемлекет жоғалтқан қаржы сомасы көліктерді толық циклде жасап шығаратын бірнеше автозауыттың құнынан асады", – делінген петицияда.

Көлік құрастырушы зауыттар шашып әкеліп, жай құрастыруын жалғастыруда, 8 жыл бұрын берілген өндірісті локализациялау туралы уәделерін орындамады. Мемлекет болса, тек солардың ғана көліктерін утильалымнан босатып, саудасына жағдай жасады.

Петиция утильалымның басты міндеті – қоршаған ортаның ахуалын жақсарту жүзеге аспағанын, керісінше, көнерген көліктердің көбейіп кетуі экологияға зиянын тигізіп жатқанын да қаперге салды.

С.Боқаев жаңа ӨКМ операторы – "Жасыл Даму" АҚ-ы экологиялық кодекс талаптарын өрескел бұзып отыр деп санайды. Азаматтар мен бизнестен "аванс" есебінде аста-төк қаражат жинайды, сонымен бірге утилизация бойынша міндеттемелерін өзі орындамайды.

"Утильалым мен бастапқы тіркеу ставкаларын азайту бастамасын Мәжіліс пен Сенат депутаттары қатар көтерді. Барлық дерлік министрлік оны төмендетуге немесе мүлдем бас тартуға қарсы емес. Халықты қанаушы алымды бүгінде қолдап отырған жалғыз меморган – Өнеркәсіп министрлігі. Бұл министрліктің құштарлық-энтузиазмы тек автоқұрастырушылардың уәдесіне ғана сүйенеді. Олар болса, көп жылдан бері шынайы және бәсекеге қабілетті отандық көлік өндірісін сол бойы құрмады. Дәл осы кезде "отандық өндірістегі" көліктің бағасы 9 жылда 4 есе өскен", – деп жазады петиция авторы.

Оның айтуынша, бұл ретте құрастырылатын автомобильдер Қазақстанға шетелдік "прокладка-фирмалар" арқылы жеткізіледі. Салдарынан, делдалдар мемлекет тарапынан еш бақыланбайтын үстемеақыларын қосады. С.Боқаев бір ғана Hyundai бойынша Абу-Даби арнайы экономикалық аймағында тіркелген делдал компаниялар арқылы шетелге ай сайын 30 миллион долларға дейін қаражат шығарылып келгенін мәлім етті.

Ең бастысы, көлік алымдары елдегі әлеуметтік шиеленісті арттырып, наразылық туғызатын факторға айналды. 2022 жылы утильалымның сомасы 50% азайды, ұжымдық шағымдар, митингтер саны азаймаған.

ТМД-ның көп елінде утильалым жоқ. Ресейде, Беларусьте азаматтар автокөлік сатып алғанда 17-ден 100 мың теңге аралығында ғана алым төлейді. Көлікті бастапқы тіркеу алымы деген оларда мүлдем қарастырылмаған. Сондықтан петицияшылар аққұла неге Қазақстан халқы мен бизнесінің осылай кемсітіліп отырғанын түсінбейді.

Тағы бір дәйектеме: Жоғарғы аудиторлық палата, яғни мемлекеттік аудиторлар утильалымды тиімсіз деп таныды.

Осы айтылғандарға байланысты қазақстандықтар Үкіметтен жеңіл автомобильдерге утильалым ставкасын 100 мың теңгеге дейін төмендетуді, ауыл шаруашылығы және басқа техника үшін мұндай алымды мүлдем алып тастауды талап етті.

Сондай-ақ автокөлікті бастапқы тіркеу ставкасы 0,25 АЕК-ке дейін азайтылуы керек.

Кеше сондай-ақ сенатор Әли Бектаев Үкіметке сауал жолдап, ауыл шаруашылығы техникасы үшін утильалымды жоюды ұсынды. Ол да осы алым енгізілгелі ауылдың техникасы уақытылы жаңартылмай, тозуы 76 пайызға дейін жеткенін алға тартты. Соның кесірінен, норматив бойынша қазіргі уақытта егіс алқаптарында 65 мың трактор, 43 мың комбайн жетіспейді. Утильалым мен бастапқы тіркеу алымы бірнеше миллион теңге шығынды талап ететіндіктен, әрі техника қымбаттағандықтан, шаруалар бұл тапшылықты өтей алмайды.

"Ресми дерек бойынша елде әртүрлі ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін 10 зауыт, өздігінен жүретін техника шығаратын 8 кәсіпорын бар. Өкінішке қарай, олардағы қазақстандық мазмұнның үлесі әрі кетсе, 42–44%-дан аспайды. Негізгі бөлшектерінің бәрі импортталады. Салдарынан ақырғы бағасы өте жоғары және аграршыларға қолжетімсіз", – деді Әли Бектаев.

Оның айтуынша, 2024 жылы утильалым сомасы 1 трактор үшін 7,3 миллион теңгеге, 1 комбайн үшін – 8,3 миллион теңгеге дейін жетеді. Техниканың өз құны 100 миллион теңгеге дейін барады.

Көлік түгіл, оның алым-салығын өтей алмайтынын түсінген ауыл кәсіпкерлері жаңа техниканы сатып алуды тоқтатты. Амалсыз, салдыраған ескі техникамен егін салып, астық орады. Олар ақаулы болғандықтан көп өнімді рәсуа қылады. Өнімділік бірнеше есе құлдырады. Қазақстан – бүкіл ТМД көлемінде әр гектардан ең аз өнім алатын елге айналды. Сенатордың байламынша, утильалымды енгізуден мемлекет тек ұтылды.

Сенатор Бекбол Орынбасаровтың айтуынша, утильалым бойынша бірде бір Үкімет жұртты қанағаттандыратын, әрі нақты экономикалық есептерге, ғылыми қорытындыларға негізделген түсініктемесін әлі күнге дейін ұсынған жоқ.

"Мұның зиян-залалы даусыз. Кәдеге жарату мен бастапқы тіркеу алымы енгізілгенге дейін, Қазақстанның жеңіл көлік паркі жыл сайын орта есеппен 280 мың көлікпен толығып отырды. Мәселен, 2005 жылы жеңіл автокөліктер саны 1,2 миллион болса, 10 жылда ол 4 миллионға дейін өсті. Осы кезеңде көліктердің орташа жасы 18 жылдан 12 жылға дейін жақсарды. Қазіргі таңда, Қазақстандағы жаңа автокөліктің қымбаттылығы, кәдеге жарату және бастапқы тіркеу алымы жұмыс істеген 8 жылдағы көрсеткіштері жеңіл автокөліктер паркінің құрылымын теріс жаққа өзгертті", – деді Б.Орынбасаров.

Салдарынан, Қазақстан әлемдегі ең ескі көліктерге толы мемлекеттің біріне айналды. Сенатор салыстыра кетті, өзге елдерде автокөліктерінің "орта жасы" келесідей деді: Ресейде – 14, Еуроодақта – 11,8, АҚШ-та – 12,2, Беларусьте – 12,3 жыл. Қазақстанда көліктердің "орташа жасы" – 22 жыл!

Үкімет не дейді?

Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарына ресми жауабында Үкіметке келіп түскен "бастапқы тіркеу және кәдеге жарату төлеміне" қатысты мәселе қаралғанын хабарлады. Үкімет оларды жоюға бармайтыны белгілі болды.

Өйткені О.Бектеновтың айтуынша, автокөліктерге арналған утильалым мен алғашқы тіркеу алымы "елдегі автопаркті жаңартуды ынталандыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында пайдаланылады".

"Сонымен қатар, бұл саясат автомобиль жасау саласындағы инвестициялық жағдайдың тұрақтылығын сақтауға бағытталған. Ол қолданыста болған автомобильдерді сырттан әкелуді тежеу, сондай-ақ жаңа, оның ішінде отандық автомобильдерді сатып алу арқылы елдің автопаркін "жасарту" функциясын орындауын жалғастыруда. 2022 жылы кәдеге жарату алымы 50%-ға төмендеді және әкелінген көліктер заңдастырылды. Соған қарамастан ескі машиналар санының өсуі тіркелді. 2016-2023 жылдар аралығында Қазақстанда 817 мың жаңа жеңіл көлік бастапқы тіркеуден өтті", – деді Үкімет басшысы.

О.Бектеновтың дерегінше, осы кезеңде шетелден тасылған 304,6 мың автокөлік заңдастырылған.

Оның ішінде 3 жылға дейінгі автомобильдердің үлесі – небәрі 1 288 бірлікті құрайды. Сонда заңдастырылғандардың басым көпшілігі – 283,7 мыңы 10 жылдан асқан автомобильдер.

Үкімет күткендей, "отандық көлік құрастырушылардың" дәуірі жүріп тұр. Ресми дилерлер Қазақстанда 2023 жылы 198 мың жаңа автомобилін сата алған. Бұл 2022 жылға қарағанда 60%-ға көп. Сатылған жаңа автомобильдегі "отандық өндірістің" үлесі 71%-дан асты.

"Бұл ретте кәдеге жарату алымы нарықтың 71%-ына дейін иеленген отандық автомобильдердің құнына кірмейтінін атап өткен жөн. Оларға аталған алым есебінен жеңілдікті кредит беруге, сонымен бірге лизинг арқылы отандық автомашиналарды, ауыл шаруашылығы техникасы мен автобустарды жаңартуға 180 миллиард теңге бөлінді. Бұдан басқа, Экология және табиғи ресурстар министрлігі утильалым есебінен 2024-2026 жылдары экологиялық іс-шараларға 200 миллиард теңге бағыттайды", – деп уәде етті Олжас Бектенов.

Премьер сарапшылар мен былайғы жұрт қанша сынаса да, импорттық көліктерді елде құрастырудан бас тартпайтындарын жеткізді. Өйткені ол Үкіметтің статистикасын жақсартып отыр.

Бектеновтың айтуынша, барлық өнеркәсіп салалары ішінде дәл сол "автомобиль жасау" секторы анағұрлым ірі өсу серпінін көрсетті және барлық машина жасау саласы өсімінің 44,3%-ы – соған тиесілі.

Өткен жылы ол рекордтық нәтижені көрсетті. Елде 149 мың автомобиль шығарылды. Бұл автомобильдердің құнына утильалым кірмейді, ал, бастапқы тіркеу алымы олар үшін небәрі
923 теңгені құрайды.

Осы 2024 жылдан бастап, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2027 жылға қарай локализация үлесін өндірістің жалпы көлемінен 50%-ға дейін біртіндеп арттыру үшін өндірушілерге талаптарды қатаңдатқан көрінеді. Бұл шара "компоненттік базаның дамуын ынталандырады" деп үміттенеді.

"Осы айтылған факторларды ескере отырып, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту және автопаркті жаңартуды ынталандыру мақсатында утилизациялық төлемінің мөлшерін азайтуды және бастапқы тіркеудің ең төмен құнын енгізуді орынсыз деп санаймыз!", – деп шорт кесті Премьер-министр Олжас Бектенов.

Ендеше петицияға қанша адам қол қойса да, Үкімет өз шешімін өзгертпейтінін аңғартты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу