Үкімет жалақорларды әкімшілік қудалаудан босатуды ұсынды

2542

Жала жабуға қатысты шағымдарды қанағаттандырудан жаппай бас тартылуда. 

Үкімет жалақорларды әкімшілік қудалаудан босатуды ұсынды Фото: google.com

Қазақстанда парламенттік сайлау науқаны қызды. Демократияның бір көрінісі шығар, бұл жолы талас-тартыстың қызғаны сонша, кандидаттардың алды "жала жапты" деп, қарсыластарының үстінен сотқа, Бас прокуратураға шағым түсіруде.

Өз кезегінде Орталық сайлау комиссиясы өткен аптада, 23 ақпанда Бас прокурордың Ортсайлаукомға енгізген ұсынымындарына сәйкес, Парламент Мәжілісінің депутаттығына жекелеген кандидаттарды әкімшілік жауаптылыққа тартуға Бас прокуратураға келісім беру туралы қаулы қабылдады. Соның аясында кімдердің жазаланғанын ОСК жария етпеді, атын атап, түрін түстемеді. Дегенмен, әлеуметтік желіде біраз үміткердің жарыс жолынан шығып қалғаны туралы түрлі әңгіме тарауда.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров өздеріне кандидаттардың сайлау туралы заңнаманы бұзғаны туралы Бас прокурордан 2 ұсыныс түскенін хабарлады. Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының басшысы Азамат Сарғазин тыйым салу кезеңінде сайлау алдындағы үгітті жүргізгені үшін екі кандидатты әкімшілік жауапқа тарту ұсынысы енгізілгенін хабарлады. Олар жазаланған.

Сондай-ақ әлеуметтік желіде белгілі апайтөс партия астаналық бірмандатты округтен Мәжіліс депутаттығына кандидатты сотқа беретінін жариялады: "жала жапты" деп санайды. Егер дәлелдей алса, бұл ол кандидаттың сайлаудан шеттетілуіне соқтыруы да мүмкін.

Сонымен бір мезгілде билік "жала жабу" үшін жазаны ары қарай жеңілдетуге бел буыпты. Бірден айта кетелік, бұрынғы билік тұсында жала жабу үшін қатал жазалайтын: Қылмыстық кодексте тиісті бап болды, ол біршама жиі қолданылды. Орталық және жергілікті билікке оппозициялық көзқарастағы қаншама адам темір торға тоғытылды. "Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ" деген қазақтың дала демократиясын тәрк етті.

Елде билік транзиті жүзеге асып, ел тізгінін Қ.Тоқаев алғалы, демократияның жаңа лебі есе бастады. Мемлекет басшысының саяси жаңғыру бастамалары аясында ел Парламенті 2020 жылғы 26 маусымда "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын қабылдады. Оған сәйкес, "Жала жабу" Қылмыстық кодекстен әкімшілік құқық бұзушылықтар санатына ауыстырылды. Яғни, ол үшін қылмыстық қудалап, түрмеге ұзаққа отырғызу доғарылды.

Сонымен, бүгінде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде "Жала жабу" деп аталатын 73-3-бабы бар.

Ол бойынша біріншіден, жала жапса, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратса, онда: жеке тұлғаға – 160 АЕК айыппұл салынады немесе 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады, лауазымды адамға – 550 АЕК айыппұл салынады не 20 тәулік қамаққа алынады.

Екіншіден, егер көпшiлiк алдында, әлеуметтік желіде, немесе бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жала жапса, онда жазасы ауырлай түседі: жеке тұлғаға – 180 АЕК айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамалады, лауазымды адамға – 650 АЕК айыппұл немесе 25 күн қамақ.

Үшіншіден, егер әлдебір адамға жемқор деп бекер жала жапса, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп негізсіз айыптаса, онда жеке тұлғаға 200 АЕК (биыл 690 мың теңге) айыппұл салынады немесе 25 тәулікке уақытша оқшаулайды, лауазымды адам 750 АЕК айыппұлмен (шамамен 2,6 млн теңге) немесе 30 тәулік әкімшілік қамақпен жазаланады.  

Әділет министрлігі өзі әзірлеген жаңа заң жобасында енді Әкімшілік кодекстен осы "Жала жабу" деп аталатын 73-3-бапты да жоюды ұсынып отыр. Неге? Заңгерлердің түсініктемесін түсінуге тырысып көрелік.

Әділет министрі Азамат Есқараевтың дәйектеуінше, жала жабу іс-әрекеттеріне қатысты істерді әкімшілік процесс емес, азаматтық процесс аясында шешуге де болады.

"Өйткені азаматтардың өз ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот арқылы теріске шығаруды талап ету құқығы Азаматтық кодекстің 143-бабында көзделген. Бұған қоса, Азаматтық кодекс жәбірленушіге өзіне келтірілген моральдық және материалдық залалды істі қарау барысында толығымен қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, құқық бұзушыны соның сыртында әкімшілік қудалауды шектен шығушылық және басыартық нәрсе деп санаймыз", – деді Азамат Несіпбайұлы.

Ол тағы бір жайтқа назар аудартты: Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі негізінен әкімшілік органдарға, яғни шенеуніктерге қатысы бар іс-әрекеттерді қарастырады.

"Әкімшілік заңнама – басқарушылық қызмет саласындағы мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қоғамдық қатынастарын реттейді. Тиісінше, адам мен адам арасындағы жеке қатынастарға араласу оған тән емес. Әкімшілік құқық бұзушылық ұғымының өзі әкімшілік жауапкершілік белгіленген жеке және заңды тұлғаның заңға қарсы әрекетін немесе әрекетсіздігін қарастырады. Сондықтан әкімшілік құқық бұзушылық кезінде қорғау объектілеріне жеке меншік, халықтың денсаулығы, қоғамдық тәртіп, экология және басқалары жатады. Демек, егер қылмыс жасалмаса, мемлекет адам мен адам арасындағы қатынастарға араласа алмайды. Осыған байланысты "Жала жабу" құрамын азаматтық-құқықтық қатынастар өрісіне ауыстыруды ұсынып отырмыз. Егер заң жобасы қабылданса, онда жәбірленуші қазіргідей ішкі істер органдарына шағым жазбай-ақ, бірден сотқа талап арыз түсіре алады", – деді Әділет министрі.

Жалпы, Әкімшілік кодекстің қолданыстағы бабын сот тәжірибесінде қолдануға талдау көрсеткендей, жала жапты деген күдікке іліккендердің көбі не бейкүнә болып шығады, не бәрібір жазадан құтылып кетеді екен. Сөйтіп, ол бап негізінен қолданылмайды.

Нақтеласақ, сол бап бойынша қозғалған істердің 92%-ға жуығы құқық бұзушылық құрамының болмауына немесе тараптардың сотта татуласуына байланысты тоқтатылады.

Бір жыл ішінде аталған бапқа қатысты 574 әкімшілік құқық бұзушылық ісі тіркелді.

Тарата айтсақ, 73-3-баптың бірінші бөлімі, яғни жала жауып, басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiру фактісі жөнінде – 262 іс, екінші бөлімі, яғни БАҚ, әлеуметтік желі, мессенджерлерді пайдаланып, жала жабуға қатысты – 281 іс тіркеліпті. Ал өзге адамды "коррупционер" деп күстәналағандар, ауыр қылмыс жасады деп негізсіз күйе жаққандар үстінен 18 әкімшілік іс қозғалған. Барлығының 92%-дан астамында айыпталушы не толық ақталған, немесе жәбірленушімен бітімге келе алған.

Тағы 93 істі ішкі істер органдарының қызметкерлері сотқа жеткізбей, жолай тоқтатты: оның ішінде аталған баптың 1-ші бөліміне қатысты – 35, 2-бөлімінде – 45, 3-ші бөлімі бойынша – 3 істі жауып тастады.

Ішкі істер органдарының түсіндіруінше, "мұндай істерді тоқтату себептерінің бірі – "Жала жабу" құрамын дәлелдеу процесі тым күрделі".

Себебі, таратылған мәліметтердің дұрыстығын немесе жалғандығын анықтау қажет. "Жәбірленушілер" де ол ақпараттың жалған екенін дәлелдей алмай жатады. Мұны біз, журналист ретінде, жақсы білеміз.

Сонымен бірге ақпараттың жалған екенін дәлелдеп шығумен іс бітпейді. ІІМ мәліметінше, бұған қоса, "жала жабу ниетінің бар немесе жоқтығын анықтау да қажет" болады.  

Содан ашуын тудырған тарапты жазалатқызудың тым күрделі екенін, мұның бәрі қыруар уақыты мен қаражатын рәсуа ететінін түсінген шағымданушылар полицияға өтінішін немесе сотқа талап арызын кері қайтарып алып жатады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу